Ең аз резервтік талаптар туралы ережені бекіту жөнінде

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысы 2002 жылғы 3 тамыздағы N 300. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 12 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 1974.

Жаңартылған

      Банк қызметін реттейтін заңдарды жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы  қаулы етеді
      1. Ең аз резервтік талаптар туралы ереже бекітілсін. 
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап бір ай өткеннен кейін күшіне енеді. 
      3. Банктерді және сақтандыруды қадағалау департаменті (Мекішев А.А.): 
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын; 
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарына жіберсін. 
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.Ғ.Сәйденовке жүктелсін. 

      Ұлттық Банк
      Төрағасы 

Қазақстан Республикасының  
Ұлттық Банкі Басқармасының  
"Ең аз резервтік талаптар   
туралы ережені бекіту жөнінде"
2002 жылғы 3 тамыздағы    
N 300 қаулысымен бекітілген  

  Ең аз резервтік талаптар туралы ереже 

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасының  Ұлттық Банкі  туралы", "Қазақстан Республикасындағы  банктер және банк қызметі  туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің ең аз резервтік талаптарды орындауының тәртібін белгілейді. 

      1. Ең аз резервтік талаптардың белгілі бір күнге мөлшері резервтік талаптар нормативінің мәнін банктің осы күнге резервтік міндеттемелерінің көлеміне көбейту арқылы айқындалады.
      Банктің резервтік міндеттемелері:
      банктің сыртқы міндеттемелері мен сыртқы резервтік активтерінің сомалары арасындағы оң айырмасының;
      банктің ішкі міндеттемелерінің сомасы ретінде есептеледі.
      Сыртқы (ішкі) міндеттемелерді есептеген кезде басқа банктердің алдындағы міндеттемелер алынып тасталады.
      Резервтік талаптар нормативінің мәнін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі - Ұлттық Банк) белгілейді.
       Ескерту: 1-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 13 маусымдағы N 173   қаулысымен   (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-тармақтан  қараңыз) .

      2. Банктің сыртқы міндеттемелері резидент еместердің алдында мынадай міндеттемелердің баланстық құны бойынша сомасы ретінде есептеледі:
      халықаралық қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелер;
      арнайы мақсаттағы еншілес ұйымдардың салымдары;
      борыштық бағалы қағаздар бойынша міндеттемелер;
      реттелген борыштар.
      Сыртқы резервтік активтер:
      Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингісінен төмен емес тәуелсіз рейтингісі бар мемлекеттердің қолма-қол шетел валютасының;
      Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингісінен төмен емес тәуелсіз рейтингісі бар мемлекеттердің орталық банктеріндегі шоттардағы ақша;
      шетелдік банктердегі шоттардағы ақша, ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісі Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингісінен төмен емес резидент емес-ұйымдардағы салымдар;
      екінші деңгейдегі банктердің дилерлік қызметті жүзеге асыруына рұқсат етілген шетелдік мемлекеттік бағалы қағаздарға баланстық құны бойынша инвестициялар;
      рейтингісі Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингісінен төмен емес халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына инвестициялар сомасы ретінде есептеледі.
      Банктің ішкі міндеттемелері өтелу (толық немесе ішінара) мерзімі ағымдағы және одан кейінгі айларда басталатын резидент-клиенттердің алдындағы міндеттемелер сомасы ретінде есептеледі.
       Ескерту: 2-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 13 маусымдағы N 173   қаулысымен   (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-тармақтан  қараңыз) .

      3. Банктердің ең аз резервтік талаптарды орындауының екі тәсілі белгіленеді: 
      1) банктің ақшасын резервтік активтердің қалыптастырылу кезеңінде резервтік активтердің орташа көлемі резервтік талаптарды анықтау кезеңіндегі ең аз резервтік талаптардың орташа мөлшерінен кем болмайтындай етіп резервтік активтерге орналастыру.
      Қалыптастыру кезеңіндегі әрбір күнгі резервтік активтердің көлемі ең аз резервтік талаптарды анықтау кезеңі үшін есептелген ең аз резервтік талаптардың орташа мөлшерінен кем болмауы тиіс.
      Ең аз резервтік талаптарды анықтау кезеңі резервтік активтерді қалыптастыру күніне дейін екі күн бұрын алдындағы он төрт күнтізбелік күннен тұрады.
      Резервтік активтер:
      қолма-қол ақша;
      Ұлттық Банктегі корреспонденттік шоттардағы ақша сомасы ретінде есептеледі. 
      2) айдың әрбір күніне депозитке салынған ақша сомасы осы айдың бірінші жұмыс күніне есептелген ең аз резервтік талаптардың мөлшерінен кем болмайтындай етіп, ай сайын Ұлттық Банкке теңгемен депозитке салу. 
      Ақшаны депозитке салу әр айдың 5-ші күнінен кешіктірмей жүргізіледі.
       Ескерту: 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 13 маусымдағы N 173   қаулысымен   (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-тармақтан  қараңыз) .

      4. Жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) жүйесінің қатысушылары болып табылатын банктер осы Ереженің 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ең аз резервтік талаптарды орындайды. 
      Жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) жүйесінің қатысушылары болып табылатын, резервтік активтерді қалыптастырудың қатарынан үш кезеңі ішінде ең аз резервтік талаптарды орындау тәртібін үш рет және одан да көп бұзған банктер, сондай-ақ жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) жүйесінің қатысушылары болып саналмайтын банктер осы Ереженің 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ең аз резервтік талаптарды орындайды. 

      5. Банк ең аз резервтік талаптарды орындау үшін осы Ереженің 3-тармағының 2) тармақшасында белгіленген тәсілден оның 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген тәсілге көшкен кезде банктің Ұлттық Банкке депозитке салынған ақшасы резервтік активтерді қалыптастыру кезеңінде бірінші күні банктің корреспонденттік есепшотына аударылады. 
      Банк осы Ереженің 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген тәсіл бойынша ең аз резервтік талаптарды орындауды банкті жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) жүйесіне енгізу туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдағы резервтік активтер қалыптастырудың алғашқы кезеңінен бастап жүзеге асыра бастайды. 
      Жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) жүйесінің қатысушысы болып табылатын және осы Ереженің 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ең аз резервтік талаптарды орындаған банк осы Ереженің 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ең аз резервтік талаптарды орындау үшін қатарынан алты ай бойы ең аз резервтік талаптарды орындаған жағдайда ғана көшірілуі мүмкін. 

      6. Банк осы Ереженің 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген тәсілден осы Ереженің 3-тармағының 2) тармақшасында белгіленген тәсілге көшкен кезде банк ақшаны теңгемен Ұлттық Банкке мынадай мерзімге депозитке салуы керек: 
      банк жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) жүйесінен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, банктің шығарылған күніне, осы Ереженің 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес есептелген сомада; 
      ең аз резервтік талаптарды орындау тәртібін үшінші рет бұзуға жол берілген кезеңнен кейін резервтік активтерді қалыптастыру кезеңінің басында үш жұмыс күні ішінде, үшінші тәртіп бұзылған күннен кейінгі жұмыс күнінде осы Ереженің 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес есептелген сомада. 

      7. <*>
       Ескерту: 7-тармақ алынып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 13 маусымдағы N 173   қаулысымен   (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-тармақтан  қараңыз) .

      8. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган күн сайын және ай сайын ұсынылатын банктің баланстық және баланстан тыс шоттардағы қалдықтар жөніндегі есептердің және пруденциалдық нормативтер мен банк электрондық тасымалдағышта ұсынған сақтауға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді есептеуге қажетті мәліметтер негізінде ең аз резервтік талаптарды есептейді.
       Ескерту: 8-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 13 маусымдағы N 173   қаулысымен   (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-тармақтан  қараңыз) .

      8-1. Ең аз резервтік талаптар бұзылған жағдайда банк олар бұзылған сәттен бастап үш күнтізбелік күн ішінде қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органға оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, ең аз резервтік талаптарды бұзу фактісі мен себептері туралы хабарлайды.
       Ескерту: 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 13 маусымдағы N 173   қаулысымен   (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-тармақтан  қараңыз) .

      9. Егер банктің Ұлттық Банкке депозитке салған ақшасының қалдығы банктің ең аз резервтік талаптарының мөлшерінен асып кететін болса, жоғарыда көрсетілген шектен асып кеткен ақша сомасы банктің корреспонденттік есепшотына аудырылады. 

      10. Банк осы Ереженің талаптарын орындамаған жағдайда қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган банкке Қазақстан Республикасының банк заңдарында көзделген ықпал етудің шектеу шараларын немесе санкцияларды қолдануға құқылы.
       Ескерту: 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 13 маусымдағы N 173   қаулысымен   (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-тармақтан  қараңыз) .

      11. Осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі. 

                                       Қазақстан Республикасының
                                       Ұлттық Банкі Басқармасының
                                        "Ең аз резервтік талаптар 
                                      туралы ережені бекіту жөнінде"
                                       2002 жылғы 3 тамыздағы N 300 
                                          қаулысымен бекітілген     
                                         Ең аз резервтік талаптар   
                                        туралы ережеге N 1 қосымша  

          __________________________________________________ 
                            (банктің атауы)
            РЕЗЕРВТІК ТАЛАПТАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП

____________________________________________________________________
Күні| Ең аз |Міндет.|Резерв.|            Резервтік активтер
    |резерв.| теме. | тік   |
    | тік   | лер   |актив. |Ұлттық Банктегі|Қолма-қол|Тазар. |Резер
    |талап. |       | терді |корр. есепшот. |   ақша  |тылған |втік
    |тардың |       |қалып. |тардағы ақша   |         |алтын  |актив
    |анық.  |       |тасты. |қалдығы, Ұлттық|         |       |тер
    | тау   |       | ру    |Банкке овернайт|         |       |жиын.
    |кезеңі |       |кезеңі |  (бір күнге)  |         |       |тығы
    |       |       |       |   кредиттер   |         |       |
    |       |       |       |_______________|         |       |
    |       |       |       |теңге.| Шетел  |         |       |
    |       |       |       | мен  |валютасы|         |       |
    |       |       |       |      |  мен   |         |       |
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________                                           Резервтік активтер
____________________________________________________________________
  1     2       3       4       5       6         7        8      9
____________________________________________________________________
   1 (дүйсенбі       
   2 (сәрсенбі)       
   3 (бейсенбі)        1 (бейсенбі)     
   5 (дүйсенбі)        2 (жұма)
   6 (сейсенбі)        3 (дүйсенбі)
   7 (сәрсенбі)        4 (сейсенбі)
   8 (бейсенбі)        5 (сәрсенбі)
   9 (жұма)            6 (бейсенбі)
                       7 (жұма)
                       8 (дүйсенбі)
                       9 (сәрсенбі)
____________________________________________________________________
Кестені толтыру жөнінде түсініктеме:
3, 5-9-бағандардағы мәндер бүтін мың теңгемен көрсетіледі;
3, 5-9-бағандардағы 500-ге тең және одан аз мәндер нольге дейін 
дөңгелектенеді, 500-ден асатын мәндер мыңға дейін дөңгелектенеді.

Бірінші басшы _______________  _____________
                (аты-жөні)        (қолы)
Бас бухгалтер_______________  _____________
                (аты-жөні)        (қолы)

   Мөрдің орны

                                       Қазақстан Республикасының
                                       Ұлттық Банкі Басқармасының
                                        "Ең аз резервтік талаптар 
                                      туралы ережені бекіту жөнінде"
                                       2002 жылғы 3 тамыздағы N 300 
                                          қаулысымен бекітілген     
                                         Ең аз резервтік талаптар   
                                        туралы ережеге N 2 қосымша  

          __________________________________________________ 
                            (банктің атауы)
             Резервтік талаптардың орындалуы туралы есеп

____________________________________________________________________
Күні | Міндеттеме. |Ең аз резервтік |Ұлттық Банкке | Ең аз резервтік
     | лер сомасы  |  талаптардың   |  депозитке   | талаптар туралы
     |             |    мөлшері     |салынған ақша |ережемен белгі.
     |             |                |   сомасы     |ленген Ұлттық 
     |             |                |              |Банкке депозитке
     |             |                |              |салынуға тиісті
     |             |                |              |ақша сомасы, 
     |             |                |              |мерзімі
____________________________________________________________________
 1         2               3              4                   5
____________________________________________________________________
Кестені толтыру жөнінде түсініктеме:
2-5-бағандардағы мәндер бүтін мың теңгемен көрсетіледі;
бағандардағы 500-ге тең және одан аз мәндер нольге дейін
дөңгелектенеді, 500-ден асатын мәндер мыңға дейін дөңгелектенеді.

Бірінші басшы _______________  _____________
                (аты-жөні)        (қолы)
Бас бухгалтер_______________  _____________
                (аты-жөні)        (қолы)

Мөрдің орны