Мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерін аттестаттау ережелерiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 12 сәуірдегі N 110 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 25 сәуірдегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4633 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  7-бабына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерін аттестаттау ережелері бекiтілсін.
      2. Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оны ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау мәдениет мәселелеріне жетекшілік ететін вице-министрге жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр

Қазақстан Республикасы      
Мәдениет және ақпарат министрінің
2007 жылғы»12 сәуірдегі     
N 110 бұйрығымен бекітілген   

  Мемлекеттік мәдениет ұйымдары 
қызметкерлерін аттестаттау ережелері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерін аттестаттау ережелері "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  7-бабына  сәйкес әзірленген және мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерін аттестаттаудан өткізудің тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерін аттестаттау - мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің біліктілік деңгейінің біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау мақсатында өткізілетін рәсім.

      3. Аттестаттау бұған дейінгі аттестаттау мерзімі біткеннен кейін әрбiр үш жыл өткен сайын, бiрақ осы лауазымға орналасқан күннен бастап кемiнде бір жыл өткеннен кейiн өткізіледі.

      4. Қызметкердің иеленіп отырған лауазымы бойынша санатын көтеру мақсатында мерзімінен бұрын аттестаттау жөніндегі өтініші негізінде мерзімінен бұрын аттестаттау өткізілуі мүмкін.

      5. Аттестаттауды:
      республикалық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері үшін - мәдениет саласындағы уәкілетті орган;
      облыстық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері үшін - облыстық жергілікті атқарушы органдар (республикалық маңызы бар қалалар, астана);
      аудандық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері үшін аудандық жергілікті атқарушы органдар (облыстық маңызы бар қалалар) құратын аттестаттау комиссиялар өткізеді.

  2. Аттестаттауды өткізуді ұйымдастыру

      6. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлерін аттестаттау бір-бірімен сабақтасқан мынадай кезеңдерді қамтиды:
      1) аттестаттау өткізуге дайындық;
      2) аттестаттауды өткiзу басталғанға дейiн отыз күннен кешiктiрмей аттестатталушы тұлғаларды оны өткiзу мерзiмi туралы жазбаша хабардар етуі;
      3) аттестаттау комиссиясының аттестаттаудан өтетін қызметкерлермен әңгімелесу өткізуі;
      4) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруы.

      7. Аттестаттау үшiн Мәдениет ұйымдарының кадр қызметтерi аттестаттау комиссиясына әрбiр аттестатталушы тұлғаға қатысты мынадай құжаттарды жiбередi:
      1) мәдениет ұйымының басшысы қол қойған, аттестатталушы тұлғаның қолы қойылған, "таныстым" деген белгiсі бар қызметтiк мiнездеме;
      2) кадрларды есепке алу жөнiндегi жеке парақ;
      3) өмiрбаян;
      4) бiлiмi туралы дипломның көшiрмесi;
      5) соңғы 3 жылда бiлiктiлiктi арттырудан өткенi туралы құжаттардың көшiрмелерi;
      6) ғылыми дәрежесiнiң, атағының бар екендiгi туралы (олар болған жағдайда) құжаттардың көшiрмелерi;
      7) шығармашыл қызметкердің мәртебесін растайтын сертификаттың көшiрмесi (ол болған жағдайда);
      8) еңбек кiтапшасының көшiрмесi.

      8. Аттестаттау комиссиясының хатшысы осы Ережеге  қосымшаға  сәйкес нысан бойынша аттестатталушы тұлғаға аттестаттау парағын ресiмдейдi.

      9. Аттестаттау комиссиялары аттестаттауды нақты өткізу мерзімін айқындайды, аттестаттаудың нәтижесі бойынша шешім шығарады.

      10. Аттестаттау комиссиясының құрамын мәдениет саласындағы уәкілетті орган, облыстық (Астана, Алматы және республикалық маңызы бар қалалар), аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) жергілікті атқарушы орган 7 адамнан артық емес құрамда бекітеді.
      Бұл ретте аттестаттау комиссиясының құрамына мәдениет жүйесі қызметкерлері кәсіподақтарының өкілдері енгізілуі тиіс.

      11. Егер аттестаттау комиссиясының отырысына оның құрамының кемiнде үштен екiсi қатысса, ол заңды болып саналады.

      12. Аттестаттау комиссиясының шешімі хаттамамен және аттестаттау парағындағы тиісті жазбамен ресімделеді.
      Хаттамаға және аттестаттау парағына төраға, аттестациялық комиссияның дауыс беруге қатысқан мүшелері және хатшы қол қояды.
      Дауыс беру нәтижесі қорытынды отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар тең түскен жағдайда аттестаттау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      13. Аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелдi себептермен болмаған аттестатталушы тұлға жұмысқа шыққаннан кейiн аттестаттау комиссиясы белгiлеген мерзiмде аттестаттаудан өтедi.
      Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелдi себептерсiз келмеген аттестатталушы тұлға аттестатталмады деп танылады.

      14. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделеп, аттестатталушы тұлғамен әңгiмелескеннен кейін мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      2) қайтадан аттестациялануға тиiс.

      15. Қайта аттестаттау бастапқы аттестация өткен күннен бастап алты ай өткеннен кейiн осы Ережеде айқындалған тәртiппен өткізіледi.
      Аттестаттау комиссиясы қайта аттестациялау өткiзе отырып, мынадай шешімдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейдi.

      16. Аттестаттау комиссиясының атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.

      17. Аттесталушы тұлға аттестаттау комиссиясының шешімімен таныстырылуға тиіс.

      18. Аттестаттау комиссиясының шешімдері аттестаттау өткізілген күннен бастап он бес күнтізбелік күн ішінде мәдениет саласындағы уәкілеттi орган басшысының бұйрығымен, облыстық (Астана, Алматы және республикалық маңызы бар қалалар), аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) жергілікті атқарушы органдардың қаулыларымен бекітіледі.

      19. Аттестаттау комиссиясының бекітілген шешімдері аттесталушы тұлғаның аттесталу парағына енгізіледі.
      Аттесталушы тұлғаның аттесталу парағы және оған берілген қызметтік мінездеме оның жеке ісінде сақталады.

  3. Қорытынды ережелер

      20. Аттестаттау комиссиясының шешімімен келіспеген аттесталушы оған сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

                                       Мемлекеттік мәдениет ұйымдары
                                        қызметкерлерін аттестаттау 
                                            ережелеріне қосымша

                       Аттестаттау парағы

                             ___              ___
Аттестаттаудың түрі: кезекті - |___|; қайталама - |___|
(қажеттісі Х белгісімен белгіленсін)
Аттестатталушы аты-жөні_____________________________________________
Туған күні _________________________________________________________
Білімі туралы мәліметтер ___________________________________________
____________________________________________________________________
Біліктілігін арттыру туралы мәліметтер (соңғы 3 жылдағы) ___________
____________________________________________________________________
Лауазымы және тағайындалған (осы лауазымға бекітілген) күні
____________________________________________________________________
Жалпы еңбек өтілі __________________________________________________
Осы лауазымдағы жұмыс стажы ________________________________________
Дауыс беру нәтижелері бойынша баға__________________________________
Отырысқа аттестаттау комиссиясының _____________ мүшелері қатысты
Дауыстар саны:
_______ "иә" деп дауыс берді
_______ "қарсы" деп дауыс берді
Аттестаттау комиссиясының ұсыныстары (олар беретін негіздемелерді
көрсете отырып)
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________
Ескерту_____________________________________________________________
____________________________________________________________________
Аттестаттау комиссиясының төрағасы _________________________(қолы)
Аттестаттау комиссиясының мүшелері:_________________________
                                   _________________________
Аттестаттау комиссиясының хатшысы __________________________________
Аттестаттау өткізілген күн 200 ___ жылғы "___" ____________
Аттестаттау парағымен таныстым ___
200 ___ жылғы "__"___________  _______________________________
                                (аттестатталушы тұлғаның қолы)
Басшы                                       ______________
                                               (қолы)