Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының магистратурасына қабылдаудың типтік ережесін бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2003 жылғы 29 мамырдағы N 354 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 30 маусымда тіркелді. Тіркеу N 2383

Қолданыстағы

      Магистратураға қабылдау мәселелерiн реттеу мақсатында және  "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  30-бабына сәйкес бұйырамын:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының магистратурасына қабылдаудың типтiк ережесi бекiтiлсiн.
      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм департаментi (Б.С.Әбдiрәсiлов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрық мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап күшiне енедi.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау бiрiншi вице-министр Ғ.М. Мұтановқа жүктелсiн.

      Министр

Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің
2003 жылғы 29 мамырдағы  
N 354 бұйрығымен     
бекітілген        

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының магистратурасына қабылдаудың типтік ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының магистратурасына қабылдаудың осы типтік ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңына  сәйкес әзiрленген.

      2. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының магистратурасына жоғары базалық және арнайы жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар қабылданады.

      3. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының магистранттар контингентін қалыптастыру ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар қаражаты  есебінен оқуға ақы төлеу арқылы жүзеге асырылады.

      4. Шетел азаматы болып табылатын қазақ ұлтының өкілдері жоғары ғылыми-педагогикалық білімді Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей алуға құқылы.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар, Қазақстан Республикасының заңдарында, халықаралық шарттарда, белгіленген тәртіппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары мен жасалған келісім шарттар бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең білім алу  құқығын пайдалана алады.
      Басқа шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар жоғары оқу орындарының магистратурасына Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық келісімдер және келісім шарттар негізінде қабылданады.

      5. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Қаржы полициясының агенттігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігіне ведомстволық қарасты жоғары оқу орындарының магистратурасына азаматтарды қабылдау білім беру саласындағы орталық атқарушы органның келісімімен жекелеген нормативтік құжаттармен реттеледі.

      6. Жоғары оқу орны магистратураға даярлау бағыты бойынша оқыту үшін тек тиісті лицензиясы болғанда ғана қабылдауды жариялайды.

      7. Бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік жоғары оқу орындарының магистратурасына оқу үшін қабылданатын азаматтар саны білім беру саласындағы орталық атқарушы органымен конкурстық негізде жыл сайын орналастырылатын мемлекеттік тапсырыстың шегінде анықталады.

      8. Жоғары оқу орындары білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды немесе жеке тұлғаларды шарт негізінде белгіленген жоспардан тыс ақылы оқуға қабылдауды жүзеге асыруға құқылы.

      9. Магистратураға түсу емтихандарын өткізу және қабылдау кезеңінде жоғары оқу орындарында құрамы мен өкілеттілігін жоғары оқу орындарының ректорлары бекітетін қабылдау, пәндік емтихандық және аппеляциялық комиссия құрылады. Жоғары оқу орындарының ректорлары қабылдау комиссиясының төрағасы болып табылады.

      10. Жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы құжат қабылдауға дейін:
      - жоғары оқу орындарының магистратурасына қабылдау ережесін;
      - лицензияға сәйкес қабылдау жариялаған жоғары оқу орындарының даярлау бағыттарының тізбесін;
      - әрбір даярлау бағыттары бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырылатын орын санын;
      - әрбір даярлау бағытына түсу емтихандарының тізбесін, олардың бағдарламасын, өткізу ережесін, сондай-ақ түсушілердің   білімін бағалау жүйесін;
      - бюджеттен қаржыландырылатын орындарға қабылдауды ұйымдастыруды;
      - шарт негізінде ақылы оқытуға арналған орындарға қабылдауды ұйымдастыруды;
      -  түсу емтихандарының нәтижелері бойынша шағым-арыздарды беру және тексеру ережесі;
      - жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібі;
      - ақылы оқуға түсушілерге арналған шарттың үлгілерін анықтайды және хабарлайды.

      11. Күндізгі оқу нысаны бойынша өтініштерді қабылдау мерзімі 15 маусымнан 15 тамызға дейін, сырттай оқу нысаны бойынша - 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін.

2. Түсу емтихандарын өткізу тәртібі

      12. Алдыңғы сатыдағы барлық оқу мерзімі бойынша жалпы рейтингтік балы 4,0-ден төмен азаматтар (5 баллдық жүйе бойынша) мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер қатарына қабылдауға жіберілмейді.

      13. Жоғары оқу орындарының магистратурасына түсетін азаматтар түсу емтихандарын ауызша немесе жазбаша түрде тапсырады.
      14. Жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына азаматтар магистратураға қабылдау туралы өтінішімен қоса кәсіптік жоғары білімі туралы құжатты (түпнұсқа); 3х4 өлшемді 6 фотосурет; 086-У нысанды дәрігерлік анықтамасын ұсынады.

      15. Түсу емтихандарының саны мен тізбесі жоғары оқу орнының магистратурасына қабылдау ережелерімен анықталады және даярлау бағыттарына білім алу нысанына, магистрлік білім беру бағдарламасын игеру мерзіміне қарамастан ерекшеленуі мүмкін.

      16. Магистратураға түсу емтихандарының бағдарламаларын жоғары базалық және арнайы пәндер бойынша типтік бағдарламалардың негізінде жоғары оқу орындары қалыптастырады.

      17. Түсу емтихандары құжат қабылданып болған соң басталады және құжат тапсырушылар санына байланысты қалыптасқан емтихандық топтар көлеміне қарай бірнеше кезеңмен өткізілуі мүмкін.
      Түсу емтихандарының кестесін (пәні, күні, уақыты және өткізілу орны) қабылдау комиссиясының төрағасы бекітеді және оқуға түсушілерге емтихандардың кезекті кезеңі басталғанға дейін 10 күн бұрын хабарланады.

      18. Магистратураның оқу ақысын төлеу орындарына қабылдауды ұйымдастыру тәртібін жоғары оқу орны өз бетінше анықтайды.

      19. Қабылдау комиссиясының шешімімен келіспеген оқуға түсуші жазбаша шағым арыз беруге құқығы бар.

      20. Аппеляциялық комиссияға тәуелсіз сарапшылар ретінде білім басқармалары органдарының өкілдерін, басқа да білім беру мен ғылыми ұйымдардың ғылым докторлары мен кандидаттарын кіргізуге болады.

      21. Аппеляция қаралғаннан кейін емтихан жұмысын бағалау туралы аппеляциялық комиссияның шешімі шығарылады (оны көтеру, не төмендету жағдайында да).

      22. Аппеляциялық комиссияда қойылған бағаға қатысты келіспеушіліктер туындаған кезде, дауыс беру өткізіледі, ең көп дауыс алған баға бекітіледі.

3. Магистратураға қабылдау тәртібі

      23. Мемлекеттік білім тапсырысы бойынша оқуға магистрлер қатарына қабылдау түсу емтихандарының нәтижесі бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады. Конкурстың нәтижесін шығару кезінде магистрлік білім беру бағдарламаларын игеруге қабілетті және дайын азаматтарды қабылдау қамтамасыз етілуі керек.

      24. Магистранттар қатарына қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары күндізгі оқу нысаны бойынша тамыздың 25-нен 30-на дейін, сырттай оқу нысаны бойынша - қыркүйектің 25-нен 30-на дейін өткізеді.

      25. Жоғары оқу орындары меншік түріне қарамастан білім беру саласындағы орталық атқару органдарына белгіленген үлгі және мерзім бойынша қабылдауды жүргізгеннен кейін 10 күн уақыт ішінде қабылдауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жазбаша есеп мәліметін, сондай-ақ магистранттарды тіркеу туралы бұйрықтардың көшірмесін тапсырады.
      26. Осы Ережеде реттелмеген мәселелерді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өз бетінше шешеді.