Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 13 тамыздағы N 3614 Жарлығы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 33-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.01.01 № 273 Жарлығымен.

      1. Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).

      2. Мыналардың күшi жойылған деп танылсын:

      "Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 1 қазандағы N 1356 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 41, 472-бап);

      "Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 1 қазандағы N 1356 қаулысымен бекiтiлген ережеге өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 30 сәуiрдегi N 3477 Жарлығы.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының


Президентi



  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1997 жылғы 13 тамыздағы
N 3614 Жарлығымен
бекiтiлген

Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты туралы (ҚСЗИ)
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы Ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (бұдан былай - Институт) мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының стратегиялық аспектiлерiн талдау тұрғысынан қамтамасыз ету мақсатында құрылған мемлекеттiк ғылыми-зерттеу мекемесi болып табылады.

      2. Институт қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi Басшысының бұйрықтары, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 12.10.2019 № 187 Жарлығымен.

      3. Институт заңды тұлға болып табылады, оның Мемлекеттiк елтаңба бейнеленген мөрi мен мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жазылған өз атауы, сондай-ақ заңды тұлғаның басқа да реквизиттерi болады.

      Институттың орналасқан жері – Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 11.04.2014 № 793; 10.09.2019 № 151 Жарлықтарымен.

II. Институттың мiндеттерi мен функциялары

      4. Институттың негiзгi мiндеттерi мен функциялары мыналар болып табылады:

      - Қазақстан Республикасының сыртқы саяси стратегиясы мен ұлттық қауiпсiздiгi саласында тұжырымдамалық негiздер мен практикалық ұсыныстар әзiрлеу;

      - шет мемлекеттердiң сыртқы саяси бағыты мен әлемдегi әскери-стратегиялық ахуалды талдау және болжау;

      - Қазақстан Республикасындағы экономикалық, әлеуметтiк, этнодемографиялық және қоғамдық-саяси ахуал мен оның даму үрдiсiн талдау және болжау;

      - Республика Басшылығына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң көмекшісі - Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Хатшысы мен өзге де мүдделi мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының iшкi және сыртқы саясатының мәселелерi жөнiнде талдаулық баяндамалар мен жазбалар, ұсыныстар мен ұсынымдар, ақпараттық-талдау материалдарын, сараптамалық және болжамдық бағамдар енгiзу.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентiнiң 1999.05.04 N 130, 2008.04.24 N 576 Жарлықтарымен.

III. Институт құқықтары

      5. Қойылған мақсаттар мен мiндеттердi орындау үшiн Институттың:

      - Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Президенті Әкiмшiлiгiнiң Басшысы және оның тиісті орынбасары белгілеген ағымдағы және перспективалық мiндеттердi негiзге ала отырып, өз қызметiн жоспарлауға;

      - шетелдiк ғалымдар мен мамандарды қоса алғанда, келiсiм-шарт негiзiнде қызметкерлердi қызметке қабылдауды және қызметтен босатуды жүзеге асыруға;

      - мемлекеттiк басқару органдарының тапсырыстары бойынша мақсатты ғылыми талдамаларды орындауға, Қазақстан Республикасының тұрақты және қауiпсiз дамуын қамтамасыз етуге бағытталған сараптамалық бағамдар мен болжамдық сипаттағы ұсыныстар енгiзуге;

      - келiсiм-шарт негiзiнде талданып-зерделенетiн ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға басқа ұйымдардан мамандарды, ғылыми қызметкерлердi тартуға;

      - ғылыми форумдар (конференциялар, симпозиумдар, семинарлар, коллоквиумдар және т.б.) өткiзуге;

      - ғылыми еңбектер, мерзiмдi және сериялы басылымдар шығаруға, ғылыми-техникалық деректер базаларын қалыптастыруға;

      - белгiленген тәртiппен ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру жөнiнде кеңестер құруға;

      - бiлiктiлiгiн арттыру курстарын ұйымдастыруға;

      - өзiнiң алдына қойылған мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн қажеттi ақпаратты белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдардан сұратуға және алуға;

      - Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн кез келген ғылыми, өндiрiстiк, шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға;

      - Қазақстан Республикасының аумағында өзінің өкілдіктерін ашуға құқығы бар.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентiнiң 1999.05.04 N 130, 2008.04.24 N 576; 11.04.2014 № 793; 15.10.2014 N 928 Жарлықтарымен.

IV. Институттың мүлкi мен қаражаты

      6. Институттың ғимараттарын, құрылыстарын және басқа мүлкiн оған жедел басқару құқығымен мемлекет мүлкiн басқару жөнiндегi өкiлеттi мемлекеттiк орган бередi.

      7. Институтты қаржыландыру көздерi:

      - ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындағаны үшiн шарттар бойынша,

      сондай-ақ Институттың шаруашылық қызметiнен түсетiн қаражат;

      - демеушiлiк болып табылады.

      Институттың ғылыми, баспа және Қазақстан Республикасының

      заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызметiнен алынған барлық

      қаражаты Институттың негiзгi мiндеттерi мен функцияларына сәйкес пайдаланылады.

Институт қызметiн басқару және институттың құрылымы

      8. Институт Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жалпы басшылығымен жұмыс істейді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 15.10.2014 N 928 Жарлығымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 12.10.2019 № 187 Жарлығымен.

      8-1. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының шешімі бойынша Институт құрылымында Институттың Үйлестіру кеңесі ұйымдастырылуы мүмкін.

      Институттың Үйлестіру кеңесі Институт қызметінің негізгі бағыттарын келісуді жүзеге асырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын өзге функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. Ереже 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 22.07.2019 № 76 Жарлығымен.

      9. Институтты директор басқарады, ол дара басшылық принциптерi негiзiнде Институттың жұмысын ұйымдастырады және Институтқа жүктелген мiндеттердiң орындалуы үшiн толық жауап бередi.

      10. Ғалымдар Кеңесi кеңесшi орган болып табылады.

      Ғалымдар Кеңесiнiң құрамына директор, директордың бiрiншi орынбасары, директордың орынбасары, ғалым хатшы, бөлiм меңгерушiлерi кiредi.

      Институт директорының ұсынуы бойынша Ғалымдар Кеңесiнiң құрамы Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң қарауына енгiзiлiп, оны Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы бекiтедi.

      Ғалымдар Кеңесi:

      - Институттың ғылыми қызметiн ұйымдастырудың барлық мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдайды;

      - ғылыми зерттеулердiң ағымдағы және перспективалық жоспарларын талқылайды;

      - Институттың ғылыми және ғылыми-ұйымдастыру қызметi туралы жарты жылдық және жылдық есептерi бекiтедi.

      Ғалымдар Кеңесiнiң шешiмi директор бекiткеннен кейiн күшiне енедi.

      11. Институттың штат кестесi мен құрылымын Институт директоры

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi айқындайтын штат саны шегiнде белгiлейдi. Ғылыми бөлiмдер мен секторлардан басқа Институт құрамына ғылыми-қосалқы және өндiрiстiк сипаттағы бөлiмшелерi енедi.

VI. Институт басшыларының құқықтары мен мiндеттерi Институт директоры

      12. Институт директорын Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгi Басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Институт директоры мемлекеттiк органдарда, халықаралық ұйымдарда, барлық ғылыми мекемелерде оның атынан өкiлдiк етедi, белгiленген тәртiппен Институттың мүлкi мен қаржысына иелiк жасайды, Институттың қаржы қорларын құрып, оларды пайдалану тәртiбiн белгiлейдi, шарттар жасасады, сенiмхаттар бередi, банктерде шоттар ашады.

      Институт директоры өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады, Институттың бөлiмшелерi, филиалдары туралы ережелердi және лауазымдық нұсқауларды бекiтедi, заңдарға сәйкес Институт қызметкерлерiне көтермелеу шараларын және тәртiптiк жазаларды қолданады, Институт құзыретi шегiнде қызметтiк және қаржылық құжаттамаға қол қояды, Институттың Ғалымдар Кеңесiнiң жұмысын және оның шешiмдерiнiң орындалуын ұйымдастырады, өзiнiң орынбасарлары мен құрылымдық бөлiмшелердiң мiндеттерiн белгiлейдi, Институт қызметiн Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң қызметiмен үйлестiрiп отырады.

      13. Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiмен келiсе отырып, Институт директоры бiрiншi орынбасарын тағайындайды.

      Институт директорының бiрiншi орынбасары:

      - ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мен оның тиiмдiлiгi;

      - Институт қызметiн кадрлық тұрғыда қамтамасыз ету және

      қызметкерлердiң ғылыми бiлiктiлiгiн арттыру үшiн жауап бередi.

      Институт директоры орнында болмаған кезде директордың бiрiншi

      орынбасары қызметтiк және қаржылық құжаттамаға қол қою құқығымен оның мiндетiн атқарады және Институттың жұмыс режимi үшiн толық

      жауап бередi.

VII. Институт қызметiн тоқтату

      14. Институт қызметi Қазақстан Республикасы Президентiнiң

      шешiмiмен заңдарға сәйкес тоқтатылады.