Сақтандыру брокері қызметінің шарттары жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 6 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 25 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2715

Жаңартылған

      "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын  іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. Сақтандыру брокері қызметінің шарттары жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):
      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне, сақтандыру брокерлеріне жіберсін.

      3. Агенттіктің қызметін қамтамасыз ету департаменті осы қаулыны ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми баспасөз басылымдарында жариялауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Төрағасының орынбасары Қ.М. Досмұқаметовке жүктелсін.

      5. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.

       Төраға

Қазақстан Республикасының қаржы 
рыногын және қаржылық ұйымдарды 
реттеу мен қадағалау жөніндегі 
агенттігі Басқармасының     
2004 жылғы 19 қаңтардағы    
N 6 қаулысымен          
Бекітілген            

  Сақтандыру брокері қызметінің шарттары жөніндегі
нұсқаулық

      Осы Нұсқаулық "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес әзірленді және сақтандыру брокерлері қызметінің шарттарын айқындайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулықта мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) қайта сақтандыру ковернотасы - қайта сақтандыру ұйымының қайта сақтандыруға қабылдаған тәуекел үлесіне қатысты қайта сақтандыру ұйымының міндеттемесін растайтын және қайта сақтандыру шартының негізгі талаптары көрсетілген, қайта сақтандыру ұйымының толық атауын көрсете отырып қайта сақтандыру ұйымы қайта сақтандыруға қабылдаған тәуекел үлесі (сақтандыру сомасының бір бөлігі) туралы қайта сақтандыру ұйымы белгі қоятын (уәкілетті тұлғаның қолы не мөрі) әрбір жеке қайта сақтандыру шартына қатысты сақтандыру брокері ресімдейтін құжат. Қайта сақтандыру ковернотасы халықаралық сақтандыру рыногының қабылданған іскерлік айналым тәжірибесіне сәйкес жасалады;
      2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен есеп айырысу туралы келісім - сақтандыру брокері ресімдейтін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен келісілетін құжат, оның негізінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыруға қабылдаған (қайта сақтандыруға берген) әрбір жеке сақтандыру тәуекеліне қатысты сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен сақтандыру сыйлықақылары бойынша есеп айырысу жүргізіледі;
      3) сақтандыру слипі - сақтандыру ұйымының сақтандыруға қабылдаған тәуекел үлесіне қатысты сақтандыру ұйымының міндеттемесін растайтын және сақтандыру шартының негізгі талаптары көрсетілген, сақтандыру ұйымы қайта сақтандыруға қабылдаған тәуекел үлесі (сақтандыру сомасының бір бөлігі) туралы сақтандыру ұйымы белгі қоятын (уәкілетті тұлғаның қолы не мөрі) әрбір жеке сақтандыру шартына қатысты сақтандыру брокері ресімдейтін құжат.

  2. Сақтандыру қызметінің түрлері

      2. Сақтандыру брокері брокерлік қызметтің мынадай түрлерін жүзеге асырады:
      1) өз атынан және сақтанушының тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын немесе өз атынан және цеденттің тапсырмасы бойынша қайта сақтандыру шарттарын жасау бойынша делдалдық қызмет;
      2) сақтандыру (қайта сақтандыру) және тәуекелді басқару мәселелері бойынша кеңес беру қызметі;
      3) сақтандыруға (қайта сақтандыруға) жеке және заңды тұлғаларды іздеу мен тарту;
      4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметі мен қаржылық жай-күйіне салыстырмалы талдау жүргізу;
      5) сақтандыру объектілері жөнінде ақпарат жинау;
      6) клиенттердің тапсырмалары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) бағдарламаларын, сақтандырушыларды (қайта сақтандырушыларды) таңдау критерийлерін әзірлеу, сақтандыру тәуекелдерін анықтау бойынша сараптама қызметін көрсету;
      7) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру шартын жасау үшін қажетті құжаттарды әзірлеу және/немесе ресімдеу, сақтандыру мәселелері жөнінде қызықтыратын ақпаратты жинау;
      8) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын ресімдеу;
      9) сақтанушымен (цедентпен) тиісті келісім болған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына оларды одан әрі аудару үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтанушылардан (цеденттерден) сақтандыру сыйлықақыларын жинау;
      10) сақтандыру (қайта сақтандыру) немесе клиенттердің тапсырмалары бойынша бірлесіп сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру тәуекелдерін орналастыру;
      11) сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасаған, сақтандыру төлемін жүзеге асырған кезде, сақтандыру жағдайы болған жағдайда шағым-талапты, сондай-ақ жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарына қатысты басқа құжаттарды қараған кезде құжаттардың дұрыс әрі уақтылы ресімделуін қамтамасыз ету;
      12) сақтанушыдан (цеденттен) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына сақтандыру сыйлықақыларының уақтылы әрі толық түсуіне бақылау жасау;
      13) сақтандыру жағдайы болған кезде сақтанушыға (цедентке), пайда алушыға сақтандыру төлемін алуда кеңес беру әрі қолдау көрсету;
      14) сақтандыру төлемін алу үшін қажетті құжаттарды әзірлеу немесе берілген өкілеттіктерге сәйкес ресімдеу;
      15) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан сақтанушыларға (цеденттерге), пайда алушыларға сақтандыру төлемдерінің уақтылы әрі толық түсуіне бақылау жасау;
      16) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан сақтандыру төлемдерін одан әрі сақтанушыға (цедентке), пайда алушыға беру үшін жинау;
      17) мүдделі тұлғалардың тапсырмасы бойынша сақтандыру жағдайы болған кезде шығындарды қарау мен реттеу бойынша құжаттарды әзірлеу;
      18) шығынды бағалау және сақтандыру төлемінің мөлшерін белгілеу бойынша сарапшылардың қызметін ұйымдастыру.

  3. Сақтандыру брокері қызметінің шарттары

      3. Сақтандыру брокері клиенттермен жасалған шарттарға дәл сәйкес және Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын сақтай отырып өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындайды.

      4. Сақтандыру брокерінің құқықтары мен міндеттерінің нақты тізбесі, сондай-ақ олардың орындалуы үшін сақтанушы не цедент алдындағы жауапкершілігі олар арасында жасалатын шартта айқындалады.

      5. Сақтандыру брокерінің және сақтанушының (цеденттің) арасында жасалатын шарттың міндетті талаптары:
      1) сақтанушының Қазақстан Республикасы Азаматтық  кодексінің  832-бабында көзделген тәртіппен және талабымен мәліметтерді ұсынуы;
      2) сақтанушыдан (цеденттен) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шотына сақтандыру сыйлықақыларын және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан сақтанушыға (цеденттің банк шотына), пайда алушыға сақтандыру төлемдерін аудару мерзімі;
      3) олар арасында өзара есеп айырысу тәртібі;
      4) сақтандыру брокеріне комиссиялық сыйақы төлеу шарттары мен тәртібі болып табылады.

      6. Сақтандыру брокері тұрақты қаржылық жағдайы бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын ескере отырып сақтанушы үшін ең қолайлы талаптармен сақтандыру (қайта сақтандыру) тарифтерінің мөлшері; сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары ұсынып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары, олардың жарғылық (меншікті) капиталының және сақтандыру резервтерінің мөлшері, сақтандырудың нақты кластары бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияның болуы, сондай-ақ сақтанушыға (цедентке) қажетті өзге мәліметтер туралы сенімді ақпарат болған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының жасалуын қамтамасыз етеді.

      7. Сақтандыру брокері объектісі сақтандыру брокерінің кәсіби жауапкершілігіне байланысты тәуекелдер болып табылатын үшінші тұлғалар алдында өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты болған жағдайда сақтанушылардан (цеденттерден) сақтандыру сыйлықақыларын жинау және/немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан сақтандыру төлемдерін жинау бойынша операцияларды жүзеге асырады.
      Осы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы әрбір талап бойынша 176 000 айлық есептік көрсеткіштен және бір жылғы барлық талаптар бойынша 263 000 айлық есептік көрсеткіштен кем емес болады.
      Ескерту: 7-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының 2005 жылғы 19 ақпандағы  N 37  Қаулысымен.

      8. Сақтандыру брокері объектісі сақтандыру брокерінің кәсіби жауапкершілігіне байланысты тәуекелдер болып табылатын үшінші тұлғалар алдында өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты болған жағдайда сақтандыру тәуекелдерін Қазақстан Республикасының резидент еместері - сақтандыру брокерлері арқылы қайта сақтандыруға береді.
      Осы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы әрбір талап бойынша 176 000 айлық есептік көрсеткіштен және бір жылғы барлық талаптар бойынша 263 000 айлық есептік көрсеткіштен кем емес болады.
      Ескерту: 8-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының 2005 жылғы 19 ақпандағы  N 37  Қаулысымен.

      9. Сақтандыру брокері сақтандыру жағдайы болған жағдайда, сақтандыруға (қайта сақтандыруға) қабылданатын сақтандыру тәуекелін бағалаған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша және сақтанушының (цеденттің) сақтандыру сыйлықақысын толық көлемде әрі сақтандыру (қайта сақтандыру) шартында белгіленген мерзімде төлеуінде қажетті қолдау көрсетеді.

      10. Сақтандыру брокері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан сақтандыру (қайта сақтандыру) тарифтерінің мөлшері; жарғылық (меншікті) капиталының және сақтандыру резервтерінің мөлшері, сақтандырудың нақты кластары бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияның болуы, сондай-ақ сақтанушыға (цедентке) қажетті өзге мәліметтер туралы мәліметтерді алады.
      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы брокерге делдалдық қызметті жүзеге асыруға қажетті дұрыс, толық және объективті мәліметтердің сақтандыру брокеріне ұсынылуын қамтамасыз етеді.

      11. Сақтандыру брокерінің банк шотына сақтандыру сыйлықақы сомалары, сақтандыру төлемдері түскен кезде сақтандыру брокері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шотына не сақтанушыға, пайда алушыға дереу, бірақ үш жұмыс күнінен кешіктірмей аударады (салады, береді).
      Сақтандыру брокері сақтандыру сыйлықақыларын, сақтандыру төлемдерін аудару мерзімін сақтамаған кезде, оларды негізсіз кешеуілдеткен кезде осы кезеңде сақтандыру жағдайы болған кезде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша сақтанушы (цедент), пайда алушы алдында жауапкершілікті егер сақтандыру брокері мен сақтанушы (цедент) арасында өзгесі көзделмесе, сақтандыру брокері көтереді.

  4. Сақтандыру (қайта сақтандыру)
бойынша мәмілелерге қатысу

      12. Сақтандыру брокері сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау бойынша делдалдық қызметті жүзеге асырған кезде сақтандыру брокері, оның ішінде:
      1) сақтандыру слипін;
      2) қайта сақтандыру ковернотасын;
      Сақтандыру тәуекелдерін Қазақстан Республикасының резидент емесі - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қайта сақтандыруға берген кезде қайта сақтандыру ковернотасында Қазақстан Республикасының резидент емесі - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының рейтингісі және рейтинг тағайындаған рейтинг агенттігінің атауы болуы тиіс.
      Сақтандыру брокері сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға Қазақстан Республикасының резидент емесі - сақтандыру брокерлері арқылы берген кезде қайта сақтандыру ұйымының сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға қабылдау туралы белгінің болуы (уәкілетті тұлғаның қолы не мөрі) міндетті емес;
      3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен есеп айырысу туралы келісімін;
      4) жасалатын сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарына байланысты өзге құжаттарды ресімдейді.

      13. Сақтандыру брокері цеденттің атынан және тапсырмасы бойынша қайта сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін (қайта сақтандыру құнын), қайта сақтандыру шарттарын және сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға қабылдау мүмкіндіктерін айқындау үшін қайта сақтандыру ұйымдарымен келіссөз жүргізеді.
      Қайта сақтандыруға қабылданған тәуекел үлесі, қайта сақтандыру сыйлықақысының келісілген шарттары мен мөлшері (қайта сақтандыру құны) қайта сақтандыру ұйымының уәкілетті тұлғасының қолымен не мөрімен қайта сақтандыру ковернотасында расталады.
      Қайта сақтандыру шарттары қабылданған жағдайда цедент бұл жөнінде сақтандыру брокерін хабардар етіп, тараптардың келісімі бойынша белгіленген мерзімде сақтандыру тәуекелін қайта сақтандыруға беруге жазбаша түрде тапсырма береді.
      Цедент қайта сақтандыру шарттарын қабылдаған жағдайда сақтандыру брокері бұл жөнінде қайта сақтандыру ұйымын хабардар етеді және жазбаша түрде қайта сақтандыру ұйымы ұсынған қайта сақтандыру құнын және шарттарын қабылдауға цеденттің келісімін растайды.
      Қайта сақтандыру шартының жасалуын растау ретінде сақтандыру брокері қайта сақтандыру ковернотасын ресімдейді.

      14. Сақтандыру брокері сақтанушының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін (сақтандыру құнын), сақтандыру шарттарын және сақтандыру тәуекелдерін сақтандыруға қабылдау мүмкіндіктерін айқындау үшін сақтандыру ұйымдарымен келіссөз жүргізеді. Сақтандыруға қабылданған тәуекел үлесі, сақтандыру сыйлықақысының келісілген шарттары мен мөлшері (сақтандыру құны) сақтандыру ұйымының уәкілетті тұлғасының қолымен не мөрімен сақтандыру слипінде расталады.
      Сақтанушы сақтандыру шарттарын қабылдаған жағдайда сақтандыру брокері бұл жөнінде сақтандыру ұйымын хабардар етеді және жазбаша түрде сақтандыру ұйымы ұсынған сақтандыру құнын және шарттарын қабылдауға сақтанушының келісімін растайды.

      15. Сақтандыру брокері сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау бойынша делдалдық қызметті жүзеге асырған кезде ресімдейтін құжаттардың мәтіндері олардың сөзбен айтылуының нақты мағынасына сәйкес талқылануы тиіс. Мәтіндерде арнайы сақтандыру терминологиясы пайдаланылған жағдайда олардың толық және бір мәнді талқылануын беру қажет.

  5. Құжаттарды есепке алу және сақтау

      16. Сақтандыру брокерлері бухгалтерлік есепті жүргізеді, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып статистикалық және қаржылық есеп деректерін ұсынады.

      17. Сақтандыру брокері өзінің қаражаты және сақтанушыдан (цеденттен), сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан алынған сақтандыру сыйлықақылары, сақтандыру төлемдері бойынша бөлек бухгалтерлік есепті жүргізеді.

      18. Сақтандыру брокерінің уәкілетті органы жыл сайын:
      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыру тәртібін көздейтін, оның ішінде сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру төлемдерін жүзеге асырған кезде ішкі жұмыс тәртібін;
      2) құжаттаманы жүргізу тәртібін, клиенттерге қызмет көрсету шарттарын және оның делдалдығымен жасалатын сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша құжаттаманы жүргізу тәртібін;
      3) өз қызметінің техникалық жабдықталу жағдайларын, жыл сайынғы ішкі (не тәуелсіз) аудиттің жүргізілуін, олар жасайтын шарттардың, қаржылық есептің және өзге құжаттаманың сақталуын, құжаттарды сақтау тәртібі мен мерзімін көздейтін ішкі құжаттарды;
      4) комиссиялық сыйақыны төлеу талаптары мен тәртібін бекітеді.

      19. Сақтандыру брокері жыл сайын қаржылық есеп берумен қоса, функциясына сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия беру жататын уәкілетті мемлекеттік органға ішкі жұмыс тәртібі мен есеп саясатын тапсырады.

  6. Қорытынды ережелер

      20. Осы Нұсқаулықта реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешіледі.