Медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 9 маусымдағы N 462 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 30 маусымда тіркелді. Тіркеу N 2922

Қолданыстағы

       "Қазақстан  Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы",  "Білім  туралы",  "Денсаулық  сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлауды ретке келтіру, үйлестіру және одан әрі жетілдіру мақсатында бұйырамын:
      1. Қоса беріліп отырған Медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медицина ғылымы, білім, медицинаны дамыту және халықаралық қатынастар департаменті (Хамзина Н.Қ.), Әкімшілік департаменті (Шабдарбаев А.Т.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медицина ғылымы, білім, медицинаны дамыту және халықаралық қатынастар департаменті (Хамзина Н.Қ.) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін медициналық білім беру және ғылыми ұйымдарға жеткізуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік департаменті (Шабдарбаев А.Т.) осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау бірінші вице-министр А.А.Ақановқа жүктелсін.
      6. Осы бұйрық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр

Қазақстан Республикасы       
Денсаулық сақтау министрінің    
"Медициналық және фармацевтикалық  
білімі бар мамандардың біліктілігін 
арттыру және қайта даярлау     
ережесін бекіту туралы"       
2004 жылғы 9 маусымдағы       
N 462 бұйрығымен           
бекітілген             

Медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау
Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже  "Қазақстан  Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы",  "Білім  туралы",  "Денсаулық  сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және медициналық, фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін айқындайды.
      2. Медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың (бұдан әрі - мамандар) біліктілігін арттыру және қайта даярлау қосымша медициналық және фармацевтикалық білім берудің (бұдан әрі - қосымша білім беру) негізгі нысандары болып табылады.
      3. Қосымша білім беру бағдарламаларын іске асырудың негізгі мақсаты - денсаулық сақтау жүйесін денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы әдістері мен технологияларын меңгерген жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады.
      4. Мамандарға қосымша білім берудің міндеттері:
      1) жаңа теориялық білім мен практикалық дағдылар алуда және бар теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын жаңғыртуда денсаулық сақтау кадрларының қажеттіліктерін қанағаттандыру;
      2) алған теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын практикада қалыптастыру және бекіту;
      3) кәсіби және ұйымдастырушылық дағдыларын жетілдіру мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарының озық тәжірибелерін үйрету болып табылады.
      5. Қосымша білім беру бағдарламаларын игеру барлық еңбек қызметі бойында кемінде бес жылда бір рет, жұмыстан қол үзіп оқу арқылы жүргізіледі.
      6. Қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру шеңберінде оқытудың мынадай түрлері жүргізіледі: біліктілікті арттыру және қайта даярлау (мамандандыру).
      7. Қосымша білім беру бағдарламалары, меншік түріне қарамастан, білім беру қызметіне лицензиясы бар медициналық ғылыми және білім беру ұйымдарында іске асырылады.
      8. Қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру Мамандықтар бойынша біліктілікті арттырудың және қайта даярлаудың типтік оқу бағдарламаларына (бұдан әрі - Типтік бағдарламалар) сәйкес жүзеге асырылады.
      9. Типтік бағдарламалар бес жыл мерзімге әзірленеді. Жоғары медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін Типтік бағдарламаларды кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау саласындағы әдістемелік орган әзірлейді, республиканың медициналық жоғары оқу орындарының Оқу-әдістемелік бірлестігімен келісіледі және денсаулық сақтау саласындағы орталық уәкілетті орган бекітеді.
      Орта медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін Типтік бағдарламаларды Республикалық оқу-әдістемелік орталық әзірлейді және денсаулық сақтау саласындағы орталық уәкілетті орган бекітеді.
      Қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар Типтік бағдарламалар негізінде Мамандықтар бойынша біліктілікті арттырудың және қайта даярлаудың жұмыс оқу бағдарламаларын (бұдан әрі - Жұмыс бағдарламасы) және мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспарларын әзірлейді.
      10. Оқу ұзақтығы Жұмыс бағдарламасының мазмұнымен айқындалады.
      11. Жоғары медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін оқу мерзімі біліктілігін арттырғанда жалпы жетілдіру циклдарында 144 сағаттан 288 сағатқа дейін, тақырыптық жетілдіруде 72 сағаттан 234 сағатқа дейін, қайта даярлауда (мамандандыруда) - 288 сағаттан 864 сағатқа дейін.
      "Денсаулық сақтаудағы менеджмент" мамандығы бойынша жоғары кәсіптік білім базасында қайта даярлау 1140 сағатқа дейінгі мерзімде болуы мүмкін.
      Медициналық және фармацевтикалық орта білімі бар мамандар үшін оқыту мерзімі жалпы жетілдіру циклдарында 72 сағаттан 144 сағатқа дейін, тақырыптық жетілдіру 36 сағаттан 72 сағатқа дейін, қайта даярлауда (мамандандыру) - 216 сағаттан 288 сағатқа дейін.
      Бір академиялық аптаның ұзақтығы 36 оқу сағатын, бір жұмыс күні 6 академиялық сағатты құрайды, бұған қоса, тыңдаушылардың өз бетінше даярлануына да уақыт қарастырылады.
      12. Қосымша білім беру бағдарламасын 72 сағат көлемінде меңгерген мамандарға осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес куәлік беріледі, 72 сағаттан артық меңгергендерге осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес куәлік беріледі.
      13. Қосымша білім беру бағдарламалары бойынша оқыту шарт негізінде немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
      Басқа жерлерден келген тыңдаушыларға іссапар шығыстарын төлеу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

2. Мамандардың біліктілігін арттыру

      14. Біліктілікті арттырудың мақсаты қазіргі заманғы талаптарға сәйкес теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын жаңарту, сондай-ақ бұрын алған білімдері мен дағдыларын одан әрі жетілдіру болып табылады.
      15. Біліктілікті арттыру оқытудың мынадай түрлерін қамтиды:
      1) Жалпы жетілдіру - мамандық бойынша, оның жалпы бөлімдері және аралас пәндер бойынша өзекті мәселелерді оқыта отырып, мамандардың кәсіби білімін жетілдіру, сондай-ақ біліктілік талаптарына сәйкес мамандарға қойылатын практикалық дағдыларды меңгерту.
      Жалпы жетілдіру осы мамандық бойынша интернатурада оқыған не қайта даярлаудан (мамандандырудан) өткен медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін көзделген.
      2) Тақырыптық жетілдіру - жұмысының сипатына және атқарып жүрген қызметіне сәйкес мамандықтың жеке бөлімдері және бағыттары бойынша теориялық білімдерін тереңдету және практикалық дағдыларын жетілдіру.
      Тақырыптық жетілдіру осы мамандық бойынша жалпы білімді жетілдіруді өткерген медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін көзделген.
      16. Біліктілікті арттыру электрондық және телекоммуникациялық құралдардың көмегімен қашықтықтан оқыту нысанында жүргізілуі мүмкін.

3. Мамандарды қайта даярлау (мамандандыру)

      17. Мамандарды қайта даярлаудың (мамандандырудың) мақсаты Жоғары және орта кәсіби білім даярлығы мен мамандықтар бағытының жіктемесінде көзделген мамандықтар шеңберінде кәсіби қызметті орындау мен жаңа біліктілік алу үшін қажетті білім, дағды және мамандық алу болып табылады.
      18. Ұйымдардың таратылуына, штатының немесе санының қысқаруына байланысты қызметкерлер босатылған жағдайларда кәсіби қайта даярлау осы қызметкерлерді жұмысқа қабылдаған ұйымның қаражаты есебінен жүргізілуі мүмкін.

Медициналық және фармацевтикалық   
білімі бар мамандардың біліктілігін  
арттыру және қайта даярлау ережесіне 
N 1-қосымша             

Біліктілігін арттырғаны туралы куәлік
N _____

__________________________________________________________________
                  (тегі, аты, әкесінің аты)
ол 20___ жылғы "___"_______________ бастап "____"___________ дейін
__________________________________________________________ жанында
                          (ұйымның атауы)
____________________________________________________ циклы бойынша
________________________________________________ мамандығы бойынша
_____________________________________ сағат көлемінде біліктілігін
арттырудан өткені үшін берілді
__________________________________________________________________
                      (басшының Т.А.Ә., қолы)

      Мөрдің орны
      Берілген күні 20___ жылғы "____" _______.

Медициналық және фармацевтикалық   
білімі бар мамандардың біліктілігін  
арттыру және қайта даярлау ережесіне 
N 2-қосымша             

Біліктілігін арттырғаны (қайта даярлықтан өткені)
туралы куәлік
N _____

Осы куәлік _______________________________________________________
                        (тегі, аты, әкесінің аты)
__________________________________________________________ жанында
                             (ұйымның атауы)
20__ жылғы "___"____________ бастап "___" _____________ дейін
________________________________________________ мамандығы бойынша
_________________ сағат көлемінде мамандығын арттырғанын (қайта даярлықтан өткенін) растайды
__________________________________________________________________
                       (басшының Т.А.Ә., қолы)

      Мөрдің орны
      Берілген күні 20 жылғы "____" ______________