Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1996 жылғы 24 мамыр N 3001

Қолданыстағы

      Аграрлық ғылымды одан әрi дамыту, агроөнеркәсiп кешенi салаларының ғылыми-техникалық әлеуетiн шоғырландыру және азық-түлiк пен ауыл шаруашылығы шикiзатына деген республика қажеттiлiгiн қамтамасыз ету мiндеттерiн шешуде аграрлық ғылымның үлесiн күшейту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қазақстан Республикасы Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясының ауыл шаруашылығы бейiнiндегi ғылым-зерттеу мекемелерiнiң, тәжiрибе шаруашылықтары мен тәжiрибе эксперименттiк кәсiпорындарының базасында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығы құрылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығы Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясына ведомстволық қарасты дербес кешендi ғылыми-техникалық бiрлестiк болып табылады, ол елдiң агроөнеркәсiп кешенiн ғылыми қамтамасыз ету үшiн жауап бередi.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Жарлықты жүзеге асыру жөнiнде қажеттi шаралар қолдансын.

       Қазақстан Республикасының
              Президентi