Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау Ережесін бекіту туралы

Астана қаласы Мәслихатының 2007 жылғы 9 ақпандағы N 341/43-ІІІ Шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2007 жылғы 14 наурызда нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 464 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      Астана қаласы әкімдігінің ұсынысын қарап, 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының»"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының  6-бабын  басшылыққа ала отырып, Астана қаласының мәслихаты  ШЕШТІ:
      1. Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау Ережесі қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. Осы шешім ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енеді.

       Астана қаласы мәслихатының
      сессия төрағасы

      Астана қаласы мәслихатының
      хатшысы

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы
      Ауыл шаруашылығы Министрлігінің
      Астана қаласы бойынша аумақтық
      инспекциясының бастығы (АШМАИ)

      "Астана қаласының ауыл
      шаруашылық бөлімі" МБ
      бастығы (АШБ)

      Астана қаласының
      Ішкі істер департаментінің
      басшысы (ІІД)

      Астана қаласының
      Мемлекеттік санитарлық
      эпидемиологиялық қадағалау
      департаментінің директоры (МСЭҚД)

      "Алматы" ауданының
      "Бірлік-Единство" ПИК
      Ассоциациясының төрағасы (АПИКА)

      "Сарыарқа" ауданының
      "Парасат" ПИК
      Ассоциациясының төрағасы (СПИКА)

Астана қаласы мәслихатының  
2007 жылғы 9 ақпандағы    
N 341/43-III шешімімен    
бекітілген         

Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау
ЕРЕЖЕСІ

      Осы Ереже " Ветеринария туралы ", "Қазақстан Республикасындағы  жергілікті мемлекеттік басқару  туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының  Кодексіне  және Қазақстан Республикасының Қылмыстық  кодекстеріне  сәйкес әзірленген. Ереже Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жануарлар ауруларына қарсы алдын алу іс-шараларын өткізу тәртібін реттейді.
      Осы Ереже барлық иттер мен мысықтардың иелеріне, меншік түріне қарамастан заңды және жеке тұлғаларға (Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Президенттің Күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрліктерінің мекемелері мен ұйымдары, сондай-ақ адамдарды құтқару, қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіндегілерден басқа), сондай-ақ иттер мен мысықтарды серуенге алып шығатын барлық тұлғаларға (бұдан әрі - Иелер) қолданылады.

1 тарау. Жалпы ережелер

      Осы Ереже Астана қаласының аумағында әрекет етеді.
      Осы Ережеде келесі түсініктер қолданылады:
      ит - үй жануары, сүт қоректі, қасқыр тектес жануарлар, көлеміне, түсіне және басқа да белгілеріне қарамастан;
      мысық - үй жануары, сүт қоректі, мысық тектес жануарлар, көлеміне, түсіне, және басқа да белгілеріне қарамастан;
      жануардың иесі - ит пен мысықтың асыраушы, күтуші адам не болмаса иесінің келісіммен жалға алушы және осыған ұқсас әрекеттегі адам.
      иесіз жануарлар - тіркеуде жоқ, иелерін анықтау мүмкін болмаған, иелерінен адасқан не болмаса қашып кеткен, иесі немесе жануарға жауапты адам тарапынан қараусыз жүрген жануарлар.
      иттер мен мысықтарды серуенге шығару - иесінің меншігі болып табылатын немесе басқа тұлғадан жалға алып отырған орын-жайдан тыс жерде болуы және иттер мен мысықтардың арнайы белгіленген аумақтарда серуендеуі болып табылады.

2 тарау. Иттер мен мысықтарды тіркеуге
алудың тәртібі

      1. Астана қаласының тұрғындарындағы, кәсіпорындардағы, мекемелердегі, ұйымдардағы қызметтік, күзеттік, аңшылық иттер және иелердің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттер, сол сияқты мысықтардың барлық түрлері үй жануарларын бірдейлендіру тәртібімен міндетті түрде ветеринарлық клиникаларда, Астана қаласының ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркеу жүргізетін органда тізімдік есепке алынып, компьютерлік базаға енгізілуі тиіс. Әрбір тіркеуден өткен үй жануарларына бірдейлендіру реттік саны беріледі, бұл реттік сан оның бүкіл өмір сүру кезеңіне сақталады. Ит пен мысықты тіркеу барысында иелерінің есебінен ветеринарлық құжат және белгіленген үлгіге сәйкес реттік саны бар жетон беріледі.
      Тіркеу барысында иелер осы Ережемен таныстырылады. Жануарлар иелерінің Ережемен танысқандығы тіркеу кітабына қол қойылумен рәсімделеді.
      Бірдейлендіру белгісі ретінде қызмет түріне тиісті лицензиясы бар ветеринарлық дәрігер тарапынан үй жануарларының терісіне енгізетін микрочип салуға болады.
      2. Барлық иттер үш айлық жасынан, мысықтар екі айлық жасынан бастап алғашқы тіркеуден және жыл сайын қайта тіркеуден өтуі тиіс.
      3. Үй жануарын асырап алған немесе иесінің мекен-жайы өзгерген жағдайда үй жануарлары екі апта мерзімінде тіркелуі керек.
      4. Ит пен мысықты тіркеуден өткізу және қайта тіркеу кезінде иелері келесі құжаттар мен мәліметтер беруі қажет: иесінің жеке басының төл құжаты, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, мекен-жайы, байланыс телефоны, ит пен мысықтың туылған күні, түрі, түсі, жынысы, лақап аты, ерекше белгілері немесе жануардың сипаты.
      5. Үй жануарына эвтаназия қолданылғанда немесе өліп қалған жағдайда ветеринарлық құжат пен жетон жануар бұрын тіркеу жүргізген органға немесе мекемеге тапсырылады.
      6. Тіркеуші орган жануардың шығу (сатылу, жоғалу, өлу, басқа бір адамға тапсырылу) жағдайларында тіркеуден шығару үшін немесе қайта тіркеуі үшін хабарлануы керек.

3 тарау. Иттер мен мысықтарды ұстау

      7. Иттер мен мысықтарды сатып алу мен сату, басқа бір адамға тапсыру, барлық көлік түрлерімен қала ішінде, қаладан тысқары жерлерде, саяжай серіктестіктері аумақтарында тасымалдау әрекеттері құтырма және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы егілген уақыты белгіленген жануардың ветеринарлық құжаты болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Иттер мен мысықтарды қаладан тысқары жерлерге тасымалдау кезінде және қалаға басқа елді мекендерден әкелген жағдайда, иелері жануардың денсаулығы және егу жұмыстарының жүргізілгендігі жөнінде, яғни жұқпалы ауруларға қарсы 12 айдан аспаған мерзімде не болмаса жолға шығардан 30 күн бұрын егілгендігі жөніндегі мәлімет толтырылған ветеринарлық куәлігінің болуы тиіс.
      Тұрғындарға, кәсіпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға тиесілі иттердің барлық түрлері үш айлық мерзімінен бастап, құтырма ауруына және эпизоотиялық көрсеткіштерге сәйкес лептоспироз, микроспория ауруларына қарсы міндетті түрде егілуі және гельминттердің болмауына тексерілуге тиіс немесе профилактикалық алдын-алу шаралары қолданылуы тиіс.
      Мысықтар туылғаннан екі айлық мерзімнен бастап адамдар мен жануарларға бірдей жұқпалы ауруларға, эпизоотиялық көрсеткіштерге сәйкес микроспорияға қарсы егілуге, гельминттердің болмауына тексерілуге тиісті.
      8. Иттің иесі ретінде (иелердің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттердің түрлерінен басқа) 14 жасқа толған, ата-анасының жазбаша рұқсаты бар (итті өз атына тіркеу үшін) тұлға болуы мүмкін.
      9. Егер жануардың иесі заңды тұлға болған жағдайда, міндетті түрде жануарды ұстауға жауапты адамды тағайындалуы қажет.
      10. Иттер мен мысықтарды ұстауға санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды және осы Ережені сақтаған жағдайда рұқсат етіледі:
      бір ғана от басынан тұратын тұрғын үй-жайларда;
      бірнеше от басынан тұратын тұрғын үй-жайларда, тек өзіне тиесілі аумағында ұстауға (пәтер тұрғындарының жазбаша келісімімен);
      мекемелерде, ұйымдарда, бақ шаруашылықтары мен саяжайларда, коммерциялық емес бірлестіктерде және демалыс орындарында иттерді байлаулы түрде немесе торда, яғни қоршаған ортаға, адамдарға қауіпсіздік келтірмейтін және тыныштық сақталған жағдайда ұсталады.
      11. Қаладағы көп қабатты, көп пәтерлі тұрғын үйдегі бір отбасына саны екіден көп емес үлкен және орта мөлшердегі ересек иттер мен үш мысықты, үш айлық мерзімге дейінгі күшіктерді ұстауға рұқсат етіледі. Үш айдан асқан күшіктер мен мысықтар жаңа иелеріне берілуі немесе қараусыз иттер мен мысықтарды ұстаумен және аулаумен айналысатын мекемелерге тапсырылуы тиіс.
      Пәтерлерде иттер мен мысықтардың барлық түрлеріне арналған паналау орындарын ашуға тиым салынады. Ерекше жағдайларда, жергілікті атқарушы органдарға, пәтерлер иелері кооперативтеріне санитарлық-тұрмыстық талаптарды ескере отырып тиісті ұйымдар мен қызметтерді қатыстыра отырып, пәтерлерде және басқа да коммуналдық нысандарда иттер мен мысықтарды, басқа да зоологиялық түрлерді белгіленген саннан артық көлемде ұстауға рұқсат беруге, ұстауды шектеуге немесе толықтай тыйым салуға құқық беріледі.
      12. Иттер мен мысықтарды көпшілік пайдаланатын (ас әзірлеуге арналған бөлмелерде, кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында, үйдің шатырында, жертөлелерде, балконда және басқа да қосалқы үй-жайларда) орындарда және үй маңында (жеке тұрғын үй аумағынан басқа), қонақ үйлер мен жатақхана дәліздерінде ұстауға рұқсат етілмейді.
      13. Қонақ үйлерде, қонақ үй әкімшілігінің рұқсатымен және санитарлық-гигиеналық жағдайларды сақтаған жағдайда иелері итімен немесе мысығымен бірге тұрақтай алады.
      14. Иттер мен мысықтарды жекелеген тұрғын үй қорында, ғимараттарда, және оларға тиесілі аумақтарда жердің заңды иегерінің рұқсатымен немесе басқа да өкілетті тұлғаның келісімімен ұстауға болады. Иттер жақсылап қоршалған, яғни қашып кете алмайтындай, адамдарға не болмаса басқа жануарларға шабуылдамауына ыңғайлап жасалынған аумақта ұсталуы тиіс. Осы аумақта иттің барлығы жөнінде кіреберісте 20х30 сантиметр көлеміндегі, иттің суреті бар "Ит күзетеді! Охраняется собакой!" ескерту қойылуы шарт.
      15. Жеке тұрғын үйлер қорында гигиеналық-санитарлық және зоогигиеналық талаптар сақталған жағдайда саны екіден көп иттерді ұстауға рұқсат етіледі.
      16. Иттер мен мысықтарды зообұрыштарда, балалар және жасөспірімдерге арналған мекемелердің "тірі бұрыштарында", жазғы және қысқы сауықтыру орталықтарында (санаторийлер, демалыс үйлері, пансионаттар) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қадағалау органдарының рұқсатымен ұстауға болады.
      17. Тіркелмеген (есепке алынбаған) және жұқпалы ауруларға қарсы егілмеген иттер мен мысықтарды ұстауға тыйым салынады.
      18. Иттер мен мысықтардың әуесқойлары қоғамдарына, иттерді асыраушы ұйымдарына Астана қаласы бойынша ауыл шаруашылығы және үй жануарларын тіркеумен айналысатын органда немесе ветеринарлық клиникада тіркелмеген, қайта тіркеуден өтпеген иттер мен мысықтарды қабылдауға тыйым салынады.
      19. Иттер мен мысықтардың қатысуымен өткізілетін жарыстар, көрмелер және тағы басқа көпшілік шаралар санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық қадағалау өкілдерінің жазбаша келісімімен және сол ауданның Әкімінің рұқсаты бойынша өткізіледі.
      20. Мемлекет аумағынан селекциялық (асыл тұқымды) және ұлттық құндылығы бар иттер мен мысықтарды кинологиялық, фелинологиялық орталықтардың (клубтардың) рұқсатынсыз не болмаса жолдамасынсыз шығаруға рұқсат етілмейді.
      21. Иттер мен мысықтарды олардың терісін пайдалану, етін өңдеу, сату, тұтыну үшін өсіруге не болмаса аулауға тыйым салынады.
      22. Астана қаласының аумағында иттердің төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге, жануарларға қарсы қатыгез әрекеттер жасауға мүмкіншілік беретін басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынады (қызметтегі, күзетке арналған иттердің жұмыс қабілеттілігін тексеру мақсатында, иттердің жарақат алмауын ескеретін, дұрыс тұқымдық сұрыптауға арналған арнайы ережелер бойынша тексерулерден басқа).

4 тарау. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет
ететін иттерді ұстау

      23. Адамдарға және басқа жануарларға қауіп туғызуға бейім, ұстауда ерекше жауапкершілікті қажет ететін асыл тұқымды иттердің есебін жүргізу мақсатында, осындай иттерді өсіруге және ұстауға кинологиялық клубтарда, бірлестіктерде және Астана қаласындағы ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркейтін органда, ветеринарлық клиникада тіркеуге алынғаннан кейін ғана рұқсат етіледі. Итті тіркеу барысында иттің иесін осы Ережемен таныстырып, танысқандығы жөнінде қолын қойғызуы керек.
      24. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін ит тұқымдарының түрлеріне: американдық стаффордшир терьері, стаффордшир бультерьері, ротвейлер, акита-ину, аргентиналық дог, питбультерьер, бультерьер, бульмастиф, бразильялық филдер, боксер, американдық бульдог, ризеншнауцер, ағылшындық мастиф, испандық мастиф, пиринейлік мастиф, тибеттік мастиф, ирландық волкодав, лабрадор, командор, берндік малшы иті, корольдік (үлкен) пудель, бельгиялық овчарка, доберман, оңтүстік орыс овчаркасы, ортаазиялық овчарка, кавказдық овчарка, мәскеулік күзет иті және сондай-ақ осы тұқымдардың будандастырылуынан туған, шоқтығының биіктігі 50 сантиметрден жоғары иттер жатады. Иттің қай тұқымға жататындығы тегінің құжаттарына қарап ажыратылады, ал даулы жағдайда Астана қаласындағы ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркеу органының жанындағы сараптау комиссияның көмегімен анықталады.
      25. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді Астана қаласының ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркейтін органымен келісусіз иеленуге, қала аумағына әкелуге, ұстауға және өсіруге тыйым салынады.
      26. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді ұстау үшін болашақ иегер психоневрологиялық және нашақорлық диспансерлік есепте тұрмағандығы туралы анықтама құжатын көрсету қажет.
      27. Тіркеуден өтпеген, иесінің ерекше жауапкершілікті қажет ететін иттері бар иелер осы Ереже бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жарияланған күнінен бастап кинологиялық клубтарда, бірлестіктерде, Астана қаласының ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркеу органында, ветеринарлық клиникада иттерін тіркетуі керек.
      28. Балаларға және 16 жасқа толмаған жас өспірімдерге, денсаулық жағдайы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді серуенге шығаруға тыйым салынады.
      29. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді тұрғын-үй пайдалану органдарының жергілікті атқарушы органдармен келістірілген, иттерді серуендетуге арналған арнайы орындарынан басқа қоғамдық және көпшілік демалыс орындарына әкелуге тыйым салынады.

5 тарау. Иттер мен мысықтарды серуенге
шығарудың реті

      Иелері итті серуенге шығарғанда келесі талаптарды орындауы тиіс:
      30. Иттердің мінез-құлқы мен қала жағдайына қалыптастырылуын бақылау мақсатында қызметтік және аңшылық тұқымды иттердің, ерекше жауапкершілікті қажет ететін иттердің иелеріне иттерін Астана қаласының кинологиялық клубтарында "Қала жағдайында басқарылатын ит" сынақ курсынан өткізуі қажет. Сынақтан өткен жағдайда иесіне қала жағдайында итті серуенге шығаруға рұқсат етілген құжат тапсырылады.
      31. Иттерді тұмылдырықпен (декоративті түрінен басқа) және қысқа (1,5 метрге дейін) мойын жіппен, Ережедегі 40-тармақта көрсетілген орындардан басқа жерлерде, қоршаған ортаға ешқандай қолайсыздық келтірмейтіндей етіп ертіп жүруге және серуенге шығаруға болады.
      32. Иттерді тұмылдырықсыз және мойын жіпсіз тек арнайы қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында, жергілікті атқарушы органдары, пәтер иелері кооперативтері бекіткен еркін серуен алаңдарында алып жүруге болады.
      33. Иттердің иелері әрдайым иттің мойнына аты, түрі, иесінің мекен-жайы мен телефондары көрсетілген жетон бекітілген қарғыбау тағуы керек. Иесінің тілегі бойынша жетонда итке қатысты басқа да мәлімет болуы мүмкін.
      34. Иттерді қалалық қоғамдық көліктерде тасымалдау көліктің артқы алаңдарында, жолаушылардың мазасын алмайтын жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Иттердің декоративті түрлерін және мысықтарды сөмкеде, арнайы торларда (тасымалдауға арналған контейнерде), қолда алып тасымалдауға болады. Науқас иттер мен мысықтарды қоғамдық көлікте тасымалдауға тыйым салынады.
      35. Иттерді тұрғын үйлердің маңында серуендету кезінде иттердің иелері 23.00. мен 07.00. сағат аралығында тыныштықты сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.
      36. Тыйым салған ескерту белгісі жоқ мекемелер мен азық-түлік сатпайтын дүкендерде, поштада және тағы басқа орындарда иелері иттерін қысқа мойын жіпте және тұмылдырықта ертіп жүруге болады. Кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге нысандарға итті ертіп келуге қарсы ескерту белгілерін қоюымен қатар иттерді байлап қалдыратын орындар жарақтауы қажет.
      37. Итті қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен, өздігінен шешіліп кетпейтіндей, иесі ғимараттың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де ит басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалыстарға және өзіне зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады. Осы кезде ит жүргіншілердің жүріп тұруына кедергі болмауы керек.
      38. Ит қоғамдық орындарда қарғы баусыз тек қана қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде ғана жүре алады.
      39. Көше қиылыстары мен магистралды жолдардан өткен кезде иттің иесі (итте серуендеуге шығарған тұлға) жол-көлік оқиғаларын және итті көліктің басып кетпеуін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауы қажет.
      40. Иттердің иелеріне мынадай тыйымдар салынады:
      1) құтырма ауруына қарсы егілмеген және токсоплазмозға тексерілмеген иттерді серуендетуге;
      2) жануарларды рұқсат етілген немесе арнайы орындардан басқа, ауладағы балалар ойнайтын, спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі және оқу орындарының аумақтарында, емделу мекемелерінің, саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарының алаңындарында, тыйым салынған ескерту белгісі бар жерлерде серуендетуге;
      3) иттерді қалалық жағажайда серуендетуге, көпшілік шомылатын жерлерде жуындыруға, тоғандарда, фонтандарда, су айдындары мен бөгеттерде шомылдыруға;
      4) көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттен басқа иттерді қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына, азық-түлік дүкендерінің сауда жасау және өндірістік орындарына, сервистік қызмет көрсету мекемелері мен мәдениет мекемелеріне әкелуге, ұстауға;
      5) халық көп жиналатын орындарда және қоғамдық шаралар өтетін жерлерде адамдарды құтқаруға арналған тапсырманы орындау барысындағы, қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын, сондай-ақ көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттерден басқа жануарлармен бірге болуға.
      41. Иесі мас болған жағдайда итті ертіп жүруге және көпшілік жүретін орындарда серуендетуге, көлікте алып жүруіне тыйым салынады.

6 тарау. Ит пен мысық иелерінің құқықтары

      42. Тіркелген иттер мен мысықтар иесінің меншігі болып табылады және кез-келген меншік ретінде заңмен қорғалады.
      43. Ит немесе мысық Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген аурулар түрімен ауырған деп танылған жағдайда, аумақтың бас мемлекеттік ветеринарлық инспектордың шешімімен, немесе соттың шешімі болған жағдайда ғана иесінен алынып, жойылуы мүмкін. Егер де ит науқас емес деп танылса, онда ол иесіне қайтарылуы тиіс. Сонымен қатар, ит немесе мысық иелерінен адамға жарақат келтірген жағдайларда, қауып алғанда, адамға берілетін аурулардың немесе қауіпті аурулардың болуын тексеру үшін алынуы мүмкін.

7 тарау. Иттер мен мысықтардың иелерінің
міндеттері

      Иттер мен мысықтардың иелері төмендегі талаптарды орындауға тиіс:
      44. Иттер мен мысықтардың қоршаған ортаға қолайсыздық келтірмейтін және қауіпсіздік тудырмайтын, тыныштықты жағдайын қамтамасыз ету.
      45. Тұрғын үй-жайларда тыныштықты қамтамасыз ету.
      46. Алаңдарды, кіреберістерді, сатылық торларды, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, тротуар, шағын гүлбақтарды, демалыс аумақтарын ластамау, ал ластанған жағдайда міндетті түрде жедел тазалауды жүзеге асыру (қағаз немесе полиэтилен пакеттерін пайдалану).
      47. Жануарларды түрлеріне қарай зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес ұстау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
      48. Иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттіліктеріне сай ұстау, оларға ізгілікті қарау, қараусыз қалдырмау, өздерінің жануарларына қажеттілігіне қарай тамақ беру, таза су ішуге жағдай жасау, ұрмау.
      49. Ветеринариялық мекемелер мамандарының талаптары бойынша иттер мен мысықтарды бақылау үшін, диагностикалық зертеу және емдеу, алдын-алу шараларын жүргізу үшін бөгетсіз берілуі керек.
      50. Иттер мен мысықтарды жыл сайын екі, үш айлық мерзімінен бастап ветеринариялық емханаларға бақылау үшін және құтырма ауруына және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы алдын алу шараларын қолдануға әкеліп отыру, ветеринарлық құжатына тиісті жазбаларды белгілеп отыру.
      51. Егілмеген иттер мен мысықтар көрмелерге, қыдыруларға, жарыстарға, аңға шығуға, және басқа да иттер мен мысықтардың қатысуымен өтетін іс-шараларға қатыстырылмайды.
      52. Жүйелі түрде, тоқсанына кемінде бір рет иттер мен мысықтарға гельминттерге және тері паразиттеріне қарсы алдын-алу шараларын қолданып отыруы қажет.
      53. Иттер мен мысықтар ауырғанда немесе ауруға күдікті болғанда жедел түрде ветеринарлық мекемелерге хабарласу, тексерістердің қорытындысы бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтіксіз сақтау.
      54. Иттер мен мысықтардың адамды немесе жануарларды қауып алу, жарақаттау жағдайларында жедел түрде медициналық мекемелерге, ветеринарлық емханаларға хабарласу, осы жануарларды бақылауға және карантиндік іс-шараларды қолдануға тапсыру. Жарақаттауға кінәлі ит немесе мысықтың иесі жарақаттанушыға өзінің аты-жөнін және мекен-жайын хабарлауға тиіс.
      55. Ит немесе мысық адамға жарақат жасаған кезде емделудің, оның ішінде жәбірленушінің жарақат алғанға дейінгі алғашқы түр-тұлғасының және дене бітімінің толығымен орнына келуіне дейінгі косметикалық операциялардың толық құнын өтеуі керек.
      56. Егер ит немесе мысық басқа итке, мысыққа немесе басқа жануарға өміріне қауіпті жарақат әкелсе, онда иесі өз еркімен немесе сот шешімімен өлген жануардың құнын өтеуге, немесе талап бойынша тегі және жасы бойынша ұқсас жануар ұсынуы қажет.
      57. Ит немесе мысықты одан әрі ұстауға мүмкіндік болмаған жағдайда оны басқа тұлғаға, жануардарды қорғау мекемелеріне береді немесе ветеринариялық мекемеге тапсырады. Үй жануарларын тастап кетуге (иесіздікке ұшыратуға) қатаң тыйым салынады.
      58. Үй жануарының өліп қалған жағдайларында немесе құтыру ауруына шалдығуға ұқсас белгілері болған жағдайда жедел түрде ветеринарлық мекемелерге хабарлау қажет және осы жануарлар ветеринарлық қызмет мамандарының келуіне дейін оқшаулануы тиіс.
      59. Ит немесе мысық белгісіз себептермен өліп қалған жағдайларда ветеринарлық мекемелерге немесе лицензияланған ветеринарлық дәрігерлерге өлудің себептерін анықтау үшін хабарласу қажет.
      60. Өліп қалған иттер мен мысықтардың өлігін лақтырып тастауға, қала аумағына көміп тастауға тыйым салынады.
      Иттер мен мысықтардың өлігі қараусыз жануарларды аулайтын және өлген жануарлардың өлекселерін жинайтын қызмет орындарына тапсырылуға немесе жануарлар өлексесін жоюмен айналысатын орындарға тапсырылып, тиісті құжаттар алынуы керек.

8 тарау. Қараусыз жүрген иттер мен
мысықтарды аулау

      61. Қоғамдық жерлерде (көшелерде, аулалық аумақтарда, саяжайларда және басқа да орындарда) иелері тарапынан байлаулы қалдырылғандардан басқа, ілеспе тұлғаларсыз жүрген иттер мен мысықтар қараусыз жүргендер болып саналады және қараусыз жүрген иттер мен мысықтар аулайтын және олардың өлекселелерін жинайтын арнайы қызметтермен аулануға жатады.
      62. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулау жергілікті атқарушы органдарымен аулаудың жағдайлары реттелген келісім-шарт жасаған арнайы ұйымдар тарапынан жүзеге асады. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулаумен айналысатын жұмыскерлердің техникалық қамтамасыз етілуі аулауды жүзеге асыратын ұйымға жүктеледі.
      63. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулау жұмыстарына арнайы оқыту курстарынан өткен, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерде тіркелмеген тұлғалар жіберіледі.
      64. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулаумен айналысатын жұмыскерлер және арнайы көліктің жүргізушісі жануарларды аулау және тасымалдау кезінде ізгілікті сақтауы тиіс.
      65. Ауланған қараусыз иттер мен мысықтар қараусыз жүрген жануарларды уақытша ұстайтын орынға орналастырылады және сол жерде бес тәулік бойына ұсталады. Ұстау мерзімі өткеннен соң жануарлар басқа тұлғаға беріледі немесе инъекция енгізу арқылы өлтіріледі.
      66. Ауланған уақыттан бастап бес тәулік ішінде иттер мен мысықтардың иелері қараусыз жүрген жануарларды аулау жөніндегі арнайы қызметтерге немесе иесіз жануарларды уақытша ұстау орындарына жануарларды қайтарып алу үшін хабарласуына болады. Жануарлардың уақытша сақтау орындарында ұстау шығындары иелерінің есебінен өтеледі.
      Ауланған жануарларды уақытша сақтау орындары болмаған жағдайда, ауланған жануарларды бес тәулік мерзімінде ұстау қараусыз жүрген жануарларды аулау жөніндегі қызметтерге жүктеледі.
      67. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулау кезінде:
      1) ауланған үй жануарларын иемденуге, жеке тұлғалар мен ұйымдарға сатуға немесе беруге рұқсат етілмейді;
      2) пәтерлерден және жеке үйлердің аумақтарынан үй жануарларын уәкілетті органның рұқсатынсыз және соттың шешімінсіз алуға тыйым салынады.
      68. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулау кезінде оларды өлтіруге немесе зақым келтіруге тыйым салынады. Иттер мен мысықтарды аулау үшін тор, таяқша және тамақ беру арқылы алдау тәсілдерін қолдануға рұқсат етіледі.
      69. Қараусыз жүрген үй жануарларын аулау уақыты аулаумен айналысатын арнайы мекеменің тіркеу журналында жазылған жануардың нақты ұсталған уақыты болып саналады. Тіркеу журналында жануардың түрі, жынысы, түсі, ерекше белгілері және жануарға ұсталғаннан кейінгі қолданған іс-әрекеттер жазылады. Тіркеу журналы аяқталған соң бес жыл мерзімде сақталуы керек.

9 тарау. Ереженің сақталуын бақылау

      Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау Ережелерінің қала тұрғындары, кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар тарапынан сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттілік берген мемлекеттік органдар: санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қадағалау мекемелері, ішкі істер органдары, тұрғын-үй пайдалану органдары - пәтер иелерінің кооперативтері жүзеге асырады.
      70. Пәтер иелерінің кооперативтері Ережелердің сақталуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) иттерді серуенге шығару үшін көлемі 15х15 метрден кем емес, пәтер иелерінің кооперативтеріне, тұрғын үй кооперативіне бекітілген немесе құрылыстан бос шағын аудан (квартал) аумағында немесе кооперативтердің маңындағы аумақта қоршауы бар, арнайы белгілердің орнатылуымен, жергілікті атқарушы органдармен келісілген орын белгілеуі қажет;
      2) үй жануарлары иелерінің есебінен немесе коммуналдық қызметтерге қосымша төлем енгізу арқылы иттерді серуенге шығаруға бекітілген аула аумақтарының санитарлық жағдайын қамтамасыз етеді;
      3) жертөле, шатырларды және басқа да қосалқы үй - жайлардың кіре берістерін тұрғын үй қорларын ұстаудың, техникалық пайдаланудың тәртібіне сәйкес қараусыз жануарлардың кіріп кетуіне жол бермейтіндей жабық ұстайды;
      4) қараусыз жүрген үй жануарларын аулаумен айналысатын ұйымдарға өзінің аумағында жүрген қараусыз иттер мен мысықтар туралы хабарлайды және оларды ұстауға қатысады;
      5) ветеринарлық қызметтердің мамандарына эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге көмек көрсетеді;
      6) әкімшілік органдарға Ережелердің бұзылу фактілері бойынша жануарлардың иелерін жауапкершілікке тарту жөнінде хабарлайды.
      71. Ішкі істер органдары:
      1) қалада иттерді серуендету және көлікте тасымалдау тәртібінің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;
      2) тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелеріне азаматтар, ұйымдар мен мекемелер тарапынан осы Ережелердің сақталуына бақылау жасауға және сақталмаған жағдайларда әкімшілік жауапкершілікке тартуға қажетті көмек көрсетеді;
      3) иелерінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттері бар азаматтарға, ұйымдарға және кәсіпорындарға оларды қалаға кіргізу, қаладан шығару, ұстау және көбейту құқығына келісім беруге қатысады;
      4) өздеріне берілген өкілеттік шегінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шаралар қолданады;
      5) осы Ережелерді бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартады.
      72. Мемлекеттік ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары:
      1) жануарларды жұқпалы ауруларға қарсы егеді;
      2) қаладан басқа жерлерге шығар кезде жануарларға ветеринариялық куәліктер береді;
      3) қаңғыбас үй жануарларын аулайтын қызметтерге жұмысты ұйымдастыру жөнінде көмек көрсетеді;
      4) үй жануарларының иелері тарапынан ветеринарлық және санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жасайды;
      5) осы Ережелерді бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартады.
      6) кинологиялық қызметтер атқаратын клубтарға және қоғамдарға, иттерді ұстайтын кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге ветеринарлық саладағы нысандар ретінде ветеринарлық тіркеу құжаттарын береді;
      7) жануарлардың ауруларын болдырмау үшін және ол аурулардың адам ағзасына жұқтырмау үшін тұрғындар арасында ағарту жұмыстарын жүргізеді.

10 тарау. Жануарлар иелерінің осы Ережелерді
бұзғандары үшін жауапкершілігі

      73. Ветеринарлық-санитарлық ережелер мен тәртіпті бұзғаны үшін жануар иесі Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Кодексінің  310-бабына  сәйкес жауапкершілікке тартылады.
      74. Осы Ережені бұзғаны үшін жануар иесі Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" кодексінің  311-бабына  сәйкес жауапкершілікке тартылады.
      75. Үй жануарын қатаң ұстап, соның салдарынан өлтіргені үшін, зақым келтіргені немесе жануарды далаға тастағаны үшін жануар иесі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  276-бабына  сәйкес жауапкершілікке тартылады.

11 тарау. Қорытынды жағдайлар

      76. Тіркелуге тиісті иттер мен мысықтардың иелері оларды осы Ереже күшіне енгеннен бастап алты ай мерзім ішінде тіркетуі қажет.
      77. Иттер мен мысықтарды қараусыз жүрген үй жануарларын уақытша ұстау орындарына орналастыру және ұстау құқы аталған орындар құрылған уақытта жүзеге асырылады.