Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен жасасқан қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға (мүлікке) салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияларды (Келiсiмдерді) қолданудың тәртібін түсіндіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен жасасқан қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға (мүлікке) салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияларды (Келiсiмдерді) қолданудың тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 1999 жылғы 2 желтоқсандағы N 643 және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрінің 1999 жылғы 2 желтоқсандағы N 1478 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1021 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:
жоғарыда көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен жасасқан қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға (мүлікке) салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияларды (Келiсiмдерді) қолданудың тәртібі туралы нұсқаулықта:
59-тармақ мынадай мазмұндағы екінші, үшінші және төртінші абзацтармен толықтырылсын:
"Резидент емес заңды немесе жеке тұлғаның резидент емес тұлға жіберген акцияларды сату кезінде құн өсімінен түскен кірістері, егер резидент емес заңды тұлғаның мұндай акцияларының құнының 50 процентінен көбін Қазақстан Республикасында орналасқан мүлкі құраса, Қазақстан Республикасында 20 процент ставкасы бойынша салық салуға жатады.
Табыс салығын резидент емес салық төлеуші дербес есептейді және салық мүлкі сатылған акцияларының немесе резидент емес заңды тұлғаның активтерінің 50 процентінен көбін құрайтын резидент заңды тұлғаның тіркеу орны бойынша салық органына декларацияны міндетті түрде тапсыра отырып, корпорациялық немесе жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыру үшін Салық кодексінде белгіленген мерзімнен кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей төленуі тиіс.
Бұл ретте резидент емес жеке немесе заңды тұлғалар мүлкі сатылған акцияларының немесе резидент емес заңды тұлғаның активтерінің құнының 50 процентінен көбін құрайтын резидент заңды тұлғаның тіркеу орны бойынша салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеуден өтуге міндетті.".