"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабының 4-тармағына, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 41-2-бабының 4-тармағына, "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса берілген Ертерек ден қою шараларын және екінші деңгейдегі банктің, жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау әдістемесін қолдану ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
3. Стратегия және талдау департаменті (Н.А. Әбдірахманов):
1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жіберсін.
4. Агенттіктің Төрайым қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымы Е.Л. Бахмутоваға жүктелсін.
Төрайым Е. Бахмутова
Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау
агенттігі Басқармасының
2008 жылғы 28 қарашадағы N 200
қаулысымен бекітілді
Ертерек ден қою шараларын және екінші деңгейдегі
банктің, жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау әдістемесін қолдану ережесі
Осы Ереже Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" (бұдан әрі – Банктер туралы Заң ), 1997 жылғы 20 маусымдағы "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" (бұдан әрі – Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заң ), 2000 жылғы 18 желтоқсандағы "Сақтандыру қызметі туралы" (бұдан әрі – Сақтандыру қызметі туралы Заң ) Заңдарына сәйкес әзірленді және ертерек ден қою шараларын қолдану тәртібін және екінші деңгейдегі банктің, жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (бұдан әрі – қаржы ұйымдары) қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау әдістемесін белгілейді.
Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) қаржы ұйымдарының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтаған кезде қаржы ұйымдарына ертерек ден қою шараларын қолданады.
1-тарау. Екінші деңгейдегі банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар және оларды анықтау әдістемесі
Ескерту. 1-тарау жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05. N 175 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т.қараңыз) Қаулысымен.
1. Екінші деңгейдегі банктің (бұдан әрі – банк) қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар мыналар болып табылады:
1) меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің төмендеуі;
2) өтімділік коэффициенттерінің төмендеуі;
3) банк активтері сомасындағы өтімді активтер үлесінің азаюы;
4) негізгі борыш және (немесе) есептелген пайыздық сыйақы бойынша заңды тұлғалар үшін отыздан асатын күнтізбелік күнге, жеке тұлғалар үшін алпыстан асатын күнтізбелік күнге мерзімі өткен берешектің өсуі;
5) банктің несие портфелінде негізгі борыш және (немесе) есептелген пайыздық сыйақы бойынша берешектің мерзімі тоқсаннан астам күнтізбелік күнге өткен заемдар үлесінің өсуі;
6) қалыптастырылған провизиялар сомасының негізгі борыш және (немесе) есептелген пайыздық сыйақы бойынша берешектің мерзімі 90-нан асатын күнтізбелік күнге өткен кредиттерге ара қатынасының төмендеуі;
7) құрылысқа және коммерциялық және тұрғын үй жылжымайтын мүлікті сатып алуға берілген заемдар мен ипотекалық тұрғын үй заемдары үлесінің банктің несие портфеліне ара қатынасының өсуі;
8) банк міндеттемелері сомасындағы заңды және жеке тұлғалардан тартылған салымдар үлесінің төмендеуі;
9) банктің несие портфелінің заңды және жеке тұлғалардың депозиттерінің (арнайы мақсаттағы еншілес ұйымының (SPV) салымдарын қоспағанда), сондай-ақ бас ұйымының алдындағы алынған заемдар бойынша банк міндеттемелерінің сомасына ара қатынасының өсуі;
10) банк міндеттемелерінің активтерінен асқан сомасының (бұдан әрі – теріс ГЭП позициясы) өтеу мерзімі бір жылға дейінгі банк міндеттемелеріне ара қатынасының асып кетуі;
11) банктің шығынды қызметі.
2. Осы Ереженің 1-тармағында көзделген банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:
1) жүйелі үш айдың ішінде екі және одан көп рет меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің уәкілетті органмен белгіленген меншікті капитал жеткіліктілігінің ең төменгі мәндерінен 0,01-ге асатын немесе одан төмен деңгейге дейін төмендеуі.
2) бастапқы мәндері уәкілетті органмен белгіленген меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің ең төменгі мәндерінен 0,01-ге асатын деңгейден төмен болған кезде меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің төмендеуі;
3) жүйелі үш айдың ішінде екі және одан көп рет өтімділік коэффициенттерінің уәкілетті органмен белгіленген өтімділік коэффициенттерінің ең төменгі мәндерінен 0,1-ге асатын немесе одан төмен деңгейге дейін төмендеуі;
4) бастапқы мәндері уәкілетті органмен белгіленген өтімділік коэффициенттерінің ең төменгі мәндерінен 0,1-ге асатын деңгейден төмен болған кезде өтімділік коэффициенттерінің төмендеуі;
5) жүйелі үш айдың ішінде екі және одан көп рет активтер сомасындағы жоғары өтімді активтер үлесінің он немесе одан төмен пайызға төмендеуі немесе оның бастапқы мәні он пайыздан кем болған кезде активтер сомасындағы жоғары өтімді активтер үлесінің төмендеуі;
6) несиелік портфельде негізгі борыш және (немесе) есептелген сыйақы бойынша мерзімі өткен берешектің мерзімі тоқсан күннен астамын құрайтын заемдар он және одан көп пайыз көлемінде болған кезде кредиттер бойынша мерзімі өткен берешектің негізгі борыш және (немесе) пайыздық сыйақы бойынша заңды тұлғалар үшін отыз күннен және жеке тұлғалар үшін алпыс күннен астам өсуі;
7) банктің несиелік портфелінде он және одан көп пайызы негізгі борыш және есептелген пайыздық сыйақы бойынша мерзімі өткен берешектің мерзімі тоқсан күннен астамын құрайтын заемдар болған кезде негізгі борыш және есептелген пайыздық сыйақы бойынша мерзімі өткен берешектің мерзімі тоқсан күннен астамын құрайтын заемдар үлесінің өсуі;
8) банктің несиелік портфелінде негізгі борыш және (немесе) есептелген пайыздық сыйақы бойынша мерзімі өткен берешектің мерзімі тоқсан күннен астамын құрайтын кредиттер үлесінің іс жүзіндегі мәндері он және одан пайызға тең болған кезде қалыптастырылған провизиялар сомасының негізгі борыш және (немесе) есептелген пайыздық сыйақы бойынша мерзімі өткен берешектің мерзімі тоқсан күннен астамын құраған кредиттерге ара қатынасының 1-ден төменгі мәніне төмендеуі;
9) жүйелі үш ай ішінде коммерциялық және тұрғын үй жылжымайтын мүліктің құрылысына және сатып алуға берілген және ипотекалық тұрғын үй заемдар үлесінің бес және одан көп пайыздық тармаққа өсуі;
10) коммерциялық және тұрғын үй жылжымайтын мүліктің құрылысына және сатып алуға берілген заемдардың және ипотекалық тұрғын үй заемдарының банктің жалпы несиелік портфелі көлемінің отыз және одан көп пайызын құрайтын көлемінде болуы;
11) банк міндеттемелері сомасындағы SPV салымдарын ескермегендегі заңды және жеке тұлғалардың тартылған мерзімді салымдары үлесінің он және одан астам пайызға төмендеуі;
12) жалпы берілген заемдар көлемінің заңды және жеке тұлғалардың тартылған депозиттері (SPV салымдарын қоспағанда) сомасына, сондай-ақ банктің алынған заемдар бойынша бас ұйымның алдындағы міндеттемелеріне ара қатынасының 2 мәнінен асып кетуі, 2011 жылғы 1 қаңтарынан бастап – 1,5.
Егер жоғарыда көрсетілген арақатынастың асып кетуі заңды және жеке тұлғалардың депозиттерін қайтарып алуына байланысты болса банктің қаржылық жай-күйін нашарлатуға ықпал ететін факторы болып табылмайды;
13) мынадай формула бойынша есептелетін банктің теріс ГЭП позициясының өтеу мерзімі бір жылға дейінгі банк міндеттемелеріне ара қатынасының отыз пайызға және одан да көп мөлшерге асып кетуі:
А - О
О , онда
А – өтеу мерзімі бір жылға дейінгі активтер;
О - өтеу мерзімі бір жылға дейінгі міндеттемелер;
14) жүйелі үш ай ішінде банктің шығынды қызметі.
Ереженің 2-тармағы 9), 10) тармақшаларының талаптары "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына қатысты таралмайды.
Ереженің 2-тармағы 12) тармақшасының талаптары активтеріндегі меншікті капиталының үлесі елу пайыздан астамын құрайтын банктерге қатысты таралмайды.
2-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар және оларды анықтау әдістемесі
3. Жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар мыналар болып табылады:
1) меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің төмендеуі;
2) номиналды кіріс коэффициентінің төмендеуі;
3) жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының бір секторына жататын Қазақстан Республикасының эмитенттері шығарған қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының ұлғаюы;
3-1) жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыратын ұйымның Қазақстан Республикасының бір экономика секторына жататын Қазақстан Республикасының эмитенттерімен шығарылған қаржы құралдарына орналастырылған меншікті активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтерінің жалпы көлеміне ара қатынасының өсуі;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының шетел валютасында ірілендірілген қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының ұлғаюы;
4-1) жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыратын ұйымның шетел валютасында ірілендірілген қаржы құралдарына орналастырылған меншікті активтері көлемінің жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтерінің жалпы көлеміне ара қатынасының өсуі;
5) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміндегі осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен акцияларға инвестициялардың жиынтық үлесінің өсуі;
5-1) жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтерінің жалпы көлеміндегі осы жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтері есебінен акцияларға инвестициялардың жиынтық үлесінің өсуі;
6) алынып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05. N 175 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен;
7) жинақтаушы зейнетақы қорының кредиттік тәуекелі жоғары дәрежелі қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының ұлғаюы;
8) осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміндегі зейнетақы активтері есебінен эмитенті шығарылған облигациялар бойынша сыйақы және (немесе) негізгі борыш сомасын төлеу бойынша дефолтқа жол берген қаржы құралдарына инвестициялар үлесінің өсуі;
9) осы жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтерінің жалпы көлеміндегі меншікті активтері есебінен эмитенті шығарылған облигациялар бойынша сыйақы және (немесе) негізгі борыш сомасын төлеу бойынша дефолтқа жол берген қаржы құралдарына инвестициялар үлесінің өсуі;
10) жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның директорлар кеңесі және (немесе) инвестициялық комитеті белгілеген инвестициялау лимиттерін асыру.
Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05. N 175 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
4. Осы Ереженің 3-тармағында көзделген жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:
1) жүйелі үш ай ішінде екі және одан көп рет меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициентінің уәкілетті орган белгілеген меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициентінің ең төменгі мәнінен 0,01-ге асатын деңгейге дейін немесе одан төмен деңгейге дейін төмендеуі;
2) бастапқы мәні уәкілетті орган белгілеген меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициентінің ең төменгі мәнінен 0,01-ге асатын деңгейден төмен болған кезде меншікті капитал жеткіліктілігінің төмендеуі;
3) жүйелі үш ай ішінде номиналды кіріс коэффициентінің жүйелі төмендеуі және орташа номиналды кірістің түзетілген коэффициентінің мәнінен алпыс күнтізбелік күнде он бес және одан астам пайызға ауытқуға жетуі;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының бір секторына жататын Қазақстан Республикасының эмитенттері шығарған қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының қырық пайыздық мәннен асуы;
4-1) жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның Қазақстан Республикасы экономикасының бір секторының қаржы құралдарына орналастырылған меншікті активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтерінің жалпы көлеміне ара қатынасының қырық пайыздық мәннен асуы;
5) акцияларға жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен инвестициялардың жиынтық үлесінің жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің жиырма пайызы мәнінен асуы;
5-1) акцияларға жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтерін есебінен инвестициялардың жиынтық үлесінің жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтерінің жалпы көлемінің жиырма пайызы мәнінен асуы;
6) жинақтаушы зейнетақы қорының шетел валютасында ірілендірілген қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының отыз пайыздық мәннен асуы;
6-1) жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның шетел валютасында ірілендірілген қаржы құралдарына орналастырылған меншікті активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтерінің жиынтық көлеміне ара қатынасының отыз пайыздық мәннен асуы;
7) алынып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05. N 175 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен;
8) жинақтаушы зейнетақы қорының кредиттік тәуекел дәрежесі екі жүз, екі жүз елу, үш жүз пайызға тең қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне арақатынасының он бес пайыздық мәннен асуы.
Қаржы құралдарының кредиттік тәуекелінің дәрежесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес анықталады;
9) эмитенті шығарылған облигациялар бойынша сыйақы және (немесе) негізгі борыш сомасын төлеу бойынша дефолтқа жол берген қаржы құралдарына орналастырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жалпы көлеміне қатынасы бес пайызы мәнінен асуы.
10) эмитенті шығарылған облигациялар бойынша сыйақы және (немесе) негізгі борыш сомасын төлеу бойынша дефолтқа жол берген қаржы құралдарына орналастырылған жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтері көлемінің осы жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті активтерінің жалпы көлеміне қатынасы бес пайызы мәнінен асуы;
11) жүйелі үш ай ішінде екі және одан көп рет жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның директорлар кеңесі және (немесе) инвестициялық комитеті белгілеген инвестициялау лимиттерін асыру.
Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05. N 175 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
3-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар және оларды анықтау әдістемесі
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторлар мыналар болып табылады:
1) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің төмендеуі;
2) жоғары өтімді активтердің жеткіліктілік нормативінің төмендеуі;
3) шығындылық коэффициенттерінің ұлғаюы;
4) акциялардың активтердің жалпы сомасындағы үлесінің ұлғаюы;
5) Қазақстан Республикасының резиденті емес жекелеген қайта сақтандыру ұйымындағы қайта сақтандыру шарты (шарттары) бойынша жауапкершілік көлемінің сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша жауапкершіліктің жалпы көлеміне арақатынасының асуы;
6) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығынды қызметі .
6. Осы Ереженің 5-тармағында көзделген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:
1) жүйелі үш ай ішінде екі және одан көп рет төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің, оның бастапқы мәні уәкілетті орган белгілеген мәнінен 0,5 немесе одан аз тармаққа жоғары болған кезде 0,1 және одан көп тармаққа төмендеуі;
2) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің мәні уәкілетті орган белгілеген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің ең төменгі мәнінен асатын деңгейден 0,1 тармаққа төмен ;
3) жүйелі үш ай ішінде екі және одан көп рет жоғары өтімді активтердің жеткіліктілік нормативінің бастапқы мәнінің уәкілетті орган белгілеген мәннен 0,5 немесе одан кем тармаққа жоғары болған кезде 0,1 немесе одан астам тармаққа төмендеуі ;
4) жоғары өтімді активтердің жеткіліктілік нормативінің мәні уәкілетті орган белгілеген жоғары өтімді активтерінің жеткіліктілік нормативінің ең төменгі мәнінен асатын деңгейден 0,1 тармаққа төмен ;
5) жүйелі үш ай ішінде екі және одан көп рет қайта сақтандырушының үлесін есепке алусыз сақтандыру сыныбы (сыныптары) бойынша тікелей сақтандыру және кіріс қайта сақтандыру бойынша сақтандыру ұйымының барлық міндеттемелерінің жиынтық мөлшерінің жиырма және одан астам пайызын міндеттемелер мөлшері құрайтын, шығындылық коэффициентінің жүз пайыздан асуы ;
6) қайта сақтандыру активтерін шегергенде акцияларға инвестициялардың жиынтық үлесінің активтер көлемінің жиырма пайыздық мәнінен асуы ;
7) "Standard & Poor's" агенттігінің "BB-"-тен төмен халықаралық рейтингтік бағасы немесе "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының пруденциалдық нормативтер есебінің нормативтік мәні мен әдістемесі, пруденциалдық нормативтердің орындалғандығы жөніндегі есепті беру нысандары мен мерзімі туралы Нұсқаулықты бекіту туралы" 2008 жылғы 22 тамыздағы N 131 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 5331 тіркелген) бекітілген Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының пруденциалдық нормативтер есебінің нормативтік мәні мен әдістемесі, пруденциалдық нормативтердің орындалғандығы жөніндегі есепті беру нысандары мен мерзімі туралы нұсқаулықтың 35-тармағына сәйкес уәкілетті органмен танылатын басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар, немесе осы рейтингтік агенттіктерінің рейтингтік бағасы жоқ, не Standard & Poors рейтингтік агенттігінің жіктелімі бойынша Қазақстан Республикасының тиісті тәуелсіз рейтингінен төмен тәуелсіз рейтингі бар немесе осыған ұқсас деңгейдегі тәуелсіз рейтингі бар елде тіркелген Қазақстан Республикасының резиденті емес жекелеген қайта сақтандыру ұйымында қайта сақтандыру шарты (шарттары) бойынша жауапкершілігі көлемінің тікелей сақтандыру және кіріс қайта сақтандыру шарттары бойынша жиынтық жауапкершілігі көлеміне ара қатынасының он пайыз мәнінен асып кетуі;
8) соңғы үш ай ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығынды қызметі.
Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05. N 175 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
4-тарау. Ертерек ден қою шараларын қолдану
7. Осы Ережедегі тармақ ағымдағы мәннің және қарастырылып отырған кезеңнің басындағы мәннің арасындағы айырмашылық ретінде есептелген қарастырылып отырған параметрдің нақты мәнінің абсолютті өзгеруі болып табылады.
8. Уәкілетті орган қаржы ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау үшін ай сайын реттеушілік есептілік деректерінің негізінде қаржы ұйымының қаржылық жай-күйіне талдау жасауды жүзеге асырады.
9. Қаржы ұйымының қаржылық жай-күйіне талдау жасау нәтижесінде және (немесе) оған тексеру жүргізу қорытындылары бойынша осы Ереженің 1, 3, 5-тармақтарында көзделген факторлар анықталған жағдайда уәкілетті орган қаржы ұйымына және (немесе) оның акционерлеріне қаржы ұйымының қаржылық тұрақтылығын көтеру, оның қаржылық жай-күйінің нашарлауын және оның қызметімен байланысты тәуекелдердің өсуін болдырмау бойынша ертерек ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) ұсыну жөнінде жазбаша нысанда талап жолдайды.
Қаржы ұйымы және (немесе) оның акционерлері уәкілетті органның талабын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:
1) қаржы ұйымының қаржылық жай-күйінің нашарлауына ықпал ететін фактордың егжей-тегжейлі талдауын;
2) осы фактордың болжамын, осындай болжамның негіздемесін және қаржы ұйымының қызметіне тигізетін теріс ықпалын;
3) осы факторды жақсарту бойынша шараларды, яғни оны қаржы ұйымының қызметі үшін қауіпсіз (қосымша тәуекелсіз) болған деңгейге дейін жеткізуді;
4) іс-шаралар жоспарын орындау мерзімдерін (іс-шаралар жоспарының әрбір тармағы бойынша орындау мерзімін көрсете отырып);
5) іс-шаралар жоспарын орындауға жауапты лауазымды тұлғаларды қамтитын іс-шаралар жоспарын әзірлеп, уәкілетті органға ұсынады.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын оны қаржы ұйымы және (немесе) оның акционерлері ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде алдын ала қарайды.
Уәкілетті орган қаржы ұйымы және (немесе) оның акционерлері қарауға ұсынған іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда, уәкілетті орган мен қаржы ұйымы іс-шаралар жоспарын жетілдіру мақсатында бірлескен талқылаулар жүргізеді. Бұл ретте қаржы ұйымы уәкілетті органның ескертулерін жою үшін жоспарға түзетулер енгізеді немесе, осындай ескертулермен келіспеген жағдайда өзінің негіздеулерін ұсынады.
Уәкілетті орган жетілдірілген іс-шаралар жоспарын бес жұмыс күні ішінде мақұлдайды немесе мақұлдамайды.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда қаржы ұйымы және (немесе) оның акционерлері жоспарда белгіленген мерзімде оны іске асыруға кіріседі және уәкілетті органға оның іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімде орындалғаны туралы есебін ұсынады.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдамаған жағдайда қаржы ұйымына және (немесе) оның акционерлеріне қатысты тиісінше Банктер туралы Заңның 45-бабының 2-тармағында, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның 41-2-бабының 2-тармағында, Сақтандыру қызметі туралы Заңның 53-бабының 2-тармағында көзделген талаптарды қою арқылы бір немесе бірнеше ертерек ден қою шараларын қолданады.
Қаржы ұйымы осы Ереженің 1, 3, 5-тармақтарында көзделген факторларды өз бетінше анықтаған жағдайда көрсетілген факторларды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, оның қаржылық жай-күйінің нашарлаған жағдайын көрсететін ақпаратты ұсынады.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05. N 175 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
10. Осы Ереженің 9-тармағында белгіленген мерзімде қаржы ұйымының қаржылық тұрақтылығын көтеруге бағытталған іс-шаралар жоспары ұсынылмаған немесе осы жоспардың іс-шаралары уақтылы орындалмаған, сондай-ақ уәкілетті органның талабына сәйкес ертерек ден қою шаралары орындалмаған немесе уақтылы орындалмаған жағдайда қаржы ұйымына және (немесе) оның акционерлеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген шектеулі ықпал ету шаралары және (немесе) санкциялар қолданылады .