Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру ережесін бекіту туралы және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысудың үлгі шартын бекіту туралы" 2003 жылғы 24 қыркүйектегі N 345 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 наурыздағы N 71 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 4 мамырда тіркелді. Тіркеу N 4221

Қолданыстағы

      "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын  іске асыру және сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес келтіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру  ережесі  бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысудың үлгі шартын бекіту туралы" 2003 жылғы 24 қыркүйектегі N 345  қаулысына  (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2548 тіркелген), Агенттік Басқармасының 2004 жылғы 15 наурыздағы N 74  қаулысымен  (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2797 тіркелген), Агенттік Басқармасының 2005 жылғы 28 мамырдағы N 159  қаулысымен  енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен бірге (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3699 тіркелген), Агенттік Басқармасының 2006 жылғы 25 ақпандағы N 47  қаулысымен  енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен бірге (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4161 тіркелген), мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысудың үлгі шартында:
      5-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
      "5-тарау. Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушыларымен міндетті сақтандыру шарттарын жасау тәртібі. Кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру шарттары мен тәртібі

      12. Сақтандыру ұйымы - қатысушы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда, тәртіппен және шарттармен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушысымен міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.

      13. Қор кепілдік және өтемақы төлемдерін Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен әрі шарттармен жүзеге асырады.";

      6, 7, 8 және 9-тараулар алынып тасталсын;

      28-тармақ мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "8-1) сақтандыру ұйымы - қатысушының сақтандыру жағдайы мен келтірілген зиян мөлшерін айқындау бойынша іс-шараларды жүзеге асырумен байланысты болған шығыстарды Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен және мөлшерде өтеуге;";

      31-тармақта:
      6) тармақшада "." деген тыныс белгісі ";" деген тыныс белгісімен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      "7) Заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушысынан (сақтандырылғаннан, пайда алушыдан) сақтандыру жағдайының басталуы және кепілдік төлемін төлеу туралы хабарламасын (өтінішін) қабылдауға және сақтандыру жағдайы мен келтірілген зиян мөлшерін айқындау бойынша жұмысты жүзеге асыруға міндетті.".

      3. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      4. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):
      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" АҚ-на, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына және "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.

      5. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Ғ.Н.Өзбековке жүктелсін.

       Төраға

Қазақстан Республикасы Қаржы  
нарығын және қаржы ұйымдарын  
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының        
2006 жылғы 25 наурыздағы    
N 71 қаулысымен бекітілген  

  Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының
кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру
Ережесі

      Осы Ереже Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының (бұдан әрі - Қор) кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

  1-тарау. Кепілдік төлемдерін жүзеге асыру тәртібі

      1. Қор қатысушысын - сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап оның кредиторларының Қордан таратылатын сақтандыру ұйымымен жасалған міндетті сақтандыру шарттары бойынша кепілдік төлемін жүзеге асыру жөнінде талап ету құқығы туындайды.
      Кепілдік төлемін алуға құқығы бар кредиторлардың тізбесі "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  15-бабының  1-тармағында (бұдан әрі - Қор туралы Заң) айқындалған.

      2. Қор туралы Заңның  15-бабы  1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда, мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторы сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы соттың шешімі күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде Қорға кепілдік төлемін жүзеге асыру жөнінде жазбаша өтінішпен хабарласады және оған мынадай растайтын құжаттарды:
      1) сақтандыру төлемін жүзеге асырудан не сақтандыру төлемін толық емес көлемде жүзеге асырудан заңсыз бас тартқан жағдайда - сақтандыру ұйымы мен сақтанушы (сақтандырылушы) арасында жасалған бітімге келу келісімін, сақтандыру төлемін не сақтандыру төлемінің даулы бөлігін жүзеге асыру туралы соттың шешімін, мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтандыру төлемінен бас тарту немесе оны ішінара жүзеге асыру туралы шешімін, жүзеге асырылған сақтандыру төлемінің көлемін растайтын төлем құжаттарын, сақтандыру жағдайының басталу фактісін және келтірілген зиян мөлшерін растайтын құжаттарды;
      2) егер сақтандыру жағдайы сақтандыру ұйымына сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына берілген лицензиясы қайтарылып алынғаннан кейін болған жағдайда - кредитор сақтандыру төлемін жүзеге асыру туралы талабын қойған кезде ұсынатын Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнамалық актілермен көзделген құжаттарды, сондай-ақ болжамды сақтандыру төлемінің мөлшерін не оны жүзеге асырудан бас тарту себептерін көрсете отырып, осы талапты қарау қорытындылары бойынша таратылатын сақтандыру ұйымы уақытша әкімшілігінің (тарату комиссиясының) шешімін қоса береді.

      3. Кредитор осы Ереженің 2-тармағында көзделген құжаттарды ұсынған күннен бастап Қор он жұмыс күні ішінде кепілдік төлемін жүзеге асыру (жүзеге асырудан бас тарту) туралы мәселені қарайды. Кредитордан келіп түскен өтініш бойынша шешім қабылдау үшін Қор сақтандыру ұйымының тарату комиссиясынан міндетті сақтандыру шарты бойынша, соның ішінде есептелген және төленген сақтандыру сыйлықақысының мөлшері, сақтандыру төлемдерінің мөлшері туралы ақпаратты сұратады.

      4. Қор туралы Заңның  15-бабы  1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторы Қорға не қатысушы-сақтандыру ұйымына сақтандыру жағдайының басталуы және Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнамалық актілерде көзделген мерзімде және тәртіппен сақтандыру (кепілдік) төлемін жүзеге асыру туралы өтінішпен хабарласа алады. Қор қатысушы-сақтандыру ұйымдарының тізбесін мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды.

      5. Кредитордың өтініші бойынша Қор (қатысушы-сақтандыру ұйымы) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілермен көзделген тәртіппен сақтандыру жағдайын және келтірілген зиян мөлшерін айқындау бойынша жұмысты жүргізеді.

      6. Кредитор қатысушы-сақтандыру ұйымына сақтандыру жағдайының басталуы және кепілдік төлемін жүзеге асыру туралы өтінішпен хабарласқан жағдайда, қатысушы-сақтандыру ұйымы бір жұмыс күні ішінде Қордан өтініш берушінің қатысушы-мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен жасалған міндетті сақтандыру шартының болуы туралы ақпаратты сұратады.

      7. Кредитор, тәуелсіз бағалаушы жүзеге асырған, жәбірленушіге келтірілген зиян мөлшерін бағалауын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілермен көзделген толық құжаттар пакетін ұсынған сәттен бастап қатысушы-сақтандыру ұйымы жеті жұмыс күні ішінде сақтандыру төлемі мөлшерінің есебін және сақтандыру актісін не Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілермен көзделген негіздер бойынша кепілдік төлемін жүзеге асырудан бас тарту туралы жазбаша хабарламаны жасайды.

      8. Қатысушы-сақтандыру ұйымымен осы Ереженің 7-тармағында көрсетілген құжаттарды жасаған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қалыптасқан құжаттар пакетін Қорға жібереді.
      Құжаттар пакетіне сақтандыру жағдайын, шығыстар мөлшерін көрсете отырып келтірілген зиян мөлшерін айқындау бойынша жұмысты жүзеге асырумен байланысты шығыстарын Қормен өтеуі туралы қатысушы-сақтандыру ұйымының талабы қоса беріледі. Қор құжаттар пакеті келіп түскен күннен бастап он күн ішінде нақты болған шығыстар мөлшерінде, бірақ бес айлық есептік көрсеткіштен астам емес мөлшерде қатысушы-сақтандыру ұйымының шығыстарын өтейді.

      9. Қор қатысушы-сақтандыру ұйымынан Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілермен және осы Ережемен көзделген құжаттар пакетін алғаннан кейін, Қор кепілдік төлемін жүзеге асыру (жүзеге асырудан бас тарту) туралы мәселені қарайды.
      Қор зиян мөлшерін бағалау нәтижелерімен келіспеген жағдайда, Қор Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнамалық актілермен көзделген шараларды қолдана алады.

      10. Қор кепілдік төлемін сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнамалық актілермен белгіленген мөлшерде және мерзімде жүзеге асырады.
      Қордың кепілдік төлемін жүзеге асыруы үшін кредитор осы Ережеде көзделген құжаттардан басқа жеке басын куәландыратын куәліктің көшірмесін, банктік деректемелер туралы деректерді және салық төлеушінің тіркеу нөмірін ұсынады.

      11. Кепілдік төлемін Қор тікелей өзі немесе кредитордың банк шотына қолма-қол ақшасыз нысанда агент-банк арқылы не тараптардың келісімі бойынша қолма-қол ақшамен жүзеге асырылуы мүмкін.

      12. Егер қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы соттың шешімі күшіне енген күннен бастап екі ай мерзім аяқталғанға дейін сақтандыру жағдайының басталуына әкеліп соқтырған оқиғаның нәтижесінде кредитордың (оның мұрагерлерінің) денсаулығы нашарласа не ол қайтыс болса, Қор кредитордан (оның мұрагерлерінен) келіп түскен өтініштің және тиісті құжаттардың негізінде Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілермен белгіленген тәртіппен және мерзімде кепілдік төлемінің сомасын қайта есептейді. Кепілдік төлемінің сомасын қайта есептеген кезде есепке бұрын төленген сомалар қабылданады.

      13. Кредитордың мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы алдында сақтандыру сыйлықақылары бойынша берешегі болған жағдайда, Қор кредиторға төлейтін кепілдік төлемінің мөлшерін, берешек сомасын шегере отырып, белгілейді.

      14. Кепілдік төлемін жүзеге асырудан бас тартылған жағдайда, мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторына кепілдік төлемін жүзеге асырудан бас тарту себептерін негіздей отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мерзімде жазбаша хабарлама жіберіледі.

      15. Кепілдік төлемінің төленген сомаларын салыстырып тексеру Қор және агент-банк жасайтын кепілдік төлемінің төленген сомалары бойынша салыстырып тексеру актісінің негізінде, төлемдер жүзеге асырылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

  2-тарау. Өтемақы төлемдері

      16. Сақтандыру жағдайы басталмаған және олардың қолданылу мерзімі аяқталмаған мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндетті сақтандыру шарттары бойынша, сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы соттың шешімі күшіне енген сәтке дейін сақтанушы соттың шешімі күшіне енген күннен бастап, екі ай мерзімде Қор қатысушысы-сақтандыру ұйымымен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен бұрын жасалған міндетті сақтандыру шарты қолдануға тиіс болатын қалған уақытқа міндетті сақтандыру шартын жасай алады.

      17. Сақтанушы Қор қатысушысы-сақтандыру ұйымымен қалған уақытқа міндетті сақтандыру шартын жасау үшін Қор қатысушысы-сақтандыру ұйымына міндетті сақтандыру шартын жасау туралы өтінішпен хабарласады әрі оған мынадай құжаттарды:
      1) сақтандыру полисінің (сақтандыру шартының) түпнұсқасын немесе оның дубликатын;
      2) өтініш берушінің (егер сақтанушы - жеке тұлға болса) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін не сақтанушының мүдделерін білдіру құқығын растайтын құжатты (егер сақтанушы - заңды тұлға болса) қоса береді.

      18. Кредитордың міндетті сақтандыру шартын жасау туралы өтінішін алған кезде қатысушы-сақтандыру ұйымы үш жұмыс күні ішінде Қордан кредитор туралы ақпаратты сұратады.

      19. Қордан кредитор туралы деректердің растауын алғаннан кейін қатысушы-сақтандыру ұйымы екі жұмыс күні ішінде онымен бұрын жасалған шарттың аяқталмаған қолданылу кезеңіне міндетті сақтандыру шартын жасайды және Қорға мынадай құжаттарды:
      1) кредитор мен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйым арасында жасалған міндетті сақтандыру шарттарының (сақтандыру полисінің) түпнұсқаларын;
      2) кредитор мен Қор қатысушысы-сақтандыру ұйымы арасында жасалған міндетті сақтандыру шарттарының (сақтандыру полисінің) көшірмелерін;
      3) әрбір кредитор бөлігінде өтемақы төлемі мөлшерінің есебін, заңды және жеке тұлғалар бойынша бөлек өтемақы төлемінің жалпы есептелген сомасын көрсете отырып кредиторлардың тізімін ұсынады.

      20. Өтемақы төлемінің мөлшері жаңадан жасалған міндетті сақтандыру шартының қолданылу кезеңіне қарай Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілеріне сәйкес айқындалады. Жаңадан жасалған шарттың қолданылу мерзімі жаңа шартты жасау күнінен бастап және сақтанушы мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен бұрын жасалған міндетті сақтандыру шарты қолданыста болатын мерзім аяқталғанға дейінгі кезең болады.

      21. Қор осы Ереженің  19-тармағында  көзделген құжаттарды алғаннан кейін он күн ішінде Қор қатысушысы-сақтандыру ұйымының банк шотына өтемақы төлемінің сомасын аударады. Ақшаны аударуға арналған төлем тапсырмасына тиесілі өтемақы төлемінің сомасын көрсете отырып кредиторлардың тізімі қоса беріледі.

      22. Егер кредитор мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен бұрын жасалған міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын толығымен төлемеген болса, Қор кредитор төлемеген сақтандыру сыйлықақы сомасын шегере отырып өтемақы төлемін жүзеге асыра алады. Мұндай жағдайда кредитормен міндетті сақтандыру шартын жасаған қатысушы-сақтандыру ұйымы одан төленбеген сақтандыру сыйлықақы сомасын талап ете алады.

      23. Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушысымен жасалған шарттар бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымы Қорға міндетті жарналарды төлемей, шартты міндеттемелерді қалыптастырады.

      24. Танылған не танылмаған талап ету сомасы Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру туралы  заңнамасының  талаптарына сәйкес Қордың қаржылық есебінде ескеріледі.

  3-тарау. Қорытынды ережелер

      25. Кепілдік, өтемақы төлемдері жүзеге асырылғаннан кейін Қорға жүзеге асырылған төлем сомасы мен көрсетілген төлемдерді жүзеге асырумен байланысты шығыстар шегінде кредитордың таратылатын сақтандыру ұйымында болған талап ету құқығы көшеді.

      26. Осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен шешілуге жатады.