Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің банктік есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 2 маусымдағы N 266 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2000 жылғы 18 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 1199

Жаңартылған

      Ескерту: Бұйрықтың атауына және 1-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерiн қолданылып жүрген заңдарға сәйкес келтiру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінiң Басқармасы қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының банктерiнде клиенттердiң банктiк есепшоттарын ашу, жүргiзу және жабу тәртiбi туралы ереженің жаңа редакциясы бекiтiлсiн және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күн өткеннен кейiн күшiне енгізілсiн.
      2. Осы қаулы күшiне енгiзiлген күннен бастап:
      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Басқармасының "Екiншi деңгейдегi банктерде клиенттердiң банктiк есепшоттарын ашу, жүргiзу және жабу тәртiбi туралы нұсқаулық туралы" 1997 жылғы 4 наурыздағы N 61 қаулысының;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Басқармасының "Екiншi деңгейдегi банктерде клиенттердiң банктiк есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртiбi туралы нұсқаулыққа өзгерiстер мен толықтыруларды бекiту туралы" 1998 жылғы 23 желтоқсандағы N 287 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.
      Ескерту: 2-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.
      3. Заң департаменті (Шәріпов С.Б.):
      1) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне және екінші деңгейдегі банктерге жіберсін.
      Ескерту: 3-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.З.Нәлібаевқа жүктелсін.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2000 жылғы 2 маусымдағы 
N 266 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің
банктік есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу
ережесі

      Ескерту: Ереженің атауына өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім) және 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) (бұдан әрі - Азаматтық кодекс), «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына әзірленген және Қазақстан Республикасының банктерінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының осындай ұйымның қызметін реттейтін заңында көрсетілген операцияларды лицензиясыз жүзеге асыру мүмкіндігі көзделген жағдайда заңды және жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйымдарда (бұдан әрі - банктер) клиенттердің банктік шоттарын ашу, ашудан бас тарту, жүргізу және жабу тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

      2. Осы Ережеде Азаматтық кодексте, Салық кодексінде, «Ақша төлемі мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Төлемдер туралы заң) көзделген ұғымдар пайдаланылады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

      3. <*>
      Ескерту: 3-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      4. Банктiк шоттар ағымдағы, жинақ және корреспонденттік шоттар болып бөлінеді, осы Ереженің 37-1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, теңгемен және сол сияқты шетел валютасымен ашылады және жүргізіледі. 
      Ағымдағы және жинақ шоттары - жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың, заңды тұлғалардың оқшауланған бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерінің) банктiк есепшоттары. 
      Корреспонденттiк есепшоттар - банктердiң және банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банктiк есепшоттары.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006.01.24 N 2; 2009.08.24 N 85; 2011.09.30. N 132қаулыларымен.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде банктiк есепшоттар ашу тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң арнайы нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен белгiленедi.

      6. Корреспонденттiк есепшоттар ашу, жүргiзу және жабу ерекшелiктерi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң жекелеген нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен белгiленедi.

      6-1. Банктік шоттарды ашудан бас тарту Салық кодексінде, Төлемдер туралы заңда, «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша, сондай-ақ осы Ережеде көзделген құжаттар ұсынылмаған не клиент пен банк арасында мәміле жасалмаған жағдайларда жүзеге асырылады.
      Ескерту. 6-1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

      7. <*>
      Ескерту: 7-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

1-1-тарау. Банктік шот нөмірінің бірыңғай құрылымы

      Ескерту. 1-1-тараумен толықтырылады - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.10.24. N 123 (қолданысқа 2010.06.07 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      7-1. Клиенттің ақшасын есепке алу үшін клиентке банктік шот ашу кезінде банк оған банк клиентінің банктік шотының нөмірі болып табылатын жеке сәйкестендіру кодын тағайындайды. Банктік шот нөмірінің бірыңғай құрылымы осы Ереженің 3-қосымшасында көрсетілген.
      7-2. Банктік шот нөмірінің бірыңғай құрылымына бақылау дәрежесі кіреді. Бақылау дәрежесін есептеу және тексеру алгоритмі осы Ереженің 4-қосымшасында көрсетілген.

2-тарау. Банктiк есепшот шарты бойынша
ағымдағы шоттар ашу тәртiбi

      Ескерту: 2-тараудың атауына өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006.01.24 N 2; 2009.08.24 N 85 қаулыларымен.

      8. Банктiк есепшот шарты бойынша ағымдағы шот ашқан кезде банк клиенттiң пайдасына түскен ақшаны қабылдауға, клиентке немесе үшiншi адамдарға тиiстi ақша сомасын аудару (беру) туралы клиенттiң нұсқауын орындауға және банктiк есепшот шартында көзделген басқа да қызмет көрсетуге мiндеттенедi.
      Ескерту: 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006.01.24 N 2; 2009.08.24 N 85 қаулыларымен.

      РҚАО-ның ескертуі!
      2012.01.01 бастап 9-тармаққа өзгерту қарастырылған - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.07.01 № 65 (2-тармақты қараңыз) Қаулысымен.

      9. Банктiк есепшот шартында мыналар болуға тиiстi:
      1) шарттың мәнi;
      2) банктік шот ашқан кезде тиісті құжатты көрсету керек болмайтын жағдайдан басқа кезде салық қызметі органы берген құжатта көрсетілген салық төлеуші клиенттің тіркеу нөмірі;
      3) банкте жатқан ақшаны жұмсау тәртiбi;
      4) банктiң қызмет көрсету шарттары және оған ақы төлеу тәртiбi.
      Банктiк есепшот шартында тараптар келiскен өзге де талаптар болуы мүмкiн.
      Ескерту: 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық банкі Басқармасының 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2010.08.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

      10. Банктiк есепшот шартында заңда белгiленген қосымша талаптар да болуға тиiстi.

      РҚАО-ның ескертуі!
      2012.01.01 бастап 11-тармаққа өзгерту қарастырылған - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.07.01 № 65 (2-тармақты қараңыз) Қаулысымен.

      11. Банктiк есепшот ашу үшiн клиент мынадай құжаттар тапсыруы қажет:
      1) Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары және олардың оқшауланған бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) үшін:
      осы Ереженің 5-тарауына сәйкес ресімделген қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжат;
      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) не филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
      жарғының (оқшауланған бөлімшелер үшін - Ереженің) не үлгі жарғының негізінде клиенттің қызметін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;
      клиенттің банктік шотын жүргізуге (банктік шоттағы ақшаға иелік етуге) байланысты операциялар жасау кезінде осы Ереженің 5-тарауына сәйкес ресімделген қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжатқа сәйкес төлем құжаттарына қол қоюға уәкілетті тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшірмесі;
      қоғамдық немесе діни бірлестіктің жарғысында және оның филиалы немесе өкілдігі туралы ережеде көзделген тәртіппен сайланған (тағайындалған) қоғамдық немесе діни бірлестіктің филиалы немесе өкілдігі басшысының өкілеттігін растайтын, орыс және/немесе мемлекеттік тілдерде нотариат куәландырған құжаттар (қоғамдық және діни бірлестіктердің филиалдары және өкілдіктері үшін);
      заңды тұлғаның филиалдың немесе өкілдіктің басшысына берген сенімхаттың көшірмесі (өзге нысандағы заңды тұлғалардың филиалдары және өкілдіктері үшін);
      мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер үшін - бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органның рұқсаты;
      2) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік, адвокаттық, жеке нотариалдық қызметті жүзеге асырмайтын резидент жеке тұлғалары үшін:
      жеке басын куәландыратын құжат;
      салық төлеуші ретінде тіркелу фактісін растайтын, салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      клиентті салық төлеуші ретінде тіркеу фактісін растайтын салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      2-1) Қазақстан Республикасының резиденттері - жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары және адвокаттар үшін:
      жеке кәсіпкер, жеке нотариус, адвокат не жеке сот орындаушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы мәліметтер көрсетілетін және салық қызметі органы берген, клиентті жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды растайтын құжаттың болуы не мұндай құжаттың болмауы туралы белгі қойылатын банк белгілеген нысан бойынша банктік шотын ашу туралы өтініш;
      қол қою үлгісі бар құжат;
      жеке кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары үшін - салық қызметі органы берген, клиентті жеке кәсіпкер, жеке нотариус, адвокат, жеке сот орындаушысы ретінде тіркеу есебіне қоюды растайтын құжаттың көшірмесі;
      клиентті салық төлеуші ретінде тіркеуді растайтын құжаттың көшірмесі;
      жеке басын куәландыратын құжат;
      жеке нотариустар үшін - нотариалдық қызметпен айналысу құқығына берілген лицензияның көшірмесі;
      адвокаттар үшін - адвокаттық қызметпен айналысу құқығына берілген лицензияның көшірмесі;
      жеке сот орындаушылары үшін - атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына берілген лицензияның көшірмесі;
      3) Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғалары және олардың оқшауланған бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi):
      қол қою үлгiлерi және мөр таңбасы бар құжат;
      клиентті Қазақстан Республикасында, филиалдар мен резидент емес тұлғалардың өкілдіктері үшін - олардың Қазақстан Республикасында тіркелген жері бойынша салық төлеуші ретінде тіркеу фактісін растайтын уәкілетті орган берген құжаттың көшірмесі;
      резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерi үшiн - есептік тiркеуден (қайта тiркеуден) өткендiгiн растайтын уәкiлеттi орган берген белгiленген нысандағы құжаттың көшiрмесi, сондай-ақ тиiстi филиал немесе өкiлдiк туралы ереженiң мемлекеттiк және/немесе орыс тiлдерiнде жазылған, нотариат куәландырған көшiрмесi және Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғасы филиалдың немесе өкiлдiктiң басшысына берген сенiмхаттың көшiрмесi;
      сауда тiзiлiмiнен не осындай сипаттағы, резидент емес заңды тұлғаны тiркеген орган, тiркеу нөмiрi, күнi және тiркеу орны туралы ақпарат бар, мемлекеттiк немесе орыс тiлiне аудару арқылы белгiленген тәртiппен расталған және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына немесе қатысушысының бiреуi Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шартқа сәйкес жария етілген не апостиль қойылған құжаттан үзінді-көшірменің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі;
      қол қою және мөр таңбасының үлгiлерi бар құжатқа сәйкес клиенттiң банктiк шотын жүргiзуге (банктiк шоттағы ақшаға иелiк жасауға) байланысты операциялар жасау кезiнде төлем құжаттарына қол қоюға уәкiлеттi тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшiрмесi;
      4) Қазақстан Республикасының резидент емес жеке тұлғалары үшін:
      жеке басын куәландыратын құжат;
      клиентті салық төлеуші ретінде тіркеуді растайтын құжаттың көшірмесі;
      4-1) Қазақстан Республикасының резидент еместері жеке кәсіпкерлер үшін:
      жеке кәсіпкер ретінде қызметті жүзеге асыру туралы мәліметтер көрсетілетін және салық қызметі органы берген, клиентті жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды растайтын құжаттың болуы не мұндай құжаттың болмауы туралы белгі қойылатын банк белгілеген нысан бойынша банктік шотын ашу туралы өтініш;
      қол қою үлгісі бар құжат;
      жеке кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс жеке кәсіпкерлер үшін - салық қызметі органы берген, клиентті жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды растайтын құжаттың көшірмесі;
      клиентті салық төлеуші ретінде тіркеуді растайтын құжаттың көшірмесі;
      жеке басын куәландыратын құжат;
      5)  шаруа (фермер) қожалықтары үшін:
      қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжат;
      клиентті салық төлеуші ретінде тіркеу фактісін растайтын салық қызметі органы құжаттың көшірмесі;
      мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өту фактісін растайтын уәкілетті орган берген белгіленген нысандағы құжаттың көшірмесі;
      6) таратылатын банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, жинақтаушы зейнетақы қорлары, олардың филиалдары үшін:
      тарату комиссиясының қол қою үлгілері және таратылатын клиенттің мөр таңбасы бар құжат;
      клиентті салық төлеуші ретінде тіркеуді растайтын құжаттың көшірмесі;
      клиентті тарату және тарату комиссиясын тағайындау туралы (сот, уәкілетті орган не акционерлердің жалпы жиналысы) шешімінің көшірмесі;
      уәкілетті органның банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған не сақтандыру қызметін, зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына берілген лицензиядан айыру туралы шешімінің көшірмесі;
      7) шетелдік дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер үшiн:
      қол қою үлгiлерi және мөр таңбасы бар құжат;
      салық қызметінің органы берген, клиенттің тіркеу есебіне қойылу фактісін растайтын құжаттың көшірмесі;
      клиентті салық төлеуші ретінде тіркеу фактісін растайтын салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      клиенттің ағымдағы шотын жүргізуге (ағымдағы шоттағы ақшаға иелік етуге) байланысты операциялар жасау кезінде осы Ереженің 5-тарауына сәйкес ресімделген қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжатқа сәйкес төлем құжаттарына қол қоюға уәкілетті тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшірмесі.
      Ескерту: 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2001.10.08 N 382; 2003.03.21 N 90; 2006.01.24 N 2; 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2008.06.23 N 49; 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 2006.01.24 N 2; 2010.08.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.
      11-1. Мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақыларды және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді аудару үшін клиенттің талап етуі бойынша Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғаларына ағымдағы шотты ашқан кезде клиент осы Ереженің 11-тармағының 2) тармақшасында көзделген құжаттарды, сондай-ақ ағымдағы шоттың мақсаты - жеке тұлғаға мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақыларды және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді аудару көрсетілетін клиенттің өтінішін ұсынуы тиіс.
      Ескерту. Ереже 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.03.25 N 24 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      11-2. Жеке тұлға (бұдан әрі - өкіл) клиент-жеке тұлғаның атына ағымдағы шот ашуы үшін өкіл банкке осы Ереженің 11-тармағының 2) немесе 4) тармақшаларында көзделген құжаттарды, сондай-ақ мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) заңнамаға сәйкес уәкілетті тұлғаға (ата-анасына немесе өзге де заңды өкілдерге) сенімхатты ұсыну талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, ағымдағы шотты ашу және (немесе) иелік ету құқығына берілген нотариат куәландырған сенімхат;
      2) өкілдің жеке басын куәландыратын құжат.
      Ескерту. 2-тарау 11-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

3-тарау. Жинақ салым шарты бойынша
банк есепшоттарын ашу тәртiбi

      Ескерту: 3-тараудың атауына өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      12. Банктiк салым шарты бойынша жинақ есепшотын ашқан кезде банк салымшыдан ақша (салым) қабылдауға, ол бойынша банктiк салым шартына көзделген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге және де салымның осы түрi үшiн заң кесiмдерiнде және банктiк салым шартында көзделген талаптармен және тәртiппен салымды қайтаруға мiндеттенедi.
      Ескерту: 12-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 21 наурыздағы N 90 қаулысымен.

      13. Банктiк салым шарты бойынша жинақ есепшотын ашқан кезде ақшаны (салымды) салымшының өз атына не белгiлi бiр үшiншi адамның атына салуға болады. Бұлар бұдан былай банктiң клиенттерi болып саналады.

      РҚАО-ның ескертуі!
      2012.01.01 бастап 14-тармаққа өзгерту қарастырылған - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.07.01 № 65 (2-тармақты қараңыз) Қаулысымен.

      14. Банктiк салым шартында мыналар болуы тиiс:
      1) шарттың мәні;
      2) жинақ шотын ашқан кезде осындай құжатты ұсыну талап етілмейтін жағдайдан басқа кезде салық қызметі органы берген құжатта көрсетілген салық төлеуші клиенттің тіркеу нөмірі;
      3) банктiң қызмет көрсету шарттары және оған ақы төлеу тәртiбi.
      Шартта Тараптар келiскен, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де талаптар болуы мүмкін.
      Ескерту: 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.21 N 90; 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2010.08.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

      15. Банктiк салым шартында заңда белгiленген қосымша талаптар да болуға тиiстi.

      16. Банктiк салым шарты жасалғаннан кейiн банк салымшының талап етуiмен оған салынған салымды растайтын, банк клиентiнiң атына ресiмделген құжат (салым құжатын) бередi.
      Салым құжаты банктiң iшкi ережелерiне сәйкес және оның талаптары негiзiнде берiледi.
      Ескерту: 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.04.21 N 140; 2008.06.23 N 49 Қаулыларымен.

      РҚАО-ның ескертуі!
      2012.01.01 бастап 17-тармаққа өзгерту қарастырылған - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.07.01 № 65 (2-тармақты қараңыз) Қаулысымен.

      17. Жинақ есепшоты ашу үшiн салымшы клиент мынадай құжаттар тапсыруы қажет:
      1) Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары және олардың оқшауланған бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) үшін:
      осы Ереженің 5-тарауына сәйкес ресімделген қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжат;
      клиентті салық төлеуші ретінде тіркеуді растайтын құжаттың көшірмесі;
      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) не филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
      жарғының (оқшауланған бөлімшелер үшін - Ереженің) не үлгі жарғының негізінде клиенттің қызметін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;
      клиенттің жинақ шотын жүргізуге (жинақ шотындағы ақшаға иелік етуге) байланысты операциялар жасау кезінде осы Ереженің 5-тарауына сәйкес ресімделген қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжатқа сәйкес төлем құжаттарына қол қоюға уәкілетті тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшірмесі;
      қоғамдық немесе діни бірлестіктің жарғысында және оның филиалы немесе өкілдігі туралы ережеде көзделген тәртіппен сайланған (тағайындалған) қоғамдық немесе діни бірлестіктің филиалы немесе өкілдігі басшысының өкілеттігін растайтын, орыс және/немесе мемлекеттік тілдерде нотариат куәландырған құжаттар (қоғамдық және діни бірлестіктердің филиалдары және өкілдіктері үшін);
      заңды тұлғаның филиалдың немесе өкілдіктің басшысына берген сенімхаттың көшірмесі (өзге нысандағы заңды тұлғалардың филиалдары және өкілдіктері үшін);
      2) Қазақстан Республикасының салымшы жеке тұлғалары-резиденттерi үшін:
      жеке кәсіпкерлер үшін - қол қою үлгісі бар құжат;
      клиентті салық төлеуші ретінде тіркеу фактісін растайтын салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      жеке кәсіпкерлер үшін - жеке кәсіпкер ретінде қызметті жүзеге асыру туралы мәліметтер көрсетілетін және салық қызметі органы берген, клиентті жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды растайтын құжаттың болуы не мұндай құжаттың болмауы туралы белгі қойылатын банк белгілеген нысан бойынша банктік шотын ашу туралы өтініш;
      жеке кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс жеке кәсіпкерлер үшін - салық қызметі органы берген, клиентті жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды растайтын құжаттың көшірмесі;
      жеке басын куәландыратын құжат.
      3) Қазақстан Республикасының резидент емес салымшы заңды тұлғалары және олардың оқшауланған бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) үшiн:
      қол қою үлгiлерi және мөр таңбасы бар құжат;
      сауда тiзiлiмiнен не осындай сипаттағы, резидент емес заңды тұлғаны тiркеген орган, тiркеу нөмiрi, күнi және тiркеу орны туралы ақпарат бар, мемлекеттiк немесе орыс тiлiне аудару арқылы белгiленген тәртiппен расталған және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына немесе қатысушысының бiреуi Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шартқа сәйкес жария етілген не апостиль қойылған құжаттан үзінді-көшірменің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі;
      резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерi үшiн - есептік тiркеуден (қайта тiркеуден) өткендiгiн растайтын, уәкiлеттi орган берген белгiленген нысандағы құжаттың көшiрмесi, сондай-ақ тиiстi филиал немесе өкiлдiк туралы ереженің мемлекеттiк және/немесе орыс тiлдерiнде жазылған, нотариат куәландырған көшiрмесi және Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғасы филиалдың немесе өкiлдiктiң басшысына берген сенiмхаттың көшiрмесi;
      қол қою және мөр таңбасының үлгiлерi бар құжатқа сәйкес
клиенттiң жинақ шотын жүргiзуге (жинақ шотындағы ақшаға иелiк жасауға) байланысты операциялар жасау кезiнде төлем құжаттарына қол қоюға уәкiлеттi тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшiрмесi;
      4) Қазақстан Республикасының резидент емес салымшы жеке тұлғалар үшін:
      жеке кәсіпкерлер үшін - қол қою үлгісі бар құжат;
      дара кәсіпкерлер үшін - клиентті дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою фактісін растайтын салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      жеке кәсіпкерлер үшін - жеке кәсіпкер ретінде қызметті жүзеге асыру туралы мәліметтер көрсетілетін және салық қызметі органы берген, клиентті жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды растайтын құжаттың болуы не мұндай құжаттың болмауы туралы белгі қойылатын банк белгілеген нысан бойынша банктік шотын ашу туралы өтініш;
      жеке кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс жеке кәсіпкерлер үшін - салық қызметі органы берген, клиентті жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды растайтын құжаттың көшірмесі;
      жеке басын куәландыратын құжат.
      Ескерту: 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.21 N 90; 2006.01.24 N 2; 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2008.06.23 N 49; 2010.08.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.

      РҚАО-ның ескертуі!
      2012.01.01 бастап 18-тармаққа өзгерту қарастырылған - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.07.01 № 65 (2-тармақты қараңыз) Қаулысымен.

      18. Белгілі бiр үшiншi адамның - клиенттiң атына жинақ есепшотын ашу үшiн салымшы банкке мынадай құжаттар ұсынуға міндеттi:
      1) заңды тұлға, оның оқшауланған бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi):
      есепшот ашу және (немесе) есепшотты иелену құқығына берiлген нотариат куәландырған сенiмхат;
      жинақ шотын ашқан кезде осындай құжатты ұсыну талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, клиенттің салық төлеуші ретінде тіркелуін растайтын құжаттың көшірмесі;
      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) не филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
      заңды тұлғаның (филиалдың, өкілдіктің) - клиенттің мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өту фактісін растайтын уәкілетті орган берген белгіленген нысандағы құжаттың көшірмесі;
      заңды тұлғаның (филиалдың, өкiлдiктiң) - клиенттiң мемлекеттiк тiркеуден (қайта тiркеуден) өткендiгiн растайтын уәкiлеттi орган берген белгiленген нысандағы құжаттың көшiрмесi.
      2) жеке тұлға:
      есепшот ашу және (немесе) есепшотты иелену құқығына берiлген нотариат куәландырған сенiмхат;
      клиентті салық төлеуші ретінде қою фактісін растайтын салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі (егер клиент салық заңнамасына сәйкес салық төлеуші болып табылған және оған салық төлеушінің тіркеу нөмірі берілген жағдайда);
      он алты жасқа жетпеген, кәмелетке толмаған тұлғалар-клиенттер үшін туу туралы куәлік;
      салымшының жеке куәлігін растайтын құжат.
      Ескерту: 18-тармақ өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.21 N 90, 2006.01.24 N 2; 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2010.08.20  N 76(қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.

      19. Заңнамаға не құрылтай құжаттарына сәйкес есепшот ашуға уәкiлеттiгi бар заңды тұлға өкiлінің сенімхат ұсынуының керегi жоқ.
      Заңнамаға сәйкес есепшот ашуға уәкiлеттiгi бар жеке тұлғаның (әке-шешесiнің немесе өзге заңды өкiлдерiнiң) сенiмхат ұсынуының керегi жоқ.

3-1-тарау. Банктік шот шарты бойынша жеке нотариустың
ағымдағы шотын ашу және жүргізу ерекшеліктері

      Ескерту: 3-1-тараумен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      19-1. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жеке нотариус (бұдан әрі - нотариус) борышкерден кредиторға (бұдан әрі - депонент) өткізу үшін депозитке қабылдаған ақшаны сақтау үшін банк банктік шот шарты негізінде нотариуске ағымдағы шот (бұдан әрі - нотариустың депозиті) ашады.

      19-2. Банктік шот шартында осы Ережеде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мәліметтер, сондай-ақ:
      1) жеке тұлға депонентке қолма-қол ақша беру не нотариустың депозитінен заңды тұлға депоненттің банктік шотына ақша аудару көзделетін, нотариустың депозитінен ақша беру шарттары мен тәртібі;
      2) банктің Ереженің осы тарауының талаптарын сақтаумен ғана нотариустың депозитінен депонентке ақша беру міндеті көзделетін, нотариустың депозитіндегі ақша жұмсау тәртібі;
      3) борышкердің нотариустың депозиті ашылған банкке нотариустың депозитіне ақша енгізу кезінде сыйақы төлеу тәртібі болуы тиіс;

      РҚАО-ның ескертуі!
      2012.01.01 бастап 19-3-тармаққа өзгерту қарастырылған - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.07.01 № 65 (2-тармақты қараңыз) Қаулысымен.

      19-3. Нотариус депозит ашу үшін мыналарды ұсынуы қажет:
      1) осы Ереженің 5-тарауына сәйкес ресімделген қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжат/қол қою үлгісі бар құжат;
      2) клиентті жеке нотариус ретінде тіркеу есебіне қою фактісін растайтын салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      3) нотариат қызметімен шұғылдану құқығына берілген лицензияның көшірмесі;
      4) тиісті округтің нотариат палатасының нотариустың нотариат палатасына мүше болуын растайтын хаты;
      5) нотариустың жеке басын куәландыратын құжат.
      Ескерту: 19-3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2010.08.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.

      19-4. Банкке нотариустың депозитіне ақша енгізуді борышкер қолма-қол ақша жарнасы арқылы не нотариустың депозитке ақша енгізуге келісімі бар, нотариус қол қойған және нотариустың мөрімен расталған, банкке жолданған құжатты банкке ұсыну кезінде қолма-қол емес тәртіппен жүзеге асырады.

      19-5. Нотариустың депозитінен ақша беру жеке тұлға депонентке қолма-қол ақшамен не нотариустың депозитінен заңды тұлға депоненттің банктік шотына осы Ережеде және банктік шот шартында көзделген тәртіппен ақша аудару арқылы жүзеге асырылады.

      19-6. Нотариустың депозитінен депонентке ақша беруді не аударуды банк нотариустың жеке тұлға депоненттің аты-жөні, туған жылы не заңды тұлға депоненттің атауы, депонентке төленуі тиісті ақша сомасы, нотариустың ағымдағы шотының жеке бірегейлендіру коды бар өтініші негізінде, мынадай құжаттар қоса беріле отырып жүзеге асырылады:
      1) борышкердің нотариустың депозитіне ақша салуын растайтын құжаттың көшірмесі;
      2) депоненттің ақшасы сақталатын депозит ашқан нотариус куәландырған, депоненттің жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерін (егер депонент жеке тұлға болып табылса) көрсете отырып не мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өту фактісін растайтын құжаттың деректемелерін (егер депонент заңды тұлға болып табылса) көрсете отырып, сондай-ақ депоненттің нотариустың депозитінен ақша алу құқығын растайтын құжаттың атауын көрсете отырып, депоненттің ақша беру туралы өтініші;
      3) жеке тұлға депоненттің жеке басын куәландыратын құжат (егер ақша алған тұлға (депонент) жеке тұлға болып табылса) не мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өту фактісін растайтын құжат (егер ақша алған тұлға (депонент) заңды тұлға болып табылса).
      Ескерту: 19-6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2008.06.23 N 49 Қаулысымен.

      19-7. Нотариустың атына депозиттің шарттарымен ақша енгізген тұлғаға ақшаны қайтаруды банк сот актісі не нотариустың жеке тұлға борышкердің аты-жөні, туған жылы немесе заңды тұлға борышкердің атауы бар өтініші негізінде мыналарды қоса бере отырып жүзеге асырады:
      1) нотариус борышкерге берген, ақша жарнасы туралы түбіртектің көшірмесі;
      2) пайдасына ақша енгізілген тұлғаның (депоненттің) депозитке (борышкерге) ақша енгізген тұлғаға ақшаны қайтару туралы нотариат куәландырған келісімінің көшірмесі;
      3) борышкердің оған ақшаны қайтару туралы нотариат куәландырған өтініші.

4-тарау. Банктiк есепшот ашуға және жүргiзуге
қойылатын жалпы талаптар

      20. Клиент бiр банкте (оның филиалдары мен бөлiмшелерiнде) бiрнеше есепшот ашқан жағдайда банк есепшот ашу үшiн көзделген құжаттарды (заңды тұлғалар - клиенттер үшiн - қол қою үлгiлерi мен мөр таңбасы бар құжаттан, жеке тұлғалар - клиенттер үшiн жеке басын куәландыратын құжаттан басқасын) мынадай жағдайлардың бiрi болса:
      1) егер клиент алғашқы есепшотын ашқан банкте (филиалда) банктiк есепшот ашатын болса;
      2) егер клиентке алғашқы есепшот ашылған банктiң (филиалдың, бөлiмшенiң) осы Ережеге сәйкес банктiк есепшот ашуына қажеттi құжаттардың бәрi бар екенiн растайтын құжаты болса, клиенттiң қайтадан тапсыруын талап етпеуге құқылы.
      Банктік шот ашу, сондай-ақ мынадай шарттарды:
      1) банкте (филиалда, бөлімшеде) әрбір клиент бойынша электронды түрде істі (бұдан әрі - электронды досье) қалыптастыру жөнінде қажетті бағдарламалық қамтамасыз ету және клиенттің банкте (филиалда, бөлімшеде) банктік шотының болуы туралы ақпараттың болуын;
      2) банктік шотты ашу кезінде клиенттің электронды досьеде өзгерістердің болмауын орындау үшін банкте осы Ережеде көзделген басқа құжаттар болған кезде қол қою үлгілері мен мөр таңбасы бар бір құжат негізінде заңды тұлға клиенттің бір банкте (филиалда, бөлімшеде) бірнеше банктік шотын ашуға жол беріледі.
      Клиенттiң алғашқы есепшоты ашылған банктiң басқа филиалында (бөлiмшесiнде) құжаттарының бәрi бар екенiн, оның iшiнде қолда бар құжаттарды электрондық тәсiлмен беру жолымен банктiң (филиалдың, бөлiмшенiң) растау тәртiбiн банк дербес белгiлейдi.
      Банктің осы банкте ашылған банк шоты бар жеке тұлға клиентке электрондық цифрлы қол қоюды немесе клиенттің динамикалық сәйкестендірілуін пайдаланумен электрондық түрде жасалған шарт негізінде, жеке басын куәландыратын құжатты қайтадан ұсынбай, осы тармақтың бірінші – үшінші абзацтарында көзделген талаптарды сақтай отырып, банк шотын ашуға рұқсат етіледі.
      Ескерту: 20-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.21 N 90; 2006.01.24 N 2; 2008.06.23 N 49; 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.
      20-1. Клиент - жеке тұлға банктік шотты ашқан кезде, егер банк пен клиент арасындағы банктік қызмет көрсету шартында мұндай талаптар көзделмесе, кәсіпкерлік, адвокаттық, жеке нотариалдық қызметпен, сондай-ақ жеке сот орындаушысы қызметімен байланысты операциялардың банктік шоты бойынша жүргізілмегені туралы мәліметтер көрсетілетін, банк белгілеген нысан бойынша банктік шот ашу туралы өтініш ұсынады.
      Ескерту. Ереже 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

      21. Ашылатын есепшоттың түрлерiне және клиенттiң құқықтық субъект екенiне қарай банк Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе банк тiкелей белгiлеген болса, қосымша құжаттар берудi талап етуге құқылы.

      21-1. Алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

      22. Клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың (кәмелетке толмаған клиенттің тууы туралы куәлігінің) түпнұсқасынан басқа, шот ашу үшін клиент берген құжаттар банкте әрбір клиент бойынша арнайы ашылған істе шарттың түпнұсқасымен не клиенттің үлгі шартқа қосылу туралы өтінішімен және клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың (кәмелетке толмаған клиенттің тууы туралы куәлігінің) көшірмесімен бірге тігіліп, сақталуға тиіс.
      Әрбір клиент бойынша арнайы ашылған істе сондай-ақ банкте операциялар жасау құқығына арналған сенімхаттың көшірмесі тігіліп, сақталады.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.2 N 90; өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006.01.24 N 2; 2008.06.23. N 49; 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.

      РҚАО-ның ескертуі!
      23-тармаққа 2009 жылғы 2 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.10.24. N 123 Қаулысымен өзгерту енгізіледі.

      23. Резидент еместі қоса алғанда, заңды тұлғаға, оның құрылымдық бөлімшелеріне, жеке кәсіпкерге, жеке нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, шетелдікке және азаматтығы жоқ тұлғаға жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін, арнайы қаржы компаниясы облигацияларының шығарылымын қамтамасыз ету болып табылатын активтерді және инвестициялық қордың активтерін сақтауға арналған банктік шоттарды, резидент емес заңды тұлғалардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың жинақ шоттарын және (немесе) шетелдік корреспондент банктердің корреспонденттік шоттарын қоспағанда, банктік шот ашылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей банктер тиісті салық қызметі органдарын хабарларды кепілдікпен жеткізуді қамтамасыз ететін электрондық байланыс арналары арқылы көрсетілген шоттарды ашу туралы, сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, хабардар етеді.
      Осындай электрондық арналар арқылы көрсетілген шоттарды ашу туралы хабарлауға техникалық проблемалардың туындауы себепті мүмкін болмаған кезде хабарлама қағазға басылып, салық төлеуші орналасқан (тұратын) жер бойынша салық органына үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
      Ескерту: 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2007.10.24. N 123 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.

      24. Уәкiлеттi банкте ашылған резидент емес банктiң корреспонденттiк есепшоты арқылы жүзеге асырылатын ақша төлемi мен аударымы тек аудару тәртiбiмен жасалады.

      25. Банктiк есепшоттар бойынша көшiрмелердi банктер шартқа сәйкес бередi. Банк клиентке оның есепшоттары бойынша көшiрмелердi беру (жеткiзiп беру) қызметiн электрондық тәсiлмен немесе шартта көзделген болса, арнайы адам арқылы көрсетуге. 

      РҚАО-ның ескертуі!
      2012.01.01 бастап 26-тармаққа өзгерту қарастырылған - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.07.01 № 65 (2-тармақты қараңыз) Қаулысымен.

      26. Банк есепшоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатып қою немесе банктiк есепшотта жатқан ақшаға тыйым салу Қазақстан Республикасының заң кесiмдерiне сәйкес банктiк есепшоттарды шығыс операцияларын тоқтатып қоюға немесе клиенттiң банктiк есепшотта жатқан ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкiлеттi органдардың тиiстi шешiмдерi (қаулылары) негiзінде жүргiзiледi.
      Уәкілетті органның клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімі банкке түскен кезде банк банктің және оның клиентінің деректемелерін өкімде көрсетілген деректемелермен сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады, осыдан кейін осындай шот бойынша шығыс операцияларын тоқтатады.
      Банк клиенттің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы уәкілетті органның өкімін орындамастан, мынадай негіздердің бірі бойынша:
      1) банктің және оның клиентінің деректемелері клиенттің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы уәкілетті органның өкімінде көрсетілген деректемелеріне сәйкес болмаған жағдайда;
      2) егер клиенттің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы уәкілетті органның өкімі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5585 тіркелген, «Өкімдердің нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 23 қаңтардағы № 27 бұйрығына және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2009 жылғы 27 ақпандағы № 16 қаулысына сәйкес келмейтін нысанда ресімделсе және ұсынылса, тиісті уәкілетті органға қайтарады.
      Банкке электронды тәсілмен ұсынылған, уәкілетті органның клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы өкімін орындаудан бас тартуға, егер басқа деректемелер (ЖСК, СТН не ЖСН (БСН)) банктің клиентін сәйкестендірсе, өкімде көрсетілген клиенттің атауы сәйкес болмаған жағдайда рұқсат етілмейді.
      Ескерту: 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85; 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.

      27. Банктiк есепшоттар бойынша операциялар уәкiлеттi органдардың банктiк есепшотта жатқан ақшаға тыйым салу немесе банктiк есепшоттағы шығыс операцияларын тоқтатып қою туралы шешiмдерiнiң (қаулыларының) күшiн жою туралы тиiстi жазбаша хабарламалары негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда қайта жүргiзiледi.
      Ескерту: 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      28. Уәкiлеттi органдардың ақшаға тыйым салу туралы шешiмдерi (қаулылары) шығарылған банктiк есепшоттағы ақша жеткiлiксiз болған жағдайда банк осы шешiмдердi (қаулыларды) орындауға кiрiседi де, ақшаға тыйым салу туралы шешiмде (қаулыда) көрсетiлген қажеттi сома жиналғанға дейiн шығыс операцияларын тоқтата тұрады. 
      Уәкiлеттi органдардың клиенттiң тиiстi есепшоттағы ақшасына тыйым салу туралы шешiмi (қаулысы) шығарылған банктiк есепшоттағы ақша жоқ болған жағдайда, банк мұндай шешiмдi (қаулыны) алғаннан кейiн үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей тиiстi органдарды мұны орындаудың мүмкiн еместiгi туралы себептерiн көрсете отырып хабардар етедi де осы органдардан ақшаға тыйым салу туралы шешiмдердi (қаулыларды) орындау жөнiндегi iс-әрекеттiң бұдан былай қандай болатынын сұрайды.

      29. Уәкілетті органдардың банктік шоттағы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдері, клиенттің осындай шотындағы ақшаға тыйым салу туралы уәкілетті органдардың шешімдері (қаулылары) банкке түскен кезде банк оларды Азаматтық кодексте, Салық кодексінде және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Заңында көзделген тәртіппен және жағдайларда орындайды.
      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

5-тарау. Қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар
құжаттардың ресiмдеу тәртiбi

      30. Заңды тұлғалар, олардың филиалдары немесе өкiлдiктерi, мөрі бар жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар және адвокаттар банкке мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жасалған N 1 қосымшаға сәйкес нысан бойынша бiрiншi және екiншi қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжаттарды ұсынады. 
      Мөрі жоқ жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар және адвокаттар банкке мемлекеттiк және орыс тiлдерінде жасалған N 2 қосымшаға сәйкес нысан бойынша қол қою үлгісі бар құжаттарды ұсынады.
      Ескерту: 30-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006.01.24 N 2; 2008.06.23 N 49 қаулыларымен..

      31. Заңды тұлғалар, олардың филиалдары немесе өкiлдiктерi ұсынатын қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжаттарда бiрiншi қол қою құқығы басшыда және/немесе ол уәкiлеттiк берген басқа адамдарда болады. Екiншi қол қою құқығы бас бухгалтерге және/немесе басқа уәкiлеттi адамдарға берiледi. 
      Бұл өкiлеттiктер құрылтай құжаттары негiзiнде не тиiстi заңды тұлғалар, филиалдар немесе өкiлдiктер басшыларының бұйрықтары негiзiнде не осындай өкiлеттiктер беруге негiз болған басқа құжаттарға сәйкес берiледi. 
      Егер заңды тұлғаның, филиалдың немесе өкiлдiктiң штатында екiншi қол қою құқығын беруге болатын адам жоқ болса, банк құжатты тек бiрiншi қол қою үлгiсiмен қабылдайды да бұл жайында осы құжатқа тиiстi жазу жазылады. 
      Қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжаттарда заңды тұлғаның, оның филиалының немесе өкiлдiгiнiң мөр таңба белгiсiнiң үлгiсi болуға тиiстi. 
      Бұл талап заңды тұлғалар шыққан ел заңнамасының ерекшелiктерiне байланысты мөрi жоқ болып отырған Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғаларына, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiне қолданылмайды. 
      Арнайы мақсаттарға ("кадрлар бөлiмi", "пакет үшiн" және басқа) арналған мөр таңбасының үлгiсiн қабылдауға болмайды.

      31-1. Қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжаттың (қол қою үлгісі бар құжаттың) «Банктің белгісі» бағанында банктің уәкілетті тұлғасы бірінші не бірінші және екінші қол қою құқығы бар тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарының деректерін және банктің ішкі ережелерінде айқындалған өзге мәліметтерді көрсетеді.
      Ескерту. 31-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2; 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.

      32. Банк қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжатқа енгiзiлген адамдардың қойған қолын нотариаттың растауын талап етуге құқылы. Нотариусы жоқ елдi мекендерде қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжатқа енгізiлген адамдардың қойған қолын жергiлiктi атқарушы өкiмет органы растайды. 
      Қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгісi бар құжатты осы Ереженің 33-тармағында көздеген жағдайдан басқа кезде банк уәкiлеттiк берген адамның растауына болады.
      Ескерту: 32-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      33. Клиент қол қою құқығын басқа адамға (адамдарға) уақытша берген жағдайда тиiстi қол қою үлгiсi бар, нотариат куәландырған, не клиенттiң банкте тiкелей қатысуымен куәландырылған уақытша құжат  Ереженің осы тарауында белгiленген тәртiппен ресiмделедi.
      Ескерту: 33-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      34. Заңды тұлғаның атауы өзгерген, мөрi жоғалған немесе тозған жағдайда банк клиентке жаңа мөр дайындауға қажеттi мерзiм беруге құқылы. Мөр дайын болғанға дейiн банк пен клиент төлем құжаттарын клиенттiң мөрiнсiз ресiмдеу тәртiбiн белгiлейдi, бұл жайында шартта көрсетiлуi тиiс. 

      35. Клиент есепшот ашу үшiн ұсынатын қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжаттар данасының қажеттi санын банк белгiлейдi. 
      Бұл норма клиенттің ісі банкте электрондық түрде қалыптастырылған және электрондық досье жүргізілетін жағдайларға қолданылмайды.
      Ескерту. 35-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

      36. Қол қою үлгiсiнiң не мөр таңбасының бiреуi өзгерген жағдайда банкке қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар осы Ережеде көрсетiлген тәртіппен куәландырылған жаңа құжат тапсырылады.
      Ескерту: 36-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.
      36-1. Қол қою және мөр таңбасының үлгілері бар, әрбір уәкілетті тұлғаға жеке-жеке не бірнеше уәкілетті тұлғаға ресімделген, қол қою және мөр таңбасының үлгілері бар құжаттардан тұратын құжатты, клиенттің осындай құжаттарды қол қою және мөр таңбасының үлгілері бар бір құжат ретінде қабылдау туралы жазбаша өтінішін банкке ұсыну шартымен ресімдеуге жол беріледі.
      Ескерту. 5-тарау 36-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

6-тарау. Уақытша жинақ есепшоты

      37. Жаңадан құрылатын заңды тұлға үшін, оның ішінде жаңадан құрылатын саяси партия үшін банк банктік салым шарты (шартты салым) негізінде уақытша жинақ шотын ашады.
      Ескерту: 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 18 қаңтардағы N 2 қаулысымен.
      37-1. Уақытша жинақ шоты теңгемен ашылады.
      Ескерту. 6-тарау 37-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

      38. Уақытша жинақ есепшоты бойынша жаңадан құрылатын заңды тұлғаның жарғылық капиталын қалыптастыруға не саяси партия құруды қаржыландыруға, оның ішінде құрылтай съезін (конференциясын) жүргізуді ұйымдастыруға және оларға банктiк салым шарты бойынша банк көрсететiн қызметке ақы төлеуге байланысты операциялар жасалады, бұл банк салымы шартында көрсетiлуi тиiс. 
      Ескерту: 38-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 18 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      39. Уақытша жинақ есепшотын ашу үшiн клиент мыналарды ұсынуы қажет: 
      уақытша жинақ есепшотын ашу туралы өтiнiш; 
      қол қою үлгiсi бар құжат; 
      құрылатын заңды тұлға құрылтайшыларының уақытша жинақ есепшотын ашуға және жабуға уәкiлеттiк берiлген жеке тұлғаны тағайындау туралы хаттамасының көшiрмесi;
      клиенттің жеке басын куәландыратын құжат;
      уақытша жинақ шотын жүргізуге байланысты операциялар жасау кезінде төлем құжаттарына қол қою үлгілері бар құжатқа сәйкес төлем құжаттарына қол қоюға уәкілетті тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшірмесі.
      Ескерту: 39-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      40. Мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн банк заңды тұлғаға осы Ережеде белгiленген тәртiппен ағымдағы есепшот ашады.
      Ескерту: 40-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      41. Заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден өтпеген жағдайда банк уақытша жинақ шотын ашуға және жабуға уәкілеттік берген жеке тұлғаның өтініші бойынша құрылтайшыларға не олардың бастамасы бойынша саяси партия құрылатын жеке тұлғаларға ақшаны қайтарады және уақытша жинақ шотын жабады.
      Ескерту: 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 18 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

7-тарау. Банктiк есепшоттарды жабу

      42. Егер заңнамада немесе шартта басқаша көзделмеген болса, банктiк есепшот клиенттiң өтiнiшi бойынша кез-келген уақытта жабылады.
      Клиенттiң iсiнде есепшотты жабу негiздемесi көрсетiлуi тиiс.

      43. Банк шотты:
      1) шот:
      заңды тұлға клиентті таратуға немесе қайта ұйымдастыруға;
      жеке және заңды тұлғаның шотында бір жылдан астам уақыт ақша болмауына;
      жеке және заңды тұлғаның шотында бір жылдан астам уақыт ақша қозғалысының болмауына;
      клиенттің банктік шоты ашылған банкті таратуға;
      жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге берілген лицензиядан айырған жағдайда, клиенттің банктік шоты ашылған банкті қайта ұйымдастыруға байланысты жабылған жағдайларды қоспағанда, банктік шотқа орындалмаған талаптар, оның ішінде банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдері, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды тұлғалардың шешімдері (қаулылары) болған жағдайда жабуға жол берілмейді. Банктік шоттың иесіне шоттағы ақша қозғалысының болмауы және хабарлаған күннен бастап үш ай өткен соң оны жабатындығы туралы хабарлайды. Егер хабарлаған күннен бастап үш ай ішінде шоттың иесі шот бойынша операцияларды жаңартпаса, банк Азаматтық кодекстің 291-бабына сәйкес нотариустың депозитіне ақша қалдығын аудара отырып, банктік шот шартын біржақты тәртіппен бұзады және шотты жабады.
      Ескерту: 43-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.

      44. Резидент еместі қоса алғанда, заңды тұлғаға, оның құрылымдық бөлімшелеріне, жеке кәсіпкерге, жеке нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, шетелдікке және азаматтығы жоқ тұлғаға жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін, арнайы қаржы компаниясы облигацияларының шығарылымын қамтамасыз ету болып табылатын активтерді және инвестициялық қордың активтерін сақтауға арналған банктік шоттарды, резидент емес заңды тұлғалардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың жинақ шоттарын және (немесе) шетелдік корреспондент банктердің корреспонденттік шоттарын қоспағанда, банктік шоттарды жапқаннан кейін олар жабылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей банктер тиісті салық қызметі органдарын хабарларды кепілдікпен жеткізуді қамтамасыз ететін электрондық байланыс арналары арқылы олардың жабылғаны туралы, сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, хабардар етеді.
      Осындай электрондық арналар арқылы көрсетілген шоттарды жабу туралы хабарлауға техникалық проблемалардың туындауы себепті мүмкін болмаған кезде хабарлама қағазға басылып, салық төлеуші орналасқан (тұратын) жер бойынша салық органына үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
      Ескерту: 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулыларымен.

      45. Банк уақытша жинақ есепшотты Ереженің осы тарауында белгіленген тәртiппен жабады.
      Ескерту: 45-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеменің банктік шотын банк бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті орган осы мемлекеттік мекеменің банктік шотын ашуға берген рұқсатты қайтарып алған жағдайда жабады.
      Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2011.09.30. N 132 Қаулысымен.

8-тарау. Қорытынды ережелер

      47. Банк пен клиент арасында банктiк есепшоттарды ашу, жүргiзу және жабу жөнiнде туындайтын, және де осы Ережемен реттелмеген барлық даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шешіледі.
      Ескерту: 47-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      Төраға

                                   Қазақстан Республикасының
                                банктерінде клиенттердің банктік
                               есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу
                                           ережесіне
                                           1-қосымша

      Ескерту: 1-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

Қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар
Құжат

Банктің клиенті                       Кодтары       Банктің 
(толық атауы)                                       белгілері
____________________________________________________________________
Банк клиентінің мекен-жайы
____________________________________________________________________                            тел.
____________________________________________________________________
Банк (банктің филиалы, бөлімшесі)  (толық атауы)
____________________________________________________________________
Банктің мекен-жайы (банктің филиалы, бөлімшесі)
____________________________________________________________________                              тел.
____________________________________________________________________
Банктік есепшот түрлері
____________________________________________________________________
Клиенттің жеке сәйкестендірілген коды
____________________________________________________________________
Осы құжатта көрсетілген үлгілер клиенттің
келісімін талап ететін банктік есепшот бойынша
барлық операцияларды жүргізген кезде міндетті
деп саналсын.
____________________________________________________________________
Лауазымы     Аты-жөні       Қойылған қолдың үлгісі    Мөр таңбасының
                                                          үлгісі
____________________________________________________________________
Бірінші қолы
____________________________________________________________________
Екінші қолы
____________________________________________________________________
Келесі бет
____________________________________________________________________
Үлгілерді куәлан.!Үлгілерді куәландыруға! Үлгілердің ! Үлгілерді
дыратын ұйымның  !  өкілеттігі бар      !куәландырған!куәландыратын
    атауы         ! адамдардың аты-жөні  !   күні     !адамдардың 
                  !                      !            !қойған қолда.
                  !                      !            !ры мен
                  !                      !            !   мөрлері
____________________________________________________________________                                                          (қолдары)
                                                            (мөр)
____________________________________________________________________

                                   Қазақстан Республикасының
                                банктерінде клиенттердің банктік
                               есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу
                                           ережесіне
                                           2-қосымша

      Ескерту: 2-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

Қол қою үлгісі бар
Құжат

Банктің клиенті                          Кодтары        Банктің
                                                       белгілері
____________________________________________________________________
Банк клиентінің мекен-жайы, телефоны
____________________________________________________________________
Жұмыс орны, телефоны
(толық атауы)
____________________________________________________________________
Банктің мекен-жайы (банктің филиалы, бөлімшесі)
____________________________________________________________________
Банктік есепшот түрлері
____________________________________________________________________
Клиенттің жеке сәйкестендірілген коды
____________________________________________________________________
Осы құжатта көрсетілген үлгілер клиенттің
келісімін талап ететін банктік есепшот бойынша
барлық операцияларды жүргізген кезде
міндетті деп саналсын.
____________________________________________________________________
     Аты-жөні                              Қол қою үлгісі
____________________________________________________________________

Келесі бет

Үлгілерді куәландыратын ұйымның атауы

Үлгілерді куәландыруға өкілеттігі бар адамдардың аты-жөні

Үлгілердің куәландырған күні

Үлгілерді куәландыратын адамдардың қойған қолдары мен мөрлері




(қолдары)
(мөр)

"Қазақстан Республикасының
банктерінде клиенттердің
банктік есепшоттарын ашу,
жүргізу және жабу тәртібі
туралы ережеге 3-қосымша

       Ескерту: Ереже 3-қосымшамен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.10.24. N 123 (қолданысқа 2010.06.07 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

Банктік шот нөмірінің бірыңғай құрылымы

      1. Банк клиентінің банктік шот нөмірінің бірыңғай құрылымының ұзындығы белгіленген жиырма дәрежеден тұратын болады.
      KZССБББХХХХХХХХХХХХХ, мұнда:
      1) бірінші және екінші дәрежелер - Қазақстан Республикасының коды. Халықаралық код - KZ пайдаланылады;
      2) үшінші және төртінші дәрежелер - банк клиентінің банктік шот номерінің шынайы болуын және оны банктің төлем және өзге де құжаттарында дұрыс көрсетілуін бақылауға және қамтамасыз етуге арналған бақылау дәрежесі;
      3) бесінші, алтыншы және жетінші дәрежелер - банктің коды. Банктің кодын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тағайындайды;
      4) сегізден жиырмаға дейінгі дәрежелер - банк клиентінің шотының банкішілік нөмірі, ол бір банктің ақпараттық (операциялық және өзге) жүйесінде айрықша болуы және клиенттің бір мәндегі сәйкестігін қамтамасыз етуі тиіс.
      Банктің клиентінің шотының банкішілік нөмірі банктің қалауы бойынша пайдаланылады. Еркін белгілер нөлмен белгіленеді және нөмірдің алдында пайдаланылмаған сол дәрежелерге орналастырылады. Шоттарға нөмір берілгенде цифрлық немесе латын әліпбиінің "I", "Q", "O" әріптерін қоспағанда, әріптік-цифрлық символдары қолданылады. Банк клиентінің шотының банкішілік нөмірінде әріптік символдар болған кезде, бақылау дәрежесін есептеу осы қосымшада көзделген әріптік символдарды цифрлық символдарға айырбастау кестесін пайдалана отырып жүргізіледі.
      2. Банк клиентінің банктік шотының нөмірін көзбен көріп қабылдауды жеңілдету мақсатында төрт мәнді символдан тұратын аралары бөлінген банк клиентінің банктік шотының нөмірі қағазға жазылған төлемдік және өзге де құжаттарда мынадай түрде көрсетуге болады:
      KZСС БББХ ХХХХ ХХХХ ХХХХ.
      3. Электронды түрде ресімделген төлемдік және өзге құжаттарда банк клиентінің банктік шотының нөмірі белгілердің үздіксіз ретімен көрсетіледі.

      Әріптік символдарды цифрлық символдарға айырбастау кестесі

A=10

G=16

N=23

V=31

B=11

H=17

P=25

W=32

C=12

J=19

R=27

X=33

D-13

K=20

S=28

Y=34

E=14

L=21

T=29

Z=35

F=15

M=22

U=30


Қазақстан Республикасының
банктерінде клиенттердің
банктік есепшоттарын ашу,
жүргізу және жабу тәртібі
туралы ережеге 4-қосымша

       Ескерту: Ереже 4-қосымшамен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.10.24. N 123 (қолданысқа 2010.06.07 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

Бақылау дәрежесін есептеу алгоритмі

      Бақылау дәрежесін есептеу кезінде халықаралық стандарт (Modulus 97-10, ISO - 7064) пайдаланылады, ол санның 97-ге бөлінуін болжамдайды, бөлуден алынған қалдық 98-ден шегеріледі. Егер нәтиже бір мәнді сан болып табылатын болса, алдына бір нөл қосылады.
      N 1 мысал.
      Банк клиентінің банктік шотының бақылау дәрежесі KZ СС 123 1234564567891 болып есептелсін.
      Бірінші қадам: бірінші төрт символ банк клиентінің банктік шот нөмірінің аяғына ауыстырылады, елдің код белгісі 3-қосымшаға сәйкес әріптік символдарды цифрлық символдарға айырбастау кестесінің негізінде айырбасталады, екінші екі символ нөлмен белгіленеді. Нәтижесі: 123 1234564567891 2035 00.
      Екінші қадам: жоғарыда көрсетілген сан 97-ге бөлінеді және бөлуден 43 қалдық шығады.
      Үшінші қадам: 98-43=55.
      Бақылау дәрежесі 55-ке тең.
      Клиенттің шот нөмірі KZ 55 123 1234564567891.
      N 2 мысал.
      Клиенттің шотының бақылау дәрежесі KZ СС 123 1234565678902 болып есептелсін.
      Бірінші қадам: бірінші төрт символ банк клиентінің банктік шот нөмірінің аяғына ауыстырылады, елдік код белгісі 3-қосымшада көзделген әріптік символдарды цифрлық символдарға айырбастау негізінде айырбасталады, екінші екі символ нөлмен белгіленеді. Нәтижесі: 123 1234565678902 2035 00.
      Екінші қадам: жоғарыда алынған сан 97-ге бөлінеді және тең бөлуден 90 қалдық шығады.
      Үшінші қадам: 98-90=8.
      Бақылау дәрежесі 8-ге тең, оның алдында "0" қосылады.
      Клиент шотының нөмірі KZ 08 123 1234565678902.