Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орман қоры аумағында жанама орман пайдалану ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2004 жылғы 11 қарашадағы N 238 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 9 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 3253. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2010 жылғы 26 қарашадағы № 730 Бұйрығымен.

Күшін жойған

      Күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2010.11.26  № 730(ресми жарияланғаннан бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізілді) Бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Орман кодексiнiң 98-бабын iске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орман қоры аумағында жанама орман пайдалану ережесi (бұдан әрi - Ереже) бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармалары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен облыстар әкiмдiктерiнiң орман шаруашылығы құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары (келiсiм бойынша) Ереженi басшылыққа алсын және орман шаруашылығы мемлекеттiк мекемелерi мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мамандарының оны оқып-үйренуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы реттеу мен бақылау басқармасына (Қ.Ж.Yстемiров) жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастап күшiне енедi.

      Төраға

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы министрлігі 
Орман және аңшылық       
шаруашылығы комитетінің    
2004 жылғы 10 қарашадағы    
N 238 бұйрығымен бекітілген  

  Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры
аумағында жанама орман пайдалану ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Орман кодексіне сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры аумағында жанама орман пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Жанама орман пайдалануға: шөп шабу, мал жаю, марал және аң өсіру, ара ұялары мен омарталар орналастыру, көкөніс өсіру, бақша шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, дәрі-дәрмектік өсімдіктер мен техникалық шикізат, жабайы жемістер, жаңғақтар, жидектер және басқа да азықтық орман өнімдерін, мүк, орман төсендісін және жерге түскен жапырақтарды және қамыс дайындау және жинау жатады.

      3. Жеке тұлғалардың рұқсат беретін құжаттарсыз өздерінің қажеті үшін жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, дәрі-дәрмектік шикізат және басқа да жанама орман ресурстарын жинауды тегін жүзеге асырады, бұған облыстық атқарушы органның ұсынымы бойынша облыстық өкілді органның шешімімен бекітілген нормалар шегінде рұқсат етіледі.
      Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Қызыл кітабына енгізілген жабайы өсімдіктердің жемістері мен жидектерін, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді және құрамында табиғи есірткі бар шикізатты дайындауы мен жинауына Қазақстан Республикасының арнайы заңнамасының талаптарына сәйкес ерекшелік жағдайларда және мемлекеттік орман күзеті немесе мемлекеттік орман инспекциясы қызметкерлерінің бақылауымен жол беріледі.

      4. Жеке тұлғалардағы жабайы жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрі-дәрмектік шикізатты және басқа да жанама орман ресурстарын дайындау мен жинауына халықтың денсаулығы, өрт қауіпсіздігі, жаңғақ кәсіпшілігін, орман жемісі, орман тұқымы және аңшылық шаруашылықтарын жүргізу мүдделері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шек қойылуы мүмкін.

      5. Жанама орман пайдалану орманға зиянын тигізбей, орман ресурстарын молықтыруға нұқсан келтірмей, осы Ереже және ормандарды пайдаланудың басқа да ережелері белгілеген мерзімде және тәсілмен жүзеге асырылуға тиіс.

  2. Жанама орман пайдалануды жүзеге асырудың
түрлері мен мерзімдері

      6. Қазақстан Республикасының Орман кодексінде төмендегідей жанама орман пайдаланудың мынадай түрлері көзделген:
      шөп шабу және мал жаю;
      марал және аң өсіру;
      ара ұялары мен омарталар орналастыру;
      көкөніс өсіру, бақша шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру;
      дәрі-дәрмектік өсімдіктер мен техникалық шикізат дайындау мен жинау;
      жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да азықтық өнімдер дайындау;
      мүк, қамыс, орман төсендісі мен жерге түскен жапырақтар дайындау.

      7. Мемлекеттік орман қоры учаскесі бір немесе бірнеше орман пайдаланушыға жанама орман пайдаланудың бір немесе бірнеше түрін жүзеге асыру үшін берілуі мүмкін.

      8. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі орман ресурстары жанама орман пайдаланудың түріне және орман пайдаланушының мүмкіндіктеріне байланысты ұзақ мерзімді немесе қысқа мерзімді орман пайдалануға берілуі мүмкін.

      9. Орман ресурстары тендер хаттамасының негізінде ұзақ мерзімді пайдалануға беріліп, кейіннен орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) немесе қарауында мемлекеттік орман қоры учаскелері бар облыстық атқарушы органның және орман пайдалануды жүзеге асыру үшін қаражаты мен өндірістік қуаттары және тиісті мамандық бойынша мамандары бар орман пайдаланушының арасында 10 жылдан 49 жылға дейін мерзімге шарт ресімделеді.

      10. Жанама орман пайдалану мемлекеттік орман пайдаланушы беретін орман билетінің негізінде бір жылға дейінгі мерзімге беріледі.

  3. Жанама орман ресурстарын пайдалануға
беру тәртібі

      11. Жанама орман пайдалану үшін учаскелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетін қызмет бабындағы жер үлестері ретінде берілген пайдаланушылар санаттарын қоспағанда, жанама орман ресурстарын пайдалануға беруді мемлекеттік орман иеленуші орман билеттері бойынша жанама пайдалану көлемдеріне сәйкес жүзеге асырады.

      12. Жанама орман пайдаланудың әрбір түрі аяқталғаннан кейін, бірақ күнтізбелік он күннен кешіктірмей мемлекеттік орман иеленуші оған куәландыру жүргізеді.

      13. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде жанама орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 39-41-баптарымен айқындалған тәртіппен немесе негіздемелер бойынша тоқтатыла тұруы, шектелуі немесе тоқтатылуы мүмкін.

  4. Жанама орман пайдалануды жүзеге асыру тәртібі

      14. Уақытша салынған құрылыстар мен ғимараттардың орналасқан жері, көлемі, мақсаты және саны, оларды құлату (алып кету) мерзімі, жолдарды (тарту) және басқа да нысандар мен құрылыстарды пайдалану орман билетінде, шартта көрсетіледі.
      Орман пайдаланушының жанама орман пайдалану учаскесінде күрделі үлгідегі құрылыстар салуына (марал фермалары, аң фермалары және тұрақты омарталар орналастырылатын учаскелерден басқа) жол берілмейді.

      15. Орман пайдаланушыға құрылыстар мен ғимараттар тұрғызу үшін қажет сүректі (күтіп жасау және санитарлық мақсаттарда кесулерден алынған) оған мемлекеттік орман иеленуші жалпылама негізде беруі мүмкін.

      16. Өздеріне пайдалануға берілген мемлекеттік орман қорының учаскелерін екі және одан да көп маусым (жыл) бойы игеріп жатқан және өздеріне қабылдаған міндеттемелерге сәйкес оларды көркейтуге және күзетуге өз қаражатын салған, пайдалану ережесін сақтайтын орман пайдаланушылар келесі маусымда осы учаскелерде жанама орман пайдалану құқығын алуға артықшылыққа ие болады.
      Орман пайдаланушының жанама орман пайдалану құқығын орманға мемлекеттік меншік құқығын бұзатын үшінші бір тұлғалардың пайдасына беруіне тыйым салынады.

      17. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік орман қорының аумағында шөп шабу мен мал жаюды орман билетінде көрсетілген учаскелерде Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

  &1. Марал және аң өсіру

      18. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде марал немесе аң өсіруді жүзеге асыру құқығын беру туралы мәселені қарау үшін өтініш жасаушы (ықтимал орман пайдаланушы) мемлекеттік орман иеленушіге қажетті техникалық-экономикалық негіздемелер мен есептерді, схемаларды, бизнес-жоспарды, осы қызметтің қоршаған орман ортасына әсер етуін алдын ала бағалау материалдарын қамтитын марал фермасын немесе аң фермасын ұйымдастыру жобасын ұсынады.

      19. Мемлекеттік орман иеленуші орман пайдаланудың өтініш жасалып отырған түрін беру туралы шешім қабылдайды.

      20. Мемлекеттік орман иеленуші орман пайдаланудың осы түрін беру туралы шешімнің негізінде орман пайдаланушыға белгіленген тәртіппен орман билетін тапсырады және оған белгіленген тәртіппен мемлекеттік орман қорының тиісті учаскелерін береді.
      Марал фермаларын немесе аң фермаларын ұйымдастыру үшін әдетте орман көмкермеген және ормансыз жерлер бөлінеді.
      Орман пайдаланушының жобасына сәйкес оған берілетін учаскелердің құрамына ферманың жұмыс істеуі үшін қажет шабындық, жайылымдық жерлер енуі мүмкін. Берілген учаскелерде бағылатын маралдардың саны орман экожүйесіне түсетін ғылыми түрде негізделген жүктелім нормаларынан аспауға тиіс.

      21. Орман пайдаланушылар берілген учаскелерде уақытша (қалқалар, күзет үйшіктері, қоршаулар, қашалар, шарбақтар) және тұрақты (зооветзертханаларға және жұмыскерлерді орналастыруға арналған үйлер, аң фермасының жемін сақтайтын тоңазытқыштар, маралды қолда бағып ұстайтын қора-жайлар) құрылыстар салуына болады. Аталған құрылыстардың мөлшері, орналасуы, оларды күтіп ұстау ережелері шартта және орман билетінде көрсетіледі.

      22. Орман пайдаланушылар өздеріне пайдалануға берілген учаскелерді өрттен, браконьерліктен қорғайды, пайдаланылатын жерлердің шығымдылығын қалпына келтіру мен арттыру жөніндегі шараларды жүзеге асырады.

  &2. Ара ұялары мен омарталарды орналастыру

      23. Ара ұялары мен омарталар үшін учаскелер орман шеттерінен, алаңқайлардан және басқа да орман көмкермеген жерлерден ағаш кесу, орман алаңдарын тазарту, жырту және оларда жылжымалы омарталар үшін тұрақты үлгідегі құрылыстар тұрғызу құқығынсыз беріледі.
      Тұрақты омарталар орналастыру үшін учаскелер орман пайдаланушыларға арнайы бекітіп берілген учаскелерден шарт ережелері бойынша беріледі.

      24. Орман пайдаланушыларға ара ұяларын орнатуға және уақытша құрылыстар - күзет үйшіктерін, ара ұяларын, құрал-жабдықтар, бал жинау өнімдерін сақтайтын қоймалар салуға, омарта шаруашылығының қажеттері үшін бұрыннан бар орман жолдарын пайдалануға және/немесе жекелеген жағдайларда омартаға уақытша қара жолдар тартуға (орман иеленушімен келісім бойынша) рұқсат етіледі. Аталған құрылыстардың шекті мөлшері, түрі және сипаты, оларды құлату (алып кету) тәртібі, тартылатын жолдардың бағыты, ұзындығы және көлемі орман билетінде айқындалады.

      25. Орман пайдаланушыға ара ұялары мен омарталар орналастыру үшін берілген учаске мемлекеттік қажеттіліктер немесе мемлекеттік орман қорының санатын өзгеру үшін алып қойылған жағдайда осы учаскені пайдалану пайдалану мерзіміне қарамастан тоқтатылады, бірақ орман пайдаланушыға бұл жайында кемінде бір ай бұрын ескерту жасалуы қажет. Орман пайдаланушыға оның өтініші бұл учаскенің орнына бал жинау маусымы аяқталғанға дейін ара ұялары мен омарталар орналастыруға жарамды басқа бос учаске берілуі мүмкін.

  &3. Көкөніс, бақша өсіру және өзге ауыл
шаруашылығы дақылдарын өсіру

      26. Көкөніс, бақша өсіру және өзге ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін учаскелер (дәрі-дәрмектік өсімдіктерді, жеміс және жидек дақылдарын плантацияда өсіруді қоса алғанда) мемлекеттік орман қорының ормансыз жерлерінен беріледі. Бөлінген учаскелерде өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының нақты түрлері мен алқабы орман билетінде көрсетіледі.
      Көрсетілген учаскелер мемлекеттік орман қорының санаты өзгерген жағдайда орман пайдаланушы ол осы учаскелерде өсіріп жатқан ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін жинап алуды аяқтағанша алып қойылмайды. Плантациялық дақылдар егілген учаскелер алып қойылған жағдайда орман иеленуші, егер бұл мүмкін болса, орман пайдаланушымен келісім бойынша құндылығы бірдей басқа учаскені таңдап алып, орман пайдаланушыға бұл дақылдарды ыңғайлы мерзімде осы учаскеге көшіруге (қайта отырғызуға) көмек көрсетілуі мүмкін.

      27. Осы дақылдарды өсіру кезінде пайдаланылатын жерлер мен қоршаған ортаның жай-күйіне теріс әсер етпейтін агротехника қолданылуға тиіс.
      Қажет емес өсімдіктермен күресу үшін гербицидтер мен өзге химиялық құралдарды, сондай-ақ өсімдік қорғау құралдарын пайдалану орман иеленушімен келісім бойынша және жер бетінде қолданылатын тәсілімен ғана жүзеге асырылуға тиіс.
      Тыңайтқыштар енгізу қолданыстағы агротехникалық нормалар шегінде қамтамасыз етілуге тиіс.

      28. Өсіріліп жатқан ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін су ресурстарын пайдалануды орман пайдаланушылар Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      29. Орман пайдаланушылар берілген учаскелерде уақытша құрылыстар - күзет үйшіктерін, құрал-жабдықтар, тыңайтқыштар, өсірілген өнімді сақтайтын қалқалар, су тарту құрылыстарын салуына (орман иеленушімен және су ресурстарын басқару органдарымен келісім бойынша ғана), бұрыннан бар жолдарды пайдалануына немесе жекелеген жағдайларда уақытша қара жолдар тартуына (орман иеленушімен келісім бойынша) болады. Бұл құрылыстардың мөлшері, түрі және мақсаты, оларды құлату (алып кету) тәртібі, сондай-ақ тартылатын су жүйелері мен жолдардың бағыты, ұзындығы және мөлшері орман билетінде айқындалады.

  &4. Дәрі-дәрмектік өсімдіктер, техникалық
шикізат дайындау және жинау

      30. Орман пайдаланушылар белгіленген тәртіппен мемлекеттік орман қоры аумағында дәрі-дәрмектік (жапырақтар, гүлдер, жемістер, бүршіктер, қабықтар, тамырлар, шөптердің және бұталардың кейбір түрлерінің түйнектері, қалемшелері) және техникалық шикізат дайындауды жүзеге асыра алады.
      Дәрі-дәрмектік мақсаттар үшін ағаш бүршіктерін, тамырлары мен қабығын, сондай-ақ техникалық шикізат дайындау Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      31. Дәрі-дәрмектік және техникалық шикізат дайындауға (жинауға) өсімдіктердің дер кезінде қалпына келуін және олардың қорларының молығып отыруын қамтамасыз ететін көлемде жол беріледі.

      32. Дәрі-дәрмектік және техникалық шикізатты кәсіпшілік мақсатта дайындау (жинау) әдетте орман пайдаланушыларға арнайы бекітіп берілген учаскелерде орман пайдаланушы облыстық атқарушы органмен жасасқан шарт талаптарымен жүзеге асырылады. Дәрі-дәрмектік алуан түрлі шөптер дайындауға (жинауға) учаскені бекітіп бермей-ақ рұқсат етіледі, бұл ретте орман билетінде дайындау шекарасы (орманшылық, жер, орам, телім) көрсетіледі.

  &5. Жабайы жемістер, жидектер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар
және басқа да азықтық өнімдер дайындау және жинау

      33. Мемлекеттік орман қоры аумағында жемістер, жидектер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар және басқа да азықтық өнімдер дайындалады.

      34. Балқарағай мен грек жаңғағы екпелерінде шарт негізінде жаңғақ және басқа да жанама пайдалану түрлерін дайындау үшін пайдаланушы - заңды тұлғаларға бекітіп берілетін жаңғақ кәсіпшілігі аймақтары мен учаскелері оқшау көрінуі мүмкін.

      35. Жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да азықтық өнімдер дайындау ормандағы жеміс, жаңғақ, жидек өсімдіктері мен саңырауқұлақ алаңқайларына зиян келтірмейтін тәсілдермен қатаң белгіленген мерзімде ағаштар мен бұталарды кеспей жүргізілуге тиіс. Жабайы өсетін түрлерді дайындаудың рұқсат етілген тәсілдері орман билетінде көрсетіледі.
      Генетикалық орман резерваттары мен басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтар учаскелерінде жемістер, жаңғақтар және жидектер дайындауға (ұдайы молықтырып отыру мақсаттары үшін белгіленген тәртіппен дайындаудан басқа) жол берілмейді.

      36. Жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да азықтық өнімдер дайындау үшін берілген учаскелерде орман пайдаланушылар уақытша құрылыстар - қалқалар, қоймалар, күзет үйшіктерін, жемістер, жаңғақтар, жидектер мен саңырауқұлақтар, азықтық өнімдер өңдеуге арналған қондырғылар, кептіргіштер салуына, сондай-ақ бар орман жолдарын пайдалана алады. Құрылыстардың, сондай-ақ пайдаланылатын қондырғылардың мөлшері, түрі және мақсаты орман билетінде көрсетіледі.

      37. Құнарлы және плантациялық екпелерде жанама орман пайдалану тәртібін мемлекеттік орман қорының иеленушісі анықтайды.

  &6. Мүк, қамыс, орман төсендісін және жерге
түскен жапырақтарды дайындау

      38. Мүк, қамыс, орман төсендісі мен жерге түскен жапырақтарды дайындау оларды құрылыста, жем өндіруде, мал тұратын қора-жайларда пайдалану үшін және тыңайтқыш әзірлеу үшін және басқа мақсаттарда жүзеге асырылады.

      39. Аталған өсімдік шикізатын дайындау қоршаған ортаға зиян келтірмей, орман биоценоздарының тұтастығын сақтауды қамтамасыз ететін тәсілдермен уәкілетті органның облыстық аумақтық органдары мен облыстық қоршаған ортаны қорғау органдарының ұсынысы бойынша облыстық өкілді органдар бекітетін осы ресурстарды ықтимал алудың ғылыми негізделген нормаларына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.