Теңіз портының капитаны туралы ережені бекіту туралы

Көлік және коммуникациялар министрінің 2004 жылғы 10 ақпандағы N 55-І бұйрығы. Қазақстан Рспубликасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 5 наурызда тіркелді. Тіркеу N 2729.

Жаңартылған

      "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Бұйырамын:
      1. Қоса беріліп отырған Теңіз портының капитаны туралы ереже бекітілсін.
      2. Су көлігі департаменті (А.Б.Асатов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. "Теңіз және өзен (салалық) сауда портының капитаны туралы уақытша ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 1998 жылғы 10 шілдедегі N 146 бұйрығының (1998 жылғы 3 тамызда N 560 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар бірінші вице-министрі Ю.И.Лавриненкоға жүктелсін.
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

      Министр

"Теңіз портының капитаны туралы
ережені бекіту туралы"  
Қазақстан Республикасы  
Көлік және коммуникациялар
министрінің      
2004 жылғы 10 ақпандағы 
N 55-І бұйрығымен   
бекітілген      

Теңіз портының капитаны туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Теңіз портының капитаны туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Теңіз портының капитаны порттың теңіз әкімшілігін (бұдан әрі - ПТӘ) басқарады және өз қызметін Заңға, осы Ережеге, басқа да нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ заңнамаға сәйкес уәкілетті органның міндетті болып табылатын нұсқауларына сәйкес жүзеге асырады.

      3. Теңіз порты капитанының өкімі портта орналасқан барлық кемелер, заңды және жеке тұлғалар үшін, олардың ведомстволық тиістілігіне, бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан, міндетті.

      4. Теңіз портының капитаны Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің бұйрығымен қызметке тағайындалады және одан босатылады.

      5. Теңіз портының капитаны қызметіне арнайы жоғары білімі, капитан дипломы бар, сондай-ақ теңіз әкімшілігіндегі еңбек өтілі кемінде үш жыл болған тұлға тағайындалады.

      6. Теңіз портының капитанында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бар теңіз порты капитанының мөрі, сондай-ақ жалаушасы болады.

2. Теңіз порты капитанының қызмет саласы

      7. Теңіз портының капитанына ПТӘ-нің мынадай қызметтерінің:
      1) кеменің шығу әзірлігін және теңізде жүзуге жарамды жай-күйде теңізге шығуға рұқсат беруді тексерудің;
      2) кемелердің портқа келуін және олардың порттан шығуын белгіленген тәртіппен ресімдеудің;
      3) кеме құжаттарын, сондай-ақ басшы және қатардағы құрамның тұлғаларына атақ беру дипломдарын, біліктілік куәліктерін, дипломдарының растаулары мен жеңілдікті рұқсаттарды тексерудің;
      4) кеменің порттан шығуына рұқсат беруге кедергі болатын кемшіліктерді жоюды тексеру мақсатында кемені бақылап тексеруді жүргізудің;
      5) кемелерді Мемлекеттік кеме тізіліміне кеме кітабына, бербоут-чартерлік тізілімге және жасалып жатқан кемелер тізіліміне енгізу және кеме құжаттарын берудің;
      6) кемелерге және жасалып жатқан кемелерге, кеменің немесе жасалып жатқан кеменің кепіліне меншік құқығын және оларға өзге де құқықтарды мемлекеттік тіркеу және кеме құжаттарын берудің;
      7) «Кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 8 шiлдедегi № 780 қаулысымен бекітілген Кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеу қағидаларына сәйкес авариялық жағдайларды тергеу;
      8) "Кемелерді лоцмандық алып өтуді жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 12 қыркүйектегі N 923 қаулысымен бекітілген Кемелерді лоцмандық алып өтуді жүзеге асыру ережесіне сәйкес кемелерді міндетті лоцмандық алып өтуді белгілеу және лоцмандық қызмет жұмысын бақылаудың;
      9) кемелердің портқа келуін және олардың порттан шығуын белгілейтін тәртіптің талаптарын қадағалауды жүзеге асырудың;
      10) порт кіреберістерінде және оның айдыны шегінде кемелердің мұз жарып жол ашуын бақылаудың;
      11) порт айдынында, кіреберіс каналдарда және фарватерлерде тиісті тереңдікті, навигациялық қоршау құралдары жарамдылығының сақталуын бақылау, сондай-ақ портта кемелердің өту қайраңдығын белгілеудің;
      12) портта орналасқан кемелерді порт айдыны шегінде апатқа ұшыраған адамдар мен кемелерді құтқаруға қатысу үшін тартудың;
      13) порт құрылыстарының техникалық жай-күйін және оларды пайдалануды бақылаудың;
      14) кемелердің порт капитанының иелігіндегі барлық навигациялық және гидрометеорологиялық ақпаратты алуы және олармен қамтамасыз етілуінің;
      15) теңізге батқан мүлікті көтеруге, сондай-ақ порт айдыны мен аумағы шегінде құрылыстық, гидротехникалық және өзге де жұмыстарды жүргізуге рұқсаттар берудің;
      16) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 20 тамызда N 1956 тіркелген "Мұнаймен ластанудан болатын залал үшін  азаматтық жауапкершілікті сақтандыру немесе өзге де қаржымен қамтамасыз ету туралы куәлікті беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 2002 жылғы 17 шілдедегі N 251-І бұйрығымен бекітілген Мұнаймен ластанудан болатын залал үшін азаматтық жауапкершілікті сақтандыру немесе өзге де қаржымен қамтамасыз ету туралы куәлікті беру ережесіне сәйкес мұнаймен ластанудан болатын залал үшін азаматтық жауапкершілікті сақтандыру немесе өзге де қаржымен қамтамасыз ету туралы куәлікті берудің орындалуын қамтамасыз ету жүктеледі.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.10.05 № 668 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Бұйрығымен.

      8. Теңіз портының капитаны:
      1) кеменің порттан шығуына мынадай жағдайларда рұқсат беруден бас тартады:
      кеменің жүзу жарамсыздығы, оны тиеу, жарақтау, экипажбен жинақтау туралы талаптардың бұзылғандығы және жүзу қауіпсіздігіне немесе адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін кеменің басқа кемшіліктері бар болғанда, сондай-ақ кеме құжаттарына қатысты талаптарды бұзған жағдайларда;
      санитарлық-карантиндік және фитосанитарлық қызметтердің, кеден, шекаралық органдардың және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың ұйғарымдары;
      белгіленген порттық алымдарды төлемегенде;
      2) кеме құжаттары болмағанда немесе кеме теңізде жүзу қауіпсіздігі талаптарына сай емес деген жеткілікті негіз болғанда кемені тексереді;
      3) теңізде жүзу қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы бұзған тұлғаларды жауапқа тарту туралы өтініш береді;
      4) белгіленген тәртіппен әкімшілік айыппұлдар салады;
      5) ПТӘ қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
      6) ПТӘ қызметкерлеріне белгіленген тәртіппен тәртіптік жазалау және оларға қатысты көтермелеу шараларын қолданады.

      9. Порт капитаны кәсіби машықтарын қалпында ұстау үшін кемелердің экипажы құрамында рейстерге шығуы мүмкін.