"Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті (Б.С.Камалиев) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне белгіленген тәртіппен ұсынсын.
3. "Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 2002 жылғы 26 желтоқсандағы N 440-І бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2114 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде жарияланған, 2003 ж., N 25-26, 861-құжат) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация бірінші вице-министрі Ә.Қ.Құсайыновқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық оның ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр
Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің
2005 жылғы 31 қазандағы
N 337-І бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы автомобиль
жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық
құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптаманы ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
2. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама (бұдан әрі - ведомстволық сараптама) - бұл Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті (бұдан әрі - Комитет) жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамада қабылданатын шешімдердің негізділігі деңгейін арттыру мақсатында сараптау объектісіне талдау бағасын беру үшін жол саласы ұйымдарының өтінімі бойынша жүргізетін бағалау іс-әрекеттері мен тұжырымдау жүйесі.
2. Ведомстволық сараптама жүргізудің жалпы тәртібі
3. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптамаға ұсынылған материалдардың мынадай сараптамасын қамтиды:
1) техникалық құжаттаманың бастапқы материалдарға (деректерге), Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне;
2) мемлекеттік нормативтерде белгіленген еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды, инженерлік-техникалық, экологиялық талаптарды сақтауға;
3) қабылданған көлемді-жоспарлы және сындарлы шешімдердің, қолданылатын материалдар мен инженерлік жабдықтың негізділігіне, құрылыс конструкцияларының сенімділігі мен беріктігіне;
4) техникалық құжаттамада көзделген жөндеу көлемінің негізділігіне және орындылығына;
5) көрсеткіштердің, соның ішінде жөндеудің есептік немесе сметалық құнының негізділігі мен дұрыстығына.
4. Ведомстволық сараптаманы жүргізу үшін Комитет төрағасының бұйрығымен Комитеттің қызметкерлерінен құрамы 5 адамнан кем емес сараптау тобы құрылады.
5. Ведомстволық сараптама жүргізу үшін Комитетке мынадай құжаттар:
1) ведомстволық сараптама жүргізуге арналған еркін нысандағы өтініш;
2) техникалық құжаттама ұсынылады.
6. Техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізудің ұзақтығы 30 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
7. Бекітілген негізгі техника-экономикалық көрсеткіштерге әсер ететін, күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға енгізілетін өзгерістер (толықтырулар), жаңадан әзірленетін техникалық құжаттама үшін белгіленген тәртіппен ведомстволық қайта сараптауға жатады.
8. Әзірлегеннен және ведомстволық сараптаманы жүргізгеннен кейін үш жыл ішінде ол бойынша жөндеу басталмаған автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттама ескірген болып есептеледі және пайдаланылуы мүмкін емес.
9. Ведомстволық сараптауға жататын, бірақ белгіленген тәртіппен оны өтпеген автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттама аяқталмаған болып есептеледі және оны пайдаланып жөндеу жұмыстарын орындауға жол берілмейді.
10. Техникалық құжаттаманы осы Ережеге сәйкес жүргізілген сараптаманың оң қорытындысынсыз бекітуге жол берілмейді.
11. Оң қорытынды алған жағдайда сараптау тобы техникалық құжаттаманы бекітуге ұсынады, егер тапсырылған құжаттар нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда сараптау тобы себептерді көрсете отырып, техникалық құжаттаманы пысықтауға қайтарады.
12. Сараптау тобының шешіміне сот тәртібімен шағымдануға болады.
13. Сараптау тобының мүшелері қаралатын техникалық құжаттама бойынша құпиялылықты сақтауы тиіс.