Жекеше нотариустардың аттестаттаудан өту Ережесін бекіту және кейбір нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2004 жылғы 25 мамырдағы N 148 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 29 мамырда тіркелді. Тіркеу N 2881

Қолданыстағы

      "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  15-бабының 3-тармағының негізінде, бұйырамын:
      1. Қоса беріліп отырған Жекеше нотариустардың аттестаттаудан өту Ережесі бекітілсін.
      2. Аумақтық әділет органдарының басшылары бекітілген Ережені тиісінше қолдануды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау әділет вице-министрі С.Н.Баймағанбетовке жүктелсін.
      4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Мемлекеттік нотариустарды аттестациялау туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 1997 жылғы 24 қарашадағы N 109  бұйрығы  (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 423 тіркелген);
      2) "Орталық аттестациялық комиссия туралы" Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 1997 жылғы 24 қарашадағы N 110  бұйрығы  (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 424 тіркелген).
      5. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

       Министр

"Жекеше нотариустардың     
аттестаттаудан өту Ережесін  
бекіту және кейбір нормативтік 
құқықтық актілердің күші   
жойылды деп тану туралы"   
Қазақстан Республикасы    
Әділет министрінің      
2003 жылғы 25 мамырдағы   
N 148 бұйрығымен      
бекітілген          

Жекеше нотариустардың аттестаттаудан өту
Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Жекеше нотариустардың аттестаттаудан өтуінің осы Ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  15-бабының  3-тармағына сәйкес әзірленді және жекеше практикамен айналысатын нотариустардың аттестаттаудан өтуінің тәртібін, шарттары мен мерзімдерін айқындайды.

      2. Жекеше практикамен айналысатын нотариустарды (бұдан әрі - нотариустар) аттестаттау болып осы Ережеде белгіленген тәртіппен, шарттар мен мерзімдерде, аттестатталатын нотариустың кәсіби қасиеттерін анықтау және бағалау бойынша жүзеге асырылатын рәсім танылады.
      Аттестатталушының кәсіби қасиеттері ретінде нотариустың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын және халықаралық құқық нормаларын практикада қолдану және олардың талаптарын сақтау жөніндегі кәсіби білімін, кәсіби этикасы мен кәсіби дағдыларын таныған жөн.

      3. Нотариустар жекеше нотариаттық қызметті жүзеге асырған күннен бастап әрбір кейінгі бес жыл өткен сайын аттестаттаудан өтеді.
      Бір нотариаттық округте нотариаттық қызметі тоқтатылған күннен бастап және екінші нотариаттық округте кәсіби қызметі басталған күнге дейін алты айдан аспаса, көрсетілген кезеңде өзге де еңбек қатынастары болмаған жағдайда, бұл ретте нотариаттық өтілі үздіксіз деп есептеледі.

      4. Аттестаттау жылының басында белгіленген тәртіппен лицензиясының күші тоқтатылған нотариустар, сондай-ақ науқасы бойынша не басқа да дәлелді себептермен кемінде 4 ай болмаған нотариустар лицензиясының күшін қайта қалпына келтіргеннен кейін не жұмысқа шыққаннан кейін үш айдан кешіктірілмей аттестаттаудан өтеді.
      Баланы күтіп-бағу бойынша демалыстағы нотариустар, сондай-ақ өзінің нотариаттық практикасын ұзақтығы төрт айдан асатын науқасы бойынша немесе басқа да дәлелді себептермен тоқтатқан нотариустар жұмысқа шыққаннан кейін алты ай өткеннен кейін аттестаттаудан өтеді.

      5. Нотариустарды аттестаттауды осы Ережеге сәйкес құрылатын Аттестациялық комиссия жүргізеді.

      6. Аттестаттау мынадай бірқатар дәйектілік:
      1) аттестаттауды өткізуге дайындық;
      2) аттестаттауды өткізу;
      3) Аттестаттау комиссиясының шешім қабылдауы кезеңдерінен тұрады.

      7. Аттестаттауды өткізудің орны мен мерзімдерін аттестаттау комиссиясы белгілейді.

      8. Қолданыстағы заңнама бойынша аттестаттау мәселелерінің болжамды тізбесін Әділет министрлігі бекітеді және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      9. Аттестаттау билеттік жүйе бойынша аттестатталушының қалауымен мемлекеттік тілде және орыс тілінде емтихан және аттестатталушымен оған берілген материалдар мен мінездеме бойынша қосымша әңгімелесу түрінде жүргізіледі.

      10. Аттестаттау билеттерін Әділет министрлігі мемлекеттік тілде және орыс тілінде жасайды және екі сұрақты: біріншісі - қолданыстағы заңнама бойынша теориялық сұрақты, екіншісі - практикалық тапсырманы қамтиды.

      11. Аттестаттау билеттері Әділет министрлігінің мөрімен бекітілетін конверттерге салынады және аумақтық әділет органдарына жіберіледі.

      12. Аттестаттау билеттері салынған конверттер аттестатталушының және Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен аттестаттауда Аттестаттау комиссиясының төрағасының ашуына жатады.

2. Аттестаттау комиссиясын құру және
оның жұмысын ұйымдастыру

      13. Аттестаттау өткізу үшін Әділет министрінің бұйрығы бойынша әр екі жылға аумақтық әділет органдары ұсынымдарының негізінде 9 адамнан аспайтын құрамда Аттестациялық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылады.

      14. Комиссия құрамы аумақтық әділет органдары алқасының және нотариаттық округ нотариустарының жалпы жиналысының шешімдерімен ұсынылатын аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата өкілдерінің тең санынан құрылады.
      Комиссия құрамына келісім бойынша сот және құқық қорғау органдарының өкілдері, ғалым-құқықтанушылар енгізілуі мүмкін.
      Аумақтық әділет органының бастығы немесе бастығының орынбасары Комиссия төрағасы болып табылады. Комиссия хатшысы Комиссияның алғашқы ұйымдастыру отырысында айқындалады.
      Комиссия мүшесінің бірі шығып қалған жағдайда, жаңа мүше оның құрамына бір айдың ішінде енгізілуге тиіс.

      15. Комиссия отырысы егер оған оның мүшелерінің кемінде 3/2 қатысса, аттестаттауды өткізу қажеттілігіне қарай өткізіледі және заңды болып есептеледі.

      16. Комиссия қызметін ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз ету аумақтық әділет органына жүктеледі.

3. Аттестаттауды өткізуге дайындық

      17. Аттестаттауды өткізуге дайындықты аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата ұйымдастырады.
      Дайындық мынадай:
      1) аттестаттауға жататын нотариустар тізімін және аттестаттауды өткізу кестесін бекіту;
      2) аттестатталатын нотариустарға қажетті құжаттар пакетін дайындау;
      3) аттестатталушыларды аттестаттауды өткізу кестесімен және аттестаттауға әзірленген құжаттар пакетінің мазмұнымен қолын қойғыза отырып, таныстыру;
      4) аттестаттауды өткізудің мақсаттары, тәртібі мен шарттары туралы түсіндіру және консультациялық жұмысты ұйымдастыру іс-шараларынан тұрады.

      18. Аумақтық әділет органы нотариаттық палатамен келісе отырып, жылына екі рет бұйрық шығару арқылы аттестаттауға жататын нотариустарды анықтайды және олардың тізімін, сондай-ақ аттестаттауды өткізу кестесін бекітеді.

      19. Аумақтық әділет органы аттестаттауға жататын нотариустарды аттестаттауды өткізу мерзімдері туралы оны өткізу басталғанға дейін 30 күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді.

      20. Нотариаттық палата оның төрағасы атынан аттестаттауға жататын нотариустардың әрқайсысына аттестациялық материалдар пакетін ресімдейді және оларды аттестаттау басталғанға дейін 15 күн ішінде Комиссияға жібереді.
      Аттестаттау материалдарының пакетіне мыналар енеді:
      1) нотариустың фотосуретімен оның жеке парағы;
      2) аттестатталатын нотариустың кәсіби білімін, нотариаттық практикасының заңды жай-күйін, кәсіби, іскерлік және адамгершілік қасиеттерін білдіретін мінездеме, нотариустың жасаған нотариаттық іс-әрекеттерінің саны, құрылымы мен заңдылығы туралы; нотариустың өз біліктілігін арттыруы туралы; аттестатталушының іс-әрекеттеріне шағымдар және оларды қарау нәтижелері туралы мәліметтер, сондай-ақ көтермелеу және тәртіптік жаза қолдану, лицензия күшін тоқтата тұру (және) немесе лицензияны кері қайтару бойынша талаптық іс жүргізудің болуы туралы мәліметтер; қозғалған қылмыстық істің және соттылығының болуы не болмауы, іс жүргізу негіздемелері көрсетілген қылмыстық істердің тоқтатылуы (тоқтатыла тұруы) туралы мәліметтер;
      3) аттестатталушының кәсіби қызметін тексеру нәтижелері туралы анықтамалардың көшірмелері;
      4) аттестатталушының нотариаттық іс-әрекеттерін жарамсыз деп тану туралы соттардың қаулылары болуы туралы мәліметтер;
      5) нотариусқа қатысты соттар шығарған жекеше ұйғарымдардың болуы туралы мәліметтер.
      Мінездемеге енетін мәліметтер, сондай-ақ Ереженің осы тармағының 3), 4), 5) тармақшаларында көзделген мәліметтер аттестаттаудың алдындағы бес жылдық кезеңді қамтуға тиіс.
      Нотариус өзіне берілген мінездемемен және басқа да материалдармен аттестаттау басталғанға дейін он күннен кешіктірілмей Комиссияда қол қойып танысуға тиіс.

      21. Қажет болған жағдайда аттестаттау басталғанға дейін ұсынылған материалдардың дұрыстығы мен дәлдігіне қосымша тексеру жүргізуге болады. Комиссия төрағасы Комиссия мүшелерінің біріне қосымша тексеруді жүргізуді тапсыруға құқылы. Тапсырмада қосымша тексеруді жүргізуге негіз болған себептер көрсетілуге тиіс.

      22. Аттестатталатын нотариус өзіне берілген мінездемемен және басқа да материалдармен өзінің келіспейтіндігі туралы мәлімдеуге және аттестациялық комиссияға ақпаратты (анықтамалар мен басқа да материалдарды) немесе келіспейтіндігін растайтын себептер мен дәлелдерді аттестаттау басталғанға дейін 3 күн бұрын ұсынуға құқылы. Ұсынылған материалдардың уәжділігін Комиссия бағалайды және оның хаттамасында көрінеді.

4. Аттестаттауды өткізу тәртібі мен шарттары
және Комиссияның шешім қабылдауы

      23. Аттестаттау төрағаның немесе оның тапсырмасы бойынша ұсынылған материалдар пакетінің мазмұнын алдын ала зерделеуді жүргізген Комиссия мүшелерінің бірінің ақпаратынан басталады.

      24. Аттестаттау билеттерінің сұрақтарына аттестатталушы берілетін 2 сағаттан асырмай жазбаша жауаптар даярлайды. Аттестатталушы өз жауабының әр парағына қол қояды. Аттестатталушының жауаптары Комиссия хаттамасына тігіледі.
      Практикалық тапсырманы орындау кезінде аттестатталушы оған аттестаттау билетінің бірінші сұрағына жауап бергеннен кейін берілетін нормативтік құқықтық кесімдерді пайдалануға құқылы.

      25. Аттестатталушының теориялық сұраққа жауабының дұрыстығы, сондай-ақ ол ауызша айтатын және түсіндіретін практикалық тапсырманы орындауының заңдылығы мен толықтығын Комиссия мүшелері бес баллдық жүйемен бағалайды.
      Комиссия мүшелерінің әрқайсысы, басқаларға қарамастан аттестатталушының жауаптарын бағалайды. Комиссия мүшелерінің бағалары, сондай-ақ аттестатталушының билеттің бірінші және екінші сұрағы бойынша алған орташа баллдары Комиссияның хаттамасы мен шешімінде көрініс береді.

      26. Аттестатталушы емтиханнан өткеннен кейін Комиссия мүшелері ұсынылған құжаттар пакетінің сипаты мен мазмұны бойынша онымен әңгімелесу өткізеді.

      27. Комиссия аттестаттау нәтижелері бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) аттестаттаудан өтті;
      2) қайта аттестатталуға жатады;
      3) аттестаттаудан өтпеді.

      28. Дәлелді себептер бойынша аттестатталуға келмеген нотариус осы Ереженің 4-тармағына сәйкес аттестаттаудан өтеді.
      Аттестаттауға 2 ай ішінде дәлелсіз себептермен екі рет келмеген жағдайда мұндай нотариустың аттестаттаудан өтпегені туралы Комиссия шешім қабылдайды.

      29. Бірінші сұрағы бойынша жалпы орташа балы кемінде үш жарым баллды және практикалық тапсырманы орындағаны үшін кемінде төрт баллды құраған нотариус аттестаттаудан өткен болып есептеледі.

      30. Бірінші сұрағы бойынша 3-тен 3,5-ке дейін балл, және (немесе) практикалық тапсырмасы бойынша 3,5-тен 4-ке дейін балл жинаған нотариус қайта аттестатталуға жатады.

      31. Бірінші сұрағы бойынша кемінде үш балл, екінші сұрағы бойынша кемінде 3,5 балл жинаған аттестатталушы аттестаттаудан өтпеген болып есептеледі.
      Комиссияның нотариустың қайта аттестатталуы немесе аттестаттаудан өтпеуі туралы шешім шығаруы кезінде әңгімелесу нәтижелері ескеріледі.
      Емтихан мен әңгімелесудің нәтижелері бойынша Комиссия аттестатталушыға ұсыным беруге құқылы.

      32. Қайта аттестаттау алғашқы аттестаттау өткізген күннен бастап алты айдан соң өткізіледі.
      Комиссия қайта аттестаттауды өткізе отырып, мына шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) аттестаттаудан өтті;
      2) аттестаттаудан өтпеді.

      33. Комиссия отырысында міндетті түрде хаттама жүргізіледі, онда: отырыстың күні, уақыты және орны, аттестатталушының тегі, аты, әкесінің аты, оның лицензиясының нөмірі, қызметі шеңбері, емтихандық билетінің нөмірі мен мазмұны, аттестатталушының жауаптары, Комиссия мүшелері қойған бағалары және билеттің екі сұрағы бойынша орташа баллдары; аттестатталушыға мінездеме және берілген материалдар бойынша қойылған сұрақтар және оларға берген жауаптары, сондай-ақ Комиссия шешімі көрініс береді.
      Аттестатталушының билет бойынша жазбаша түрде даярлаған жауаптары Комиссия хаттамасына тігіледі.

      34. Комиссия хаттамасына аттестаттауға қатысқан барлық мүшелер қол қояды.

      35. Аттестаттау нәтижелері туралы Комиссия шешімі осы Ережеге қосымшада көзделген нысан бойынша хаттамадан жеке ресімделеді.

      36. Комиссия шешіміне аттестаттауға қатысқан барлық Комиссия мүшелері және аттестатталушының өзі қол қояды.

      37. Комиссия шешімі аттестаттау күні жарияланады және аттестатталушыға табыс етіледі.

      38. Комиссияның нотариусты аттестаттамау туралы шешім қабылдауы аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады және "Нотариат туралы" Заңның  11-бабына  сәйкес лицензия берушінің лицензияны кері қайтару туралы талап арыз өндірісін қозғауы үшін негіз болады.

      39. Нотариустың аттестаттаудан өтпегені туралы Комиссия шешімінің көшірмесі аттестаттау материалдарының көшірмелерімен аттестаттаудан өтпеген нотариустың лицензиясын кері қайтаруға талап беру туралы аумақтық әділет органының ұсынымымен бірге Әділет министрлігіне жіберіледі.

5. Аттестаттау комиссиясының шешімдерін шағымдау

      40. Нотариустар Әділет министрлігіне және (немесе) сотқа шағымдануға құқылы.

      41. Аттестаттау комиссиялары шешімінің күші жойылған жағдайда соңғылары осы Ережемен белгіленген тәртіпте, мерзімде және жағдайларда қайта аттестаттау өткізуге міндетті.

      42. Комиссия үш күннің ішінде Әділет министрлігіне қайта аттестаттау жөнінде шешім қабылданғаны туралы хабарлайды.

      43. Аттестаттау Комиссиясының төрағасы аттестаттау нәтижелері жөніндегі жалпы ақпаратты аяқталған күнінен бастап 5 күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарына жіберуге міндетті.

Қазақстан Республикасы 
Әділет министрінің   
2004 жылғы 25 мамырдағы  
N 148 бұйрығымен бекітілген
Жекеше нотариустардың  
аттестаттаудан өту    
Ережесіне қосымша    

Жекеше нотариусты аттестаттау нәтижелері жөніндегі аттестаттау комиссиясының шешімі

___________ қаласы                             "___" _____ 200 ж.

Аттестатталатын адамның аты-жөні _______________________________
________________________________________________________________
________________________________________________________________

Аттестатталушының лицензиясы нөмірі ____________________________
Аттестатталушының қызметі аумағы _______________________________
________________________________________________________________

Нотариаттық қызмет өтілі _______________________________________

Аттестатталушының үздіксіз жекеше нотариаттық қызметін жүзеге асыруды бастаған күні __________________________________________

Аттестаттаудың теориялық сұрағы бойынша мәселелері _____________

Аттестаттаудың практикалық сұрағы бойынша мәселелері ___________

Әңгімелесу нәтижелері __________________________________________
________________________________________________________________
________________________________________________________________

Аттестаттау нәтижелері бойынша Аттестаттау комиссиясы:

1. _____________________________________________________________
________________________________________________________________
   (аттестатталатын адамның тегі, аты, әкесінің аты)

аттестаттаудан өтті деп шешті.

Комиссия төрағасы:

Комиссия хатшысы:

Комиссия мүшелері:

Комиссия шешімімен таныстым: _____________________