Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 142 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 3 маусымда тіркелді. Тіркеу N 2342

Қолданыстағы

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
      1. Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
      2. Кастодиандық қызметті жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктер осы қаулы күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде өз қызметін оның талаптарына сәйкес келтірсін және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен ішкі нормативтік актілерді (регламенттерді) не олардың өзгерістері мен толықтыруларын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынсын.
      3. Қаржылық қадағалау департаменті (Бахмутова Е.Л.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны кастодиан-банктерге, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, кастодиан-банктерге, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.Ғ. Сәйденовке жүктелсін.
      5. Осы қаулы Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасының Орталық депозитарийі туралы, Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар ұстаушылардың тізілімін жүргізу туралы, Қазақстан Республикасындағы кастодиандық қызмет туралы ережелерді бекіту туралы" 1996 жылғы 29 шілдедегі N 944 қаулысымен  бекітілген Қазақстан Республикасындағы кастодиандық қызмет туралы ереженің күші жойылған күннен бастап күшіне енеді.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының  
Ұлттық Банкі Басқармасының  
"Бағалы қағаздар рыногында 
кастодиандық қызметті жүзеге
асыру ережесін бекіту туралы"
2003 жылғы 21 сәуірдегі   
N 142 қаулысымен      
бекітілген        

Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті
жүзеге асыру ережесі

      Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне , "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына , "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес әзірленді және бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыру шарттары мен тәртібін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) кастодиандық шарт - клиенттің бағалы қағаздары мен ақшасын сақтау және есебін жүргізу жауапкершілігі туралы кастодиан мен оның клиенті арасында жасалатын шарт;
      2) кастодиан - клиенттің сеніп тапсырған бағалы қағаздары мен ақшасын сақтау және есебін жүргізу қызметін жүзеге асыратын кәсіби қатысушы;
      3) клиент - кастодианның қызметін пайдаланатын немесе пайдаланғысы келетін тұлға;
      4) бұйрық - клиенттің кастодианға ұсынатын және оның бағалы қағаздары мен ақшасына қатысты белгілі бір іс-әрекетті жүзеге асыруға өкімі бар құжат;
      5) регламент - кастодиандық қызметті жүзеге асырудың шарттары мен тәртібін айқындайтын кастодиан құжаттарының жүйесі;
      6) уәкілетті орган - банк қызметін мемлекеттік реттеуді, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан қатынастарды реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      2. Кастодиандық қызмет Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен лицензиялануға тиіс.

      3. Бағалы қағаздар рыногындағы кастодиандық қызметті кәсіби қызметтің өзге де түрлерімен қоса атқару мүмкіндігі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

      4. Кастодиандық қызмет осы Ережеге және кастодианның регламентіне сәйкес жүзеге асырылады.
      5. Кастодиан клиенттің аффилиирленген тұлғасы болмауға тиіс.

2-тарау. Кастодиандық қызмет

      6. Кастодианның заң актілерінде белгіленген функцияларын іске асыру мақсатында, кастодиан:
      1) клиенттің кастодиандық қызмет көрсетуге берген ақшасына, эмиссиялық бағалы қағаздарына және өзге де қаржы құралдарына қатысты шот ашады;
      2) кастодиандық қызмет көрсетуге берілген ақшаның, эмиссиялық бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының есебін жүргізуді қамтамасыз етеді;
      3) кастодиандық қызмет көрсетуге берілген эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша төлем агентінің функцияларын атқарады;
      4) клиенттердің бұйрықтары негізінде бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді тіркейді және олардың бағалы қағаздарға құқықтарын растайды;
      5) бағалы қағаздар бойынша кірістер алады және оларды клиенттердің шоттарына есептейді;
      6) клиенттердің құжаттамалық бағалы қағаздарын сақтайды;
      7) клиенттердің бұйрықтарының мазмұнына сәйкес оларды орындайды;
      8) өзінің бағалы қағаздары мен ақшасына қарағанда клиенттердің бағалы қағаздары мен ақшасын ерекше сақтауды және есебін жүргізуді қамтамасыз етеді;
      9) клиенттің бағалы қағаздары мен ақшасының шотын және есебін жүргізу технологиясын сақтайды;
      10) өз клиенттерінің бағалы қағаздарымен жасалған мәмілелердің орындалуын, оның ішінде Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін мақсатты инвестициялауды бақылайды;
      11) клиенттерге тұрақты негізде және алғашқы талап етуі бойынша олардың шоттарының жай-күйі туралы ақпарат береді;
      12) клиенттердің шоттары туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді және бағалы қағаздар эмитенттерінің тапсырмасы бойынша клиенттерге ақпарат береді;
      13) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен ақпарат береді;
      14) кастодиандық шартта көзделген өзге де қызмет көрсетеді.

      7. Кастодианның бас офисінің және оның филиалдарының үй-жайларындағы клиенттер кіруге болатын жерлерге:
      1) кастодиандық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиялардың нотариат куәландырған көшірмелері;
      2) осы Ереженің және кастодиандық қызметті жүзеге асыруды реттейтін уәкілетті органның өзге де нормативтік құқықтық актілерінің көшірмелері;
      3) бірінші басшының немесе оның орнындағы адамның қолы және мөр қойылып куәландырылған регламенттің көшірмелері орналастырылады.

      8. Кастодиан клиенттердің алғашқы талап етуі бойынша олардың танысуы үшін:
      1) кастодианның соңғы есепті кезеңдегі қаржылық есебін;
      2) кастодианның пруденциалдық нормативтерді сақтауы туралы мәліметтерді;
      3) кастодиандық шарт жасау немесе оны қолдану барысында клиенттер үшін маңызы бар өзге де құжаттарды (қызметтік немесе коммерциялық құпиясы бар құжаттарды қоспағанда) ұсынады.

      9. Кастодиан клиенттерге осы Ереженің 8-тармағында көрсетілген құжаттардың көшірмелерін бергені үшін оларды дайындауға жұмсалған шығыстардың көлемінен аспайтын мөлшерде ақы алады.

      10. Кастодианның өзіне сеніп тапсырылған ақша мен бағалы қағаздарды өз мүдделеріне пайдалануға, оның ішінде оларға өз міндеттемелері бойынша жауап беруге, кепілге беруге не көрсетілген активтерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген іс-әрекет жасауға құқығы жоқ.

      11. Клиенттің ақшасы мен бағалы қағаздарын сақтау және есеп жүргізу жөніндегі кастодианның жауапкершілігі көрсетілген активтерді клиенттің кастодиандағы жеке шотына нақты өткізген кезінен басталады.

      12. Клиенттерге қызмет көрсетуге қатысушы кастодиан қызметкерлері өздеріне уәкілетті орган берген біліктілік куәліктерін көрнекі жерлерге және өздерінің аттары мен лауазымдарын жазып, стол үстіне орналастырады.

      13. Кастодиан қолданымдағы тиісті біліктілік куәліктеріне ие болған қызметкерлерге кастодиан қызметін жүзеге асыру жөніндегі функциялар жүктеуге және осындай қызметкерлердің кастодиан қызметіне, оның ішінде уәкілетті органға ұсынылатын есептеріне қатысты құжаттарға қол қоюға (бұрыштама қоюға) жол беруге тиісті емес.

      14. Кастодиандық қызметті орындауды қамтамасыз ететін кастодианның құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің кастодианның басқа бөлімшелерінің функцияларын, сондай-ақ олардың кастодианның басқа бөлімшелеріндегі лауазымдарды қоса атқаруды жүзеге асыруына жол берілмейді.

3-тарау. Кастодиандық шарт

      15. Кастодиандық шарт жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Кастодиандық шарттың мазмұнына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      16. Кастодиандық шарт жасаған кезде кастодиан клиентті өзінің регламентімен таныстырады.

      17. Кастодиандық шарттың барлық қолданылу мерзімі ішінде кастодиан клиенттерге:
      1) олардың пруденциалдық нормативтерді сақтамау фактілері;
      2) оның кастодиандық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясының қолданылуының тоқтатылғаны (қайта жаңғыртылғаны), оның қайтарып алынғаны;
      3) осы клиенттің бұйрығы бойынша бағалы қағаздармен мәмілелер жасау барысында мүдделер қайшылығының туындау фактілері;
      4) бағалы қағаздармен мәмілелерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен ерекше шарттар туралы хабарлайды.

      18. Осы ереженің 17-тармағында көзделген хабарламалар жазбаша түрде ресімделеді және осындай хабарламаны жіберу үшін негіздеме туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде клиенттерге байланыстың факсимильдік, телекстік және өзге де мүмкін болатын түрімен жіберіледі.

      19. Кастодиандық шарт бұзылған жағдайда, клиенттердің кастодиандағы бағалы қағаздары мен ақшасы кастодиан шартында көзделген тәртіппен он жұмыс күні ішінде клиенттерге қайтарылуға тиіс.

4-тарау. Есеп жүргізуді ұйымдастыру

      20. Клиенттердің ақшасымен және бағалы қағаздарымен операциялардың есебін жүргізу, сондай-ақ клиенттердің бағалы қағаздары бойынша кірістер алу және бөлу кастодианның регламентіне сәйкес жүзеге асырылады.

      21. Кастодиан клиенттердің ақшасы мен бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен баланстық және баланстан тыс шоттарға есепке алады.
      Кастодиан әрбір клиентке оның бағалы қағаздары мен ақшасының есебін жүргізуге арналған жеке шот ашады.

      22. Кастодиан депозитарлық қызметті жүзеге асыратын ұйымда жеке шотты Қазақстан Республикасының заңдарында осы талап белгіленген клиенттер үшін, сондай-ақ клиенттердің талап етуі бойынша ашады.
      Клиент кастодианнан өзінің депозитарлық қызметті жүзеге асыратын ұйымдағы шотынан көшірме алуға құқылы.

      23. Клиенттердің шоттарын жүргізу тәртібі, клиенттің бағалы қағаздарымен операциялар жасау шарты, орындалу мерзімі және есебін жүргізу, кастодианның осы операцияларды жасауы үшін негіздер болып табылатын құжаттардың есебін жүргізу және сақтау бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімін жүргізу жөніндегі қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      24. Кастодианның жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жинақ ақшасының, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздардың және олармен жасалған мәмілелердің есебін жүргізу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      25. Кастодиан бағалы қағаздар мен ақшаның маңызды есебін жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында айына кем дегенде бір рет өз жүйесіндегі клиенттердің бағалы қағаздары мен ақшасы есебінің бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімін жүргізу жөніндегі қызметті және депозитарлық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың деректеріне сәйкестігін салыстырып тексереді.

      26. Кастодианның кастодиандық қызмет туралы есептер жасау және уәкілетті органға ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

5-тарау. Қорытынды ережелер

      27. Кастодиан өз клиенттерінің міндеттемелеріне жауап бермейді және клиенттердің инвестициялық шешімдер қабылдағаны үшін жауапкершілік атқармайды.

      28. Кастодианның кастодиан шартының талаптарын орындамауы немесе тиісті түрде орындамауы салдарынан келтірген шығындары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.

      29. Кастодиандық қызметті жүзеге асыру барысында туындаған және осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.