Ертерек ден қою шараларын және екінші деңгейдегі банктің, жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау әдістемесін қолдану ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 28 қарашадағы N 200 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 31 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5464 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабының 4-тармағына, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 41-2-бабының 4-тармағына, "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса берілген Ертерек ден қою шараларын және екінші деңгейдегі банктің, жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау әдістемесін қолдану ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      3. Стратегия және талдау департаменті (Н.А. Әбдірахманов):
      1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жіберсін.
      4. Агенттіктің Төрайым қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымы Е.Л. Бахмутоваға жүктелсін.

       Төрайым                                     Е. Бахмутова

Қазақстан Республикасы Қаржы  
нарығын және қаржы ұйымдарын  
реттеу мен қадағалау      
агенттігі Басқармасының     
2008 жылғы 28 қарашадағы N 200 
қаулысымен бекітілді      

Ертерек ден қою шараларын және екінші деңгейдегі
банктің, жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау әдістемесін қолдану ережесі

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" (бұдан әрі – Банктер туралы Заң ), 1997 жылғы 20 маусымдағы "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" (бұдан әрі – Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заң ), 2000 жылғы 18 желтоқсандағы "Сақтандыру қызметі туралы" (бұдан әрі – Сақтандыру қызметі туралы Заң ) Заңдарына сәйкес әзірленді және ертерек ден қою шараларын қолдану тәртібін және екінші деңгейдегі банктің, жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (бұдан әрі – қаржы ұйымдары) қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау әдістемесін белгілейді.
      Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) қаржы ұйымдарының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтаған кезде қаржы ұйымдарына ертерек ден қою шараларын қолданады.

1-тарау. Екінші деңгейдегі банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар және оларды анықтау әдістемесі

      1. Екінші деңгейдегі банктің (бұдан әрі – банк) қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар мыналар болып табылады:
      1) меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициентінің төмендеуі;
      2) өтімділік коэффициентінің төмендеуі;
      3) өтімді активтердің банк активтері сомасындағы үлесінің азаюы;
      4) заңды және жеке тұлғалардың тартылған салымдарының банк міндеттемелері сомасындағы үлесінің азаюы;
      5) банктің несие портфелінің жалпы көлемінде негізгі борыш және (немесе) пайыздық сыйақы бойынша мерзімінің өтуі тоқсан күнтізбелік күннен асатын мерзімді құрайтын займдардың ұлғаюы;
      6) провизиялар көлемінің 5-санатты күмәнді және үмітсіз кредиттер ретінде жіктелген кредиттер сомасына арақатынасының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру ережесін бекіту және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" 2005 жылғы 26 наурыздағы N 116 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 296 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4580 тіркелген) көзделген бірыңғай кредиттер бойынша провизиялардың төмендеуі (бұдан әрі – жұмыс істемейтін займдар);
      7) құрылысқа және жылжымайтын мүлікті сатып алуға берілген займдар көлемінің банктің несие портфеліне арақатынасының өсуі;
      8) жұмыс істемейтін займдардың банктің несие портфеліне арақатынасының өсуі;
      9) берілген займдардың жалпы көлемінің арнайы мақсаттағы еншілес ұйымның салымдарын ескермегендегі (SPV) заңды және жеке тұлғалардың тартылған депозиттеріне арақатынасының өсуі;
      10) банк міндеттемелерінің өтеу мерзімі бір жылға дейінгі активтерге арақатынасының өсуі;
      11) банктің шығынды қызметі.
      2. Осы Ереженің 1-тармағында көзделген банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:
      1) жүйелі үш ай ішінде меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің уәкілетті орган белгілеген меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің барынша төмен мәнінен 0,02 немесе одан кем тармаққа асатын деңгейде нақты қалыптасқан мәндері кезінде 0,005 немесе одан астам тармаққа жүйелі төмендеуі;
      2) меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің уәкілетті орган белгілеген меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің барынша төмен мәнінен 0,005 немесе одан кем тармаққа асатын деңгейге дейін төмендеуі;
      3) жүйелі үш ай ішінде өтімділік коэффициенттерінің уәкілетті орган белгілеген өтімділік коэффициенттерінің барынша төмен мәнінен 0,3 немесе одан кем тармаққа асатын деңгейде нақты қалыптасқан мәндері кезінде 0,005 немесе одан астам тармаққа жүйелі төмендеуі;
      4) өтімділік коэффициенттерінің уәкілетті орган белгілеген өтімділік коэффициенттерінің барынша төмен мәнінен 0,1 немесе одан кем тармаққа асатын деңгейге дейін төмендеуі;
      5) жүйелі үш ай ішінде өтімді активтердің активтер сомасындағы үлесінің он және одан астам пайызға жүйелі азаюы;
      6) арнайы мақсаттағы еншілес ұйымдардың салымдарын ескермегенде (SPV) заңды және жеке тұлғалардың тартылған мерзімді салымдарының банк міндеттемелерінің сомасындағы үлесінің он және одан астам пайызға төмендеуі;
      7) жүйелі үш ай ішінде негізгі борыш және (немесе) займдар бойынша пайыздық сыйақы бойынша мерзімі өткен берешектің бір айда он және одан астам пайызға өсуі;
      8) банктің негізгі борыш және (немесе) пайыздық сыйақы бойынша мерзімінің өтуі тоқсан күнтізбелік күннен асатын мерзімді құрайтын несие портфелінің жалпы көлемінің он және одан астам пайызы көлеміндегі займның болуы;
      9) жүйелі үш ай ішінде провизия көлемінің алғашқы 1,5 мәні кезінде жұмыс істемейтін займдарға арақатынасының 0,2 пайыздық тармаққа жүйелі төмендеуі;
      10) жүйелі үш ай ішінде құрылысқа және жылжымайтын мүлікті сатып алуға берілген займдар үлесінің бір айда бес және одан астам пайызға ұлғаюы;
      11) банктің несие портфелінің жалпы мөлшерінің отыз және одан астам пайызы мөлшерінде құрылысқа және жылжымайтын мүлікті сатып алуға берілген займдардың болуы;
      12) жүйелі үш ай ішінде жұмыс істемейтін займдар үлесінің бір айда бес және одан астам пайызға ұлғаюы;
      13) банктің несие портфелінің жалпы мөлшерінің он бес және одан астам пайызы мөлшерінде жұмыс істемейтін займдардың болуы;
      14) берілген займдардың жалпы көлемінің арнайы мақсаттағы еншілес ұйымдардың салымдарын ескермегендегі (SPV) заңды және жеке тұлғалардың тартылған депозиттеріне арақатынасының соңғы үш ай ішінде бір айда он және одан астам пайызға ұлғаюы;
      15) займдардың жалпы көлемінің арнайы мақсаттағы еншілес ұйымның салымдарын ескермегендегі (SPV) заңды және жеке тұлғалардың депозиттеріне арақатынасының 1,5 мәнінен асуы;
      16) банк міндеттемелерінің өтеу мерзімі бір жылға дейінгі активтерге (банктің теріс ГЭП позициясы) арақатынасының жиырма және одан астам пайызға ұлғаюы;
      17) жүйелі үш ай ішінде банктің шығынды қызметі.

2-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар және оларды анықтау әдістемесі

      3. Жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар мыналар болып табылады:
      1) меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің төмендеуі;
      2) номиналды кіріс коэффициентінің төмендеуі;
      3) жинақтаушы зейнетақы қорының ел экономикасының бір секторының қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының ұлғаюы;
      4) жинақтаушы зейнетақы қорының шетел валютасында ірілендірілген қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының ұлғаюы;
      5) акцияларға инвестицияның жиынтық үлесінің ұлғаюы;
      6) жинақтаушы зейнетақы қорының қысқа мерзімді қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының ұлғаюы;
      7) жинақтаушы зейнетақы қорының кредиттік тәуекелі жоғары дәрежелі қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының ұлғаюы.
      4. Осы Ереженің 3-тармағында көзделген жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:
      1) жүйелі үш ай ішінде меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициентінің бастапқы мәні уәкілетті орган белгілеген мәннен 0,02 немесе одан кем пайыздық тармаққа жоғары болған кезде 0,005 немесе одан астам пайыздық тармаққа жүйелі төмендеуі;
      2) меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің уәкілетті орган белгілеген меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің барынша төмен мәнінен 0,005 немесе одан кем тармаққа асатын деңгейге дейін төмендеуі;
      3) жүйелі үш ай ішінде номиналды кіріс коэффициентінің жүйелі төмендеуі және орташа номиналды кірістің түзетілген коэффициентінің мәнінен он екі, отыз алты және алпыс күнтізбелік күнде он бес және одан астам пайыздық тармаққа ауытқуға жетуі;
      4) жинақтаушы зейнетақы қорының ел экономикасының бір секторының қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының қырық пайыздық мәннен асуы;
      5) акцияларға инвестициялардың жиынтық үлесінің жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің жиырма пайызы мәнінен асуы;
      6) жинақтаушы зейнетақы қорының шетел валютасында ірілендірілген қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жиынтық көлеміне арақатынасының отыз пайыздық мәннен асуы;
      7) жинақтаушы зейнетақы қорының қысқа мерзімді қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының елу пайыздық мәннен асуы.
      Қысқа мерзімді қаржы құралдары – бұл бір жылдан кем қалған өтеу мерзімі бар қаржы құралдары;
      8) жинақтаушы зейнетақы қорының кредиттік тәуекел дәрежесі екі жүз, екі жүз елу, үш жүз пайызға тең қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының он бес пайыздық мәннен асуы.
      Қаржы құралдарының кредиттік тәуекелінің дәрежесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес анықталады.

3-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар және оларды анықтау әдістемесі

      5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар мыналар болып табылады:
      1) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің төмендеуі;
      2) жоғары өтімді активтердің жеткіліктілік нормативінің төмендеуі;
      3) шығындылық коэффициенттерінің ұлғаюы;
      4) акциялардың активтердің жалпы сомасындағы үлесінің ұлғаюы;
      5) Қазақстан Республикасының резиденті емес жекелеген қайта сақтандыру ұйымындағы қайта сақтандыру шарты (шарттары) бойынша жауапкершілік көлемінің сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша жауапкершіліктің жалпы көлеміне арақатынасының асуы;
      6) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығынды қызметі .
      6. Осы Ереженің 5-тармағында көзделген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:
      1) жүйелі үш ай ішінде төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің бастапқы мәнінің уәкілетті орган белгілеген мәннен 0,5 немесе одан кем тармаққа жоғары болған кезде 0,1 немесе одан астам тармаққа төмендеуі ;
      2) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің мәні уәкілетті орган белгілеген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің ең төменгі мәнінен асатын деңгейден 0,1 тармаққа төмен ;
      3) жүйелі үш ай ішінде жоғары өтімді активтердің жеткіліктілік нормативінің бастапқы мәнінің уәкілетті орган белгілеген мәннен 0,5 немесе одан кем тармаққа жоғары болған кезде 0,1 немесе одан астам тармаққа төмендеуі ;
      4) жоғары өтімді активтердің жеткіліктілік нормативінің мәні уәкілетті орган белгілеген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің ең төменгі мәнінен асатын деңгейден 0,1 тармаққа төмен ;
      5) жүйелі үш ай ішінде қайта сақтандырушының үлесін есепке алусыз сақтандыру сыныбы (сыныптары) бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру ұйымының барлық міндеттемелерінің жиынтық мөлшерінің отыз және одан астам пайызын міндеттемелер мөлшері құрайтын, шығындылық коэффициентінің жүз пайыздан асуы ;
      6) қайта сақтандыру активтерін шегергенде акцияларға инвестициялардың жиынтық үлесінің активтер көлемінің жиырма пайыздық мәнінен асуы ;
      7) Standard&Poors рейтингтік агенттігінің жіктелімі бойынша, халықаралық шәкілі бойынша "В+" не одан төмен қаржылық сенімділігі рейтингі немесе Moody's Investor Services, Fitch рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар, не Standard&Poors рейтингтік агенттігінің жіктелімі бойынша Қазақстан Республикасының тиісті тәуелсіз рейтингінен немесе осыған ұқсас деңгейдегі тәуелсіз рейтингтен төмен тәуелсіз рейтингі бар елде тіркелген Қазақстан Республикасының резиденті емес жекелеген қайта сақтандыру ұйымындағы қайта сақтандыру шарты (шарттары) бойынша жауапкершілік көлемінің сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша жауапкершіліктің жалпы көлеміне арақатынасының он пайыздық мәннен асуы ;
      8) соңғы үш ай ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығынды қызметі .

4-тарау. Ертерек ден қою шараларын қолдану

      7. Осы Ережедегі тармақ ағымдағы мәннің және қарастырылып отырған кезеңнің басындағы мәннің арасындағы айырмашылық ретінде есептелген қарастырылып отырған параметрдің нақты мәнінің абсолютті өзгеруі болып табылады.
      8. Уәкілетті орган қаржы ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау үшін ай сайын реттеушілік есептілік деректерінің негізінде қаржы ұйымының қаржылық жай-күйіне талдау жасауды жүзеге асырады.
      9. Қаржы ұйымының қаржылық жай-күйіне талдау жасау нәтижесінде және (немесе) оған тексеру жүргізу қорытындылары бойынша осы Ереженің 1, 3, 5-тармақтарында көзделген факторлар анықталған жағдайда уәкілетті орган қаржы ұйымына және (немесе) оның акционерлеріне қаржы ұйымының қаржылық тұрақтылығын көтеру, оның қаржылық жай-күйінің нашарлауын және оның қызметімен байланысты тәуекелдердің өсуін болдырмау бойынша ертерек ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) ұсыну жөнінде жазбаша нысанда талап жолдайды.
      Қаржы ұйымы және (немесе) оның акционерлері уәкілетті органның талабын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға іс-шаралардың орындалу мерзімі мен олардың орындалуына жауапты тұлғалар туралы мәліметтерді көрсете отырып, іс-шаралар жоспарын ұсынады. Ұсынылған іс-шаралар жоспарын уәкілетті орган мақұлдаған жағдайда қаржы ұйымы және (немесе) оның акционерлері уәкілетті органға іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімде іс-шаралардың орындалуы туралы есепті ұсынады.
      Қаржы ұйымы осы Ереженің 1, 3, 5-тармақтарында көзделген факторларды өз бетінше анықтаған жағдайда көрсетілген факторларды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға іс-шаралар жоспарын қоса беріп, оның қаржылық жай-күйінің нашарлаған жағдайын көрсететін ақпаратты ұсынады.
      Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын оны қаржы ұйымы немесе оның акционерлері ұсынған күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қарайды.
      Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда қаржы ұйымы және (немесе) оның акционерлері жоспарда белгіленген мерзімде оның орындалу нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар ете отырып, оны іске асыруға кіріседі .
      Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдамаған жағдайда қаржы ұйымына және (немесе) оның акционерлеріне қатысты тиісінше Банктер туралы Заңның 45-бабының 2-тармағында, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның 41-2-бабының 2-тармағында, Сақтандыру қызметі туралы Заңның 53-бабының 2-тармағында көзделген талаптарды қою арқылы бір немесе бірнеше ертерек ден қою шараларын қолданады.
      10. Осы Ереженің 9-тармағында белгіленген мерзімде қаржы ұйымының қаржылық тұрақтылығын көтеруге бағытталған іс-шаралар жоспары ұсынылмаған немесе осы жоспардың іс-шаралары уақтылы орындалмаған, сондай-ақ уәкілетті органның талабына сәйкес ертерек ден қою шаралары орындалмаған немесе уақтылы орындалмаған жағдайда қаржы ұйымына және (немесе) оның акционерлеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген шектеулі ықпал ету шаралары және (немесе) санкциялар қолданылады .