Табиғи монополия субъектiлерiн қайта ұйымдастыруды немесе таратуды уәкiлеттi органмен келiсу жөніндегi Нұсқаулықты бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2003 жылғы 24 ақпандағы N 49-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 21 наурызда тіркелді. Тіркеу N 2214.

Қолданыстағы

      "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  18-1-бабына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 15 қарашадағы N 1713 қаулысымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттігі туралы ереженiң 4 тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған табиғи монополия субъектiлерiн қайта ұйымдастыруды немесе таратуды уәкілетті органмен келiсу жөнiндегi Нұсқаулық бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттiгiнiң Әкiмшiлiк жұмысы департаменті (А.Т.Шабдарбаев) осы бұйрық мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн:
      1) оны ресми бұқаралық ақпарат құралдарында заңнамада белгiленген тәртiппен жариялауды қамтамасыз етсiн;
      2) оны Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөніндегі агенттiгiнiң орталық аппараты мен аумақтық органдарының құрылымдық бөлiмшелерi назарына жеткiзсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары А.К.Әміринге жүктелсін.
      4. Осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға

Қазақстан Республикасының   
Табиғи монополияларды     
реттеу және бәсекелестiктi  
қорғау жөнiндегi агенттiгiнiң
2003 жылдың 24 ақпандағы  
N 49-НҚ бұйрығымен      
бекiтiлген           

Табиғи монополия субъектiлерiн қайта құру немесе таратуды уәкiлеттi органмен келiсу жөнiндегi
Нұсқаулық

      Табиғи монополия субъектiлерiн қайта құру немесе таратуды уәкiлеттi органмен келiсу жөнiндегi осы Нұсқаулық (бұдан әрi - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң , " Табиғи монополиялар туралы ", " Банкроттық туралы ", " Акционерлiк қоғамдар туралы ", " Жауапкершілiгi шектеулi және қосымша жауапкершіліктерге ие серiктестiктер туралы " Қазақстан Республикасы Заңдарына сәйкес әзiрленген және табиғи монополия субъектiлерiн (бұдан әрi - Субъект) қайта құрудың және таратудың тәртiбiн уәкiлеттi органмен келiсу талаптарын нақтылайды.

1. Жалпы ереже

      1. Осы Нұсқаулықтың мақсаттары болып тұтынушылардың заңды мүдделерi мен құқықтарына зиян келтiрудiң алдын алу, заңды және жеке тұлғаларды субъектiлердiң қызмет (тауарлар, жұмыстар) көрсету тарифтерiн (бағалар, алым ставкасы) негiзсiз өсiруiнен қорғау болып табылады.

      2. Осы Нұсқаулықта қолданылатын негiзгi ұғымдар:
      1) мүлiк иесi - субъект мүлiгінің иесi немесе меншiк иесiнiң уәкiлеттi органы, құрылтайшы (құрылтайшылар), сондай-ақ субъектiнiң уәкiлеттi құжаттарымен субъектiнi қайта құру және тарату жөнiнде шешiм қабылдайтын орган;
      2) уәкiлеттi орган - табиғи монополия субъектiлерi саласында қызметтердi қадағалайтын және реттейтiн мемлекеттiк орган.

      3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Субъектiге қайта құру немесе тарату тәсiлдерi қолданылады.

      4. Субъектiнi мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу сондай-ақ оның қызметiнің тоқтатылуын тiркеу тiркейтiн орган арқылы уәкiлеттi органның алдын ала келiсiмiмен жүзеге асырылады.

      5. Субъектiнiң қызмет көрсету (тауар өндiру, жұмыстар) көлемiн едәуiр қысқартуға жол бермеу немесе үзiлiстi болдырмау мақсатында оңалту тәсiлдерi қолданылуы мүмкiн.
      Субъектiнi қайта құру Субъект көрсетiлетiн қызмет (тауарлар, жұмыстар) тарифтерiнің (баға, алым ставкалары) өсуiне негiз болмауы керек.

2. Субъектiнi қайта құру немесе таратуды
уәкiлеттi органмен келiсу

      6. Субъектiнi қайта құру немесе тарату уәкiлеттi органның келiсуiмен жүргiзiледi.

      7. Субъектiнi қайта құру немесе таратуға келiсiм беру туралы өтiнiш Субъектi мүлкiнiң иесi қайта құру немесе тарату туралы шешiм қабылдағаннан кейiн уәкiлеттi органға беріледi.
      Субъектi мүлкінің иесi қайта құру немесе тарату туралы шешiм қабылдағаннан кейiн Субъект 5 күн iшiнде Субъектiнi қайта құру немесе таратуға келiсiм беру туралы өтiнiштi уәкiлеттi органға өткiзедi.

      8. Өтiнiш уәкiлеттi органға Субъектiнi қайта құру немесе таратуды Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында тиісінше тiркелмегенге (қызметiн тоқтатуды тiркеу) дейiн берiлуге тиiстi.

      9. Субъектiнi соттан тыс тәртiппен таратуды жүргiзгенде Субъектi мүлкiнiң иесi банкроттық рәсiмдердiң жүргiзілуiн қадағалайтын органға соттан тыс тәртiппен таратуды жүргiзу туралы өтiнiшпен қатар уәкілеттi органға Субъектiнi тарату туралы өтiнiш бередi.

      10. Қайта құру немесе таратуға келiсiм беру туралы өтiнiш еркiн нысанда құрылады және уәкiлеттi органға осы Нұсқаулықтың 3-тарауында көрсетілген талаптарға сәйкес берiледi.

      11. Өз еркiмен қайта құру немесе таратуда келiсу жөнiндегi шешiмдi қарау және қабылдау үшiн Субъекті мүлкiнiң иесi уәкiлеттi органға қосымша келесi құжаттарды ұсынуға мiндеттi:
      1) анықтама-негiздеме, сондай-ақ Субъектiнi қайта құру немесе тарату қажеттілiгiнiң экономикалық негiздемесi;
      2) Субъектiнiң қаржы-шаруашылық қызметiнiң талдауы, соның iшiнде өткен жылғы бухгалтерлiк балансы (қосымшаларымен) және ағымдағы жылдың тиiстi кезеңi мен оларға түсiндiрме жазбалар;
      3) қосылғанда, жалғастырғанда, қайта құрған кезде-өткiзу акты, сондай-ақ қосылу, Субъектiге жалғаса қатысатын басқа да тұлғалар туралы мәлiметтер. Бұл мәлiметтер құрылтайшы құжаттардың атауынан, көшiрмесiнен, мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктен (қайта тiркеу) тұруға тиiстi;
      4) бөлген немесе еншiлеген кезде-бөлу балансының көшiрмесi, сондай-ақ Субъектiнi еншілеу бөлуге байланысты құрылатын тұлғалардың құрылтайшы құжаттарының жобасы;
      5) Субъектi мүлкi иесiнiң қайта құру немесе тарату туралы шешiмi;
      6) Субъектiнiң құрылтайшы құжаттарының көшiрмесi;
      7) Субъектiнi бөлудiң, еншiлеудiң, қосудың, жалғаудың және қайта құрудың жоспары;
      8) әр жаңадан пайда болатын заңды тұлғалардың орналасқан жерi туралы мәлiмет;
      9) Субъектiнiң басқа заңды тұлғаларға қатысы туралы мәлiмет;
      10) салалық министрлiктiң, оның аумақтық органының немесе жергiлiктi атқарушы органның (Субъект коммуналдық меншік есебiнде болған жағдайда немесе бұл Субъектiнi қайта құру немесе тарату туралы мәселенi шешу үшiн қажеттi жағдайда) Субъектiнi қайта құру немесе тарату мүмкiндiгi туралы қорытындысы.
      Субъектi мүлкiнiң иесi осы Нұсқаулықтың 11-тармағы 2)-тармақшасында көрсетiлген қосылу мен бiрiктiруге қатысатын басқа да тұлғаларға байланысты құжаттарды ұсынуға мiндеттi.

      12. Осы Нұсқаулықтың 11-тармағында көрсетiлген құжаттарды толық ұсынбау не сенiмсiз ақпарат ұсыну Субъектiнi қайта құру немесе таратуға келiсiм беру туралы өтiнiштi қараудан бас тартуға негiз болады.

3. Субъектіні қайта құру немесе таратуды келiсуге
ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптар

      13. Уәкiлеттi органға ұсынылатын құжаттар мен ақпараттар толық және сенiмдi болуы керек.
      Қосымша берiлетiн құжаттар түпнұсқада немесе оның көшiрмесi түрiнде болуы, соңғы жағдайда өтiнiшке қол қоятын тұлға және/немесе орган жазбаша түрде олардың толықтығы мен сенiмдiлiгiн растауы қажет.

      14. Сенiмсiз мәлiметтердi ұсыну Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.

      15. Осы Нұсқаулықтың 14-тармағында көрсетiлген құжаттар мен ақпараттар қағаз бетiне түсiрiлген, тiгiлген және уәкiлеттi органға өтiнiш беретiн тұлғаның немесе органның мөрiмен және қолымен куәландырылуға тиiстi.
      Егер өтiнiш жеке тұлғаның атынан берiлетiн болса, құжаттар мен ақпараттар тiгiлiп, жеке тұлғаның қолымен куәландырылады. Жеке тұлғаның қолы нотариалды түрде куәландырылуға тиiстi.

      16. Коммерциялық құпия құрайтын ақпараттар өтiнiм берушімен "коммерциялық құпия" деген белгiмен және бөлек мұқабамен жiберiлуi мүмкiн, бiрақ өтiнiмдер қаралатын ақпарат (құжаттар) пакетiне мiндеттi түрде енгiзiлуi керек.

      17. Ақпараттың құрамында коммерциялық құпияның болуы оны уәкiлеттi органға ұсынудан бас тартуға негiз бола алмайды, бұл жағдайда Субъектi мүлкiнiң иесi уәкiлеттi органға ақпарат ұсынған кезде коммерциялық құпия жайындағы мәлiметтердiң толық тiзiмдемесiн не Субъектi мүлкiнiң иесiнiң коммерциялық құпия құрайтын мәлiметтер тiзiмдемесiн бекiту туралы актiсiнiң көшiрмесi қоса берiлуге тиiстi.

      18. Ақпараттың (құжаттардың) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болуы оны уәкiлеттi органға ұсынудан бас тартуға немесе ұсыну мерзiмiн сақтамауға негiз бола алмайды.

      19. Субъектiлердi қайта құру немесе таратуға келiсiм беру туралы өтiнiштегi мәлiметтердiң (фактiлер, деректер) өзгеруi немесе шешiм қабылдау кезiнде мәндiлiкке ие ақпараттар (құжаттар) Субъектi мүлкiнiң иесiмен уәкiлеттi органның назарына 3 жұмыс күнi ішінде жазбаша түрде жеткiзіледi. Уәкілеттi органға өзгерiстер туралы хабарламау Қазақстан Республикасының заңдарында қаралған жауапкершiлiкке алып келедi.

4. Субъектiнi қайта құру немесе таратуға келiсiм беру
туралы өтінішті қарау тәртiбi

      20. Уәкiлеттi органмен Субъектiнi қайта құру немесе таратуға келiсiм беру туралы өтiнiштi қарау мерзiмi 30 күнтiзбелiк күннен аспауы керек.

      21. Шешiм қабылдау үшiн қосымша ақпарат қажет жағдайда уәкілеттi орган оны өтiнiш берушiден сұрауға және өтiнiштi алған күннен бастап он бес күннен кеш емес мерзiмде егер осы сұрау өтiнiш берушiге өтiнiштi қарау мерзiмiн ұзарту туралы хабарламамен бiрге жіберiлсе, өтiнiштi қарау мерзiмiн 30 күнге ұзартуға құқылы.

      22. Мерзiмiнде сұратылған құжаттар мен ақпараттарды ұсынбау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке әкеледi және Субъектiнi қайта құру немесе таратуға келiсiм беру туралы өтiнiштi қабылдамауға негiз бола алады.

      23. Субъектi мүлкiнiң иесi өтiнiштi берген кезде өздiгiнен осы Нұсқаулықтың 11-тармағында көрсетiлген ақпараттар мен құжаттарға қосымша уәкiлеттi органға Субъектi мүлкiнiң иесi пiкiрiнше белгіленген мерзiмде шешiмдi қабылдауға қандай да бiр әсерiн тигiзетiн кез-келген ақпаратты жiберуге құқылы.

      24. Қайта құру немесе таратуға келiсiм беру туралы өтiнiш Субъектiнi жоспардан тыс тексеруге негiз бола алады, соның қорытындысы бойынша уәкiлеттi орган осы Нұсқаулықтың 25, 26 тармақтарына сәйкес шешiм қабылдайды.

      25. Субъектiнi қайта құру немесе таратудың қажеттiлiгi уәкілеттi органмен экономикалық және/немесе технологиялық тиiмдiлiк өлшемiмен, заңды және жеке тұлғалардың құқығын қорғау және мемлекет, тұтынушы, Субъектi мүдделерiнiң балансын қамтамасыз ету мақсатында бағаланады, сонымен қатар:
      1) Субъектiнiң тұтынушыларымен шартты бұзуына;
      2) Субъектi өндiретiн тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) тарифiнiң (бағалар, алым ставкалары) өсуiне;
      3) қоршаған ортаға терiс әсер етуiне;
      4) Субъектiнiң тауарларды (жұмыстарды) өндiру, қызмет көрсету жүйесiнiң технологиялық бiртұтастығын бұзуға;
      5) Субъектiнiң тауарларды үздiксiз (жұмыстарды) өндiруiн, қызмет көрсетуiн бұзуға әкелмеуi тиiс.

      26. Уәкiлеттi орган өтiнiштi қарау қорытындысы бойынша келесi шешiмнiң бiреуiн қабылдауы мүмкiн:
      1) өтiнiштi қанағаттандыру туралы;
      2)тұтынушылардың мүддесiн қорғауға бағытталған, ұсынылған Субъектiнi қайта құру немесе тарату жоспарын өзгерту бойынша талаптар қою арқылы, сондай-ақ Субъектiнi қайта құру немесе таратудың басқа да рәсiмдерiн өзгерту арқылы өтiнiштi қанағаттандыру туралы. Бұл жағдайда уәкiлеттi органның шешімінде нақты талаптар, ұсынудың негіздері, сондай-ақ оның орындалу мерзімі көрсетілуі тиіс;
      3) уәждемелі қорытындымен өтінішті қайтару туралы.
      27. Уәкілетті органның шешіміне қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдануы мүмкін.