Денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 25 ақпандағы N 190 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 23 наурызда тіркелді. Тіркеу N 2763.

Қолданыстағы

      "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес және жоғары немесе орта медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар адамдардың кәсіби медициналық, дәрігерлік немесе фармацевтикалық қызметке дайындығын айқындау мақсатында бұйырамын:
      1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 15 қаңтарда N 2120 тіркелген, "Официальная газета" газетінде 2003 жылғы 25 қаңтардағы N 4 (109) жарияланған "Медицина және фармацевтика қызметкерлеріне біліктілік санаттарын беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2002 жылғы 6 желтоқсандағы N 1071 бұйрығының  күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы бұйрық шыққанға дейін берілген біліктілік санаттары берілгені туралы куәліктер маман сертификатына теңестірілген деп танылсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Денсаулық сақтау вице-министрі А.Айдархановқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

      Министр

"Денсаулық сақтау саласында   
біліктілік емтихандарын өткізу 
ережесін бекіту туралы"    
Қазақстан Республикасы     
Денсаулық сақтау министрінің   
2004 жылғы 25 ақпандағы    
N 190 бұйрығымен бекітілген  

Денсаулық сақтау саласында біліктілік
емтихандарын өткізу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес әзірленді және медициналық және фармацевтикалық білімді адамдарға санат беруге біліктілік емтиханын өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Біліктілік емтиханы жоғары немесе орта медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар адамдардың кәсіптік медициналық немесе фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға дайындығын айқындау мақсатында жүргізіледі.

      3. Алғашқы біліктілік емтиханы интернатурада, клиникалық ординатурада, аспирантурада оқуды аяқтағаннан кейін, ал орта медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар адамдар үшін мамандығы бойынша үш жыл жұмыс істегеннен кейін өткізіледі.
      Интернатурадан өту көзделмеген мамандықтар бойынша алғашқы біліктілік емтиханы жоғары кәсіптік білім алғаннан кейін өткізіледі.

      4. Біліктілік емтихандары әр бес жыл сайын өткізіледі.

      5. Кезекті біліктілік емтиханына медициналық немесе фармацевтикалық білім беру қызметіне лицензиясы бар медициналық және фармацевтикалық ұйымдарда соңғы 5 жылда мамандығы бойынша біліктілігін арттырудан өткен адамдар жіберіледі.

      6. Біліктілік емтиханы өткізілгеннен кейін меншік нысанына қарамастан, денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін, емдік-диагностикалық, санитарлық-эпидемиологиялық және фармацевтикалық қызметпен айналысатын медициналық және фармацевтикалық білімді адамдарға, ғылыми-педагогикалық қызметкерлерге біліктілік санаты беріледі.

      7. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің біліктілік деңгейі төрт біліктілік санаты бойынша айқындалады:
      1) үшінші санат;
      2) екінші санат;
      3) бірінші санат;
      4) жоғары санат.

      8. Үшінші біліктілік санаты:
      1) интернатурада, ординатурада, аспирантурада оқуды аяқтаған (интернатурадан өту көзделмеген мамандықтар бойынша мамандығы бойынша - жоғары кәсіптік білім алғаннан кейін);
      2) мамандығы бойынша жұмыс стажы бес жылдан аз, ал ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндер үшін үш жылдан аз, біліктілік санаты жоқ, жоғары медициналық және фармацевтикалық білімді;
      3) мамандығы бойынша жұмыс стажы бес жылдан аз, қалалық жерде жұмыс істейтін орта медициналық және фармацевтикалық білімді адамдарға беріледі.

      9. Екінші біліктілік санаты мынадай:
      1) маманның біліктілік сипаттамаларында көзделген мамандығы бойынша қажетті білімі мен практикалық дағдысы болу;
      2) белгіленген үлгідегі құжат берумен расталған, бейін бойынша соңғы 5 жылда 144 сағаттан кем емес жалпы көлемде біліктілігін арттыру немесе (және) қайта даярлаудан өту;
      3) жоғары медициналық және фармацевтикалық білімді мамандар үшін соңғы 5 жылда мамандығы бойынша медициналық басылымдарда кемінде бір жарияланымы болу (ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндер үшін аудандық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдары есептеледі);
      талаптарға сәйкес келген, бес жыл және одан көп жұмыс стажы бар жоғары немесе орта медициналық немесе фармацевтикалық білімді мамандарға, ал ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандар үшін үш жыл және одан көп жұмыс стажы бар жоғары немесе орта медициналық немесе фармацевтикалық білімді мамандарға беріледі.

      10. Бірінші біліктілік санаты мынадай:
      1) маманның біліктілік сипаттамаларында көзделген мамандығы бойынша тиісті дайындығы мен практикалық дағдысы болу;
      2) белгіленген үлгідегі құжат берумен расталған, бейін бойынша 144 сағаттан кем емес соңғы 5 жылда жалпы көлемде біліктілігін арттырудан немесе (және) қайта даярлаудан өту;
      3) жоғары медициналық және фармацевтикалық білімді мамандар үшін соңғы 5 жылда мамандығы бойынша медициналық басылымдарда кемінде екі жарияланымы болу (ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндер үшін аудандық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдары есептеледі);
      талаптарға сәйкес келген, мамандығы бойынша сегіз жыл және одан көп жұмыс стажы бар медицина немесе фармацевтика қызметкерлеріне, ал ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандар үшін алты жыл және одан көп жұмыс стажы бар медицина немесе фармацевтика қызметкерлеріне беріледі.

      11. Жоғары біліктілік санаты мынадай:
      1) маманның біліктілік сипаттамаларында көзделген мамандығы бойынша қажетті білімі мен практикалық дағдысы болу;
      2) белгіленген үлгідегі құжат берумен расталған, бейін бойынша 144 сағаттан кем емес соңғы 5 жылда жалпы көлемде біліктілігін арттырудан немесе (және) қайта даярлаудан өту;
      3) жоғары медициналық және фармацевтикалық білімді мамандар үшін соңғы 5 жылда мамандығы бойынша медициналық басылымдарда кемінде үш жарияланымы болу (ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндер үшін аудандық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдары есептеледі);
      талаптарға сәйкес келген, аталған мамандық бойынша он бір жыл және одан көп жұмыс стажы бар жоғары медицина және фармацевтика мамандарына, ал ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандар үшін тоғыз жыл және одан көп жұмыс стажы бар жоғары немесе орта медициналық немесе фармацевтикалық білімді мамандарға беріледі.

      12. Біліктілік санатын беруде:
      1) біліктілік санаты жоқ, мамандығы бойынша бес жылдан жоғары жұмыс стажы бар (ауылдық жерлерде - үш жылдан жоғары) үшіншінің орнына екінші біліктілік санаты берілуі мүмкін адамдарды;
      2) осы Ережеде белгіленген талаптарға сәйкес екінші мен үшіншінің орнына бірінші біліктілік санаты берілуі мүмкін медицина, фармацевтика және биология ғылымдарының кандидаттарын;
      3) осы Ережеде белгіленген талаптарға сәйкес бірінші, екінші және үшіншінің орнына жоғары біліктілік санаты берілуі мүмкін медицина, фармацевтика және биология ғылымдарының докторларын;
      4) осы Ережеде белгіленген талаптарға сәйкес мамандығы бойынша ауылдық жерлерде алты жыл және одан көп жұмыс стажы бар, үшінші мен екіншінің орнына бірінші біліктілік санаты берілуі мүмкін, ал ауылдық жерлерде тоғыз жыл және одан жоғары жұмыс стажы бар ауылдық жерде жұмыс істейтін адамдарды (мамандарды) қоспағанда: үшінші, екінші, бірінші, жоғары санат реті сақталуы қажет.

      13. Денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін медициналық білімді мамандар осы Ереженің талаптарына сәйкес санат беруге біліктілік емтиханын тапсырады.

2. Мамандандырылған біліктілік комиссиялары

      14. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) біліктілік емтиханын жүргізуі үшін мамандандырылған біліктілік комиссиясы құрылады.

      15. Мамандандырылған біліктілік комиссиясы (бұдан әрі - комиссия) медициналық ғылым және білім беретін мемлекеттік ұйымдардың жанынан құрылады. Санитарлық-эпидемиологиялық бейіндегі фармацевтикалық және медициналық білімді адамдар үшін комиссиялар уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшелерінің жанынан құрылады.

      16. Комиссияның құрамына: комиссияның төрағасы - комиссия құрылатын органның немесе ұйымның басшысы немесе басшының орынбасары, комиссия мүшелері - денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының басшысы мен мамандары, денсаулық сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық қауымдастықтардың, медицина және фармацевтика қызметкерлері кәсіподақтарының өкілдері кіреді.

      17. Комиссия мүшелерінің саны жеті адамнан кем болмауы керек. Комиссияның отырысы, егер оған оның құрамының үштен екісі қатысса, заңды болып есептеледі.

      18. Дауыс берудің нәтижесі комиссия мүшелерінің басым даусымен айқындалады. Дауыстар тең болғанда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

3. Біліктілік емтиханын тапсыру үшін
ұсынылатын құжаттар

      19. Біліктілік емтиханын тапсыру үшін адамдар (мамандар) мамандандырылған комиссияға мынадай құжаттар ұсынады:
      1) өтініш;
      2) ұйым басшысы бекіткен, маманның жұмысын сипаттайтын және азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесін көрсететін көрсеткіштер талдауымен соңғы үш жылдағы өндірістік жұмысы туралы есеп;
      3) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының мамандары жүргізген өндірістік жұмыстар туралы есепке рецензия;
      4) маман меңгерген практикалық дағдылар көрсетілген, басшы қол қойған және ұйымның мөрімен бекітілген жұмыс орнының мінездемесі;
      5) жоғары немесе орта кәсіптік білімі туралы, біліктілігін арттырудан және қайта даярлаудан өткені туралы құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      6) біліктілік санаты берілгені туралы бұрын берілген құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      7) мамандығы бойынша жұмыс стажын растайтын құжаттардың көшірмесі;
      8) клиникалық ординатураны, аспирантураны, докторантураны бітіргені туралы, ғылыми дәрежесі, атағы туралы құжаттардың (болса)  нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      9) жұмыс орны бойынша жарияланған мақалалардың ұйым басшысы бекіткен тізімі.

      20. Мамандығы бойынша жұмыс стажы жоқ адамдар комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш;
      2) маман меңгерген практикалық дағдылар көрсетілген жұмыс орнынан мінездеме (жоғары медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымында, интернатурада, ординатурада және аспирантурада оқуды аяқтаған адамдар үшін);
      3) маман меңгерген практикалық дағдылар көрсетілген біліктілікті арттыру және қайта даярлау орнынан мінездеме (мамандығы бойынша жұмысқа кіріспеген немесе жұмыс істемеген адамдар үшін);
      4) білімі туралы құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      5) біліктілікті арттырудан және қайта даярлаудан өткені туралы құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмесі (жоғары медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымында, интернатурада, ординатурада және аспирантурада оқуды аяқтаған адамдардан басқа);
      6) еңбек кітапшасынан (болса) үзінді-көшірме;
      7) біліктілік санаты берілгені туралы бұрын берілген құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      8) ординатураны, аспирантураны, докторантураны бітіргені туралы, ғылыми дәрежесі, атағы (болса) туралы құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері.

      21. Құжаттардың қажетті тізбесін толық бермеген жағдайда адам біліктілік емтиханына жіберілмейді.

4. Біліктілік емтиханын өткізу

      22. Біліктілік емтиханы мыналарды қамтиды:
      1) тестілеу;
      2) әңгімелесу.

      23. Тестілеу білімнің көлемі мен сапасын айқындау мақсатында жүргізіледі. Мамандық туралы тестілік бағдарлама мамандықтың барлық бөлімі бойынша 100 сұрақтан тұрады. Тестілеу уақыты 90 минут. Тестілеу, егер тест сұрақтарының 70%-ына дұрыс жауап берілсе, тапсырылған болып есептеледі. Біліктілік емтиханын өткізуге арналған тестілер маманның біліктілік сипаттамаларының талаптарына сәйкес жасалады.

      24. Тест тапсырмаған адамдар әңгімелесуге жіберілмейді, біліктілік емтиханын тапсырмаған болып есептеледі.

      25. Әңгімелесу процесінде маманның кәсіби деңгейі, оның кәсіби міндеттерді (диагностикалық, тактикалық, ұйымдастырушылық) шешудегі, қолда бар ақпаратты талдаудағы және ол жөнінде тиісті шешім қабылдаудағы іскерлігі бағаланады, сондай-ақ жұмыс немесе оқу орнынан мінездеме беру негізінде маманның практикалық дағдысының деңгейі айқындалады.

      26. Біліктілік емтиханының нәтижесі осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес хаттамамен ресімделеді.

      27. Егер маманға мәлімделген біліктілік санаты берілмесе, онда ол келіскен жағдайда комиссия мәлімделгеннен төмен санат беру туралы ұсыным беруге құқылы.

      28. Біліктілік емтиханын тапсырмаған немесе бес жылдық мерзім аяқталғанға дейін санат беру туралы мәселені қарауға құжаттарын бермеген дәрігерлер мен провизорлар тәлімгер лауазымында жұмыс істей алады. Орта медициналық және фармацевтикалық білімді адамдар - арнаулы дағдыларды қажет етпейтін орта медициналық және фармацевтикалық персонал лауазымдарында жұмыс істей алады.

      29. Комиссия хаттамасының негізінде уәкілетті орган маман сертификатын беру немесе беруден бас тарту туралы шешім шығарады.

      30. Уәкілетті орган біліктілік санатын беру туралы шешім шығарғаннан кейін осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес маман сертификаты беріледі.

      31. Мәлімделген мамандық бойынша біліктілігін арттырғаннан немесе маманданудан және құжаттарды біліктілік комиссиясына қайталап ұсынғаннан кейін адамдарға біліктілік емтиханын қайта тапсыру, бірақ алдыңғысынан кейін 3 айдан соң, құқығы беріледі.

4. Маман сертификаты

      32. Маман сертификаты - нақты мамандық бойынша кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін маманның біліктілік деңгейінің сәйкестігін растайтын, белгіленген үлгідегі құжат (бұдан әрі - сертификат).

      33. Медициналық және фармацевтикалық қызметті кәсіптік білімі туралы тиісті дипломы және сертификаты бар адамдар жүзеге асыра алады.
      Мамандығы бойынша үш жылдан аз жұмыс стажы бар, орта медициналық және фармацевтикалық білімді адамдар кәсіби қызметті сертификатсыз жүзеге асыра алады.

      34. Өзінің мамандығы бойынша үш жылдан артық жұмыс жасамаған медицина және фармацевтика қызметкерлері біліктілігін тиісті арттырғаннан немесе (және) маманданғаннан және біліктілік деңгейі туралы сертификат алғаннан кейін кәсіби қызметін жүзеге асыра алады.

      35. Сертификат Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын медициналық және фармацевтикалық мамандықтардың номенклатурасының тізбесіне сәйкес беріледі.

      36. Адам (маман) негізгі және қоса атқаратын лауазымы ретінде біліктілік деңгейі туралы сертификат ала алады.

      37. Біліктілік комиссиясының ұсынымы негізінде берілетін сертификат бес жылдың ішінде республика аумағында қолданылады, кәсіби қызметін одан әрі жүзеге асыру үшін маман қайтадан біліктілік емтиханын тапсырады.

      38. Сертификаттың қолданылуы маманның клиникалық ординатурада, аспирантурада, докторантурада, біліктілік арттыруда және қайта даярлауда оқуы, жүктілігі және босануы, баласын күтуі, сырқаты бойынша демалыста болған кезінде ұзартылады.

      39. Сертификаты жоғалған жағдайда уәкілетті орган маманға телнұсқа береді.

      40. Берілетін сертификаттарды тіркеу кезінде берілген сертификаттарды есепке алу кітабы жүргізіледі, оған бау өткізілуі, нөмірленуі тиіс.

      41. Біліктілік емтиханын тапсырмаған адамға осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес анықтама беріледі.

      42. Біліктілік емтиханын өткізу кезінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.

Денсаулық сақтау саласында
біліктілік емтихандарын
өткізу ережесіне 1-қосымша

      ___________________________________ мамандығы бойынша
        біліктілік емтиханының 2003 жылғы "___" ___________
                      N ______ХАТТАМАСЫ

1. Емтихан тапсырушының тегі, аты, әкесінің аты ___________
2. Мамандығы ________________________________________
3. Біліктілік емтиханы __________________ (тапсырды, тапсырмады)
4. Тестілеу ___________________(тапсырды, тапсырмады)
5. Әңгімелесу ___________________(тапсырды, тапсырмады)
6. ___________________________________ мамандығы бойынша
(номенклатура бойынша мамандығы) ____ санатын беру ұсынылсын.
7. ___________________________________ мамандығы бойынша
(номенклатура бойынша мамандығы) __________ (санатты)  беруден бас
тартылсын
8. Шешім қабылдау бойынша мамандандырылған біліктілік комиссиясы мүшелерінің дауысқа салу нәтижесі: "Қолдаған"_______ адам,
"қарсы"_________адам.
9. Мамандандырылған біліктілік комиссиясының ескертулері,
ұсыныстары ________________________________________________________
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________

      Қойылған қолдар:
      Комиссия төрағасы ____________________________
      Комиссия хатшысы ____________________________
      Комиссия мүшелері ___________________________

Денсаулық сақтау саласында
біліктілік емтихандарын 
өткізу ережесіне     
2-қосымша        

Маман сертификаты

Осы сертификат____________________________________________________
мамандығы бойынша _________________біліктілік санаты берілгені үшін __________________________________________________берілді.
          (тегі, аты, әкесінің аты,)

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің
20__ ж. "__" ___________ N ____ бұйрығы

      Тіркеу N ____
      Берілген күні 20_ жылғы "__"  __________
      Сертификат 20_ жылғы "_"________дейін жарамды

      "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің қолы"
      "Мөрдің орны"

Денсаулық сақтау саласында
біліктілік емтихандарын 
өткізу ережесіне   
3-қосымша       

Анықтама

Азамат (ша)______________________________________________________
                   (тегі, аты, әкесінің аты)
_______________________________________________ мамандығы бойынша
________________________________________________________ жанында
                     (ұйымның атауы)
200__ жылы "___" ______________ біліктілік емтиханын тапсырды.
Біліктілік емтиханынан өтпеді.
Біліктілік комиссиясы мүшелерінің ұсыныстары
_________________________________________________________________
М.О.
Комиссия төрағасы ______________ (қолы)
Комиссия хатшысы ______________ (қолы)
200___ жылғы "___" _________________
Тіркеу N ________