Энергетикалық сараптаманы жүргізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі 2004 жылғы 10 қыркүйектегі N 214 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 22 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 3089

Жаңартылған

     "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру және Қазақстан Республикасының ұйымдарын энергетикалық зерттеуді ретке келтіру мақсатында Бұйырамын :
     1. Қоса беріліп отырған Энергетикалық сараптаманы жүргізу ережелері бекітілсін.
     2. Электр энергетикасы және қатты отын департаменті белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
     3. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитеті (Рамазанов М.З.) осы бұйрықты энергетикалық сараптаманы жүзеге асыратын ұйымдардың назарына жеткізсін.
     4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Электр энергетикасы және қатты отын департаментіне (Бертісбаев Н.Б.) жүктелсін.
     5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелу күнінен бастап күшіне енеді.

     Министрдің
     міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы  
Энергетика және минералдық
ресурстар министрінің  
міндетін атқарушының   
2004 жылғы 10 қыркүйектегі
N 214 "Энергетикалық   
сараптама жүргізу Ережесін
бекіту туралы" бұйрығымен
бекітілген       

Энергетикалық сараптама жүргізу
Ережесі

     1. Осы Энергетикалық сараптама жүргізу Ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және жобаланатын, салынып жатқан, пайдалануға тапсырылатын, жұмыс істеп жатқан ұйымдар мен объектілерді ретке келтіру, сондай-ақ энергетикалық рынокта көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсаттарында әзірленді.

     2. Осы Ереженің талаптары электр энергетикасы саласында энергетикалық сараптаманы жүзеге асыратын ұйымдар үшін міндетті болып табылады.

     3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
     уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электр энергетикасы саласында мемлекеттік саясатты іске асыратын орталық атқарушы орган;
     сараптау ұйымы - электр энергетикасы мен энергия үнемдеу мәселелері бойынша энергетикалық сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен аккредиттелген ұйым;
     сараптаманы ұйымдастырушы - сараптау ұйымына жүгінген және энергетикалық сараптама жүргізгісі келетін жеке немесе заңды тұлға;
     энергетикалық сараптама - жұмыс істеп тұрған, жаңғыртылушы және жаңадан салынып жатқан объектілер бойынша электр энергетикасы саласындағы электр және жылу тораптарының энергетикалық жабдықтарындағы технологиялық бұзылушылықтар мен аварияларды тергеу кезінде, сондай-ақ олардағы өндірістік жарақат жағдайларында, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерге сәйкестікке өткізілетін сараптама.

2. Энергетикалық сараптама жүргізу тәртібі

     4. Энергетикалық сараптама жүргізу жөніндегі жұмыстарды және қорытындылар беруді Уәкілетті орган рұқсат беретін ұйымдар жүзеге асырады.
     Энергетикалық сараптама жөніндегі жұмыстарды орындау үшін ұйымдарда міндетті түрде аттестациядан өткен электр зертханасы, электр қауіпсіздігі бойынша кіру рұқсаты бар тиісті топтағы білікті қызметшілер, тексеруден және электрлік сынақтан өткен өлшейтін және сынайтын аспаптардың болуы қажет.
      Ескерту: 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің 2005 жылғы 2 ақпандағы N 23 бұйрығымен .

     5. Энергетикалық сараптама жүргізудің шарттары мен мерзімдері Сараптаманы ұйымдастырушы мен Сараптау ұйымы арасындағы уағдаластық бойынша анықталады.

     6. Сараптама ұйымдары энергетикалық сараптаманы электр энергетикасы саласында уәкілетті орган бекіткен әдістемелерге сәйкес жүргізеді.

     7. Электр мен жылу энергиясын беру, сондай-ақ электр мен жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды сараптамалық зерттеу Энергетикалық сараптама жүргізу жоспарларына (осы Ережеге 1, 2, 3-қосымшаларға) сәйкес жүргізіледі.

3. Сараптамалық қорытынды

     8. Жүргізілген энергетикалық сараптама нәтижелері бойынша сараптама жүргізу мәні бойынша дәлелді, негізді және толық сараптамаларды қамтуға тиіс сараптамалық қорытынды жасалады.
     Сараптамалық қорытындыда қызметтің негізгі бағыттары бойынша ұйымның жай-күйі көрсетіледі. Оған диаграммалардың, схемалардың және басқа құжаттардың көшірмелері қоса берілуі мүмкін.

     9. Сараптамалық қорытынды сараптау ұйымының фирмалық бланкісінде дайындалады.

Энергетикалық сараптама
жүргізу ережесіне  
1-қосымша      

Ұйымдарға электр және жылу энергиясын өндіру
бойынша энергетикалық сараптама жүргізу жоспары

     1. Электр станциясының (қазандықтың) техникалық көрсеткіштерінің негізгі және көмекші энергетикалық жабдықтың жинағы мен құрамы бойынша жобалық (паспорттық) деректерге сәйкестігі.
     2. Негізгі және көмекші энергетикалық жабдықтың, ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жағдайын бағалау (табиғи тозу, техникалық сипаттамалардың жобалық немесе белгіленген тәртіппен өзгертілген түріне сәйкестігі).
     3. Энергия объектілерінің, оның ішінде:
     станциялық жылу беру қондырғыларының;
     күлді тұту және күлді шығару жүйелерінің;
     жылу электр станцияларының құбыр желілерінің;
     жылу автоматикасы мен өлшемдері құрылғыларының;
     турбиналардың реттеу және бу тарату жүйелерінің;
     су жылытқыш және бу энергетикалық қазандардың; P092126
     газ шаруашылығының;
     мазут шаруашылығының;
     отын-көлік жабдығының;
     мұнаралы градирендерінің;
     өндірістік ғимараттардың, құрылыстар мен аумақтардың;
     табиғат қорғау объектілерінің;
     Автоматиканың релелік қорғанысы, аварияға қарсы автоматика және байланыс құрылғыларының;
     гидротурбиналық жабдықтың;
     электр техникалық жабдықтың (генераторлар, электр қозғалтқыштар, күштік және өлшеуіштік трансформаторлар, реакторлар, коммутациялық аппараттар);
     компрессорлық, аккумуляторлық, электролиздік қондырғылардың техникалық пайдалану деңгейінің қолданыстағы салалық нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігі.
     4. Авариясыз жұмысты және қауіпсіз қызмет көрсету шарттарын қамтамасыз ететін техникалық және ұйымдастыру іс-шараларының болуы және орындалуы, оның ішінде:
     уәкілетті органның шешімдері бойынша іс-шараларды орындау;
     технологиялық бұзылыстарды тексеру актілері бойынша іс-шараларды орындау;
     жедел және диспетчерлік тәртіпті сақтау жөніндегі талаптарды орындау;
     тұтынушылардың энергетикалық кәсіпорындар персоналының электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі техникалық қауіпсіздік жөніндегі білімдерінің уақытылы тексерілуі;
     электр қондырғыларын қауіпсіз пайдалану жөніндегі ұйымдық-өкімгерлік және нормативтік құжаттаманың болуы, оның жай-күйі және орындалуы;
     жұмыс орындарының үйретілген және аттестатталған персоналмен жабдықталуы;
     персонал еңбегін қорғау, оның біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыстың жағдайы.
     5. Жабдықтар мен құрылыстарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау.
     6. Кәсіпорын жұмысының техникалық-экономикалық көрсеткіштерін және оларды жақсарту жөніндегі қолданылатын шараларды бағалау.

Энергетикалық сараптама
жүргізу ережелеріне  
2-қосымша       

Жылу энергиясын беру және бөлу жөніндегі
ұйымдарға энергетикалық сараптама жүргізу жоспары

     1. Энергетикалық жабдықтың жинағы мен құрамы бойынша жобалық (паспорттық) деректерге жылу тораптарының техникалық көрсеткіштерінің сәйкестігі.
     2. Энергетикалық жабдықтың, ғимараттар мен құрылғылардың (физикалық тозуы, жобалық немесе белгіленген тәртіппен өзгертілгенге техникалық сипаттамалардың сәйкестігі), оның ішінде:
     магистральдық және таратушы жылу тораптарының;
     аудандық қазандықтар мен сорғы станциялары жабдықтарының;
     бак-аккумуляторлардың техникалық жай-күйін бағалау.
     3. Қолданыстағы салалық нормативтік құжаттардың талаптарына объектілердің, оның ішінде:
     жылу тораптарының (магистральдық және таратушы);
     бак-аккумуляторлардың;
     су жылытқыш қазандардың; P092126
     күл тұту және күл шығару жүйелерінің;
     газ шаруашылығының;
     мазут шаруашылығының;
     автоматика мен өлшемдер құрылғыларының;
     өндірістік ғимараттардың, құрылмалардың;
     табиғат қорғау объектілерінің техникалық пайдалану деңгейінің сәйкестігі.
     4. Авариясыз жұмысты және қызмет көрсетудің қауіпсіз шарттарын, оның ішінде:
     уәкілетті органның шешімдері бойынша іс-шаралардың орындалуын;
     технологиялық бұзушылықтарды тергеу актілері негізінде әзірленген іс-шаралардың дер кезінде және толық орындалуын;
     техникалық пайдалану ережесін, техникалық қауіпсіздік ережесін және энергетикалық кәсіпорындар персоналының пайдалану және техникалық қауіпсіздік жөніндегі басқа да нормативтік құжаттарды білуін тексерудің уақтылығы;
     пайдалану, техникалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымдық-өкімгерлік және нормативтік құжаттаманың болуын, оның жай-күйі мен орындалуын;
     жұмыс орындарының оқытылған және аттестатталған персоналмен толықтырылуын;
     персоналдың еңбегін қорғау, оның біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыстың жай-күйін қамтамасыз ететін техникалық және ұйымдастыру іс-шараларының болуы және орындалуы.
     5. Жабдықтарды және құрылмаларды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау.
     6. Кәсіпорын жұмысының техникалық-экономикалық көрсеткіштері мен оларды жақсарту жөніндегі қабылданатын шараларды бағалау.

Энергетикалық сараптама
өткізу Ережесіне    
3-қосымша       

Электр энергиясын беру жөніндегі ұйымның
энергетикалық сараптама өткізу жоспары

     1. Электр тораптары техникалық көрсеткіштерінің (кернеу сыныптары бойынша ұзындығы, 35 киловольт және одан да жоғары қосалқы станциялар, 6-10/0,4 киловольт қосалқы станциялар трансформаторларының саны мен белгіленген қуаты) жобалық немесе белгіленген тәртіппен өзгертілген деректерге сәйкестігі.
     2. Энергетикалық жабдықтардың, ғимараттар мен құрылыстардың, соның ішінде:
     электр беру желілерінің;
     35 киловольт және одан жоғары трансформаторлық қосалқы станциялар жабдықтарының, 6-10/0,4 киловольт трансформаторлық қосалқы станциялардың және 6-10 киловольт тарату пункттері жабдықтарының техникалық жағдайын (физикалық тозу, техникалық сипаттамалардың жобалық немесе белгіленген тәртіппен өзгертілген деректерге сәйкестігін) бағалау.
     3. Объектілердің, соның ішінде:
     әуелік электр беру желілерінің;
     кабельдік электр беру желілерінің;
     компрессорлық жабдықтардың;
     автоматтандырылған өрт сөндіру жүйелерінің;
     тарату құрылғылары жабдықтарының;
     өндірістік ғимараттардың, құрылыстардың;
     күш трансформаторлары мен май реакторларының;
     электролизді қондырғылардың;
     релелік қорғаныш және автоматика, өртке қарсы авариялық автоматика және байланыс құрылғыларының техникалық пайдалану деңгейінің қолданыстағы салалық нормативтік құжаттарға сәйкестігі.
     4. Техникалық және авариясыз жұмыс пен қызмет көрсету қауіпсіздігін, соның ішінде:
     уәкілетті органның шешімдері бойынша іс-шаралардың орындалуын;
     технологиялық бұзылушылықтарды тергеу актілерінің негізінде әзірленген іс-шаралардың орындалу уақтылығы мен толықтығын;
     оперативтік және диспетчерлік тәртіпті сақтау жөніндегі талаптардың орындалуын;
     техникалық пайдалану ережелерін, техника қауіпсіздігі ережелері мен басқа да пайдалану және техника қауіпсіздігі жөніндегі нормативтік құжаттарды энергетика кәсіпорындары қызметкерлерінің білуін тексерудің уақтылығын;
     пайдалану, техника қауіпсіздігі, оның жай-күйі мен орындалуы жөніндегі ұйымдастыру-басқару және нормативтік құжаттаманың болуын;
     қызметкерлердің еңбегін қорғау, олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыстың жай-күйін қамтамасыз ететін техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралардың болуы мен орындалуы.
     5. Жабдықтар мен құрылыстарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау.
     6. Кәсіпорынның, оның құрылымдық бөлімшелерінің техника-экономикалық көрсеткіштерін және оларды жақсарту жөніндегі қабылданған шараларды бағалау.