Коммуналдық мемлекеттік мекемелер балансындағы және мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың шаруашылық жүргізуіндегі немесе жедел басқаруындағы объектілерді, оның ішінде жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншік объектілерін мүліктік жалға (жалдауға) беру шарттарын белгілеу туралы

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімиятының қаулысы 2002 жылғы 11 қарашадағы N 394. Оңтүстік Қазақстан облысының әділет басқармасында 2002 жылдың 9 желтоқсанда N 739 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 7 наурыздағы "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргізуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлікті, оның ішінде жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншік объектілерін мүліктік жалға (жалдауға) беру туралы Ережелерді бекіту туралы"»N 336 қаулысына  сәйкес облыс әкімияты қаулы етеді:

      1. Коммуналдық мемлекеттік мекемелер балансындағы объектілерді мүліктік жалға (жалдауға) беру шарттары белгіленсін (N 1 қосымша).

      2. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың шаруашылық жүргізуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлікті, оның ішінде жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншік объектілерін мүліктік жалға (жалдауға) беру шарттары белгіленсін (N 2 қосымша).

      3. Облыстық қаржы және коммуналдық меншік департаменті коммуналдық мемлекеттік мекемелер балансындағы объектілерді, сондай-ақ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың шаруашылық жүргізуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлікті, оның ішінде жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншік объектілерін мүліктік жалға (жалдауға) беру функцияларын жүзеге асырушы уәкілетті орган болып белгіленсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары С.Н.Бурлаченкоға жүктелсін.

      Облыс әкімі

Облыс әкімиятының    
2002 жылғы 11 қарашадағы 
N 394 қаулысына N 1 қосымша

Мемлекеттік мекемелер балансындағы объектілерді
мүліктік жалға (жалдауға) беру
ШАРТТАРЫ

1.  ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Осы Шарттар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне,  Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 23 желтоқсандағы заң күші бар "Жекешелендіру туралы"»N 2721 Жарлығына  және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді және Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы коммуналдық меншікке жататын объектілерді мүліктік жалға (жалдауға) берудің негізгі принциптерін, тәртібін белгілейді.
      2. Мүліктік жалға (жалдауға) беру объектілері деп коммуналдық мемлекеттік мекемелер балансындағы үй-жайлар, ғимараттар, құрылыстар, жабдық және өзге де мүлік (бұдан әрі - Объект) түсініледі.
      3. Тек мемлекеттік меншік объектілері болып табылатын және жергілікті маңызы бар санатқа жатқызылған тарих және мәдениет ескерткіш ғимараттары, оларды пайдалану мен эксплуатациялау шарттары тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен пайдалану жөніндегі құзырлы мемлекеттік органмен келісілген жағдайда ғана, мүліктік жалға (жалдауға) беріледі.
      4. Уәкілетті орган (бұдан ары Жалға беруші) коммуналдық мемлекеттік мекемелер объектілерін мүліктік жалға (жалдауға) беруді Жалдаушының өтінімі бойынша және объектінің баланс ұстаушысының келісімімен жүзеге асырады.

2. ОБЪЕКТІЛЕРДІ КЕЙІНГІ САТЫП АЛУ ҚҰҚЫҒЫНСЫЗ
МҮЛІКТІК ЖАЛҒА (ЖАЛДАУҒА) БЕРУ ТӘРТІБІ

      5. Объектілерді мүліктік жалға (жалдауға) алу өтінімдерін кез келген заңды және жеке тұлғалар бере алады. Өтінімдер уәкілетті органға - Жалға берушіге беріледі.
      6. Келіп түскен өтінімдерді қарау және олар бойынша шешім қабылдау жалпылама негізде бір ай мерзімде өткізіледі.
      7. Объектілерді мүліктік жалға (жалдауға) беру туралы келіп түскен өтінімдер мынадай құжаттар тапсырылғанда қаралады:
      1) Объектінің қажеттілігінің негіздемесі;
      2) нотариалды расталған құрылтай құжаттардың көшірмесі (заңды тұлғалар үшін);
      3) төлқұжат немесе жеке тұлғаны куәландыратын өзге де құжат көшірмесі (жеке тұлғалар үшін).
      8. Жалға беруші өтінімді және ұсынылған құжаттарды қараудың нәтижелері бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) Объектіні мақсатты пайдалануы бойынша мүліктік жалға (жалдауға) беру туралы;
      2) аталған Объект бойынша Жалға алушыны тендерлік іріктеу жүргізу туралы;
      3) жазбаша себептерін көрсете отырып, бас тарту туралы.
      Өтінім тапсырушыларға қойылатын талаптарды қанағаттандыратын екі немесе одан көп өтінімдердің бар болуы жағдайында Объектіні мүліктік жалға (жалдауға) беру тек тендер нәтижесіне сәйкес мүмкін болады.
     Тендер нәтижесімен объектіні жалға (жалдауға) беру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің N 336 Қаулысымен  2001 жылғы 7 наурызда бекітілген ережесіне сәйкес өткізіледі.
      9. Жалға беруші Объектіні мақсатты пайдалану бойынша жалға беру (жалдау) туралы шешім қабылдаған соң, Жалдаушымен мүлікті жалға (жалдауға) беру шарты жасалынады.
      10. Мүліктік жалға (жалдауға) беру шартында міндетті түрде мыналар қарастырылуы тиіс:
      Жалға берушінің міндеттері:
      1) Жалдаушының шартта белгілеген тәртіппен Объектіні иеленуі мен пайдалануына кедергі болатын іс-қимыл жасамауға міндетті;
      2) келісімнің шарттарының орындалуына бақылау жүргізуге:
      Жалдаушының міндеттері:
      1) объектіні тиісті тәртіпте ұстауға, объектіге немесе онда орналасқан инженерлік коммуникацияларға зақым келтіруі мүмкін әрекеттер жасамауға;
      2) объект жалдаушының кінәсінен зақымдалған жағдайда, өз есебінен жөндеу жұмысын жүргізуге;
      3) Жалға берушінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз объектіні, онда орналасқан желілер мен коммуникацияларды қайта жоспарлауды немесе қайта жабдықтауды жүзеге асырмауға;
      4) Жалға берушінің, санитарлық қадағалау қызметінің және ғимараттарды пайдалану және ұстау-күту тәртібіне қатысты заңнама мен өзге де нормалардың сақталуын бақылайтын басқа да мемлекеттік органдар өкілдерінің объектіге және оған жақын орналасқан жер учаскесіне кіруіне рұқсат беру, көрсетілген олқылықтарды олар белгілеген мерзімде жоюға;
      5) Жалға берушінің келісімімен ғана Объектіні ішкі жалдауға (қосалқы жалгерлікке) беруге, мүліктік жалға (жалдауға) беру шарты бойынша өзінің құқықтары мен міндеттерін басқа тұлғаға (қайта жалдауға) беруге;
      6) мүліктік жалға (жалдауға) беру шарты бойынша өз құқықтарын кепілге бермеуге немесе оларды салым ретінде шаруашылық серіктестіктердің, акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталына немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде енгізбеуге;
      7) шартта белгіленген мөлшерде, мерзімдерде және тәртіпте жалдау ақысын төлеуге;
      8) әр тоқсан сайын төлем ақыны төлеген туралы есеп беруге:
      9) шартта белгіленген мерзімде Объектіні қанағаттанарлық жағдайда қайтаруға міндетті.
      11. Айыппұл төлеу кінәлі жақты шарт бойынша алған міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
      12. Мүліктік жалға (жалдауға) беру шартында ескерілетін дүркінді немесе бір жолғы енгізілетін төлемдердің торлаулы сомасында барлық жалданатын мүлік үшін тұтастай немесе оның құрамдас бөлігінің әрбірі үшін бөлек белгіленеді.
      Ғимараттағы үй-жайлардың бір бөлігін жалдау үшін төлемді есептеу кезінде жалпы пайдаланатын орындарға кіруді Жалдаушының осы алаңдарды үлестік пайдалануына үйлесімді ескеру қажет.
      13. Объектіні жалға бергенде, Жалдаушының заңды статусы мен объектінің орналасу мекен-жайына тәуелді жалға беру ақысының бір шаршы метрді жалға беру ақысының ставкасы 300 теңге көлемінде бекітілсін (қосылады).
      14. Мүліктік жалға (жалдауға) беру ақысына коммуналдық қызмет көрсетулер үшін төлемдер, ағымдағы және күрделі жөндеуге бөлінетін қаражат, Объектіге көрсетілетін қызмет үшін төлемдер қосылмайды. Жалдаушы бұл төлемдерді тікелей бөлек келісім бойынша баланс ұстаушыға немесе ведомстволық күзетке, пайдалану, коммуналдық, санитарлық және басқа қызметтерге төлейді.
      15. Жалдау ақысы жергілікті бюджетке аударылады.

3. ШАРТТЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН БҰЗУДЫҢ
НЕГІЗДЕРІ МЕН ШАРТТАРЫ

      Шартты мерзімінен бұрын бұзудың негіздері мен шарттары мыналар болып табылады:
      1) Жалдаушының заңды тұлға ретінде таратылуы;
      2) Жалдаушының мүліктік жалға (жалдауға) беру шартының талаптарын бұзуы;
      3) заңнамалық актілермен немесе шартпен көзделген жағдайларда Жалға берушінің немесе Жалдаушының талабы бойынша;
      4) егер Жалдаушы шартта белгіленген төлеу мерзімі аяқталғанда екі реттен көп мүлікті пайдалану үшін төлемді төлемесе;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген өзге де жағдайлар.

4. ДАУЛАРДЫ ШЕШУ

      16. Осы Шарттармен реттелмеген барлық мәселелер бойынша мүліктік жалға (жалдауға) беру шартының тараптары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады.
      17. Объектіні мүліктік жалға (жалдауға) беру кезінде туындайтын даулар тараптардың өзара келісімі бойынша немесе заңнамамен белгіленген тәртіпте қаралады .

Облыс әкімиятының    
2002 жылғы 11 қарашадағы 
N 394 қаулысына N 2 қосымша

Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың шаруашылық жүргізуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлікті, оның ішінде жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншік объектілерін мүліктік жалға (жалдауға) беру
Шарттары

1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

     1. Осы Шарттар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне  сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 7 наурыздағы N 336 қаулысын  орындау үшін әзірленді және барлық мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің орындауы үшін міндетті болып табылатын Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы коммуналдық меншікке жататын объектілерді мүліктік жалға (жалдауға) берудің негізгі принциптерін, тәртібін белгілейді.
      2. Мүліктік жалға (жалдауға) беру объектілері деп коммуналдық меншік болып табылатын ғимараттар, үй-жайлар, құрылыстар, жабдық және өзге де мүлік (бұдан әрі - Объект) түсініледі.
      3. Тек мемлекеттік меншік объектілері болып табылатын және жергілікті маңызы бар санатқа жатқызылған тарих және мәдениет ескерткіш ғимараттары, оларды пайдалану мен эксплуатациялау шарттары тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен пайдалану жөніндегі құзырлы мемлекеттік органмен келісілген жағдайда ғана, мүліктік жалға (жалдауға) беріледі.
      4. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар шаруашылық жүргізу құқығындағы мүлкін үш жылға дейінгі мерзімге мүліктік жалға (жалдауға) беру туралы шешімді өз бетінше қабылдайды.
      5. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу құқығындағы мүлкін үш жылдан аса мерзімге, сондай-ақ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың жедел басқару құқығындағы мүлкін мүліктік жалға (жалдауға) беруді кәсіпорын тек уәкілетті органның келісімімен ғана жүзеге асыра алады.
      6. Тендерлік іріктеу арқылы Объектіні мүліктік жалға (жалдауға) беру және мүліктік жалға (жалдауға) беру шартын ресімдеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 7 наурыздағы N 336 қаулысымен  бекітілген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.     

Мемлекеттік мекемелер балансындағы 
объектілерді мүліктік жалға (жалдауға)
беру шарттарын бекіту туралы   
облыс әкімиятының  2002 жылғы 11 қарашадағы
N 394 қаулысына N 3 қосымша   

Жалға беру ақысының мөлшерін анықтауда қолданылатын жоғарылату коэффициенттері

      1. Жалдаушының заңды статусын
         белгілейтін коэффициент:

      - мемлекеттік мекемелерге                - 1
      - мемлекеттік емес жеке және
        заңды тұлғаларға                       - 2,5 -3,5

      2. Объектінің орналасу коэффициенті:

      - облыс орталығында
      № 1 аймақ                                - 10
      № 2 аймақ                                - 8
      № 3 аймақ                                - 6
      - қала және аудан орталықтарында         - 5
      - ауылдық жерде                          - 4