Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын айқындаудың ережелерін және пайдалану режимін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 20 тамыздағы N 218 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 12 қыркүйектегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4925 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңының  19-бабы 13) тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын айқындаудың ережелері және пайдалану режимі бекітілсін.

      2. Тарихи-мәдени мұра департаменті белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жолдасын;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр А.И. Бөрібаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның бірінші рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр

Қазақстан Республикасы   
Мәдениет және ақпарат   
министрінің        
2007 жылғы 20 тамыздағы   
N 218 бұйрығымен бекітілген 

Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын айқындаудың ережелері және пайдалану режимі 1. Жалпы ережелер

      1. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекараларын тиісті жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары (мәслихаттар) бекітеді және олар тиісті жердің тарих және мәдениет ескерткіштері мен жаңадан анықталған объектілердің орналасуы тіркелетін тарихи-сәулет тірек жоспарына және карта-схемасына енгізіледі.

      2. Айрықша тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылық болып табылатын тарихи-мәдени мұра объектілерінің ансамбльдері мен кешендері тарихи-мәдени қорықтар деп жариялануы мүмкін, оларды қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтары олар туралы ереже негізінде белгіленеді.

  2. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтары

      3. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің айналасындағы қорғау аймағы қорғау белгілерімен немесе олардың шекара сызықтары бойынша жыртылған жермен немесе қоршаулармен, не бұталар отырғызу арқылы белгіленеді.

      4. Археологиялық ескерткіштер олардың шекарасынан, ескерткіштер тобы шеткі объектілердің 50 метр болатын қорғау аймағымен қоршалуы тиіс, көз жетерлік кеңістік қамтамасыз етілуі тиіс археологиялық ескерткіштер үшін қорғау аймағының радиуысы 200-300 метрге тең болуы тиіс.

      5. Сәулет және қала құрылысы ескерткіштері жерден оның ең биік нүктесіне дейінгі арақашықтық көлеміне тең, бірақ 20 метрден кем болмайтын қорғау аймағымен қоршалуы тиіс.

  3. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары

      6. Құрылыс салудың реттеу аймағы қорғау аймақтарының көлеміне екі есе тең мөлшерде бекітіледі. Құрылыс салуды реттеу аймағы қорғау аймағының шетінен бастап өлшенеді.

      7. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғалатын табиғи ландшафт аймағы құрылыс салуды реттеу аймағына тең мөлшерде белгіленеді. Қорғалатын табиғи ландшафт аймағы құрылыс салуды реттеу аймағының шетінен бастап өлшенеді.

  4. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын пайдалану режимі

      8. Қорғау аймақтары тарихи-мәдени мұра объектілері және оның
аумағына жапсарлас тарихи қалыптасқан ортаның сақталуын қамтамасыз ету үшін, тарихи-мәдени мұра объектісінің тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылықтардың анықталуына ықпал ететін жағдай туғызу үшін белгіленеді.
      Қорғау аймақтарының аумағында тарихи-мәдени мұра объектісінің сақталуына, оның тарихи-мәдени қабылдануына теріс әсерін тигізетін жұмыстар жүргізілмеуі тиіс.

      9. Құрылыс салуды реттеу аймағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің қалаларды, елді мекендерді, табиғат көріністерін жоспарлаудың және салудың тарихи қалыптасқан жүйесіндегі кеңістіктік, композициялық рөлін сақтау үшін, тарихи-мәдени мұра объектілерінің қазіргі қала құрылысы немесе табиғи ортамен үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін белгіленеді.
      Құрылыс салуды реттеу аймағының аумағындағы құрылыс сипаты реттеуге жатады: құрылыс салудың ауқымдылығы, қабаты, тығыздығы және қызметтік міндеті тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи қалыптасқан ортасына қайшы келмеуі тиіс.

      10. Қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары тарихи, сәулет-көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы бар табиғи және жасанды ландшафтардың, баулардың, саябақтардың сақталуын қамтамасыз ету үшін белгіленеді.
      Қорғалатын табиғи ландшафт аймағы шегінде жергілікті жердің табиғи қалыптасқан бедері, өсімдік өзгешелігі, жол жүйелері, су қоймалары, жоспарлау, композициялық немесе өзге де элементтері сақталуы мен қалпына келтірілуі тиіс. Жерді пайдалану, ауыл шаруашылық немесе өзге де әрекет түрлері реттелуге жатады: ландшафтың, сумен қамту жүйесінің, өсімдіктердің және басқа да   аймақ режимімен қарастырылған элементтердің сипатын өзгертпейтін түрлеріне рұқсат етілуі мүмкін.