Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласының рәміздері туралы

Астана қаласы мәслихатының 2008 жылғы 5 маусымдағы N 109/16-IV Шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2008 жылғы 30 маусымда нормативтік құқықтық кесімдерді Мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 537 болып енгізілді.

Жаңартылған

      Ескерту. Шешімнің атауындағы және бүкіл мәтін бойынша "Астана" деген сөз "Нұр-Сұлтан" деген сөзбен ауыстырылды - Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 03.05.2019 № 382/49-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі""Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" заңының 3 бабын басшылыққа ала отырып Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса берілген Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы рәміздерінің сипаттамасы және оларды пайдалану тәртібі бекітілсін.

      2. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының осы шешімі алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енеді.

Нұр-Сұлтан қаласы


мәслихатының сессия төрағасы

С. Богатырев

Нұр-Сұлтан қаласы


мәслихатының хатшысы

В. Редкокашин


  Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының
2008 жылғы 05 маусымдағы
N 109/16-IV шешімімен
бекітілген

Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы
рәміздерінің сипаттамасы және оларды пайдалану тәртібі

      Ескерту. Сипаттамадағы бүкіл мәтін бойынша "Астана" деген сөз "Нұр-Сұлтан" деген сөзбен ауыстырылды - Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 03.05.2019 № 382/49-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1-тарау. Қазақстан Республикасының астанасы -
Нұр-Сұлтан қаласының рәміздері

      1. Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы рәміздерінің сипаттамасы және оны пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі""Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" заңына сәйкес әзірленді.

      2. Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласының Елтаңбасы көгілдір түс аясында алтын түсті "Бәйтерек" пен "Шаңырақ" бейнеленген екі нышан орналасқан дөңгелекті білдіреді. "Бәйтерек" негізінде "Құсқанаты" оюы орналасқан, оның төменгі жағында стильді "Н" әрпі орналасқан, "Құсқанаты" оюы және "Н" әрпі алтын түсті "Шаңырақ" пен "Құсқанаты" оюының сыртқы жағында жасылмен көмкерілім бар. Сыртқы сақинаның көмкерілген жерінде сол және оң жақтарында қызыл аяда алтын түсті "Бөрікөз" оюы орналасқан. Елтаңбаның төменгі жағында алтын түстес аяда қызыл түсті "Nur-Sultan" деген жазуы бар. " Nur-Sultan " жазуының сол және оң жағында алтын түсті үш симметриялы сызықтар орналасқан.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 03.05.2019 № 382/49-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласының Туы ені мен ұзындығы 1:2 қатынастағы ортасында Нұр-Сұлтан қаласының Елтаңбасы орналасқан тік бұрышты жалпақты білдіреді, одан жан жаққа алтын түстегі күн сәулелері шашылып тұрады.

2-тарау. Қазақстан Республикасының астанасы -
Нұр-Сұлтан қаласының елтаңбасын пайдалану тәртібі

      4. Нұр-Сұлтан қаласының Елтаңбасын дайындаған кезде осы Нұр-Сұлтан қаласы рәміздерінің сипаттамасы және оларды пайдалану тәртібіне қоса берілген 1-қосымшаға сәйкес бейнелеуі қамтамасыз етілуі тиіс.

      5. Нұр-Сұлтан қаласының Елтаңбасын және басқа да елтаңбаларды бір уақытта орналастырған кезде Нұр-Сұлтан қаласының елтаңбасы басқа елтаңбалардан төмен емес және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасынан жоғары емес етіліп орнатылады, елтаңбалардың (елтаңбалық белгі, геральдиялық белгі) тақ санын бір уақытта орналастырған кезде Нұр-Сұлтан қаласының Елтаңбасы ортасында орналасады, ал елтаңбалардың жұп сандарын орналастырған кезде, екеуден артық емес - орталықтың сол жағына орналасады.

      6. Нұр-Сұлтан қаласының Елтаңбасын және басқа елтаңбаларды (елтаңбалық белгі, геральдиялық белгі) бір уақытта орналастырған кезде Нұр-Сұлтан қаласы Елтаңбасының көлемі кіші болмауға тиіс.

      7. Нұр-Сұлтан қаласы Елтаңбасының бейнелері жұмыс кабинеттерде, мәжіліс залдарында, мемлекеттік органдардың және басқа мекемелердің маңдайшаларында олардың иелерінің қалауы бойынша орнатылады (орналастырылады).

      8. Нұр-Сұлтан қаласының Елтаңбасы мемлекеттік органдардың көлік құралдарында, сонымен қатар мемлекеттік органдардың, заңды және жеке тұлғалардың басқаруындағы қалалық қоғамдық көліктерде немесе арнайы қызметтер көліктерін ресімдеуде бейнеленуі мүмкін.

      9. Нұр-Сұлтан қаласының Елтаңбасы қаланы көркемдік безендіруде пайдалануы мүмкін.

      10. Нұр-Сұлтан қаласының Елтаңбасы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мөрлер мен мөртабандарын дайындау кезінде пайдалана алмайды.

3-тарау. Қазақстан Республикасының астанасы -
Нұр-Сұлтан қаласының туын пайдалану тәртібі

      11. Нұр-Сұлтан Туын шығару кезінде оның түсі мен бейнесі 2-қосымшада айтылған Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы рәміздерінің сипаттамасына және оларды пайдалану тәртібіне сәйкес келуі тиіс. Нұр-Сұлтан қаласының Туын түрлі көлемдер мен түрлі материалдардан, сондай-ақ вымпел түрінде шығаруға жол беріледі.

      12. Тәртіп бұзыла дайындалған Нұр-Сұлтан қаласының Туын мемлекеттік органдар ресми түрде, қаланы көркемдік ресімдеуде пайдалана алмайды, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының аумағында пайдаланылмайды.

      13. Нұр-Сұлтан қаласының Туын және басқа туларды бір уақытта орналастырған кезде, Нұр-Сұлтан қаласының Туы басқа тулардан төмен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туынан жоғары орналастырылмайды, ал жұп санмен орналастырған жағдайда тура ортаның (екіден аспайтын) сол жағында орналастырылады. Нұр-Сұлтан қаласының Туы мен басқа туларды бір уақытта орналастырған кезде, Нұр-Сұлтан қаласының Туы көлемі бойынша кіші болмайды және басқа тулардан төмен орналастырылмайды.

      14. Нұр-Сұлтан қаласының Туы мемлекеттік және қалалық мереке күндері мемлекеттік органдардың және қаланың басқа да мекемелерінің ғимараттарында иелерінің қалауы бойынша ілінуі мүмкін.

      15. Нұр-Сұлтан қаласының Туы мемлекеттік және қалалық мереке күндері ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдардың ғимараттарында (ғимарат қасбеттерінде орналасқан тутұғырларда (мачталарда), тұрғын үйлерде ілінуі мүмкін.

      16. Нұр-Сұлтан қаласының Туы Нұр-Сұлтан қаласында қала әкімдігімен және мемлекеттік органдармен, ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдармен және азаматтармен өткізілетін ресми рәсімдерді және басқа салтанатты іс-шараларды өткізу уақытында көтерілуі (орнатылуы) мүмкін.

      17. Қаралы күні тутұғырда (мачтада) көтерілген Нұр-Сұлтан қаласының Туы тутұғырдың (мачтаның) биіктігінің жартысына дейін түсіріледі.

      18. Нұр-Сұлтан қаласының Туы Нұр-Сұлтан қаласының құрметті атағына берілетін белгілерге және марапаттарға, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік органдарында ерекше белгілерде бейнеленуі мүмкін.

      19. Нұр-Сұлтан қаласының Туы (жалауша түрінде) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мереке күндері қалалық жолаушыларды тасымалдау көлігінің сыртын ресімдеу үшін қолданылуы мүмкін.

  Қазақстан Республикасының
елордасы – Нұр-Сұлтан
қаласының рәміздерін сипаттау
және пайдалану тәртібіне
1-қосымша

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 03.05.2019 № 382/49-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).




  Қазақстан Республикасының
елордасы – Нұр-Сұлтан
қаласының рәміздерін сипаттау
және пайдалану тәртібіне
2-қосымша

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 03.05.2019 № 382/49-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).