Денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізу ережесін бекіту туралы.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2007 жылғы 2 наурыздағы N 151 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 30 наурыздағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4596 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес, жоғары немесе орта медициналық немесе  фармацевтикалық білімі бар адамдардың кәсіби медициналық, дәрігерлік немесе фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға дайындығын айқындау, сондай-ақ олардың біліктілік деңгейін айқындау мақсатында  БҰЙЫРАМЫН :
      1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізу ережесі бекітілсін.
      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі бұйрықтарының  күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті (Е.М.Мусинге) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
      4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету департаменті (Ж.М.Мұхамеджановқа) осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсін.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Қ.Т.Омаровқа.
      6. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Министр

Қазақстан Республикасы   
Денсаулық сақтау министрінің
2007 жылғы 2 наурыздағы  
N 151 бұйрығымен     
бекітілген        

  Денсаулық сақтау саласында біліктілік
емтихандарын өткізу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Денсаулық сақтау саласында біліктілік   емтихандарын өткізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау саласында  біліктілік емтихандарын өткізу тәртібін айқындайды. K090193

      2. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға арналған біліктілік емтихандары жоғары немесе орта медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар адамдардың кәсіби медициналық, дәрігерлік немесе фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға дайындығын айқындау, сондай-ақ олардың біліктілік деңгейін айқындау мақсатында жүргізіледі.

      3. Осы ережеге сәйкес біліктілік емтихандары:
      санитарлық-эпидемиологиялық бейінді мамандарды алмағанда, жоғары және орта медициналық білімі бар мамандар үшін - медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;
      санитарлық-эпидемиологиялық бейінді жоғары және орта медициналық білімі бар мамандар үшін - санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы мемлекеттік орган;
      жоғары және орта фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін - дәрілік заттар айналымы саласындағы мемлекеттік орган өткізеді.

      4. Біліктілік емтихандарының екі түрі жүргізіледі:
      1) медициналық қызметті жүзеге асыруда жоғары немесе орта медициналық білімі бар, санитарлық-эпидемиологиялық бейінді адамдардың дайындығын айқындау мақсатында ерікті сипаттағы және біліктілік санатынсыз маман сертификатын берумен аяқталады;
      2) кәсіби медициналық немесе фармацевтикалық қызметті немесе санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде және жоғары немесе орта медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар адамдардың біліктілік деңгейін айқындау мақсатында ерікті сипаттағы және біліктілік санатын беретін маман сертификатын берумен аяқталады.

      5. Санат берілмейтін алғашқы біліктілік емтиханы интернатурада, ординатурада, аспирантурада оқуын аяқтағаннан кейін (интернатураны бітіруін көздемейтін мамандықтар бойынша жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін), ал орта медицина және фармацевтика қызметкерлері үшін колледжде оқуын бітіргеннен кейін өткізіледі.
      Санат берілетін алғашқы біліктілік емтиханы үміткер Осы ережеде белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда өткізіледі.

      6. Санат берілмейтін біліктілік емтихандары әр бес жыл сайын өткізіледі. Осы ережеде көзделген мерзімдерден бұрын санат берілмейтін біліктілік емтиханын өткізуге жол берілмейді.
      Санат берілетін кезекті біліктілік емтихандарына маман медициналық немесе фармацевтикалық білім беру қызметіне лицензиясы бар денсаулық сақтау ұйымдарында соңғы 5 жылда мамандығы бойынша біліктілігін арттырған жағдайда ғана жіберіледі.

      7. Медициналық, соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық бейінді мамандардың және фармацевтика қызметкерлерінің біліктілік деңгейі мынадай біліктілік санаттары бойынша айқындалады:
      1) екінші санат;
      2) бірінші санат;
      3) жоғары санат.

      8. Санаты жоқ маман сертификатының болуы маманның медициналық, дәрігерлік қызметпен айналысуы үшін негіз болып табылады.
      Санаты бар маман сертификатының болуы маманның медициналық, дәрігерлік немесе фармацевтикалық қызметпен, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен айналысуы үшін негіз болып табылады.

  2. Біліктілік емтиханын тапсыру үшін
ұсынылатын құжаттар

      9. Біліктілік санаты берілмейтін біліктілік емтиханын тапсыру үшін мамандар медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) Осы ережеге  1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
      2) нотариалды немесе ұйымның кадр қызметі куәландырған жоғары немесе орта медициналық білімі туралы дипломның көшірмесі;
      3) өтініш берілген мамандық бойынша нотариалды немесе ұйымның кадр қызметі куәландырған интернатураны, ординатураны, аспирантураны бітіргенін куәландыратын куәліктерінің көшірмелері (жоғары медициналық білімі бар мамандар үшін).

      10. Біліктілік санаты берілетін біліктілік емтиханын тапсыру үшін мамандар тиісті мемлекеттік органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) Осы ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
      2) Қазақстан Республикасында маманның жұмысын сипаттайтын және азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі көрінетін көрсеткіштерін талдай отырып, мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша мамандығы бойынша соңғы үш жылдағы өндірістік жұмысы туралы есеп.
      Мамандығы бойынша жұмыс өтілінде 12 айдан аса үзіліс болған жағдайда маман есеп беру үшін үш жыл жұмыс істеуі қажет.
      Мамандығы бойынша жұмыс өтілінде кемінде 12 ай үзіліс болған жағдайда маман үзіліске дейін жұмыс істеген кезеңіне және үзілістен кейінгі жиынтығы үш жылды құрайтын өндірістік қызметіне есеп береді.
      Егер маман соңғы үш жылдың ішінде екі немесе одан да көп ұйымдарда жұмыс істесе, онда есепті осы ұйымдардың басшылары жеке бекітеді;
      3) ұйымның кадр қызметі растаған жоғары немесе орта кәсіби білімі туралы дипломның көшірмесі;
      4) ұйымның кадр қызметі растаған біліктілігін арттыру, мамандандыру курстарын өткендігі туралы құжаттарының көшірмелері.
      Бұл ретте үміт білдіріп отырған мамандық бойынша біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау сағаттарының саны жалпы көлемнің 70 % құруы керек. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлері үшін салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша мамандандыру, қайта даярлау сағаттарының саны жалпы көлемнің кемінде 50 % есептеледі.
      Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді дипломнан кейінгі оқытумен айланысатын жоғары медициналық оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы біліктілігін арттыру, мамандандыру курстарынан өту туралы құжаттарды тапсырудан босатылады;
      5) нотариалды расталған немесе ұйымның кадр қызметі растаған еңбек кітапшасының көшірмесі;
      6) нотариалды расталған немесе ұйымның кадр қызметі растаған бұрын берілген біліктілік санаты бар екендігі туралы санаты жоқ маман сертификатының көшірмесі;
      7) нотариалды расталған немесе ұйымның кадр қызметі растаған өтініш берілген мамандық бойынша интернатураны, ординатураны, аспирантураны бітіргендігі немесе қайта даярлықтан өткендігі туралы куәландыратын құжаттардың көшірмелері (жоғары медициналық білімі бар мамандар үшін);
      8) жарияланған мақалалардың, титулдық парақ пен жарияланым таратылған баспахананың бедерлерінің көшірмелері.

  3. Біліктілік санатын беретін біліктілік
емтихандарын өткізу кезінде қойылатын
біліктілік талаптары

      11. Мамандығы бойынша үш және одан да көп жыл жұмыс өтілі мен жоғары және орта медициналық, соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық бейінді немесе фармацевтикалық білімі бар мамандарға:
      1) маманның біліктілік мінездемелерінде көзделген мамандығы бойынша қажетті білімдері мен практикалық дағдылары;
      2) соңғы 5 жылда жалпы көлемі кемінде 144 сағат біліктілігін арттыру;
      3) жоғары медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін соңғы 5 жылда мамандығы бойынша кемінде бір жарияланымы;
      4) тестілеу нәтижелері 60% және одан да көп дұрыс жауаптар болған жағдайда екінші біліктілік санаты беріледі.

      12. Мамандығы бойынша бес және одан да көп жыл жұмыс өтілі бар жоғары және орта медициналық, соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық бейіні немесе фармацевтикалық білімі бар мамандарға:
      1) маманның біліктілік мінездемелерінде көзделген мамандығы бойынша қажетті білімдері мен практикалық дағдылары;
      2) соңғы 5 жылда жалпы көлемі кемінде 216 сағат біліктілігін арттыру;
      3) жоғары медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін соңғы 5 жылда мамандығы бойынша кемінде екі жарияланымы;
      4) тестілеу нәтижелері 70 % және одан да көп дұрыс жауаптар болған жағдайда бірінші біліктілік санаты беріледі.

      13. Мамандығы бойынша он жыл және одан көп жұмыс өтілі мен жоғары және орта медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар мамандарға:
      1) маманның біліктілік мінездемелерінде көзделген мамандығы бойынша қажетті білімдері мен практикалық дағдылары;
      2) соңғы 5 жылда жалпы көлемі кемінде 288 сағат біліктілігін арттыру;
      3) жоғары медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін соңғы 5 жылда мамандығы бойынша кемінде үш жарияланымы;
      4) тестілеу нәтижелері 80% және одан да көп дұрыс жауаптар болған жағдайда жоғары біліктілік санаты беріледі.

      14. Біліктілік емтихандарын өткізу кезінде:
      1) медициналық бейінді немесе фармацевтика мамандығы немесе "әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру" және "фармация (провизор-ұйымдастырушы)" мамандығы бойынша біліктілік санатын алуға үміткер, денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік қызметшісі болып табылатын адамдардың жұмыс өтіліне денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі есептеледі;
      2) "жалпы практика дәрігері" мамандығы бойынша сертификат алуға үміткер адамдардың осы мамандық бойынша жұмыс өтіліне бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы бар жұмыс өтілі есептеледі;
      3) "медбике" мамандығы бойынша біліктілік санатын алуға үміткер медбике болып істейтін адамдардың жұмыс өтіліне фельдшер және акушер мамандығы бойынша бар жұмыс өтілі есептеледі;
      4) "әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру" мамандығы бойынша біліктілік санатын алуға үміткер, денсаулық сақтау жүйесінің кәсіби одақтарында (бірлестіктерінде) жұмыс істейтін адамдардың жұмыс өтіліне көрсетілген ұйымдардағы бар жұмыс өтілі есептеледі;
      5) денсаулық сақтау жүйесінде тәуелсіз сарапшылар болып табылатын медицина қызметкерлерінің жұмыс өтіліне мамандығы бойынша сараптама қызметінің бар өтілі есептеледі.

  4. Біліктілік емтиханын өткізу

      15. Біліктілік санаты берілмейтін біліктілік емтихандары тестілеу түрінде өткізіледі.
      Тестілеуден өтудің және санаты жоқ маман сертификатын алудың бастапқы деңгейі 40 % дұрыс жауапты құрайды.
      Біліктілік санаты берілетін біліктілік емтихандары екі кезеңнен тұрады:
      1) тестілеу;
      2) әңгімелесу.

      16. Құжаттарды қабылдауды, сондай-ақ мамандарды тестілеуді тиісті мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
      Құжаттарды қабылдау кестесін, сондай-ақ тестілеу мен әңгімелесуді өткізуді тиісті мемлекеттік орган айқындайды.

      17. Үміткерлер қолданыстағы маман сертификатының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 3 айда маман сертификатын алуға құжаттар тапсырады.

      18. Адам құжаттардың керекті тізбесін толық тапсырмаған жағдайда біліктілік емтиханының бірінші кезеңі - тестілеуге жіберілмейді.

      19. Тестілеу автоматтандырылған компьютерлік тәсілмен өткізіледі. Компьютерлік тестілеудің дұрыс жауаптарын санау автоматты тәртіппен өтеді. Нәтижелер бірі тестілеуден өтетін адамның қолына берілетін, екіншісі тестілеуден өтетін адамның қолы қойылып, тиісті мемлекеттік органда сақталатын екі данада принтерде басылып шығарылады. Тестілеу нәтижелері бір жыл бойы жарамды болады.
      Мамандығы бойынша тест сұрақтарының саны 50-ден тұрады. Тестілеу уақыты 60 минуттан тұрады.

      20. Егер тестілеу нәтижелері 60%-н кем болған жағдайда санат алудың біліктілік емтиханынан өтпеген болып есептеледі және үміткер әңгімелесуге қатысуға жіберілмейді.
      Үміткердің төменде өтініш білдірген санатына тестілеудің нәтижелері сәйкес келген жағдайда, маман тиісті санатқа біліктілік емтиханының екінші кезеңі - әңгімелесуден өтеді.

      21. Тиісті мемлекеттік органдармен әңгімелесуді өткізу үшін денсаулық сақтау саласындағы тиісті мемлекеттік органның, денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының, медициналық немесе фармацевтикалық ғылым және білім, практикалық денсаулық сақтау ұйымдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің ішінен біліктілік комиссиялары (бұдан әрі - комиссиялар) құрылады.
      Комиссия мүшелерінің саны тақ және 21 адамнан аспайтын кем дегенде жеті адамнан болуы керек. Мемлекеттік орган комиссия мүшелерінің арасынан комиссия төрағасын сайлайды. Комиссияның отырысы, егер оған оның құрамының кем дегенде үштен екісі қатысса, заңды болып есептеледі.

      22. Дауыс берудің нәтижелері комиссия мүшелерінің басым даусымен айқындалады. Дауыстар тең болғанда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      23. Әңгімелесу процесінде маманның кәсіби біліктілік деңгейі, оның кәсіби міндеттерді (диагностикалық, тактикалық, ұйымдастырушылық) шешудегі, қолда бар ақпаратты талдаудағы және ол жөнінде тиісті шешім қабылдаудағы іскерлігі бағаланады.

      24. Егер әңгімелесу нәтижелері бойынша адамға өтініш білдірілген біліктілік санаты берілмесе, комиссия оған төменгі санатты ұсынады немесе біліктілік санатын беруден бас тартуға құқылы.

      25. Әңгімелесу нәтижелері Осы ережеге  2-қосымшаға сәйкес комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді.
      Комиссияның отырысы хаттамасының негізінде тиісті мемлекеттік орган біліктілік санаты берілген маман сертификатын беру немесе біліктілік санатынсыз маман сертификатын беру (ол болмаған жағдайда) туралы шешім шығарады.

      26. Біліктілік санаты берілген маман сертификатын тиісті мемлекеттік орган комиссия отырысы күнінен бастап бір айдың ішінде, ал біліктілік санатынсыз маман сертификатын алуға үміткер адамдарға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2007 жылғы 12 ақпандағы  N 97 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4556 тіркелген) бекітілген медициналық және фармацевтикалық мамандар номенклатурасының тізбесіне, Осы ережеге  3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тестілеуден өткен күннен бастап береді. Маман сертификаты Қазақстан Республикасының аумағында бес жыл бойы жарамды болады.

      27. Маман негізгі және қоса атқаратын лауазымы бойынша маман сертификатын ала алады.

      28. Санат берілетін не санат берілмейтін біліктілік емтихандарын тапсыра алмаған адамдар 6 айдың ішінде мемлекеттік органға белгіленген нысандағы өтініш пен кемінде 144 сағат көлемінде біліктілігін арттырғанын растайтын құжаттарды ұсына отырып, біліктілік емтиханын қайта тапсырады.

      29. Санат берілмейтін біліктілік емтиханын қайта тапсыра алмаған адамдар бір жыл бойы медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік органға белгіленген нысандағы өтінішті және кемінде 216 сағат көлемінде өтініш білдірген мамандығы бойынша біліктілігін арттыру курстарынан немесе мамандандырудан өткендігін растайтын құжаттарды ұсына отырып, біліктілік емтиханын қайта тапсырады.

  5. Маман сертификатын қайтарып алу

      30. Мына жағдайларда медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік орган санат берілетін не санат берілмейтін маман сертификатын қайтарып алуы мүмкін:
      1) денсаулық сақтау саласында емделуші денсаулығына ауыр зиян немесе өлімге әкелетін тәртіп бұзушылықтар жасаса;
      2) үміткер маман сертификатын алу кезінде жалған мәліметтерді, ақпараттарды беру фактілері анықталса;
      3) үміткердің Осы ережеде ұсынылған біліктілік талаптарына айқындалған сәйкессіздігі.

      31. Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік орган санат берілетін маман сертификатын денсаулық сақтау саласында емделуші денсаулығына жеңіл немесе орташа зиян әкелетін тәртіп бұзушылықтар жасағанда қайтарылып алуы мүмкін.

      32. Осы ереженің 31-тармағында көзделген негіздер бойынша санат берілетін маман сертификатын қайтарып алу болған жағдайда маманға қайтарылып алынған сертификатта көзделген мерзімге санат берілмейтін маман сертификаты орнына беріледі.

      33. Маман сертификатын қайтарып алу өзінің құзыреті шегінде медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік органның бұйрығымен жүзеге асырылады.
      Маман сертификаты қайтарылып алынған жағдайда Осы ережеге сәйкес жаңа маман сертификатын алғанға дейін медициналық қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілмейді.

  6. Қорытынды ережелер

      34. Маман сертификатының қолданысы маман клиникалық ординатурада, аспирантурада, докторантурада оқу оқыған, жүктілігі және босануы немесе балаға күтім жасау немесе маманның сырқаттануы бойынша демалыста болған уақытына тоқтатылады.
      Маман сертификаты қолданысының тоқтатылған мерзімі көрсетілген жағдайларды растайтын құжаттар болған жағдайда тиісті мемлекеттік органның бұйрығымен оның қолданысын ұзартуға жатады.

      35. Маман сертификаты жоғалған немесе бүлінген жағдайда тиісті мемлекеттік орган үміткердің өтініші негізінде сертификаттың төлнұсқасын береді.

      36. Біліктілік емтихандарын өткізу кезінде туындаған дауларды тиісті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен немесе сот тәртібімен қарайды.

                                         Денсаулық сақтау саласында
                                      біліктілік емтихандарын өткізу
                                                   ережесіне
                                                   1-қосымша

__________________________________________________________________
_________________________________біліктілік комиссиясының төрағасына
(тиісті мемлекеттік органның атауы)
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
                  (аты, тегі, әкесінің аты)

                               Өтініш

_______________________ мамандығы бойынша __________________ санаты
берілетін, санат берілмейтін біліктілік емтиханын тапсыруға
жіберуіңізді сұраймын.

      Мамандығым бойынша жұмыс өтілім ____________________________,
      жалпы жұмыс өтілім _________________________________________
      ______________________________________біліктілік санатым бар.

      __________________________            _____________________
         (үміткердің қолы)                   (толтырылған күні)

                                         Денсаулық сақтау саласында
                                      біліктілік емтихандарын өткізу
                                                   ережесіне
                                                   2-қосымша

                Біліктілік комиссиясы отырысының
                200__ жылғы "___" ___________
                       N ____ хаттамасы

____________________________________________________________
               (тиісті мемлекеттік органның атауы)
_____________________________________________біліктілік комиссиясы
1. Емтихан тапсырушының тегі, аты, әкесінің аты __________________
__________________________________________________________________
2. Мамандығы _____________________________________________________
3. Тестілеу нәтижелері_______________________(тапсырды, тапсырмады)
4. Әңгімелесу нәтижелері_____________________(тапсырды, тапсырмады)
5. Біліктілік емтиханы _____________________ (тапсырды, тапсырмады)
6. ____________________________________________ мамандығы бойынша
(номенклатура бойынша мамандығы)_______________________санатын беру
ұсынылсын.
7. _____________________________________________ мамандығы бойынша
(номенклатура бойынша мамандығы) __________санатын беруден бас
тартылсын.
8. Шешім қабылдау бойынша мамандандырылған біліктілік комиссиясы
мүшелерінің дауысқа салу нәтижелері: "Қолдаған"____ адам,
"қарсы" ____ адам.
9. Мамандандырылған біліктілік комиссиясының ескертулері, ұсыныстары
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
      Қойылған қолдар:
      Комиссия төрағасы ____________________________
      Комиссия хатшысы ____________________________
      Комиссия мүшелері ___________________________

                                        Денсаулық сақтау саласында
                                      біліктілік емтихандарын өткізу
                                                   ережесіне
                                                   3-қосымша

                      Маман сертификаты

      Осы сертификат _____________________________________________
__________________________________________________________________
                  (тегі, аты, әкесінің аты)
____________ мамандығы бойынша ___________біліктілік санаты берілді.
____________ мамандығы бойынша _______біліктілік санатынсыз берілді.
(керегінің астын сызу керек)
      Маман сертификатын беру туралы шешім шығарған мемлекеттік
орган басшысының 200__жылғы "___" ___________ N ___бұйрығы

      Сертификат 200__ жылғы "__" ____________дейін жарамды
      Маман сертификатын беру туралы шешім шығарған мемлекеттік
орган басшысының қолы __________                   Тіркеу N_____

М.О.                     Берілген күні 200__жылғы "__" __________

Қазақстан Республикасы   
Денсаулық сақтау министрінің
2007 жылғы 2 наурыздағы   
N№151 бұйрығына      
ҚОСЫМША           

  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің
күші жойылған бұйрықтарының тізбесі

      1. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2004 жылғы 23 наурызда N 2763 тіркелген, "Официальная газета" газетінің 2004 жылғы 30 сәуірдегі N 18 (175) санында жарияланған "Денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 25 ақпандағы  N 190 бұйрығы.
      2. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2005 жылғы 25 ақпанда N 3550 тіркелген, "Юридическая газета" газетінің 2005 жылғы 9 қыркүйектегі N 165-166 (899-900) санында жарияланған»"Денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 25 ақпандағы N 190 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2005 жылғы 30 наурыздағы  N 157 бұйрығы.
      3. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2006 жылғы 27 қаңтарда N 4055 тіркелген, "Юридическая газета" газетінің 2006 жылғы 24 ақпандағы N 33-34 (1013-1014) санында жарияланған "Денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы "Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 25 ақпандағы N 190 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2006 жылғы 25 қаңтардағы  N 23 бұйрығы.
      4. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2006 жылғы 11 қыркүйекте N 4389 тіркелген, "Юридическая газета" газетінің 2006 жылғы 29 қыркүйектегі N 174 (1154) санында жарияланған "Денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы "Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 25 ақпандағы N 190 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2006 жылғы 14 тамыздағы  N 346 бұйрығы.