Елтаңбалық қағаз шығаруды лицензиялау бойынша нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25 ақпандағы N 62 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 10 сәуірде тіркелді. Тіркеу N 2233.

Жаңартылған

      Елтаңбалық қағаз шығару бойынша қызметті лицензиялау тәртібін белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Елтаңбалық қағаз шығаруды лицензиялау бойынша нұсқаулық бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.
      3. Төлем жүйесі басқармасы (Мұсаев Р.Н.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне және аумақтық филиалдарына жіберсін.
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының қызметін қамтамасыз ету басқармасы (Мартюшев Ю.А.) және Зерттеу және статистика департаменті (Ақышев Д.Т.) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-бетінде жариялауды қамтамасыз ететін болсын.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е.Т.Жангелдинге жүктелсін.

      Ұлттық Банк
       Төрағасы

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2003 жылғы 25 ақпандағы
"Елтаңбалық қағаз шығаруды
 лицензиялау бойынша  
 нұсқаулықты бекіту туралы"
N 62 қаулысымен бекітілген

Елтаңбалық қағаз шығаруды лицензиялау бойынша
нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі N 2200 Заңына  сәйкес жасалды және субъектілерге (бұдан әрі - өтініш беруші) елтаңбалық қағаз шығару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия (бұдан әрі - лицензия) беру тәртібін реттейді.

      2. Елтаңбалық қағаз шығару Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) лицензиясының негізінде жүзеге асырылады.

      3. Лицензия қолданылу мерзімі шектелмеген бас лицензия болып табылады.

2-тарау. Лицензия беру тәртібі

      4. Лицензия Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын біліктілік талаптарына (бұдан әрі - біліктілік талаптары) жауап беретін өтініш берушіге беріледі.
      Ескерту: 4-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      5. Өтініш беруші лицензия алу үшін Ұлттық Банкке мынадай құжаттарды тапсыруы тиіс:
      1) лицензия беру туралы өтініш;
      2) заңды тұлғаларға - заңды тұлғаның мемлекеттік (қайта) тіркелуі туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі немесе заңды тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырушы жеке тұлғаларға - уәкілетті органның белгіленген тәртіппен берген мемлекеттік тіркеуді растайтын құжатының нотариат куәландырған көшірмесі;
      3) тиісті қызмет түрімен айналысу құқығына лицензиялық алымды төлегенін растайтын құжат.
      Лицензиялық алымның мөлшері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді;
      4) елтаңбалық қағаз шығаруға арналған стационарлық үй-жай мен полиграфия және басқа жабдығының қолда барын растайтын құжаттар (санаткерлік меншік мәні болатын технологияны пайдалану кезінде - осы технологияларды пайдалану құқығын растайтын құжаттар);
      5) өтініш беруші елтаңбалық қағаз шығару үшін пайдаланатын полиграфиялық және басқа жабдықтың осындай жабдықтың әрбіреуінің қызметтік арналуы көрсетілген тізімдемесі;
      6) өндірілетін  өнімді есепке алу және сақтау жүйесінің барлығын растайтын құжаттар (бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есепті жасау үшін ұйым қабылдаған принциптерді, негіздерді, ережелерді және тәжірибені анықтайтын бухгалтерлік құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі және есепке алу кітабын, журналдарды қоса алғанда дайын өнімдерді есепке алу және сақтау тәртібін  реттейтін басқа да құжаттар);
      7) тиісті білім деңгейіне жауап беретін және мамандығы бойынша кем дегенде бір жыл жұмыс стажы бар білікті мамандардың барлығын растайтын құжаттар (нотариат куәландырған жеке еңбек шарттарының, дипломдардың, куәліктердің, сертификаттардың және мамандардың біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын басқа да құжаттардың  көшірмесі);
      8) күзет бөлімшесінің барлығын растайтын құжаттар (нотариат куәландырған жеке еңбек шарттарының, тиісті лицензиялардың көшірмелері, штат кестесінің көшірмесі);
      9) күзет, өрт дабылы және бейнебақылау жүйесін пайдалануға қабылдау актісінің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі.
      Ескерту: 5-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      6. Лицензия алуға берген құжаттарды Ұлттық Банк осы Нұсқаулықтың 5-тармағына сай құжаттардың толық пакеті ұсынылған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қарайды.

      7. Өтініш беруші Ұлттық Банкті осы Нұсқаулықтың 5-тармағына сәйкес лицензия алуға ұсынған құжаттарындағы деректердің өзгергені жөнінде осы өзгерістер күшіне енгенге дейін он күн бұрын хабардар етеді.

      8. Ұлттық Банк өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау үшін тұрақты жұмыс істейтін комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрады.
      Ескерту: 8-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      8-1. Комиссия өтініш берушіні тексеру нәтижелері бойынша заңды тұлғаның (заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның) елтаңбалық қағаз шығару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға дайындығы туралы акт (бұдан әрі - акт) жасайды.
      Ескерту: 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      8-2. Акт 2 (екі) данада жасалады және оған комиссия төрағасы, барлық мүшелері және өтініш берушінің бірінші басшысы не оның орнындағы адам қол қояды. Актінің бір данасы өтініш берушіге беріледі.
      Комиссия актісінің негізінде өтініш берушіге елтаңбалық қағаз шығару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия берудің мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы жазбаша қорытынды жасайды.
      Ескерту: 8-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      9. Өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес келген және осы Нұсқаулықтың 5-тармағында көзделген құжаттардың толық пакеті бар болған кезде өтініш берушіге лицензия беру туралы мәселе Ұлттық Банк Басқармасының қарауына беріледі.

      10. Лицензия осы Нұсқаулықтың 1-қосымшасындағы нысанға сәйкес Ұлттық Банк Басқармасының қаулысы негізінде беріледі.
      Лицензия өтініш берушінің тиісті сенімхаты негізінде өтініш берушінің бірінші басшысына немесе өзге тұлғаға беріледі.
      Ескерту: 10-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      11. 11-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

3-тарау. Лицензия беруден және оған шағым жасаудан
бас тарту, лицензияны қайтарып алу немесе
қолданылуын тоқтата тұру

      Ескерту: 3-тарау өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      12. Лицензия беруден бас тарту мына негіздердің кез келгені бойынша жүргізіледі:
      1) осы субъектілердің Қазақстан Республикасының заң актілерінде осы қызмет түрін жүзеге асыруға тыйым салынуы;
      2) өтініш берушіге елтаңбалық қағаз шығару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға тыйым салатын сот шешімінің болуы;
      3) өтініш берушінің осы Нұсқаулықтың 5-тармағында көрсетілген құжаттардың толық пакетін ұсынбауы;
      4) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген біліктілік талаптарына жауап бермеуі;
      5) өтініш берушінің лицензиялық алымды төлемеуі.

      13. Өтініш берушіге лицензия беруден бас тарту жазбаша түрде бас тарту себептері көрсетіле отырып жүзеге асырылады.

      14. Лицензия беруден негізделместен бас тартылған жағдайда,  өтініш беруші бір айлық мерзімде Ұлттық Банктің іс-әрекетіне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

      15. Лицензияны қайтарып алу Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген негізде және тәртіпте жүргізіледі.
      Ескерту: 15-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      15-1. Осы Нұсқаулықтың және Қазақстан Республикасының елтаңбалық қағаз шығаруды лицензиялауды реттейтін заңдары талаптарының сақталуын бақылау мақсатында Ұлттық Банк лицензиаттың қызметін жоспарлы және жоспардан тыс тексеруді жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының елтаңбалық қағаз шығаруды лицензиялауды реттейтін заңдарының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде Ұлттық Банк лицензияның қолданылуын алты ай мерзімге тоқтата тұруға құқылы. Ұлттық Банк Басқармасының лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулысында лицензияның қолданылуын тоқта тұру негіздері және мерзімі көрсетіледі.
      Ескерту: 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      15-2. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат ай сайын лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерін жою үшін өзі қабылдаған шаралар туралы Ұлттық Банкке хабарлайды.
      Ескерту: 15-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      15-3. Лицензиат лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерін жою жөнінде куәландыратын құжаттарды берген кезде лицензияның қолданылуы Ұлттық Банк Басқармасының тиісті қаулысы негізінде жаңғыртылады.
      Ескерту: 15-3-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

      15-4. Ұлттық Банк лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негіздеме болып табылатын құқық бұзушылықтарды жою жөніндегі ақпаратқа растама алу мақсатында лицензиаттың қызметін тексеруді жүзеге асыруға құқылы.
      Ескерту: 15-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .

4-тарау. Қорытынды ережелер

      16. Осы Нұсқаулықпен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешіледі.

Елтаңбалық қағаз шығаруды
лицензиялау нұсқаулыққа
1-қосымша     

Қазақстан Республикасының
ЕЛТАҢБАСЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ЛИЦЕНЗИЯ

      Осы лицензия Қазақстан Республикасының "Лицензиялау туралы"
1995 жылғы 17 сәуірдегі N 2200 Заңына  сәйкес елтаңбалық қағаз
шығару бойынша қызметпен айналысу үшін Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының 200 ___  жылғы "___"  ____________ 
N  ____ қаулысы негізінде ________________________________________
__________________________________________________________________
(жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның аты-жөні
__________________________________________________________берілді.
немесе заңды тұлғаның атауы)

      Осы лицензияның шарттарынан туындайтын құқықтар үшінші
тұлғаларға берілмейді.
      Осы лицензия жалғыз данада беріледі.
      Филиалдар, өкілдіктер_______________________________________
__________________________________________________________________
                   (орналасқан жері, деректемелері)

Лицензияны берген орган - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Төрағасының
Орынбасары                       ___________________ (аты-жөні)

Лицензияны берген күн            "___ "  ______________ 200__ж.

Лицензияның нөмірі   N ___

____________________ қаласы

Елтаңбалық қағаз шығаруды
лицензиялау нұсқаулыққа
2-қосымша     

      Ескерту: 2-қосымша алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 17 қыркүйектегі N 341 қаулысымен .