Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы мен Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2007 жылғы 25 маусымдағы N 90/178 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 3 шілдедегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4778 болып енгізілді.

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 1227 және 28-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      1. Қоса беріліп отырған Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы мен Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің ережесі бекітілсін.

      2. "Сайлау алдындағы үгітті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асырудың және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын ақпараттық қамтамасыз етудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2004 жылғы 11 тамыздағы N 124/158 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген, тіркеу N 3016) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы басшылыққа алу үшін облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларына жіберілсін

      4. Осы қаулы оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға
      Хатшы

      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасының
      Мәдениет және ақпарат министрі
      2007 жылғы 25 маусым

Қазақстан Республикасы   
Орталық сайлау комиссиясының
2007 жылғы 25 маусымдағы  
N 90/178 қаулысымен    
бекітілген          

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы мен Қазақстан
Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауы кезінде
бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті
жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің
ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңына (бұдан әрі - Конституциялық заң), «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауы кезінде сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру, сайлау науқанын бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      бұқаралық ақпарат құралы – мерзiмдi баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысаны;
      сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету – сайлау алдындағы үгітті қоспағанда, сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу барысы туралы сайлаушыларды жедел және кеңінен хабардар етуге бағытталған шаралар кешені;
      сайлау алдындағы үгiт - сайлаушылардың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауда партиялық тізімін ұсынған белгілі бір саяси партияны (бұдан әрі – партиялық тізімін ұсынған саяси партияны), белгілі бір мәслихат депутаттығына кандидатты жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет;
      сөз сөйлеу – саяси партияның партиялық тізіміне енгізілген кандидаттың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның сенім білдірген адамының, мәслихат депутаттығына кандидаттың, оның сенім білдірген адамының сайлау алдындағы бағдарламасы баяндалған сайлаушыларға жеке үндеуі;
      саяси пікірсайыс - саяси партиялардың партиялық тізімдеріне енгізілген екі және одан көп кандидаттардың не партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сенім білдірген адамдарының, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың түрлі қоғамдық маңызды мәселелер бойынша, оның ішінде партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың жария пікірлер алмасу барысында баяндалған сайлау алдындағы бағдарламаларына қатысты, жария пікірлер алмасуы.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  2. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың тәртібі

      3. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір партиялық тізімін ұсынған саяси партияны немесе белгілі бір мәслихат депутаттығына кандидатты жақтап (немесе қарсы) кедергісіз сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді.

      4. Сайлау алдындағы үгіт басталған сәттен бастап партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихаттар депутаттығына кандидаттың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын барлық ақпарат, жаңалық және талдау бағдарламаларын қоспағанда, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорынан төленуге тиіс.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сайлау алдындағы үгіт деп:

      1) партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларды, мәслихат депутаттығына кандидаттарды жақтап (немесе қарсы) дауыс беру үндеулерін;

      2) сайлаушының қандай да бір партиялық тізімін ұсынған саяси партияға, қандай да бір мәслихат депутаттығына кандидатқа қатысты артықшылық жасауын немесе, атап айтқанда, партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың қайсысына немесе мәслихат депутаттығына кандидаттардың қайсысына дауыс беретінін көрсетуін;

      3) партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларды, мәслихат депутаттығына кандидаттарды сайлаудың немесе сайламаудың мүмкін салдарларын сипаттауды;

      4) қандай да бір партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, қандай да бір мәслихат депутаттығына кандидаттар туралы жағымды не жағымсыз түсіндірмелермен ұштасқан, анық басым мәліметтерді қамтитын материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарының хабар беру (эфирге шығару) жөніндегі қызметі танылады.

      6. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт партиялық тізімдер мен кандидаттарды Конституциялық заңға сәйкес белгіленген тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайта дауыс беруді өткізген кезде сайлау алдындағы үгіт қайта дауыс беру күні тағайындалған күннен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
      Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға сайлау алдындағы үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуінің тең жағдайына кепілдік беріледі.

      7. Сайлау күні және оның қарсаңындағы күні үгіт материалдарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға (эфирге шығаруға) тыйым салынады.
      Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспа басылымының таралымы барлық партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін бірдей болуға тиіс.
      Сайлау қорының қаражатынан төленген қаражат есебінен тегін таратылатын саяси партиялардың және басқа да қоғамдық бірлестіктердің мерзімді баспа басылымдарынан басқа мерзімді баспа басылымдарының тегін таратылуына тыйым салынады.

      9. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы, егер партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламалары Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құралымдар құру идеяларын қамтыса, оларды жариялаудан (эфирге шығарудан) бас тартады.

      10. Бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының лауазымды тұлғалары саяси партиялардың партиялық тізімдеріне енгізілген кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарының, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқандары үшін, Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құралымдар құру идеяларын қамтыған материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, жауап бермейді.

      11. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы материалында партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың абыройына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат болған жағдайда, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, саяси партияның тізіміне енгізілген кандидаттың, мәслихат депутаттығына кандидаттың үгіт материалдарын жариялаудан (эфирге шығарудан) бас тартады. Осы материалды ұсынған партиялық тізімін ұсынған саяси партия, саяси партияның тізіміне енгізілген кандидат, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның сенім білдірілген адамы, мәслихат депутаттығына кандидат редакцияның талабы бойынша онда қамтылған, жоғарыда аталған сипаттағы ақпаратты растайтын құжаттарды тапсырады.
      Үгіт материалдарын жариялаудан (эфирге шығарудан) бас тартуға заңдарда белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
      Қандай да бір адамның бейнесін - оның жазбаша келісімінсіз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келісімінсіз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады.
      Шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларды, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.

      12. Мыналарға:
      1) мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына;

      2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілеріне, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға;

      3) сайлау комиссияларының мүшелеріне;

      4) діни бірлестіктерге сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, кез келген сайлау алдындағы үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.

  3. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларымен сөз сөйлеуі үшін мемлекет қаржыландыратын эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру тәртібі

      13. Мемлекет мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарға (тікелей эфирде немесе жазба түрінде) өз бағдарламаларымен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағын (ауданды, қаланы, облысты) өз бағдарламаларымен қамтуды қамтамасыз ететін телевизиядан он бес минут және радиодан он минут көлемінде сөз сөйлеуіне бірдей қаражат бөлінуіне кепілдік береді.
      Мемлекет мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға тиісті жергілікті мерзімді баспа басылымдарында 0,1 баспа парақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялауына бірдей қаражат бөлінуіне кепілдік береді. Баспа парақ деп форматы 60x90 см, көлемі 5400 см2 қағаз парақты түсіну керек. Көлемі 0,1 баспа парақ 540 см көлемге тең болады, яғни форматы А-2 газет бетінің 1/4 құрайды.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  4. Партиялық тізімдері тіркелген саяси партияларға, мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттарға шарттық негізде эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беру тәртібі

      14. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары тіркелген партиялық тізімдері тіркелген саяси партияларға, мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттарға шарттық негізде эфир уақытын, баспасөз бетінен орын береді.

      15. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру үшін Орталық сайлау комиссиясының партиялық тізімді тіркеу туралы шешімінің көшірмесі мен уәкілетті адам қол қойған, хабар беруді (эфирге шығаруды) жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралы басшысының атына жазылған жазбаша өтініш негіз болып табылады.
      Мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру үшін мәслихат депутаттығына кандидаттың куәлігі және оның хабар беруді (эфирге шығаруды) жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралы басшысының атына жазылған жазбаша өтініші негіз болып табылады.

      16. Бұқаралық ақпарат құралдарында партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беру туралы шарттың талаптары белгілі бір партиялық тізімін ұсынған саяси партияға, мәслихаттар депутаттығына кандидатқа артықшылық туғызбауға тиіс.

      17. Бұқаралық ақпарат құралы партиялық тізімін ұсынған бір саяси партияға, мәслихат депутаттығына кандидатқа эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге берген келісімі басқа да партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге келісім беруі болып табылады.

      18. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен не егер өтініштер бір мезгілде келіп түссе, жеребе бойынша белгіленеді.
      Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар жазбаша өтініштерінде қай кезде сөз сөйлейтінін жорамалдайтын күнін, уақытын көрсетеді. Осы ұсыныстардың негізінде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру кестесін белгілейді.

      19. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру кестесін бұқаралық ақпарат құралының техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралының редакциясы жасайды. Осы кестеге жарнамалық макеттерді, жарнамалық роликтер мен партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың өзге де үгіт материалдарын жариялау да енгізіледі.
      Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың үгіт материалдарын жарыққа шығарудың (эфирге шығарудың) күні мен уақыты көрсетілетін кестенің көшірмесі Қазақстан Республикасы Орталық және тиісті аумақтық сайлау комиссиясына жіберіледі, ал мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың үгіт материалдарын жарыққа шығарудың (эфирге шығарудың) күні мен уақыты көрсетілетін кестенің көшірмесі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі тиісті округтік сайлау комиссиясына жіберіледі.

      20. Саяси партиялардың партиялық тізімдеріне енгізілген кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарының, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерін бөлуге және сөйлеген сөздеріне іле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздеріне сол нөмірде түсініктеме жасауға тыйым салынады.

      21. Республикалық мерзімді баспасөз басылымдары мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы материалдарын тиісті облыста, қалада, ауданда қосымша парақтарды (беттерді) басу арқылы таратады.

      22. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзімдік баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешім ресми жарияланғаннан кейінгі оныншы күннен кешіктірмей хабарлауға және жариялауға тиіс, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдары - Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары - мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі тиісті аумақтық және округтік сайлау комиссияларына беруге тиіс.
      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы үгітін қамтитын мерзімді баспасөз басылымдарының барлық жарияланымдары, теле- және радиохабарлары қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қамтуға тиіс.
      Ақпараттандыру тәсілін бұқаралық ақпарат құралы редакциясының өзі айқындайды.

      24. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың үгіт материалдарын жарыққа шығару (эфирге шығару) құны партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорының қаражатынан төленеді.
      Құны партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорынан өзге қаражат есебінен төленген кандидаттардың үгіт материалдарын жарыққа шығаруға (эфирге шығаруға) жол берілмейді.

      25. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы телевизияда ұйымдастыратын, ол белгілейтін уақыт көлемінде саяси пікірсайыстарға қатысуға құқылы.
      Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар басқа пікірсайыстарға не өзге телевизиялық хабарларға қатысқан кезде оған ақы партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлау қорлары қаражатынан төленеді.
      Саяси пікірсайыстарды өткізу регламентін пікірсайыстарды ұйымдастырушылар белгілейді.

  5. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету

      26. Сайлауды ақпараттық қамтамасыз етуді мемлекеттік билік органдары, сайлау комиссиялары, бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

      27. Бұқаралық ақпарат құралдары барлық партиялық тізімдерді, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну, оларды тиісті сайлау комиссияларының тіркеуі, сондай-ақ партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларды, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды қолдап өткізілетін сайлау алдындағы үгіт іс-шаралары туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақытының бірдей көлемінде таратады.
      Осы жаңалық сюжеттері мен жарияланымдары сайлау алдындағы үгіт белгілерін қамтымауға тиіс және саяси партиялардың немесе кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан төлеуді қажет етпейді.
      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      28. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың мерзімді баспа басылымдарының редакциялары сайлау комиссияларының хабарларын, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар туралы деректерді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген тәртіппен және көлемде жариялайды.
      Осы хабарлар мерзімді баспа басылымының бір нөмірінде, ал едәуір көлемді болса - басылымға қосымша ретінде жариялануға тиіс.

      29. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың мерзімді баспа басылымдарының редакциялары тиісті сайлау комиссияларына сайлау науқанының барысы туралы ақпаратты және Конституциялық Заңда белгіленген хабарларды кідіріссіз жариялауға мүмкіндік береді.
      Ақпарат оны кейіннен жариялау үшін мерзімді баспа басылымдарының редакцияларына баспа өнімінің келесі нөмірі шығатын күннің алдындағы күнгі сағат 15-ке дейін жіберілуі тиіс.
      Осы хабарлар мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарында, олардың редакциялары келісімін берсе, жариялануы мүмкін. Бұл жағдайда жариялау тиісті сайлау комиссиясы берген көлемде жүзеге асырылады.

      30. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау науқанын объективті түрде жариялауды жүзеге асырады; партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болады; өтініш келіп түскеннен кейін мерзімді баспа басылымының таяудағы нөмірінде сол бетте, сондай көлемде және сол қаріппен немесе теле- не радио хабарларында жиырма төрт сағат ішінде сондай уақытта партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғауы үшін теріске шығаруды тегін жариялауына мүмкіндік береді.
      Өтінішке таратылған материалдар партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп тану туралы соттың шешімінің көшірмесі қоса берілуі тиіс.
      Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау науқанын жария еткен кезде партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың қызметі туралы жариялауда олардың ешқайсысына артықшылық туғызбай, теңдік және тепе-теңдік принциптерін басшылыққа алады.

      31. Ақпараттық теле- және радиохабарларда, жарияланымдарда, мерзімді баспа басылымдарында сайлау алдындағы іс-шараларды өткізу туралы хабарлар қандай болмасын белгілі бір партиялық тізімін ұсынған саяси партияға, мәслихат депутаттығына кандидатқа артықшылық берусіз не алалаусыз берілуге тиіс.
      Артықшылық беру немесе алалау деп нақты партиялық тізімін ұсынған саяси партия, мәслихат депутаттығына кандидат туралы мерзімді баспа басылымының жеке нөміріндегі көлемі бойынша басым, жеке теле-радиохабардағы көлемі бойынша басым және арнайы әсерлермен ерекшелендірілген оң да, келеңсіз де сипаттағы хабарларды, жаңалықтар дикторының мәтініне партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды бағалауды, оларға үндеулер мен өтініштер енгізу деп түсінген жөн.

      32. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың партиялық тізімдеріне енгізілген не партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың сенім білдірілген адамдары болып тіркелген, не мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар не олардың сенім білдірілген адамдары болып тіркелген журналистердің, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.
      Егер партиялық тізімін ұсынған саяси партияның партиялық тізіміне енгізілген не партиялық тізімін ұсынған саяси партияның сенім білдірілген адамы, не мәслихаттың депутаттығына кандидат не оның сенім білдірілген адамы болып тіркелген адам бұқаралық ақпарат құралының бас редакторы (редакторы) болып табылса, оның өкілеттіктері сайлау кезеңіне басқа жауапты тұлғаға тапсырылады.

      33. Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары сұрау салуды жүргізген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.
      Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді дауыс берілетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні жариялауға жол берілмейді.
      Қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелері Интернет желісінің қазақстандық сегментінің интернет-ресурсында жарияланған кезде, осы талап интернет-ресурста орналастырылған редакциялық материалдарға, сондай-ақ авторлық жарияланымдарға қолданылады.
      Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  6. Осы ереженің сақталуын бақылауды ұйымдастыру

      34. Осы Ережені партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарының, мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың, олардың сенім білдірілген адамдарының бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының және олардың қызметкерлерінің сақтауын бақылауды Орталық, мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөніндегі аумақтық және округтік сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

      35. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциясы сайлау алдындағы үгіт материалдарының жариялануына, эфирге шығуына есеп жүргізеді. Сайлау комиссиясынан сұрау салу түскен жағдайда бұқаралық ақпарат құралының редакциясы сұрау салынған күннен бастап үш күннің ішінде жазбаша ақпарат, қажет болған жағдайда сұрау салынған материалдардың көшірмелерін ұсынады.

      36. Сайлау алдындағы үгітті қамтитын теле- және радиохабарларының (бағдарламаларының) бейне- және дыбысжазбалары Заңға сәйкес тиісті бұқаралық ақпарат құралының редакциясында сақталады.
      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 20.10.2015 № 43/76 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      37. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға, хабарларға байланысты даулар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес қаралады.