Кедендік ресімдеу жөніндегі қосымша ережелер туралы

Қазақстан Республикасының Кедендік бақылау агенттігінің 2003 жылғы 23 мамырдағы N 237 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 24 мамырда тіркелді. Тіркеу N 2306

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 269-бабына сәйкес бұйырамын:
      1. Қоса беріліп отырған Декларациялаудың конклюденттік нысаны кезінде өткізу пункттерін жайластыруға қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің Құқықтық қамтамасыз ету басқармасы (И.Ы.Аңсарова) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің баспасөз қызметі (А.А.Қоңлыбаева) осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

      Төрағаның міндетін
      атқарушы

Қазақстан Республикасының  
Кедендік бақылау агенттігі 
төрағасының 2003 жылғы   
23 мамырдағы N 237 бұйрығымен
бекітілген        
"Кедендік ресімдеу жөніндегі
қосымша ережелер туралы" 

Декларациялаудың конклюденттік нысаны жағдайында өткізу пункттерін
жайластыруға қойылатын талаптар

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Декларациялаудың конклюденттік нысаны жағдайында өткізу пункттерін жайластыруға қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің (бұдан әрі - Кеден кодексі) 269-бабына сәйкес әзірленді және тұлға тауарларды декларациялау үшін саналы таңдау жасай алатын етіп арнайы белгіленген орындарды жайластыруды белгілейді.

      2. Декларациялаудың конклюденттік нысанын қолдану мақсаттары үшін өткізу пункттерінде "жасыл және қызыл дәліздер" жүйесін қолдануға арналған орындар жайластырылады.

      3. Халықаралық өткізу пунктінде "жасыл және қызыл дәліздер" жүйесін қолдану үшін шешімді кеден ісі жөніндегі уәкілетті орган қабылдайды.

      4. "Жасыл және қызыл дәліздер" жүйесін қолдану Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы жол жүретін жеке тұлғаға декларациялаудың нысаны мен өзі өткізетін тауарларды кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау үшін оған сәйкес дәлізге өз бетімен таңдау жасауды көздейді.

      5. Декларациялаудың нысаны мен оған сәйкес кәмелетке толмаған адамдар өткізетін тауарларды кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауға арналған дәліздерді таңдауды ертіп жүрген адам жүргізеді.

      6. "Жасыл дәліз" - Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы халықаралық өткізу пункттері арқылы жол жүретін және қол жүгі мен алып жүретін жол жүгінде Кеден кодексінің 289-бабына сәйкес міндетті жазбаша декларациялауға жататын тауарлары жоқ жеке тұлғалардың тауарларды өткізуінің жеңілдетілген тәртібі.

      7. "Жасыл дәлізде" кедендік бақылаудың жекелеген нысанның қолданбауы тұлғаның Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтау міндетінен босатылатындығын білдірмейді.

      8. "Қызыл дәліз" - Қол жүгі мен алып жүретін жол жүгінде Кеден кодексінің 265-бабына сәйкес міндетті жазбаша декларациялауға жататын тауарлар бар жеке тұлғаларға қолданылатын Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатын кедендік бақылау нысандарын пайдалана отырып Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы халықаралық өткізу пункттері арқылы жол жүретін жеке тұлғалар өткізетін тауарларды кедендік бақылаудың тәртібі.

      9. "Жасыл" және "қызыл" дәліздердің басталуы мен аяқталуын кедендік бақылау аймағы шегіндегі кеден органы белгілейді.

      10. Ерекше жағдайларда, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органының шешімі бойынша "жасыл дәліз" уақытша жабық болуы мүмкін. Мұндай шешім өткізу пунктінде орнын алған жедел жағдай, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы жол жүретін адамдар санаттарының қандай да бір ерекшеліктері, одан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған тауарлар әкетілуі немесе әкелуі мүмкін мемлекеттердің ерекшеліктері ескеріле отырып қабылдануы мүмкін.

2. Шекарадағы өткізу пункттеріне "жасыл және қызыл дәліздер" жүйесінің
қолдану үшін қойылатын талаптар

      11. "Жасыл және қызыл дәліздер" жүйесі шекарадағы өткізу пунктінің кедендік бақылау аймағында "жасыл дәліз" талаптарына сәйкес жабдықталған кемінде бір дәліз болған және "қызыл дәліз" талаптары ескеріле отырып жабдықталған кемінде бір дәліз болған жағдайда қолданылады.

      12. Дәліздердің санын кеден органы айқындайды.
      13. "Жасыл және қызыл дәліздерді" жайластыру кезінде мынадай талаптар қолданылады:
      1) дәліздер өткізу пункті ғимаратын жоспарына қарай жол жүгін беру орындарынан тысқары жерлерде орналасуы тиіс;
      2) тексеруді қоса алғанда, кедендік бақылау технологиясы жеке тұлғалардың кедендік бақылау аймағы туралы жол жүгін беру орнынан шығар есікке дейінгі (ұшып келген кезде) және кіру орнынан авиа билеттері мен жол жүгін тіркеу орнына дейінгі (ұшып кетер кезде) жүруін қамтамасыз ететіндей ұйымдастыруы тиіс;
      3) әрбір дәліз бойынша қозғалу бағыты нақты белгіленуі тиіс;
      4) дәлізге кіру орны дәліздің бүкіл еніне еденге жалпақтығы 10 сантиметр көлденең сызықпен белгіленуі, сондай-ақ:
      ені 100 сантиметр, биіктігі 50 сантиметр;
      нышанның периметрі мен диагоналы (жоғарғы оң бұрышынан төменгі сол бұрышына дейін) тиісінше:
      "қызыл дәліз" үшін - ені 10 сантиметр қызыл сызықпен;
      "жасыл дәліз" үшін - ені 10 сантиметр жасыл сызықпен таңбаланатын төртбұрыш түріндегі графикалық нышанмен таңбалануы тиіс;
      ақ түсті нышанның алаңына мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінде тиісінше:
      "жасыл дәліз" үшін - "Жасыл дәліз";
      "қызыл дәліз" үшін - "Қызыл дәліз" деген жазу жазылады.

      14. "Жасыл" және "қызыл" дәліздерге кіреберістер декларациялаудың нысандарын таңдау шарттарын, олардың әрқайсысында кедендік бақылау, кедендік ресімдеу тәртібін, оның ішінде міндетті жазбаша декларациялауға жататын тауарлардың тізбесін көрсете отырып жолаушылардың кеден декларациясын толтырудың тәртібін және жеке тұлғалардың өздері Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізетін тауарларды кедендік бақылауда жасырғаны, не дұрыс толтырмағаны үшін жауаптылығын қамтитын ақпараттары бар стендтермен жабдықталуы тиіс.

      15. Стендтердегі ақпараттар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде, сондай-ақ пайдалануды кеден органы орынды деп таныған кез келген басқа тілде жазылуы тиіс.
      Кеден органы қажетті өзгерістерді ақпараттық материалдарға уақытылы енгізуге міндетті.

      16. Кедендік бақылау аймақтарының алдында орналасқан үй-жайлар немесе өткізу пункттерінің аймақтары бланктердің запастарымен және оларды толтыру үлгілерімен бірге жолаушылардың кедендік декларацияларын толтыруға арналған үстелдермен жабдықталуы тиіс.

      17. Ақпараттық аймақта жеке тұлғаларға консультация беру үшін кеден органының практикалық жұмыстың жеткілікті тәжірибесі бар лауазымды адамы болуы тиіс.

      18. "Жасыл" және "қызыл" дәліздер телевизиялық қадағалау жүйелерімен жарақтандыруы тиіс.