Әскери полиция органдарына қызметке алғашқы рет қабылданатын адамдардың сынақ мерзімінен және тағылымдамадан өту тәртібі Ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің 2005 жылғы 24 наурыздағы N 120 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2005 жылғы 15 сәуірде тіркелді. Тіркеу N 3563

Қолданыстағы

     Қазақстан Республикасының "Әскери полиция органдары туралы"  Заңын жүзеге асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
     1. Қоса беріліп отырған Әскери полиция органдарына қызметке алғашқы рет қабылданатын адамдардың сынақ мерзімінен және тағылымдамадан өту тәртібі мен шарттары туралы ережелері бекітілсін.
     2. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасының бастығына жүктелсін.
     3. Бұйрық ресми түрде жарияланған күннен қолданысқа енгізіледі.

     Қазақстан Республикасының
     Қорғаныс министрі

Қазақстан Республикасы    
Қорғаныс министрінің     
2005 жылғы 24 наурыздағы   
N 120 бұйрығымен      
бекітілген          

  Әскери полиция органдарына қызметке алғашқы рет
қабылданатын адамдардың сынақ мерзімінен және
тағылымдамадан өту тәртібінің ережелері 1. Жалпы ережелер

     1. Осы Ережелер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полициясы органдарына (бұдан әрі - әскери полиция органдары) қызметке алғашқы рет қабылданатын адамдардың сынақ мерзімінен және тағылымдамадан өту тәртібін белгілейді.

     2. Әскери полиция органдарына алғашқы рет әскери қызметке қабылданатын адамдармен (бұдан әрі - кандидаттар) әскери полицияның құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары әңгіме өткізеді.
     Оларға әскери полиция органдарына әскери қызметке қабылданатын адамдарға қандай талаптар қойылатыны, қандай құжаттар өткізілуі керектігі, қандай шектеуліктер қойылатындығы, сынақ мерзімі және тағылымдамадан өту тәртібі үш айға созылатындығы, оның екі айы әскери полиция мамандарын даярлау орталығында (бұдан әрі - орталық) үйретуге және бір ай қызмет өткізетін жерінде болатындығы түсіндіріледі.

     3. Әскери полиция органдарына әскери қызметке қабылданушылар мынадай құжаттарды ұсынулары тиіс:
     1) өтініш;
     2) туу туралы куәлігінің нотариат куәландырған көшірмесін;
     3) әскери билетінің нотариат куәландырған көшірмесін;
     4) еңбек әрекетін растайтын нотариат куәландырған құжатының көшірмесін;
     5) білімі туралы құжатының нотариат куәландырған көшірмесін;
     6) әлеуметтік жеке код беру туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесін;
     7) салық төлеушінің тіркеу номерінің нотариат куәландырған көшірмесін;
     8) зейнетақы шартының көшірмесін;
     9) өмірбаян (өз қолымен жазылған);
     10) соңғы қызмет (жұмыс) орнынан мінездеме - 2 дана;
     11) отбасы құрамы мен тұрғылықты жері туралы анықтама;
     12) туберкулез және тері-венерологиялық, жүйке-неврология және наркология диспансерлерінен анықтамалар, флюорограмма (рентгенге түсірілген сурет), электрокардиограмма нәтижелері, адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы вирусына қанның жалпы тексерулері қоса берілген медициналық картасы және әскери-медициналық мекеменің қорытындысы;
     13) арнайы тексеру жөніндегі мағлұмат;
     14) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (қажеттілігіне қарай);
     15) балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмелері (қажеттілігіне қарай).

     4. Әскери полиция органдарына қызметке бұрын сотталған немесе анықталмаған негіз бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған және жағымсыз қылықтары үшін мемлекеттік органдардағы жұмысынан босатылған адамдар қабылданбайды.

     5. Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Заңының негізінде кандидаттармен сынақ мерзімінен өту кезеңінде үш айдан аспайтын мерзімге жеке еңбек шарты жасалады. Қараныз K070000251

  2. Орталықта үйрету

     6. Кандидаттар сынақ мерзімінен өту кезеңінде әскери полиция мамандарын даярлау орталығында екі айлық арнайы бастапқы үйренуден міндетті түрде өтеді.
     Тұратын орны орталықта казарма жайында.

     7. Орталықта үйреніп жүрген адамдар орталықтың оқу аудиториялары, кабинеттері, сыныптары, зертханалары, кітапханалары, тирлары, спорт залдары, оқулық мүкәммал мен басқа жабдықтарды пайдалана алады.

     8. Үйреніп жүрген кандидаттар:
     1) әскери полиция органдарының, оның құрылымдық бөлімдерінің қызметтерімен танысады;
     2) әскери полицияның қызметтері, бөлімшелері іс-әрекеттерінің тәжірибесін теориялық білім және тәжірибелік дағдыларын терең меңгереді;
     3) оқулық, тақырыптық жоспарлар мен бағдарламаларда көзделген оқу жұмыстарының барлық түрін сапалы және белгіленген мерзімде орындайды;
     4) тәртіпті мүлтіксіз сақтайды, жарғылардың талаптарын, ішкі тәртіп ережелерін, бастықтардың бұйрықтары мен нұсқауларын сөзсіз және бұлжытпай орындайды, тәуліктік наряд құрамында және басқа да тапсырмаларды орындау кезінде қызметін адал атқарады.

     9. Оқу жоспарын, ішкі тәртіп ережелерін және қызмет тәртібін бұзғаны үшін, ұзақ науқастану, сондай-ақ оқуды әрі қарай жалғастыруға кедергі жасайтын себептерге байланысты кандидаттар орталықтан шығарылады және олармен жасалған жеке еңбек шарты бұзылады.

  3. Сынақ мерзімі және тағылымдамадан өту тәртібі

     10. Орталықта оқу біткен соң кандидаттар сынақ өткізетін жеріне жіберіледі.

     11. Сынақ мерзімінен өтпей қалған кандидатпен жасалған жеке еңбек шарты сынақ мерзімінен өтпеген себепті бұзылады.

     12. Сынақ мерзімінен өткен кандидат әскери қызметке шақырылады.

     13. Сынақ мерзімін өтеп жүрген кандидаттарға жалақы қазына кәсіпорындарының мемлекеттік қызметкерлері және қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлердің еңбекақысын төлеу жүйесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді.

     14. Кандидаттардың тағылымдамасының негізгі мақсаты мыналар болып табылады:
     1) кәсіби деңгейін және даярлығын анықтау;
     2) орталықта алған білімін және кәсіби дағдыларын бекіту.

     15. Тағылымдама кезінде кандидаттар тағылымдама алып жүрген сәйкес бөлімшенің бастығына бағынады.

     16. Әскери полиция құрылымдық органдары бөлімшелерінің бастықтары тағылымдамашының жұмыс режимін бекітеді.

     17. Тағылымдаманы ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полициясы бас басқармасы бастығының және әскери полиция бөлімдері командирлерінің бұйрығымен ресімделеді.

     18. Тағылымадаманың негізгі міндеттері:
     1) тағылымдамашылардың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту бойынша кәсіби, білім, пысықтық пен дағдыларды меңгерулерімен жетілдіру;
     2) тағылымдамашылардың жеке өзінің және іскерлік қасиеттерін, тәртіптілігін дамыту;
     3) тағылымдамашылардың әскери полиция органдарында қолданылатын арнайы және техникалық құралдарды пайдалану дағдыларын меңгеруі және жетілдіруі;
     4) қызмет құжаттарын ресімдеу дағдыларын меңгеру.

     19. Тағылымдамашы әскери полиция органының іс жүргізуіндегі нормативтік актілермен, қызмет құжаттарымен және бағдарламамен және жеке жоспарлармен анықталатын тапсырмалар көлемінде басқа да материалдармен таныса алады, әскери полиция органдарындағы арнайы, техникалық құралдарды белгіленген тәртіпте пайдаланады.

     20. Тағылымдамашы:
     1) атқаратын лауазымы бойынша функционалдық міндеттеріне сәйкес жеке жұмыс жоспарын әзірлейді;
     2) мамандығы бойынша қызмет атқару ерекшеліктерін үйренеді;
     3) қызмет атқарудың амалдары мен әдістерін үйренеді;
     4) қызмет атқару дағдыларын меңгереді және бекітеді;
     5) әскери полиция органдарының қызметіне байланысты нормативтік құқықтық актілерді зерделейді;
     6) атқарған жұмысы жөніндегі жазбаларды уақытында жүргізеді;
     7) тағылымдаманың жетекшісіне атқарған жұмысы туралы үнемі есеп береді;
     8) тағылымдаманың аяқталуы алдында тағылымдаманы жүргізетін жетекші бекітетін есеп дайындайды.

     21. Тағылымдаманың аяқталуына 3 күн қалған уақытта тағылымдамашының әрқайсысына мінездеме жазылады және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция бас басқармасының бастығына бекітілуге жіберіледі.
     Мінездемеде тағылымдамашының орындаған тапсырмалары мен жеке жоспарларының сапасын, оның қызметтік міндеттерін орындауға оның кәсіби даярлығы деңгейін, ұйымдастыру қабілетін, нормативтік құжаттарды білу және оларды жұмыста қолдану, моральдық қажырлылық қасиеттерін, тәртіптілігін, орындаушылығын, жалпы даму деңгейін, тыңдаушыны қызметте тиісті лауазымы бойынша пайдалануға даярлығын көрсету қажет.
     Берілген мінездеме тағылымдамашының жеке ісіне тіркеледі.