"Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 31-бабының 2-тармағының негізінде, Бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығын және жекеше нотариустардың іс жүргізу ережелерін сақтауын бақылауды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Аумақтық әділет органдарының басшылары бекітілген Ереженің тиісінше қолданылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
Министр
"Келісілді"
Республикалық нотариаттық
палатаның төрағасы
2004 жылғы "__" __________
"Жекеше практикамен айналысатын
нотариустардың жасайтын нотариаттық
іс-әрекеттердің заңдылығын және
іс жүргізу ережелерін сақтауын
бақылауды жүзеге асыру ережесін
бекіту туралы"
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2004 жылғы 5 шілдеде N 202
бұйрығымен бекітілген
Жекеше практикамен айналысатын нотариустардың жасайтын нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығын және іс жүргізу ережелерін сақтауын бақылауды жүзеге асыру
ЕРЕЖЕСІ
Ескерту. Барлық мәтін бойынша «аумақтық әділет органы», «аумақтық әділет органдарының», «әділет органы», «әділет органының», «әділет органына» деген сөздер «әділет департаменті», «әділет департаменттерінің», «әділет департаментінің», «әділет департаментіне» деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
1. Ереже "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабының 2-тармағына және 33-бабының 2-тармағына сәйкес аумақтық жекеше практикамен айналысатын нотариустардың (бұдан әрі - нотариустар) жасайтын нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығын және іс жүргізу ережелерін сақтауын бақылауды жүзеге асыру бойынша әділет департаменті мен нотариаттық палатаның бірлескен құзыретін іске асыру тетігін әзірлеу мақсатында жасалды.
2. Ереже нотариустардың жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығын және іс жүргізу ережелерін сақтауын бақылауды жүзеге асыру тәртібін анықтайды.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
3. Бақылаудың мақсаты:
1) нотариаттық қызмет көрсету саласында заңдылықты және оған халықтың қол жеткізуін қамтамасыз ету;
2) нотариустардың нотариаттық практикасының қолданыстағы заңнаманың және халықаралық құқықтың нормалары мен талаптарына сәйкес келуін зерделеу болып табылады.
4. Бақылаудың міндеттері:
нотариаттық іс-әрекеттер жасауға жүгінген адамдардың мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету;
нотариустардың құқық қолдану практикасының бірізділігін қамтамасыз ету;
нотариаттық қызмет көрсету саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту болып табылады.
5. Бақылауды жүзеге асырудың қағидаттары:
объективтілік;
ашықтық;
әділдік;
кәсіби этиканы сақтау;
кәсіби құпияны сақтау;
нотариусқа жүгінген азаматтардың, сондай-ақ нотариустың өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету болып танылады.
6. Нотариустардың жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығын және іс жүргізу ережелерін сақтауын бақылау (бұдан әрі - бақылау) әділет департаменті нотариаттық палатамен бірге нотариустардың кәсіби қызметін тексеру нысанында жүзеге асырады.
7. Нотариустардың кәсіби қызметін тексеру:
нотариаттық іс-әрекеттерді жасау кезінде нотариус тексеретін заңдылықты, сондай-ақ кәсіби этика ережелерін сақтаудың жай-күйін зерделеу және тексеруді;
нотариустың статистикалық есептілік пен нотариаттық істерді есепке алуды жасауының дұрыстығы мен растығын зерделеуді;
нотариус қызметінің аумағында нотариаттық қызмет көрсетудің деңгейі мен мәдениетін тексеруді;
жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің динамикасын, құрылымы мен сипатын талдауды;
нотариустың нотариаттық іс жүргізуге, соның ішінде іс қағаздарын жүргізу тіліне қойылатын талаптарды сақтауыды;
нотариаттық мұрағаттың жай-күйін зерделеуді;
нотариустың Ар-ождан кодексін сақтауы және нотариаттық палата жарғысының талаптарын орындауды қамтиды.
Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
8. Нотариустардың кәсіби қызметін тексерулердің түрлері:
1) әділет департаменті мен нотариаттық палатаның алғашқы тексерістері;
2) әділет департаменті мен нотариаттық палатаның мерзімді тексерістері;
3) шұғыл тексерістер.
9. Осы Ереженің 8-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген тексерістер әділет департаменттерінің нотариаттық палатамен келісімі бойынша жасалатын бірыңғай тексерістер кестесіне (бұдан әрі - кесте) сәйкес жүзеге асырылады.
Бірыңғай тексерістер кестесі:
1) тексерістердің мерзімдері мен кәсіби қызметі басталған күннен бастап 6 ай өтсе де, алайда кемінде бір жыл жұмыс істейтін (алғашқы тексерістер) нотариустар тобын;
2) тексерістердің мерзімдері мен кәсіби қызметін соңғы тексеріс бір жыл бұрын жүргізілген (мерзімді тексерістер) нотариустар тобын анықтайтын тарауларды қамтуы тиіс.
10. Тексерістер кестесі бір күнтізбелік жылға жасалады және нотариаттық палатаның келісімі бойынша әділет департаменті басшысының бұйрығымен бекітіледі және келер жылдың 20 қаңтарынан кешіктірілмей нотариаттық округтың барлық нотариустарының назарына жеткізіледі.
Тексерулер кестесін қажет болған жағдайда әділет департаменті нотариаттық палатаның келісімі бойынша жылына кемінде екі рет түзетуге тиіс.
Кесте бір және сол нотариустың кәсіби қызметін кемінде жылына бір рет тексеруді жүргізу үшін негіз болып табылады.
11. Кестені жасау кезінде мынадай факторлар мен мән-жайлар есепке алуға жатады:
тиісті нотариаттық округіндегі қызметті жүзеге асырудың жалпы мерзімі;
алдыңғы тексерістердің нәтижелері;
нотариустың алдыңғы тексерістерде алған ұсыныстарды орындауы;
нотариустың іс-әрекетіне шағымдар мен өтініштердің саны;
сот тәртібімен жойылған нотариаттық іс-әрекеттердің, нотариусқа қатысты соттар шығарған жекеше ұйғарымдардың болуы;
нотариусқа қатысты қозғалған қылмыстық істің болуы;
құқық қорғау органдарының ұсынымдары.
Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
12. Шұғыл тексерістер жүргізу үшін нотариаттық іс-әрекеттер жасау үшін нотариусқа жүгінген адамдардың шағымдары мен өтініштері, құқық қорғау органдарының ұсынымдары, соттардың жекеше қаулылары, лицензиардың тапсырмалары және басқалары негіз бола алады.
Шұғыл тексеріс заңсыз (дұрыс емес) екені құқық қорғау органдары мен соттардың шағымында, өтінішінде немесе іс жүргізу құжаттарында көрсетілген іс-әрекетті ғана қамтиды.
Шұғыл тексеріс нотариусқа оны жүргізу туралы алдын ала хабарланбастан жүргізіледі.
Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
13. Алғашқы тексерістерді жүзеге асыру үшін нотариаттық палатаның келісімі бойынша әділет департаменті басшысының бұйрығымен құрамы кемінде үш адамнан болатын тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады.
Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
14. Нотариус қызметiн алғашқы тексеруден:
нотариуспен нотариалдық қызметті реттейтін қолданыстағы заңнамаларды сақтау тәртiбiн;
нотариустың үй-жайына заңнамада қойылатын талаптарды сақтауды (нотариус офисiнiң халық үшiн қол жетiмдi болуы, оның нотариус қызметiнiң аумағында орналасуы, нотариаттық iс-әрекеттер жасаудың құпиялығын қамтамасыз ету, маңдайшадағы жазу, жұмыс режимi, үй-жайға қойылатын санитарлық, өртке қарсы және басқа да талаптардың орындалуын қамтамасыз ету);
нотариустың мөрi мен бланкiлерiн сақтау, нотариустың тiзiлiмдердi, кiтаптарды жүргiзуi мен сақтауы жағдайларын;
азаматтарды қабылдауды ұйымдастыруды;
мұрағат үй-жайының жай-күйiн және мұрағат құжаттарының;
нотариус қызметiнiң ақпараттық-нормативтiк жай-күйiн зерделеуді қамтиды.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда берілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
15. Алғашқы тексерістер нәтижелері нотариус танысуға тиіс комиссия анықтамасында көрінуге тиіс.
Анықтама көшірмесі тексеріс аяқталғаннан кейін бес күннен кешіктірілмей шаралар қабылдануы және нотариустың комиссия берген ұсынымдарды орындауын кейіннен бақылауды жүзеге асыру үшін әділет департаменті мен нотариаттық палатаға жіберіледі.
16. Мерзімді бақылау тексерістерін жүзеге асыру үшін нотариаттық палатаның келісімі бойынша әділет департаменті бастығының бұйрығымен комиссия құрылады.
Комиссия құрамы үш адамнан кем болмауға тиіс.
17. Комиссияны құру туралы бұйрық тексеріс басталғанға дейін екі аптадан кешіктірілмей шығарылуға тиіс.
Бұйрықта комиссияның жеке құрамынан басқа кәсіби қызметі тексеруге жататын нотариустың тегі, аты, әкесінің аты, тексерісті жүзеге асыру үшін белгіленетін тексеріс негіздері, мерзімдері, тексеріспен қамтылатын нотариустың жұмыс кезеңі көрсетілуге тиіс.
Сондай-ақ бұйрықта, нотариаттық палатаның келісімі бойынша, тексерісті тиісінше ұйымдастыру және комиссия мүшелерінің қызметін үйлестіру жүктелетін комиссия төрағасы белгіленеді.
18. Тексерілетін нотариус тексеріс басталғанға дейін он күннен кешіктірілмей қол қойып бұйрықпен танысуға тиіс.
Нотариус тексеріс туралы бұйрықпен танысудан бас тартқан жағдайда, комиссия бас тарту туралы акт жасайды. Бұл ретте нотариустың бас тартуы тексерісті жою үшін негіз бола алмайды.
19. Науқастанған немесе басқа дәлелді себептер болған жағдайда бұйрықта белгіленген тексеріс мерзімін есептеу тоқтатыла тұрады.
Тексеріс мерзімі тоқтатыла тұрған немесе ұзартылған жағдайда, комиссия төрағасының әділет департаментіне жазбаша өтініші негізінде әділет департаментінің қосымша бұйрығы шығарылуға тиіс.
20. Комиссия құрамына:
әділет департаментінің аппарат қызметкерлері (басшылары);
нотариат мәселелерімен айналысатын нотариаттық палата аппаратының қызметкерлері;
кемінде бес жыл нотариаттық өтілі бар және соңғы үш жылда тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған мемлекеттік және (немесе) жекеше нотариустар енгізілуге тиіс.
Комиссия құрамына олар келіскен және нотариаттық палата қаражатының есебінен іссапар шығыстарын төлеген жағдайда, басқа нотариаттық округтерден нотариустар кіруі мүмкін.
Ескерту. 20-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
21. Комиссия мүшелері:
тексерілетін нотариустан тексеріс жүргізу үшін қажет нотариаттық іс-әрекеттер туралы, соның ішінде статистикалық құжаттар мен мәліметтерді алуға;
олар жасаған нотариаттық іс-әрекеттерге қатысты жасалатын нотариустан жеке түсіндірулер талап етуге;
сот қаулыларымен, прокуратура органдарының ұйғарымдарымен, бақылау-қадағалау органдары жүргізген алдыңғы тексерістер нәтижелері туралы актілермен немесе анықтамалармен танысуға;
қолданыстағы заңнама бойынша нотариуспен әңгімелесу жүргізуге;
қажет болған жағдайда нотариустың аумағында сауалнама немесе халықтан жауап алуды сұрауды ұйымдастыруға;
ауылдық жерлерде нотариустың нотариаттық қызмет көрсетуін ұйымдастыру мәселесі бойынша жергілікті мемлекеттік басқарма органдарының пікірін зерделеуге және ескеруге;
объективті анықтамалар жасау үшін қажет басқа да мәліметтер алуға құқылы.
22. Комиссия мүшелері:
объективті және әділ болуға;
нотариат мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнаманың ережелері мен талаптарын, 2001 жылғы 16 ақпанда жекеше практикамен айналысатын нотариустардың Республикалық съезімен бекітілген нотариустың Ар-ождан кодексін, нотариаттық палата жарғысын білуге;
тексерілетін нотариустың офисінде нотариаттық құжаттарды одан тысқары шығармастан, тексерісті жүзеге асыруға;
нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде нотариустың тәуелсіздігіне қол сұқпауға;
тексеріс жүргізу кезінде оларға белгілі болған мәліметтерді жарияламауға;
кәсіби этиканы сақтауға;
нотариусқа әдістемелік және практикалық көмек көрсетуге;
заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тексеріс жүргізуге келтірілген кедергіні нотариус жөндеген жағдайда әділет департаменті мен нотариаттық палатаға хабарлауға міндетті.
Ескерту. 22-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
23. Комиссия мүшелері заңнамада белгіленген тәртіппен:
тексеріс нәтижелерінің объективті еместігі;
нотариустың кәсіби қызметіне жататын тексеріс барысында алынған мәліметтерді жариялағаны;
табылған теріс пайдалануларды ашқаны не осы теріс пайдалануларға ықпал еткені;
өзінің міндеттерін адал атқармағаны (тексеріске келмегені, дәлелді себептерсіз комиссия жұмысына қатысудан бас тартқаны) үшін тәртіптік жаза көтереді.
24. Комиссия мүшелерін құқықтық, нормативтік, әдістемелік, түсіндіру, нұсқаулық және басқа да материалдармен қамтамасыз ету әділет департаменті мен нотариаттық палатаға жүктеледі.
25. Комиссия мүшелеріне әдістемелік және практикалық көмек көрсету нотариаттық палатаға жүктеледі.
26. Нотариус оның қызметін тексеруді жүргізу барысында:
комиссияға талап етілетін барлық нотариаттық құжаттар мен статистикалық есептерді ұсынады;
қажет болған кезде жазбаша және ауызша түсіндірулер, сондай-ақ өзінің нотариаттық іс-әрекеттеріне түсініктемелер береді;
тексеру жүргізу үшін комиссия мүшелеріне тиісінше жағдайлар жасайды;
нотариаттық іс-әрекеттерді жасау кезінде анықталған қателер мен бұзушылықтарды болдырмау жөнінде шаралар қабылдайды;
өзге де заңды талаптар мен комиссия мүшелерінің өтініштерін орындайды.
27. Комиссия тексерістің нәтижелері бойынша оның аяқталған күнінен бастап 5 күн ішінде комиссия мүшелерінің барлығы және нотариус қол қоятын, содан кейін тексеріс аяқталған күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей әділет департаментіне және нотариаттық палатаға жіберілетін және нотариусқа табыс етілетін 3 дана анықтама жасайды.
28. Анықтамада алынған жағдайды толық талдау, комиссияның бағасы мен қорытындысы, сонымен қатар міндетті түрде іске асыру мерзімі көрсетілген нақты ұсыныстар болу қажет.
Ескерту. 28-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
29. Нотариус оның қызметіне тексеру жүргізілгеннен кейін:
тексеріс нәтижелері туралы анықтамамен таныса;
тексеріс нәтижелері мен комиссия қорытындыларына қатысты өзінің қарсылықтарын жазбаша және ауызша нысанды білдіре;
әділет департаменті мен нотариаттық палатаға немесе сот тәртібімен комиссия мүшелерінің іс-әрекеттеріне және (немесе) оның қорытындыларына шағымдана алады.
Ескерту. 29-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
30. Анықталған нотариустың бұзушылықтарын, кемшіліктер мен олқылықтарын жоюды тексеру мақсатында комиссия ұсынымдарында белгіленген мерзімдерге сәйкес бір жыл ішінде жүзеге асырылатын тексерістер қайта тексерістер болып танылмайды.
31. Тексеріс нәтижелері әділет департаменті мен нотариаттық палата басқармасының бірлескен алқа отырысында талқылануы мүмкін.
32. Бірлескен алқа және басқарма отырысында комиссия мүшелері мен нотариустың өзі міндетті түрде қатысуға тиіс. Көрсетілген тұлғалардың дәлелді себептерсіз отырыстарда болмауы тексеріс нәтижелерін мәні бойынша қарауға және шешім қабылдауға кедергі келтірмейді.
33. Тексеріс нәтижелерін талқылау нәтижелері бойынша нотариусқа қатысты мынадай:
нотариустардың арасында оны одан әрі тарату мақсатында нотариустың оң тәжірибесін қорыту туралы;
нотариусты көтермелеу туралы;
Ар-ождан кодексіне сәйкес нотариусты тәртіптік жазаға тарту туралы;
нотариустың заң бұзушылықтарды анықтаған жағдайларда материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы;
нотариустың лицензиясын айыру, күшiн тоқтата тұру немесе жою туралы лицензиарға ұсынымдар жiберу туралы шешiмдер қабылданады.
Ескерту. 33-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
34. <*>
Ескерту. 34-тармақ алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010.06.15 № 185 Бұйрығымен.
35. Нотариус тексеріс нәтижелерімен, комиссия ұсынымдарымен немесе әділет департаменттерінің және әділет департаменттерінің қорытындыларымен келіспеген жағдайда, олардың іс-әрекеттеріне Әділет министрлігіне, Республикалық нотариаттық палатаға немесе сот тәртібімен шағымдануға құқылы.