Қазақстан Республикасының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру резервтерін есептеу әдістемесіне қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 3 маусымдағы N 211 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 18 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 1921.

Қолданыстағы
      "Сақтандыру қызметi туралы" Z000126_ Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру резервтерiн есептеу әдiстемесiне қойылатын талаптар туралы нұсқаулық бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап алпыс күнтiзбелiк күн өткеннен кейiн күшіне енеді.
      3. Осы қаулы күшiне енгiзiлген күннен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының "Сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының сақтандыру резервтерiн қалыптастыру тәртiбi және мөлшерi туралы" 1999 жылғы 25 желтоқсандағы N 442 V991052_ қаулысының күшi жойылды деп танылсын.
      4. Банктердi және сақтандыруды қадағалау департаментi (Мекiшев А.А.):
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан

Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу 
шараларын қабылдасын;
     2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк 
тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күндiк мерзiмде осы қаулыны 
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi орталық аппаратының мүдделi 
бөлiмшелерiне және аумақтық филиалдарына, актуарийлер мен сақтандыру 
(қайта сақтандыру) ұйымдарына жiберсiн.
     5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық 
Банкінің Төрағасы Г.А.Марченкоға жүктелсін.
     
     Ұлттық Банк
       Төрағасы
                              Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі       
                              Басқармасының "Қазақстан Республикасының     
                              сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының    
                              сақтандыру резервтерін есептеу әдісіне       
                              қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты 
                              бекіту туралы" 2002 жылғы 3 маусымдағы 
                              N 211 қаулысымен бекітілген
     Қазақстан Республикасының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының      
          сақтандыру резервтерін есептеу әдістемесіне қойылатын 
                       талаптар туралы нұсқаулық


      Осы Қазақстан Республикасының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру резервтерін есептеу әдістемесіне қойылатын талаптар туралы нұсқаулық "Сақтандыру қызметі туралы" Z000126_ Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына арналған сақтандыру резервтерінің құрылымын және сақтандыру резервтерін есептеу әдістемесіне қойылатын талаптарды белгілейді.

                         1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулықтың мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) актуарийлік әдістер - сақтандыру резервтерін есептеу кезінде актуарий қолданатын экономикалық-математикалық есептеу әдістері;
      2) базалық сақтандыру сыйлықақысы - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау жөніндегі делдалдық қызмет көрсету үшін есептелген комиссиялық сыйақы шегерілген сақтандыру сыйлықақысы;
      3) есептеу күні - сақтандыру резервтері есептелетін күн;
      4) еңбек сіңірілмеген сақтандыру сыйлықақысы - сақтандыру сыйлықақысының есептеу күнінен кейінгі сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыруды қорғауды қолдану кезеңіне қатысты бөлігі;
      5) нетто-сыйлықақы (бөліп төлеу кезіндегі нетто-жарналар) - актуарийлік әдістер негізінде актуарий бағалаған, өзге де шығыстарын өтеуді есепке алмастан сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөнінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдаған міндеттемелері үшін ғана сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы төлеуі тиіс ақша сомасы;
      6) реттелмеген талап - ол бойынша сақтандыру төлемі жүзеге асырылмаған немесе толық көлемде жүзеге асырылмаған, сақтандыру (қайта сақтандыру) шартына сәйкес сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөнінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қойылған талап;
      7) келтірілген күтілетін құн - сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) не сақтандыру төлемдерінің не проценттік ставкасын және есептеу күні мен сақтандыру сыйлықақысының (жарналарының) келіп түскен күні не сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру күнінің арасындағы уақыт кезеңін ескере отырып есептелген (дисконтталған шығыстардың күтілетін (ықтимал) құны;
      8) мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындардың резервтері - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басталуы туралы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының талаптарына сәйкес есептеу күніне дейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына мәлімделген және олар бойынша сақтандыру төлемдері жүзеге асырылмаған немесе толық көлемдер жүзеге асырылмаған сақтандыру оқиғалары бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелері;
      9) орын алмаған шығындардың резерві - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының есептеу күніне орын алмаған, бірақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының қолданылу кезеңінде болашақта орын алуы мүмкін сақтандыру оқиғалары бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелері;
      10) орын алған, бірақ мәлімделмеген шығындар резерві - басталуы туралы сақтандыру (қайта сақтандыру) шартына сәйкес есептеу күніне дейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына мәлімделмеген сақтандыру оқиғалары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелері;
      11) қайта сақтандырушының сақтандыру резервтеріндегі үлесі - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы - цеденттің сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша цедентке комиссиялық сыйақы төлеуге байланысты міндеттемелерді қоспағанда, қайта сақтандырушының есептеу күніне сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша міндеттемелерінің бір бөлігін көрсететін активі.

               2-тарау. Сақтандыру резервтерінің құрылымы

      2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы міндетті түрде қалыптастыратын сақтандыру резервтеріне:
      1) еңбек сіңірілмеген сақтандыру сыйлықақылар резерві - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы "жалпы сақтандыру" саласында сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қалыптастырады (бұдан әрі - ЕСР);
      2) орын алмаған шығындардың резерві - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы "өмірді сақтандыру" саласында сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қалыптастырады (бұдан әрі - ОШР);
      3) шығындар резерві:
      орын алған, бірақ мәлімделмеген шығындардың резерві (бұдан әрі - ОМШР);
      мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындардың резерві (бұдан әрі - МРШР) кіреді.
      3. Жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қосымша тәуекелдер бар болған кезде, актуарий жасаған тиісті актуарийлік қорытынды негізінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қосымша тәуекелдерді өтейтін қосымша резервтерді қалыптастыруы тиіс.

         3-тарау. Сақтандыру резервтерін есептеу әдістемесіне қойылатын
                                жалпы талаптар

      4. Қолданылып жүрген сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының толық көлемде қалыптастырылған, актуарий есептеген сақтандыру резервтері болуы міндетті.
      Мұндайда "жалпы сақтандыру" саласындағы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру резервтерінің мөлшері сақтандыру қызметін реттеу және қадағалау жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген ең төменгі мөлшерден кем болмауы тиіс.
      Актуарийлік есептеу негізінде сақтандыру резервтерінің сақтандыру қызметін реттеу және қадағалау жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген ең төменгі мөлшері сақтандыру резервтерін есептеу күніне дейінгі соңғы он екі ай ішінде есептелген сақтандыру сыйлықақылары сомасының 10 процентінен аспайтындай азайтылуы мүмкін. Актуарий осы актуарийлік есептеуді ол жасалған сәттен бастап жеті күнтізбелік күн ішінде сақтандыру резервтерінің сақтандыру қызметін реттеу және қадағалау жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органға ұсынуы тиіс.
      5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру резервтерін актуарий жасаған актуарийлік қорытынды негізінде және сәйкес әрбір сақтандыру сыныбы бойынша жеке-жеке қалыптастырады.
      6. Сақтандыру резервтерін есептеуді осы Нұсқаулыққа және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жасаған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының талаптары негізінде актуарий жүзеге асырады.
      7. Сақтандыру резервтері барлық жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдаған міндеттемелердің көлемі ескеріле отырып тәуекелдерді кейіннен қайта сақтандыруға қарамастан есептеледі.
      Сақтандыру резервтерін есептеу кезінде осы Нұсқаулықтың 2-тармағында көрсетілген резервтердің әрбір түрі ескеріле отырып қайта сақтандырушының сақтандыру резервтеріндегі үлесі көрсетіледі.
      8. Сақтандыру резервтерін есептеу кезінде актуарий сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы активтерінің сақтандыру резервтерін қамтамасыз ету үшін қалыптастырылған инвестициялық портфелі бойынша кірістілігінің болжамды деңгейіне тең, бірақ:
      1) егер сақтандыру валютасы шетел валютасы болып табылса, 5 проценттен;
      2) егер сақтандыру валютасы Ұлттық валюта болып табылса, 8 проценттен жоғары емес тиімді жылдық проценттік ставканы пайдалануға міндетті.
      9. Егер сақтандыру (қайта сақтандыру) шартында немесе міндетті сақтандыру туралы заң актілерінде сақтандыруды қорғауды қолдану мерзімі нақты белгіленбесе, есептеу үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын қолдану мерзімі қабылданады.

                  4-тарау. "Жалпы сақтандыру" саласы

                    $1. Еңбек сіңірілмеген резерв

      10. ЕСР сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша есептеу күнінен кейінгі сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыруды қорғауды қолдану кезеңіне қатысты базалық сақтандыру сыйлықақысын білдіреді.
      11. Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша ЕСР аяқталған есептеу күніне сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыруды қорғауды қолдану мерзіміне тепе-тең есептелетін өлшемге тең. Еңбек сіңірілмеген сыйлықақы есептеу күніне мерзімі өтпеген сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыруды қорғауды қолданудың барлық мерзіміне қатысты базалық сақтандыру сыйлықақысы және мынадай формула бойынша есептелетін:
                        Т1 - Т2 БС
          ЕСС = БС х -------------- -БСЖ, БСЖ = СЖ х ---------
                           Т1 СС
      бұл жерде: ЕСС - еңбек сіңірілмеген сақтандыру сыйлықақысы;
      БС - базалық сақтандыру сыйлықақысы;
      Т1 - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыруды қорғау қолданылатын күндердің саны;
      Т2 - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыруды қорғауды қолдану басталған сәттен бастап есептеу күніне (қоса алғанда) дейін өткен күндердің саны;
      БСЖ - сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының талаптарына сәйкес есептеу күнінен кейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы төлеуге тиісті базалық сақтандыру жарналары;
      СС - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы;
      СЖ - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру жарналары, сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының талаптарына сәйкес есептеу күнінен кейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы төлеуге тиісті базалық сақтандыру жарналары қосындысының айырмасы ретінде белгіленеді.
      12. Осы сақтандыру (қайта сақтандыру) сыныбының барлық шарттары бойынша еңбек сіңірілмеген сақтандыру сыйлықақыларының сомасы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) сыныбы бойынша еңбек сіңірілмеген сақтандыру сыйлықақыларының резерві болып табылады.

            $2. Орын алған, бірақ мәлімделмеген шығындардың резерві

      13. ОМШР-ін актуарий сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының осы сақтандыру сыныбында сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі жинақталған статистикасын ескере отырып, әрбір сақтандыру сыныбы бойынша жеке-жеке есептейді.
      14. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында осы сақтандыру сыныбында сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі өз статистикасы болмаған не осындай статистиканың деректері жеткіліксіз болған (актуарийдің қорытындысына сәйкес) кезде ОМШР-нің өлшемі есептеу күнінің алдындағы 12 ай ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша есептелген базалық сақтандыру сыйлықақы сомасының кемінде 10 процент мөлшерінде есептеледі.

           $3. Мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындардың резерві

      15. МРШР-і есептеу күніне әрбір мәлімделген, бірақ реттелмеген талаптар бойынша есептеледі.
      16. Егер реттелмеген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру мерзімдері есептеу күнінен кейін үш айлық кезеңнен аспаса, онда МРШР-нің мөлшері мынадай өлшемге тең болады:

      МРШР = Т + ТШ

      бұл жерде, Т - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша мәлімделген талаптар бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері;
      ТШ - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мәлімделген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерін қарауға, реттеуге, мөлшерін белгілеуге тікелей байланысты жүзеге асырылатын шығыстары.
      17. Егер реттелмеген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру мерзімдері есептеу күнінен кейін үш айлық кезеңнен асатын болса, онда МРШР-нің мөлшері мынадай өлшемге тең болады:

      МРШР = ТКкқ + ТШКкқ

      бұл жерде, ТКкқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша мәлімделген талаптар бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдерінің келтірілген күтілетін құны;
      ТШКкқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мәлімделген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерін қарауға, мөлшерін белгілеуге және жүзеге асыруға тікелей байланысты жүзеге асырылатын шығыстарының келтірілген күтілетін құны.
      18. Егер жүзеге асырылатын сақтандыру төлемінің мөлшері белгіленбесе, онда осы Нұсқаулықтың 16 және 17 тармақтарына сәйкес МРШР-ті есептеу үшін сақтандыру төлемінің сақтандыру жағдайы туралы алдын ала сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы алған ақпаратқа сәйкес бағаланған ең жоғары, бірақ сақтандыру сомасынан аспайтын ықтимал мөлшері қолданылады.
      19. Осы нұсқаулықтың 16 және 17 тармақтарында көрсетілген МРШР өлшемі есептеу күніне сақтандырушының (қайта сақтандырушының) сақтандыру сыйлықақыларын (сақтандыру жарналарын) төлеу бойынша берешегінің сомасына азаюы мүмкін.

                 5-тарау. "Өмірді сақтандыру" саласы

      20. "Өмірді сақтандыру" саласында сақтандыру қызметін жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру резервтерін актуарий әрбір сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша жеке-жеке, сондай-ақ:
      1) өмірді жинақтаушы емес сақтандыру (қайта сақтандыру);
      2) өмірді жинақтаушы сақтандыру (қайта сақтандыру);
      3) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды бастау мерзімдері есептеу күнінен кейін болатын аннуитет;
      4) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды бастау мерзімдері есептеу күніне дейін басталған аннуитет шарттарының түрлері бойынша жеке-жеке есептейді.
      21. "Өмірді сақтандыру" саласында сақтандыру қызметін жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жазатайым жағдайдан және аурудан сақтандыру сыныбы бойынша және медициналық сақтандыру сыныбы бойынша сақтандыру резервтерін актуарий Нұсқаулықтың 4-тарауына сәйкес есептейді.

        $1. Өмірді сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша
                        орын алмаған шығындар резерві

      22. Өмірді сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша ОШР-і есептеу күніне қолданылып жүрген өмірді сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша орын алмаған шығындар резервтерінің сомасы ретінде есептеледі.
      23. Әрбір жеке өмірді сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша ОШР мынадай екі өлшемнің бірінің ең жоғары өлшеміне тең:

      1) ОШР1 = ТКкқ + ТМКкқ + ОШКкқ - СЖКкқ,

      бұл жерде, ТКкқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының талаптарында көзделген сақтандыру төлемдерінің келтірілген күтілетін құны;
      ТМКкқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру төлемдерін қарауға, реттеуге, мөлшерін белгілеуге тікелей байланысты жүзеге асырылатын шығыстарының келтірілген күтілетін құны;
      ОШКкқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының іс жүргізуге байланысты операциялық шығыстарының келтірілген күтілетін құны;
      СЖКкқ - есептеу күнінен кейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы алуы тиіс сақтандыру жарналарының келтірілген күтілетін құны.

      2) ОШР2 = ТКкқ - СНЖКкқ,

      бұл жерде, ТККқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының талаптарында көзделген сақтандыру төлемдерінің тек қана сақтандыру жағдайы басталған кездегі келтірілген күтілетін құны (шартта белгіленген сақтандыру кезеңінің аяқталуы бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдерін есепке алмастан);
      СНЖКкқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы тек қана сақтандыру жағдайының басталуына байланысты сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөнінде қабылдаған міндеттемелері үшін есептеу күнінен кейін алуы тиіс сақтандыру нетто-жарналарының (бір жолғы төлеу кезінде - сақтандыру нетто-сыйлықақысы) келтірілген күтілетін құны (шартта белгіленген сақтандыру кезеңінің аяқталуы бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдерін есепке алмастан).

        $2. Аннуитет шарттары бойынша орын алмаған шығындардың резерві

      24. Аннуитет шарты бойынша ОШР-і есептеу күніне қолданылып жүрген барлық аннуитет шарттары бойынша орын алмаған шығындар резервтерінің сомасы ретінде есептеледі.
      25. Жеке аннуитет шарты бойынша ОШР-і мынадай өлшемге тең:

      ОШР = ТКкқ + ОШКкқ - СЖКкқ,

      бұл жерде, ТКкқ - аннуитет шартының талаптарында көзделген сақтандыру төлемдерінің келтірілген күтілетін құны;
      ОШКкқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аннуитет шарты бойынша іс жүргізуге байланысты операциялық шығыстарының келтірілген күтілетін құны;
      СЖКкқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы есептеу күнінен кейін алуы тиіс сақтандыру нетто-жарналарының (бір жолғы төлеу кезінде - сақтандыру нетто-сыйлықақысы) келтірілген күтілетін құны. Сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды бастау мерзімі есептеу күніне дейін басталған аннуитет шарты үшін СЖКкқ нөлге тең.

         $3. Орын алған, бірақ мәлімделмеген шығындардың резерві

      26. Өмірді жинақтаушы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша ОМШР-ін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жинақтаушы статистикасын ескере отырып актуарий есептейді, бірақ өткен қаржы жылында өмірді жинақтаушы емес сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы алған (алуы тиіс) сақтандыру сыйлықақылары мөлшерінің кемінде бес проценті болуы тиіс.
      27. Аннуитет шарттары бойынша, сондай-ақ жинақтаушы өмір сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша ОМШР-і нөлге тең.

           $4. Мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындардың резерві

      28. Өмірді сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша МРШР-і есептеу күніне әрбір мәлімделген, бірақ реттелмеген талаптар бойынша есептеледі.
      29. Егер реттелмеген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру мерзімдері есептеу күнінен кейін үш айлық кезеңнен аспайтын болса, онда өмірді сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша МРШР мәлімделген талаптар бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдерінің сомасына тең болады.
      30. Егер реттелмеген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру мерзімдері есептеу күнінен кейін үш айлық кезеңнен асатын болса, онда өмірді сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша МРШР мынаған тең болады:

     МРШР = ТКкқ + ОШКкқ,
     бұл жерде реттелмеген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерінің 
келтірілген күтілетін құны;
     ОШКкқ - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру төлемдерін 
қарауға, реттеуге, мөлшерін белгілеуге тікелей байланысты жүзеге 
асырылатын шығыстарының келтірілген күтілетін құны.
     31. Осы Нұсқаулықтың 29 және 30 тармақтарында көрсетілген МРШР-нің 
өлшемі сақтандырушының (қайта сақтандырушының) есептеу күніне сақтандыру 
(қайта сақтандыру) ұйымының алдындағы берешегінің сомасына азаюы мүмкін.
     32. Аннуитет шарттары бойынша мәлімделген, бірақ реттелмеген 
шығындардың резерві нөлге тең.
 
                      6-тарау. Қорытынды ережелер
     33. Нұсқаулықта реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының 
заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.
     
     
     Мамандар:
            Омарбекова А.Т.
            Икебаева А.Ж.