Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сыртқы басқарушыларды таңдау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 25 шілдедегі N 66 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 1 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 4360

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сенімгерлік басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сыртқы басқарушыларды таңдау ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күннен кейін қолданысқа енгізіледі, ал оның күші 2006 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
      3. Монетарлық операциялар департаменті (Герасименко Ю.В.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап бес күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне жіберсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары М.М.Сартбаевқа жүктелсін.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі

      08.08.2006 ж.

Қазақстан Республикасының   
Ұлттық Банкі Басқармасының  
2006 жылғы 25 шілдедегі   
N 66 қаулысымен бекітілген  

  Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін
сыртқы басқарушыларды таңдау ережесі 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры (бұдан әрі - Қор) активтерінің бір бөлігін шетелдік банктердің және активтерді басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруына берудің жалпы тәртібі мен талаптарын реттейді.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2009.11.30 № 105 Қаулысымен.

      2. Қордың бір бөлігі:
      1) басқаруға байланысты тәуекелдер деңгейін, басқаруды әртараптандыру салдарын төмендету;
      2) сыртқы басқарушының тәжірибесін, талдау материалдарын, зерттеулері мен техникалық ресурстарын пайдалану нәтижесінде Ұлттық қорды басқару кірістілігін ұлғайту;
      3) активтерді басқару, қызметкерлерді оқыту саласында қосымша сараптама алу;
      4) олар бойынша ішкі басқару тәжірибесі жинақталмаған активтердің жаңа кластарын ендіру мүмкіндіктері үшін сыртқы басқаруға беріледі;
      5) сыртқы басқарушылардың санын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4361 тіркелген «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 25 шілдедегі № 65 қаулысында белгіленген сыртқы басқарудың тиісті көлемдерде ұстап тұру үшін сыртқы басқаруға беріледі.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2009.11.30 № 105 Қаулысымен.
      2-1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) аймақтық мандат – инвестициялары бір елдің (нарықтың, аймақтың) шеңберінде шоғырландырылған портфель;
      2) активтерді активтік басқару – кірістілік ауытқуының өзгермелілік мәні (tracking error) 0.5 пайыздан асуы мүмкін болатын басқару түрі;
      3) активтерді пассивтік басқару – кірістілік ауытқуының өзгермелілік мәні (tracking error) 0.5 пайыздан аспаған кездегі басқару түрі. Пассивтік басқару кезінде сыртқы басқарудағы портфельдің кірістілігі шамамен эталондық портфельдің кірістілігіне тең болады;
      4) активтерді сыртқы транзиттік басқару – бұл бір сыртқы басқарушыдан басқасына аударуға арналған активтер берілетін активтердің ауысуымен қатар жүретін тәуекелдерді төмендету мақсатында сыртқы транзиттік басқарушыға 6 (алты) айға дейінгі мерзімге берілетін басқару түрі;
      5) ақпараттық коэффициент (information ratio) – тарихи жоғары кірістіліктің тәуекелдің тарихи деңгейіне (кірістілік ауытқуының өзгермелілігіне) қатысы;
      6) ауқымды мандат – инвестициялары бір елдің (нарықтың, аймақтың) шеңберінен шығатын портфель;
      7) бас ұйым – еншілес ұйымдар акцияларының бақылау пакетіне ие компания;
      8) жоғары кірістілік деңгейі – кірістіліктің нақты жеткен деңгейі және эталондық портфель кірістілігінің деңгейі арасындағы айырма;
      9) өкілетті өкіл – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) Басқармасының шешімімен белгіленетін, өкілеттіліктеріне Ұлттық Банктің атынан Қорды сенімгерлік басқару бойынша шешімдерді жедел қабылдау кіретін арнайы лауазымды тұлға (Ұлттық Банк Төрағасының орынбасарынан төмен емес деңгейде);
      10) мамандандырылған мандат – басқару стильдерін әртараптандыру және сыртқы басқарушылар арасында теріс байланыс орнату мақсатында берілетін мандат;
      11) мандат – белгілі бір инвестициялық сипаттамалары бар портфель;
      12) маржа шоты – бұл туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргізу үшін биржалармен аффилиирленген ұйым болып табылатын, туынды қаржы құралдарымен операциялар бойынша есеп айрысулардың шынайылығын, жеткізуді және жүргізуді қамтамасыз ететін клирингтік ұйымда ашылған шот;
      13) сыртқы басқарушы – клиенттердің активтерін сенімгерлік басқаруға маманданатын және қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын инвестициялық компания және/немесе инвестициялық банк;
      14) сыртқы транзиттік басқарушы – клиенттердің активтерін транзиттік басқаруға маманданатын және өз қызметін халықаралық қаржы нарығында жүзеге асыратын инвестициялық компания және/немесе инвестициялық банк;
      15) уәкілетті бөлімше – Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаменті.
      Ескерту. Ереже 2-1-тармақпен толықытырылды - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.12.26 № 202 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

2-тарау. Негізгі ұғымдар

      Ескерту. 2-тарау алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.12.26 № 202 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

  3-тарау. Сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқарудың негізгі талаптары

      Ескерту. 3-тараудың атауына өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2009.11.30 № 105 Қаулысымен.

      11. Сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға Қордың құрамына кіретін ақша және басқа активтер берілуі мүмкін.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2009.11.30 № 105 Қаулысымен.
      12. Қордың бір сыртқы басқарушыға сыртқы басқаруға берілетін жалпы рұқсат етілген көлемі Қордың жинақ портфелінің 10 (он) пайызынан аспауы тиіс.
      13. Активтерді басқару түрі (активтік, пассивтік) және эталондық портфельдің өлшемдері Ұлттық Банктің Қордың инвестициялық операцияларын жүзеге асыру шеңберінде айқындалады.
      14. Сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқарушыға белгіленген сыйақы және/немесе басқару нәтижесіне тәуелді сыйақы активтерді сыртқы басқаруға беру туралы келісімде белгіленген тәртіппен төленеді.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2009.11.30 № 105 Қаулысымен.

   4-тарау. Шешім қабылдау және Қордың
активтерін сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға беру тәртібі

      Ескерту. 4-тараудың атауына өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2009.11.30 № 105 Қаулысымен.

      15. Активтерді сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға беру қажеттілігі туралы шешімді уәкілетті бөлімшенің ұсынысы бойынша не Төрағаның немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік жасайтын Орынбасарының тапсырмасына сәйкес Өкілетті өкіл немесе Төраға немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін Орынбасары қабылдайды.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      16. Уәкілетті бөлімше Ұлттық Банктің халықаралық Интернет желісіндегі интернет-ресурсында сыртқы басқарушыны таңдау бойынша алда болатын тендер туралы ақпарат жариялайды, әлеуетті сыртқы басқарушылардың тізімін жасайды, осы ақпаратты әлеуетті сыртқы басқарушыларға жібереді. Алда болатын тендер туралы ақпаратта мыналар болады:
      1) мандат түрінің сипаты және оның сипаттамалары (эталондық портфель, басқару мақсаты, инвестициялық шектеулер, мандаттың болжамды көлемі);
      2) осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес сыртқы басқарушыдан сұратылатын шағын ақпарат және жауаптарды беру мерзімі;
      3) әлуетті сыртқы басқарушыларға қойылатын талаптар;
      4) Ұлттық Банктің тендер өткізуге жауапты тұлғалары туралы мәліметтер.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      17. Сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқарушыларды таңдауды уәкілетті бөлімше жүзеге асырады.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2009.11.30 № 105 Қаулысымен.
      18. Әлеуетті сыртқы басқарушылар осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес сұратылатын ақпаратқа жауаптарды электрондық түрде және/немесе қағазға басып ұсынады.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      19. Уәкілетті бөлімше осы Ереженің 19-1 және 19-2-тармақтарында белгіленген сыртқы басқарушыларды таңдаудың міндетті критерийлерін ескере отырып, келіп түскен барлық ұсыныстарға салыстырмалы талдау жүргізеді.
      Егер сыртқы басқарушы міндетті критерийлерді қанағаттандырған жағдайда, ұсыныс одан әрі қаралады және осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес бағалау критерийлері бойынша салыстырмалы талдау жүргізіледі.
      Осы Ереженің 19-1 және 19-2-тармақтарында белгіленген критерийлерді қанағаттандырмайтын компания Ұлттық Банк Басқармасының шешімі бойынша сыртқы басқарушы ретінде бекітілуі мүмкін.
      Сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау тәртібі осы Ереженің 3-қосымшасында келтірілген.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда берілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2010.05.21 № 43 Қаулысымен.
      19-1. Активтердің бір сыртқы басқарушыға берілетін бөлігінің көлемі 300 (үш жүз) миллион АҚШ доллары баламасынан асатын мандаттар үшін міндетті критерийлер:
      1) Қордың активтерін инвестициялау болжанатын қаржы құралдарымен кемінде 10 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы.
      Егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланса, ал тендер қатысушысының басқаруында тек осыған ұқсас аймақтық мандаттар болса, онда ауқымды мандатты кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамту құрайтын аймақтық мандаттар бойынша кемінде 10 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
      2) басқарудағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушының басқаруында клиенттердің кемінде 25 (жиырма бес) миллиард АҚШ доллары баламасындағы жиынтық активтерінің болуы;
      3) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша басқарудағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушыда қаралып отырған мандат түрі бойынша клиенттердің жиынтық активтері 1 (бір) миллиард АҚШ доллары баламасынан кем болмауы тиіс.
      Егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланса, ал тендер қатысушысының басқаруында тек қана осыған ұқсас аймақтық мандаттар болса, онда ауқымды мандатты кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамту құрайтын аймақтық мандаттар бойынша кемінде 1 (бір) миллиард АҚШ доллары баламасынан кем болмауы тиіс.
      Ескерту. 19-1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.12.26 № 202 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.
      19-2. Активтердің бір сыртқы басқарушыға берілетін бөлігінің көлемі 300 (үш жүз) миллион АҚШ доллары баламасынан аспайтын мамандандырылған мандаттар үшін міндетті критерийлер:
      1) Қордың активтерін инвестициялау болжанатын қаржы құралдарымен кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы.
      Егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланса, ал тендер қатысушысының басқаруында тек қана осыған ұқсас аймақтық мандаттар болса, онда ауқымды мандатты кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамту құрайтын аймақтық мандаттар бойынша кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
      2) басқарудағы активтердің мөлшері: басқаруында клиенттердің жиынтық активтерінің мөлшері кемінде 1 (бір) миллиард АҚШ доллары болуы тиіс баламалы құралдар мандаттары бойынша сыртқы басқарушыларды қоспағанда, сыртқы басқарушының басқаруында баламасы 3 (үш) миллиард АҚШ долларынан кем емес клиенттердің жиынтық активтері болуы тиіс;
      3) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша басқарудағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушыда мандаттың қарастырылып отырған түрі бойынша баламасы 500 (бес жүз) миллион АҚШ доллары баламасынан кем емес клиенттердің жиынтық активтері болуы тиіс.
      Егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланса, ал тендер қатысушысының басқаруында тек қана осыған ұқсас аймақтық мандаттар болса, онда ауқымды мандатты кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамту құрайтын аймақтық мандаттар бойынша кемінде 500 (бес жүз) миллион АҚШ доллары баламасынан кем болмауы тиіс.
      Ескерту. 19-2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.12.26 № 202 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.
      20. Уәкілетті бөлімше сыртқы басқарушының басқару нәтижелері және сапасы туралы сұрату жасай отырып, оның клиенттеріне өтініш жасауға құқылы.

      21. Сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын талдау жөніндегі қорытындыны дайындау мерзімі сыртқы басқарушы сұратылған ақпаратты ұсынған күннен бастап 2 (екі) айдан аспайды.

      22. Уәкілетті бөлімше дайындаған, сыртқы басқару жөніндегі ұсыныстарды салыстырмалы талдаудан және сыртқы басқарушыны таңдау жөніндегі ұсынымдардан тұратын қорытынды қарау нәтижесі бойынша сыртқы басқарушылардың неғұрлым тиімді ұсыныстарын (қысқа тізім - short list) бекітетін Өкілетті өкілдің қарауына беріледі. Уәкілетті бөлімше қысқа тізімдегі әлеуетті сыртқы басқарушылармен ұсыныстардың талаптарын жақсарту мақсатында келіссөздер жүргізеді.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      23. Уәкілетті бөлімше қажет болған жағдайда сыртқы басқарушы, инвестициялық шешімдер қабылдау тәртібі және тәуекелдерді бақылау рәсімдері туралы неғұрлым нақты және дәл ақпарат алу үшін әлуетті сыртқы басқарушылармен кездесулер жүргізеді.
      23-1. Әрбір сыртқы басқарушы Ұлттық Банк Басқармасының шешімімен не Өкілетті өкілдің Ұлттық Банк пен тиісті сыртқы басқарушы арасында активтерді сыртқы басқаруға беру туралы келісім жасауды көздейтін шешімімен бекітіледі.
      Ескерту. 23-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      24. Ұлттық Банк Басқармасы не Өкілетті өкіл сыртқы басқарушыны бекіткеннен кейін уәкілетті бөлімше тендердің әрбір қатысушысына тендердің қорытындысы туралы хабарлама ұсынады.
      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      24-1. Сыртқы транзиттік басқарушыны таңдау тендер өткізілместен жүзеге асырылады. Сыртқы транзиттік басқарушыны Өкілетті өкіл бекітеді.
      Ескерту. 24-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      25. Уәкілетті бөлімше Қордың Өкілетті өкілінің сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқарушыны бекіту туралы шешімі негізінде сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқарушымен келісім дайындау және жасау рәсімдерін жүргізеді және одан әрі мониторинг пен Ұлттық қордың сыртқы басқарушымен келісімнің барлық талаптарын орындауды бақылауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2009.11.30 № 105, 2010.05.21 № 43 Қаулыларымен.

  5-тарау. Активтерді сыртқы басқаруға
беру туралы келісімнің талаптары

      26. Активтерді сыртқы басқаруға беру туралы келісімде мынадай талаптар болуы тиіс:
      1) Ұлттық Банктің активтерді сыртқы басқаруға беру туралы келісімді кез келген уақытта себептерін түсіндірместен, мерзімінен бұрын бұзу құқығы;
      2) Ұлттық Банктің сыртқы басқарудағы активтердің бір бөлігін өзінің қалауы бойынша толықтыру/қайтарып алу құқығы;
      3) мемлекеттік және тараптарға қолайлы тілдегі келісімге қол қою;
      4) сыртқы басқарушының оның Ұлттық қордың сыртқы басқаруға берілген активтерін басқаруға жауапты қызметкерінің қозғалысы туралы ақпарат ұсынуы;
      5) Ұлттық Банк, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі - Қаржы министрлігі) мамандарының және тәуелсіз аудиторлардың шот бойынша операцияларды тексеру, сондай-ақ сыртқы басқарушы, инвестициялық шешімдер қабылдау тәртібі және тәуекелдерді бақылау рәсімдері туралы неғұрлым нақты және дәл ақпарат алу үшін сыртқы басқарушыға келуі; 
      6) сыртқы басқарушымен аффилирленген ұйымдарды Қордың сыртқы басқаруға берілген активтерімен мәмілелер бойынша брокерлер ретінде пайдалану мүмкіндігінің болмауы;
      7) сыртқы басқарушының кірістілік ауытқуының күтілетін өзгермелілігінің (еxpected tracking error) белгіленген лимитін бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы;
      8) сыртқы басқарушы тарапынан болған ұқыпсыз қарау, міндеттемелерді қасақана орындамау немесе алаяқтық салдарынан Қорға келтірілуі мүмкін шығындар үшін жауапкершілік туралы;
      9) Ұлттық Банктің және Қаржы министрлігінің Қордың активтерін басқаруды және мониторингін жүзеге асыратын қызметкерлеріне консультация беру, оқыту немесе тағылымдамадан өткізу;
      10) келісім бұзылған жағдайда сыртқы басқарушы портфель бойынша кастодиан банкпен (банктермен) салыстырып тексерілген келісімді бұзу күнгі толық есептілікті ұсынады. Сыртқы басқару кезеңіндегі портфельге байланысты күтілетін барлық шығыстарын тараптардың келісімімен айқындалады;
      11) сыртқы басқарушы мынадай негізгі бағыттарға сәйкес есептілікті жүйелі түрде Ұлттық Банкке ұсынады:
      алдыңғы жұмыс күні жасалған операциялар бойынша күн сайынғы есептілік;
      портфельді бағалау (активтерді валюталардың кластары және түрлері бойынша бөлу, портфельдің есептік ай соңындағы құрамы, активтердің есептік ай соңындағы нарықтық құны);
      портфельдегі қозғалыс (есептік тоқсанда жасалған, әртүрлі кластар және валюталар бойынша сұрыпталған барлық мәмілелердің тізбесі, дивидендтерді және жинақтаушы пайыздарды өтеу, төлеу);
      портфельді басқару нәтижелерін талдау (қол жеткен кірістілік, эталондық портфельмен салыстырғанда портфель тәуекелінің көрсеткіштері және кірістілік ауытқуының өзгермелілік деңгейі (tracking error) бөлігінде портфельді басқару бойынша ай сайынғы, тоқсандық және жалпы нәтижелер);
      тиісті нарықтардың жай-күйі және олардың портфельге әсері жөніндегі жазбаша есеп; 
      экономикалық шолу;
      стратегияға шолу және портфельдің құрылымындағы неғұрлым маңызды өзгерістерді түсіндіру;
      ағымдағы инвестициялау стратегиясы;
      мандаттың активтік түрі үшін әртүрлі факторлардың портфельдің кірістілігіне (performance attribution report) әрбір тоқсанның және жылдың соңына кезеңділікпен салымы;
      12) сыртқы басқарушы ай сайын әрбір айдың соңында белгіленген мерзімдерге сәйкес сыртқы басқаруға берілген портфельдің құрамын кастодиан банктің (банктердің) деректерімен салыстырып (reconciliation) тексереді;
      13) активтерді сыртқы басқаруға беру туралы келісімге тараптардың жазбаша келісімімен өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігі.
      Сыртқы басқарушының ұсынысын қараудың міндетті талабы оның осы тармақтың талаптарын сыртқы басқару бойынша келісімге қосу жөніндегі растауы болып табылады.
      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      27. Активтерді сыртқы басқаруға беру туралы келісімге Ұлттық Банк тарапынан Өкілетті өкіл немесе Ұлттық Банктің Төрағасы немесе Төрағасының орынбасары қол қояды.

      28. Қол қойылған келісімдерге сәйкес Ұлттық Банк Қор активтерінің бір бөлігін Ұлттық Банктің кастодиан банктегі (банктердегі) сыртқы басқаруға арналған шоттарына ақша және бағалы қағаздар аудару арқылы сыртқы басқаруға беруді жүзеге асырады.

      29. Активтерді сыртқы басқаруға беру кезінде активтерді бір түрден басқасына аудару бойынша өтпелі кезең (transition period) ескерілуі мүмкін. Өтпелі кезеңнің ұзақтығы 15 (он бес) жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      30. Қор активтерінің сыртқы басқаруға берілетін бір бөлігі Ұлттық Банктің кастодиан банктегі (банктердегі) шоттарында және Қордың клирингтік ұйымындағы (ұйымдарындағы) маржа шоттарында Ұлттық Банктің рұқсатымен сақталады.

      31. Активтерді сыртқы басқаруға беру туралы келісімнің талаптары және шектеулер Ұлттық Банктің Қордың инвестициялық операцияларын жүзеге асыру шеңберінде белгіленген талаптар мен шектеулерге сәйкес келуі тиіс.
      31-1. Осы Тарауда белгіленген талаптар 26-тармақтың 6) тармақшасын қоспағанда, сыртқы транзиттік басқарушы сыртқы транзиттік басқаруды жүзеге асырған кезде Ұлттық Банк және сыртқы транзиттік басқарушы арасында туындайтын қатынастарға қолданылады.
      Ескерту. 31-1-тармақ жаңа редакцияда берілді - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2010.05.21 № 43 Қаулысымен.

  6-тарау. Сыртқы басқару нәтижелері және мониторинг

      32. Активтерді сыртқы басқаруға берген уақыттан бастап уәкілетті бөлімше сыртқы басқарушы қызметінің күн сайынғы мониторингін жүргізеді: активтерді сыртқы басқаруға беру туралы келісімде көрсетілген шектеулерге сәйкес келуі тексеріледі, сыртқы басқарушы жасайтын мәмілелердің мониторингі жүзеге асырылады, сыртқы басқарудағы портфель тәуекелінің және кірістілігінің көрсеткіштері бағаланды.

      33. Сыртқы басқарушының қызметін бағалау осы Ереженің 4-қосымшасында келтірілген көрсеткіштер және Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігінің мамандарына ұсынылған оқытудың және технологиялардың сапасы негізінде жүргізіледі.

      34. Уәкілетті бөлімше жылына бір рет кезеңділікпен сыртқы басқарушымен көздесу өткізеді, онда сыртқы басқарушы басқару нәтижелері туралы, инвестициялық шектеулердің орындалуы туралы есеп береді, нарықтық ахуалға және оның портфель мен басқару стратегиясына ықтимал әсер етуіне баға береді.

      35. Басқару нәтижесі бойынша жыл сайын осы Ереженің 
4-қосымшасына сәйкес сыртқы басқарушының қызметін бағалау рәсімі жүргізіледі және жүргізілген талдау нәтижелері бойынша осы сыртқы басқарушымен жұмысты жалғастыру туралы немесе оны тоқтату туралы тиісті шешім қабылданады. Шешім сыртқы басқару нәтижелері негізінде кемінде 2-3 жылғы басқару кезеңі үшін қабылданады.

      36. Егер Қордың сыртқы басқаруға берілетін лимиті жұмыс істеп тұрған екі басқарушының бірігуіне байланысты бұзылған жағдайда, уәкілетті бөлімше Өкілетті өкілдің қарауына екі басқарушының осы Ереженің 4-қосымшасында келтірілген көрсеткіштерге сәйкес нашар нәтиже көрсеткен біреуімен келісімді бұзу туралы мәселе енгізеді. Көрсетілген бұзушылық ол болған күннен бастап 4 (төрт) айдың ішінде жойылуы тиіс.
      37. Сыртқы басқарушымен келісім:
      1) сыртқы басқарушы сыртқы басқарудағы портфельді басқару бойынша эталондық портфельмен салыстырғанда үстеме кірістілікке қол жеткізбеген жағдайда;
      2) келісім талаптары бұзылған жағдайда;
      3) Қордың инвестициялау стратегиясы өзгерген жағдайда;
      4) Өкілетті өкілдің, Ұлттық Банк Басқармасының, Төрағасының немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін Орынбасарының шешімі бойынша бұзылады.
      Ескерту. 37-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Қазақстан Республикасы      
Ұлттық қорының активтерін    
сыртқы басқарушыларды таңдау  
ережесіне 1-қосымша       

       Ескерту. 1-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.04.30. N 48 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2009.11.30 № 105,  2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

Сыртқы басқарушыдан сұратылатын ең аз ақпарат

      1. Ұйымның қаралатын мандат түрі бойынша жұмыс тәжірибесі.
      2. Клиенттердің соңғы 5 жылда басқарудағы активтері, оның ішінде:
      1) басқарудағы жалпы активтер;
      2) қаралатын мандат түрі бойынша активтер;
      3) институционалдық клиенттердің активтері;
      4) орталық банктердің активтері.
      3. Портфельдік менеджерлер және сыртқы басқаруға берілген активтер үшін жауапты болатын клиенттермен байланыс жөніндегі менеджерлер туралы ақпарат.
      4. Портфельдік менеджерлер мен талдаушылар арасында соңғы 5 жылда қызметкерлердің тұрақтамауы туралы ақпарат.
      5. Инвестициялық үдерістің, портфельді басқару әдістерінің, нарықты зерттеудің толық сипаты, қаржылық ақпараттың пайдаланылатын көздері немесе қаржы құралдарын бағалаудың модельдері.
      6. Активтік нарық тәуекелінің үлгісін жасау, мониторингі және басқару қалай жүзеге асырылады (қарастырылатын мандат түрі активті басқаруға жататын болса).
      7. Тәуекелдерді бақылау және басқару бойынша мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудің болуы.
      8. Соңғы 5 жылда ұқсас немесе жақын эталондық портфель және мандат түрі бар портфельді басқарудың тарихи нәтижесі.
      9. алынып тасталды
      10. Бухгалтерлік және талдау есептіліктерінде қолданылатын кірістілікті, тәуекелді есептеу үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз етудің сипаты.
      11. Ішкі корпоративтік этиканың сипаты.
      12. Сыртқы басқару бойынша келісім талаптарын бұзған жағдайда Ұлттық Банктің алдында сыртқы басқарушының жауапкершілігі.
      13. Клиентті сыртқы басқарушының қателерінен қорғау үшін сақтандырудың қандай түрлері пайдаланылады.
      14. Бас ұйымның кредиттік рейтингі (егер бар болса), сыртқы басқарушының оның бас ұйымына сыртқы басқаруға активтер беру туралы келісім талаптарын сыртқы басқарушы орындамаған жағдайда зиянды өтеу туралы кепілдік беру мүмкіндігі не активтерді тікелей сыртқы басқаруға беру туралы бас ұйыммен не Ұлттық Банк, сыртқы басқарушы және оның бас ұйымы арасында жасалған үш жақты келісімге қол қою мүмкіндігі.
      15. Клиенттер үшін ұсынылатын тренингтің талаптары.
      16. Басқару үшін комиссияның болжамды деңгейі туралы ақпарат.
      17. Сыртқы басқарушының қаржылық есептілігінің соңғы аудиторлық қорытындысы.
      18. алынып тасталды

                                         Қазақстан Республикасы
                                       Ұлттық қорының активтерін
                                      сыртқы басқарушыларды таңдау
                                           ережесіне 2-қосымша

       Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 2011.12.26 № 202 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын салыстырмалы талдауға
арналған бағалау критерийлері


Критерий

Критерийдің мәні (пайызбен)

1.

Портфельді басқарудың тарихи нәтижелері (аймақтық мандаттарға маманданған және ауқымды мандат бойынша басқарушыны таңдауға қатысатын әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарына салыстырмалы талдау жүргізген кезде көрсеткіштер тиісті мандаттың қамтуына байланысты нормаланады)

35


осы мандат түрі бойынша соңғы 5 жылдағы үстеме кірістіліктің орташа деңгейі

40

ақпараттық коэффициент

60

2.

Активтер

10



осы мандат түрі бойынша активтер көлемінің басқарудағы жалпы активтерге пайызы (аймақтық мандаттарға маманданған және ауқымды мандат бойынша басқарушыны таңдауға қатысатын әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарына салыстырмалы талдау жүргізген кезде аймақтық мандаттар бойынша активтердің көлемі пайдаланылады. Бұл мән тиісті мандаттың қамтуына байланысты нормаланады)

65

институционалдық инвесторлардың активтері көлемінің басқарудағы жалпы активтерге пайызы

35

3.

Команда

15


портфельдік менеджерлердің және талдаушылардың орташа жұмыс тәжірибесі

50

мамандардың тұрақтамауының төмен болуы

50

4.

Кредиттік мәртебе

5


- егер бас ұйымның кепілдігі болса не келісімге бас ұйым қол қойған жағдайда, онда бас ұйымның кредиттік рейтингісі (S&P немесе Moody's), керісінше жағдайда компанияның кредиттік рейтингісі


5.

Басқару үшін төленетін комиссияның деңгейі

20

Базалық комиссияның деңгейі

90

Net new high basis since inception қағидатын қабылдау

10

6.

Сервис

10


Ұлттық Банктің мамандарын оқыту

70

күн сайынғы есептілік

30

7.

Тәуекелдерді бақылау және басқару бойынша арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің болуы

2

8.

Сыртқы басқару бойынша келісімнің талаптарын бұзған жағдайда Ұлттық Банк алдында жауапкершілік қабылдау

3

Қазақстан Республикасы      
Ұлттық қорының активтерін    
сыртқы басқарушыларды таңдау  
ережесіне 3-қосымша       

       Ескерту. 3-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.04.30. N 48 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2010.05.21 № 43,  2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

Сыртқы басқарушының бағалау критерийлерінің
кестесіне сәйкес бағалау ұсыныстарының тәртібі

      1. Сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау ретінде тиісті салмақтары бар бағалау критерийлері кестесінде (бұдан әрі - Кесте) келтірілген барлық көрсеткіш сомасы болып табылады.
      2. Қандай болмасын көрсеткіш Кестеге енгізілмес бұрын, мына формуланы пайдалана отырып қаралатын критерийде ең жақсы көрсеткішке қатысты нормаланады:
      Басқарушының нормаланған көрсеткіші - Басқарушының көрсеткіші/барлық сыртқы басқарушылар бойынша көрсеткіштің ең көп мәні.
      3. алынып тасталды
      4. Бас ұйымның және/немесе сыртқы басқарушының кредиттік рейтингісін бағалау кезінде мынадай көрсеткіштер жүйесі пайдаланылады:

Кредиттік рейтинг (S&P)

Көрсеткіш

AAA

1

АА+

0,8

АА

0,7

АА-

0,6

А+

0,5

A

0,4

А-

0,3

ВВВ+

0,2

ВВВ

0,1

ВВВ төмен

0

      5. алынып тасталды
      6. алынып тасталды
      7. Ұлттық Банктің мамандарын оқытуды бағалау кезінде
көрсеткіштің мына жүйесі пайдаланылады:

Тренинг талаптары

Көрсеткіш

Сыртқы басқарушы ұшу, тұру, тамақтану ақысын төлейді

1

Сыртқы басқарушы тұру, тамақтану ақысын төлейді

0.5

Сыртқы басқарушы тұру ақысын төлейді

0.2

                                        Қазақстан Республикасы      
                                       Ұлттық қорының активтерін    
                                     сыртқы басқарушыларды таңдау  
                                           ережесіне 4-қосымша

       Ескерту. 4-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.04.29 № 46 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

   Сыртқы басқарушының жұмыс тиімділігін бағалау көрсеткіштері

      Сыртқы басқарушының жұмысын бағалау кезінде субъективтілікті болдырмау үшін сыртқы басқарушыларға сандық және сапалық көрсеткіштерге сәйкес бағалау және балл қою негізгі мақсат болып табылады.
      Сандық көрсеткіштер:
      Ақпараттық коэффициент (Information ration).    

Пайыздар

Ақпараттық коэффициент (Information ration)

>1

3 балл

0,5-1

2 балл

0-0,5

1 балл

0

0 балл

(-) 0,5-0

(-) 1 балл

(-) 1 - (-) 0,5

(-) 2 балл

<(-)1

(-) 3 балл

      Сапалық көрсеткіштер
      1) Қызметкерлерді жылжыту (Staff turnover);

Пайыздар

Қызметкерлерді жылжыту (Staff turnover)

>30

(-) 0,5 балл

5-30

(-) 0,25 балл

0-5

0 балл

      2) Операциялық тәуекел (Operational risk).
      Операциялық қате салдарынан инвестициялық шектеулерді бұзудың әрбір фактісі үшін бағадан 0,2 балл алынады;
      3) Іскерлік этиканы сақтау (compliance with a Code of Business Ethics). Сыртқы басқарушының іскерлік этиканы бұзуының әрбір фактісі үшін бағадан 0,5 балл алынады.