Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Конституциялық заңы.

Жаңартылған

      МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Актінің нысаны және тақырыбы өзгерді, кіріспе алып тасталды, мәтіндегі "осы Жарлықты", "осы Жарлықта", "осы Жарлықпен", "осы Жарлыққа", "осы Жарлықтың", "Осы Жарлық" деген сөздер тиiсiнше "осы Конституциялық заңды", "осы Конституциялық заңда", "осы Конституциялық заңмен", "осы Конституциялық заңға", "осы Конституциялық заңның", "осы Конституциялық заң" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.11.24 № 604 Конституциялық Заңымен (өзгеріс 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді).

I ТАРАУ
Жалпы Ережелер

1-бап. Конституциялық Кеңестiң мәртебесi

      Конституциялық Кеңес мемлекеттiк орган ретiнде Республиканың бүкiл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары тұруын қамтамасыз етедi:

      1) өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде дербес және мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен азаматтарға тәуелсiз, Республика Конституциясына ғана бағынады әрi саяси және өзге себептердi негiзге ала алмайды;

      2) Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңды басшылыққа ала отырып, соттардың немесе басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiне жататын барлық жағдайларда өзге мәселелердi анықтау мен зерттеуге бармай-ақ өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.

2-бап. Конституциялық Кеңестiң құрамы

      Конституциялық Кеңес жетi мүшеден, соның iшiнде Конституциялық Кеңестiң Төрағасынан тұрады. Бұған қоса Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.

3-бап. Конституциялық Кеңестi құру тәртiбi

      1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      2. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін Республика Президенті қызметке тағайындайды, Конституциялық Кеңеске екі-екі мүшеден Парламент Палаталары төрағаларының ұсынуы бойынша тиісінше Парламент Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды. Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.06.17 N 41-IV Конституциялық заңымен.

4-бап. Конституциялық Кеңес мүшелiгiне кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Конституциялық Кеңестiң құрамына отыз жасқа толған, Республика аумағында тұратын, жоғары заң бiлiмi, заң мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар Республика азаматы тағайындала алады.

      2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар Республиканың экс-Президенттерiне қолданылмайды.

5-бап. Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң өкiлеттiк мерзiмi

      1. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң өкiлеттiгi алты жылға созылады.

      2. Шығып қалған немесе қызметте болу мерзiмi аяқталған жағдайда Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен тағайындалады.

      3. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi қызметтерiне адамдардың шығып қалған немесе осы қызметтерде болу мерзiмi аяқталған күннен бастап бiр ай iшiнде тағайындалады.

      4. Егер Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшелерiнің өкiлеттiк мерзiмi олардың қатысуымен Конституциялық Кеңес жүргiзiп жатқан мәселенi қарау кезеңiнде аяқталса, онда олардың өкiлеттiгi қорытынды шешiм шығарылғанға дейiн сақталады.

6-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң анты

      Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi өздері тағайындалғаннан кейiн мынадай мазмұнда ант қабылдайды: "Өзiме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы (мүшесi) мiндетiн адал атқаруға, әдiл болуға және басқа ешкiмге, еш нәрсеге емес, тек Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана бағынуға салтанатты түрде ант етемiн.".

      Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнің анты Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен қабылданады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 22.12.2017 № 119-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-бап. Конституциялық Кеңестiң отырыстары

      1. Конституциялық Кеңестiң отырысы егер оған Конституциялық Кеңес құрамының кемiнде үштен екiсi қатысса, құқылы болады.

      2. Конституциялық Кеңестiң отырыстарын қажетiне қарай Конституциялық Кеңестiң Төрағасы, ал ол болмаған кезде оның уәкiлдiк беруi бойынша Конституциялық Кеңес Төрағасының мiндетiн атқарушы шақырады.

8-бап. Конституциялық iс жүргiзу

      Конституциялық Кеңестiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша iс қарау мен шешiмдер қабылдау Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген конституциялық iс жүргiзу тәртiбiмен жүзеге асырылады.

9-бап. Конституциялық Кеңес туралы заңдар

      1. Конституциялық Кеңестiң мәртебесi, құзыретi, қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбi Республика Конституциясымен және осы Конституциялық заңмен белгiленедi.

      2. Конституциялық Кеңес өз қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбiнiң Конституциямен және осы Конституциялық заңмен реттелмеген мәселелерi бойынша Конституциялық Кеңестiң регламентiн қабылдайды.

II ТАРАУ
Республика Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiнiң
мәртебесi

10-бап. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi мемлекеттiң лауазымды адамдары ретiнде

      1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi мемлекеттiң лауазымды адамдары болып табылады, олардың мәртебесi Конституциямен және осы Конституциялық заңмен, сондай-ақ Конституция мен осы Конституциялық заңда реттелмеген бөлiгiнде мемлекеттiк қызмет туралы нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

      2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.

11-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң тәуелсiздiгi

      1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi өз мiндеттерiн орындау кезiнде тәуелсiз болады және тек Конституция мен осы Конституциялық заңға ғана бағынады. Басқа ешқандай да актiнiң олар үшiн сөзсiз мiндеттi күшi болмайды. Олардың қызметiне қандай болса да араласуға, сондай-ақ оларға қандай түрде болса да қысым жасауға немесе басқадай ықпал етуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жауапкершiлiкке әкелiп соғады.

      2. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң конституциялық iс жүргiзу мәселелерi жөнiндегi қызметi есеп беруге жатпайды. Өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру мәселелерi бойынша олардан есеп талап етуге ешкiмнiң хақы жоқ.

      3. Қорытынды шешiм шығарылғанға дейiн Конституциялық Кеңестiң қарауына арқау болып отырған мәселелер бойынша ешкiмнiң де пiкiр немесе кеңес сұрауға, ал Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң, Конституциялық Кеңестiң отырысынан басқа кезде, пiкiр айтуға немесе кеңес беруге хақы жоқ.

      4. Конституциялық Кеңестiң мүшелерi өкiлеттiк мерзiмi iшiнде ауыстырылмайды. Олардың өкiлеттiгiн, осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тоқтатуға немесе тоқтата тұруға болмайды.

      5. Егер Конституциялық Кеңестiң қарауындағы мәселеге тiкелей жеке немесе жанама мүдделiлігiне байланысты өзiнiң әдiлдiгiне күмән тууы мүмкiн болса, Конституциялық Кеңестiң Төрағасы немесе мүшесi бұл мәселенi қараудан бас тартуға мiндеттi, мұны Конституциялық Кеңес қанағаттандыруға тиiс.

      6. Конституциялық Кеңес мүшесiнiң сотта немесе өзге құқық қолдану органдарында, заңды өкiлдiктен басқа, қорғауды немесе өкiлдiктi жүзеге асыруға, құқықтарды жүзеге асыру мен мiндеттерден босату iсiнде қандай адамдарға болса да қамқоршылық жасауға хақы жоқ.

12-бап. Конституциялық Кеңес мүшелерiне ешкiмнiң тиiспеуi

      1. Қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Парламенттің келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

      2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына себеп сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін Конституциялық Кеңестiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін, ол Конституциялық Кеңестiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім беру туралы ұсынуды Парламентке енгізеді. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы немесе мүшелерi қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не олар ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімін алғанға дейін, бірақ бір тәулік ішінде оны міндетті түрде хабардар ете отырып, жалғастырылуы мүмкін. Істі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Бас Прокурор жүзеге асырады.

      3. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылмайды.

      4. Конституциялық Кеңестiң мүшесiн, егер осы Конституциялық заңға сәйкес оның өкiлеттiгi тоқтатыла тұрмаған болса, Конституциялық Кеңестiң отырысына қатысудан шеттетуге ешкiмнiң хақы жоқ.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 232-V Конституциялық заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

13-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерi құқықтарының теңдiгi

      Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi Конституциялық Кеңес жүргiзiп жатқан мәселелердi қарауда және олар бойынша шешiмдер қабылдауда, осы Конституциялық заңның 33-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тең құқықтарға ие болады.

14-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру

      1. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгiн Конституциялық Кеңестiң өтiнiшi бойынша оны тағайындаған адам, мынадай жағдайларда егер ол:

      1) дәлелдi себептерсiз кемiнде қатарынан үш рет Конституциялық Кеңестiң отырыстарына қатыспаса;

      2) денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт бойы өз мiндеттерiн орындай алмаса;

      3) заңды күшiне енген сот шешiмi бойынша хабар-ошарсыз жоқ болған деп танылса, тоқтата тұруы мүмкiн.

      2. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнің өкілеттіктері, егер заңда белгіленген тәртіппен оны ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауаптылыққа тартуға, сотта медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы тиісті өтінішхатты қозғауға келiсiм берілген жағдайда да тоқтатыла тұруы мүмкін.

      3. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм өкiлеттiктi тоқтатуға негiздер байқалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қабылданады.

      4. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгi осы өкiлеттiктi тоқтата тұруға негiздер дәйексiз болып қалғанға дейiн тоқтатыла тұрады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 232-V Конституциялық заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

15-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтату

      1. Тиiсiнше:

      1) Конституциялық Кеңес Төрағасының өкiлеттiгiн Республика Президентi тоқтатады;

      2) Конституциялық Кеңес мүшесiнiң өкiлеттiгiн оны тағайындаған Қазақстан Республикасының Президенті, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі тоқтатады.

      2. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгi:

      1) орнынан түсуi туралы өтiнiшiнiң қанағаттандырылуы;

      2) Жоғарғы Соттың ол жөнiнде заңды күшiне енген айыптау үкiмiнiң болуы;

      3) заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылуы;

      4) заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның өлген деп танылуы;

      5) оның қайтыс болуы;

      6) осы Конституциялық заңның 10-бабының 2-тармағында көзделген шарттардың сақталмауы;

      7) антты бұзуы, Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңның талаптарын орындамауы, оның жоғары мәртебесiмен сыйыспайтын атына кiр келтiретiн қылық жасауы;

      8) Конституция мен осы Конституциялық заңда белгiленген талаптар бұзыла отырып тағайындалуы;

      9) қызметте болуының Конституцияда белгiленген мерзiмiнiң аяқталуы;

      10) (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2008.06.17 N 41-IV Конституциялық заңымен);

      11) саяси мақсаттарды көздейтiн саяси партияға немесе өзге де қоғамдық бiрлестiкке кiруi нәтижесiнде тоқтатылады.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.06.17 N 41-IV Конституциялық заңымен.

16-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң қызметiн қамтамасыз ету

      1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiне жалақы Республика Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында көзделген тәртiппен белгiленедi.

      2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн тұрғын үймен, көлiкпен және өзге де қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

III ТАРАУ
Республика Конституциялық Кеңесiнiң және оның лауазымды
адамдарының құзыретi

17-бап. Конституциялық Кеңестiң құзыретi

      1. Конституциялық Кеңес дау туған жағдайда Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес:

      1) Республика Президентi сайлауының;

      2) Парламент депутаттары сайлауының;

      3) республикалық референдумның дұрыс өткiзiлгендігi туралы мәселенi шешедi.

      2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2), 2-1), 3) тармақшаларына сәйкес:

      1) Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін;

      2) Парламент және оның Палаталары қабылдаған қаулылардың;

      3) Республиканың халықаралық шарттарының олар ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін қарайды.

      3. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 4)-5)-тармақшаларына сәйкес:

      1) Конституция нормаларына ресми түсiндiрме;

      2) Парламент тиiсiнше республика Президентiн мерзiмiнен бұрын қызметiнен босату туралы шешiм, Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдағанға дейiн - белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталуы туралы қорытынды бередi.

      4. Конституциялық Кеңес:

      1) Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда – Республика Президентінің өтiнiштерiн, сондай-ақ Конституцияның 78-бабында көзделген жағдайларда соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 72-бабының 2-тармағына сәйкес қарайды;

      2) Конституцияның 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес конституциялық iс жүргiзу практикасын қорыту нәтижелерi бойынша жыл сайын Парламентке Республикадағы конституциялық заңдылықтың жайы туралы жолдау жiбередi.

      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.06.17 N 41-IV; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

18-бап. Конституциялық Кеңестiң өзге де өкiлеттiктерi

      Конституциялық Кеңес:

      1) құзыретi шегiнде барлық мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан құжаттар, материалдар мен өзге де ақпараттар сұратуға және алуға, сондай-ақ белгiленген тәртiппен сарапшылық және ғылыми-консультациялық жұмысқа мамандар тартуға хақылы;

      2) Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы өтiнiш жасайды және осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

19-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының өкiлеттiгi

      1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы:

      1) Конституциялық Кеңес iс жүргiзуге қабылдаған мәселелердi қарауға даярлықты басқарады;

      2) Конституциялық Кеңестiң отырысын шақырады, iс жүргiзуге қабылданған мәселелердi олардың қарауына енгiзедi және Конституциялық Кеңестiң отырыстарында төрағалық етедi;

      3) Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң мiндеттерiн бөледi, Конституциялық Кеңес мүшелерi мен оның аппаратының жұмысын ұйымдастырады;

      4) отырыс өткiзудi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды белгiлейдi;

      5) Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйi туралы Конституциялық Кеңестiң жолдауын жария етедi;

      6) Республика Президентiнiң талап етуi бойынша оған елдегi конституциялық заңдылықтың жайы туралы ақпаратты табыс етедi;

      7) Конституциялық Кеңес отырыстарының шешiмдерi мен хаттамаларына қол қояды;

      8) Конституциялық Кеңестiң бекiтуiне оның регламентiн табыс етедi;

      9) Конституциялық Кеңестiң аппараты туралы Ереженi, бөлiнген бюджет қаражаты шегiнде - Конституциялық Кеңес аппаратының құрылымы мен штат кестесiн бекiтедi;

      10) Конституциялық Кеңес аппараты қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      11) осы Конституциялық заңға және Конституциялық Кеңес регламентiне сәйкес өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.

      2. Өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Конституциялық Кеңестiң Төрағасы бұйрықтар мен өкiмдер шығарады.

IV ТАРАУ
Конституциялық iс жүргiзу

20-бап. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар

      1. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар болып өтiнiштерi бойынша конституциялық iс қозғалып отырған мына адамдар мен органдар танылады:

      1) Республика Президентi;

      2) Парламент Сенатының Төрағасы;

      3) Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы;

      4) өздерiнiң жалпы санының кемiнде бестен бiрi болатын Парламент депутаттары;

      5) Премьер-Министр;

      6) Республика соттары;

      7) актiлерiнiң конституциялылығы тексерiлетiн мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар.

      2. Қажет болған жағдайда конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар Конституциялық Кеңеске өз өкiлдерiн жiбере алады, олардың өкiлеттiгi белгіленген тәртiппен ресiмделедi.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

21-бап. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар өкiлеттiгi шегiнде тең iс жүргiзу құқықтарын пайдаланады.

      2. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар:

      1) iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардың қысқаша үзiндiлерi мен көшiрмелерiн алуға;

      2) дәлелдер келтiруге, оларды зерттеуге қатысуға және өтiнiштерi мен қарсылықтарының негiзi ретiнде өздерi сiлтеме жасап отырған мән-жайларды дәлелдеуге;

      3) конституциялық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өздерiнiң дәйектерi мен ойларын Конституциялық Кеңеске айтуға;

      4) өтiнiштерiн мәлiмдеуге және мәлiмденген өтiнiштер бойынша өз пiкiрiн айтуға;

      5) Конституциялық Кеңеске ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге хақылы.

      3. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушы:

      1) өтiнiшi бойынша конституциялық iс қозғалған қатысушының Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмi қабылданатын отырысы басталғанға дейiн өтiнiшiнiң негiзiн өзгертуге, оның көлемiн ұлғайтуға немесе азайтуға, өтiнiшiнен бас тартуға хақылы;

      2) соның актiлерiне орай конституциялық iс қозғалған қатысушының өтiнiшiнде мәлiмделген талаптарды толық немесе iшiнара мойындауға не оларға қарсылық бiлдiруге хақылы.

      4. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар:

      1) өз құқықтарын адал пайдалануға мiндеттi. Олардың Конституциялық Кеңеске көрiнеу жалған мәлiметтер хабарлауы немесе Конституциялық Кеңес талап еткен құжаттарды, материалдар мен өзге де ақпаратты бермеуi Конституциялық Кеңестi құрметтемеу ретiнде бағаланады және заң бойынша жауапкершiлiкке әкелiп соғады;

      2) Республика Конституциясына, Конституциялық Кеңеске, оның талаптарына және Конституциялық Кеңесте қабылданған рәсiмдерге құрметпен қарауға;

      3) төрағалық етушiнiң отырыс тәртiбiн сақтау туралы өкiмдерiне бағынуға мiндеттi.

22-бап. Конституциялық Кеңеске өтiнiш берудiң нысаны мен мазмұны

      1. Конституциялық Кеңеске өтiнiш жазбаша түрде берiледi.

      2. Өтiнiште мыналар көрсетiлуге тиiс:

      1) Конституциялық Кеңестiң атауы;

      2) өтiнiш жасаушының атауы, тұрғылықты жерi, мекен-жайы және ол туралы өзге де қажеттi деректер;

      3) өтiнiш жасаушының өкiлiнiң атауы, мекен-жайы және қызметi бойынша өкiлдiктi қоспағанда, оның өкiлеттiгi туралы өзге де деректер;

      3-1) егер өтініште Конституцияның 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы мәселе қойылса, Республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулардың жобасы;

      4) егер өтiнiште оларды өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселе қойылған ретте, Президент, Парламент депутаттары сайлауын және республикалық референдум өткiзуге байланысты актiлерге қол қойған немесе оларды шығарған мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдардың атауы, тұрғылықты жерi және мекен-жайы;

      5) егер өтiнiште Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгi туралы мәселе қойылған ретте, заңдардың атауы, қабылданған күнi;

      5-1) егер өтініште Парламент және оның Палаталары қаулыларының Республика Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылған жағдайда Парламент және оның Палаталары қаулыларының атауы, қабылданған күні;

      6) егер өтiнiште Республиканың халықаралық шарттарының Конституцияға сәйкестiгi туралы мәселе қойылған ретте, Республиканың халықаралық шарттарының, Қазақстан Республикасы немесе оның мемлекеттiк органдары атынан оларға қол қойылған лауазымды адамдардың аты, оларға қол қойылған күн мен орын;

      7) өтiнiште ресми түсiндiрме беру туралы мәселе қойылып отырған Республика Конституциясының нормалары;

      7-1) егер өтініште күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы мәселе қойылса, заңның немесе өзге де құқықтық актінің атауы, нөмірі, қабылданған күні, жарияланған көздер және өзге де деректемелер;

      8) егер соттың ұсынысында актiнi конституциялық емес деп тану туралы мәселе қойылса, егер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп таныса, актiге қол қойған немесе оны шығарған мемлекеттiк органның, лауазымды адамның аты, тұрғылықты жерi мен мекен-жайы, заңның немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiнiң атауы, нөмiрi, қабылданған күнi, жарияланған көздер және өзге де реквизиттер;

      9) Конституцияның 47-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент құрған комиссияның атауы, құрамы және оның қорытындысы; Республика Президентiн мерзiмiнен бұрын қызметтен босату туралы мәселенi Парламенттiң қарауына байланысты актiлердiң атауы, қабылданған күнi және мазмұны;

      10) Президенттi қызметтен кетiру туралы мәселенi қозғауға түрткi болған депутаттардың саны туралы мәлiметтер; Парламент Палаталарында дауыс берудiң нәтижелерi туралы мәлiметтер; Президентке қарсы тағылған айыпты тексеру нәтижелерi туралы мәлiметтер; тағылған айыптың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Соттың қорытындысы жөнiндегi мәлiметтер; Республика Президентiн қызметтен кетiру туралы мәселенi Парламенттiң қарауына байланысты актiлердің атауы, қабылданған күнi және мазмұны;

      11) өтiнiштiң мәнi;

      12) өтiнiш жасауға негiз болатын және оның негiздiлiгiн растайтын өзге де деректер, мән-жайлар мен айғақтар;

      13) Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңның Конституциялық Кеңеске өтiнiш жасау құқығын беретiн нормалары;

      14) қоса тiркелiп отырған құжаттар тiзбесi.

      3. Өтiнiшке тиiстi субъект қол қоюға тиiс.

      4. Өтiнiшке мыналар қоса тiркеледi:

      1) өтiнiш берген субъектiлер сiлтеме жасаған актiлер мәтiндерiнiң көшiрмесi;

      2) өкiлдiк лауазым бойынша жүзеге асырылатын жағдайдан басқа реттерде өкiлдiң өкiлеттiгi туралы құжаттар;

      3) он дана мөлшерiнде өтiнiш пен оның қосымшаларының көшiрмесi.

      5. Конституциялық iс жүргiзу тiлдерiнде жазылмаған құжаттарға олардың қазақша немесе орысша аудармалары қоса тiркелуге тиiс.

      Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.06.17 N 41-IV; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

23-бап. Конституциялық Кеңеске өтiнiш берудiң салдарлары

      Конституциялық Кеңеске төменде көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте:

      1) Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның қорытындыларын шығару тоқтатыла тұрады;

      2) Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2), 3)-тармақшаларында көрсетiлген тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекiту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады;

      3) Конституцияның 78-бабында көрсетiлген iс жүргiзу тоқтатыла тұрады;

      4) конституциялық заңды, кодексті және заңды қоспағанда, Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша өтініш жасалған ретте Қазақстан Республикасының Президенті құқықтық актінің қолданылуын тоқтата тұруы мүмкін.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

24-бап. Конституциялық Кеңестiң өтiнiштердi қарау мерзiмдерi

      Конституциялық Кеңес iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi келiп түскен күнінен бастап келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталатын бiр ай iшiнде қарайды және ол бойынша қорытынды шешiм шығарады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.

      Егер мәселенi кейiнге қалдыруға болмаса, Республика Президентiнiң жазбаша нысанда баяндалған талабы бойынша қорытынды шешім қабылдау үшін берілетін бір айлық мерзiм күнтізбелік он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.

      Конституциялық Кеңес бір-бірімен өзара байланысты өтініштерді бір іс жүргізуге біріктірген жағдайда, қорытынды шешім шығару үшін Конституцияда көзделген бір айлық мерзім соңғы өтініш келіп түскен күннен бастап есептеледі.

      Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.10.2013 № 133-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

25-бап. Өтiнiштi iс жүргiзуге қабылдау немесе оны қабылдаудан бас тарту

      Конституциялық Кеңестiң Төрағасы келiп түскен өтiнiштi Конституциялық Кеңестiң қарауына енгiзедi, оның отырысы ол келiп түскен күннен бастап үш күн мерзiмде өткiзiледi. Конституциялық Кеңес өтiнiштi тексерiп, егер

      1) өтiнiш осы Конституциялық заңда белгiленген өтiнiш нысаны мен мазмұнына сәйкес келмесе немесе тиiстi субъектiден туындамаса;

      2) өтiнiштiң мәнi Конституциялық Кеңестiң құзыретiне жатпаса;

      3) өтiнiште көрсетiлген мәселенiң конституциялылығын Конституциялық Кеңес бұрын тексерiп қойған болса және Конституциялық Кеңестiң заңды күшiн сақтайтын шешiмi бар болса;

      4) өтiнiште көрсетiлген мәселе Конституцияда шешiмiн таппаса;

      5) конституциялығы талас тудырып отырған акт тоқтатылған немесе күшiн жойған болса, өтiнiштi iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартып, оны қайтарып бередi.

26-бап. Iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi Конституциялық Кеңестiң отырысында қарау үшiн материалдар әзiрлеу тәртiбi

      1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы өз өкiмiмен Конституциялық Кеңестiң отырысына материалдар әзiрлеудi жүзеге асыратын Конституциялық Кеңестiң мүшесiн белгiлейдi. Келiп түскен өтiнiштiң айрықша күрделiлiгiне, не оның аса маңыздылығына немесе жеделдiгiне орай материалдарды әзiрлеу Конституциялық Кеңестiң бiрнеше мүшесiне тапсырылуы мүмкiн.

      2. Бiр-бiрiмен өзара байланысты бiрнеше өтiнiш келiп түскен жағдайда Конституциялық Кеңес оларды бiр конституциялық iске бiрiктiру туралы шешiм қабылдай алады. Бiр-бiрiмен өзара байланысты бiрнеше өтiнiштi iс жүргiзуге қабылдау туралы мәселенi шешкен кезде олардың бiрi - Конституциялық Кеңестiң, ал басқалары өзге мемлекеттiк билiк органдарының қарауына жататын болса, Конституциялық Кеңестiң құзыретiне жататын өтiнiштер ғана қаралуға тиiс.

      3. Iс жүргiзуге қабылданған өтiнiш бойынша Конституциялық Кеңестiң мүшесi Конституциялық Кеңес отырысының қарауына Төраға белгiлеген мерзiмде материалдар әзiрлеуге мiндеттi, бұл үшiн ол:

      1) конституциялық iс жүргiзуге қатысушыларды белгiлейдi, оларға осы Конституциялық заңда көзделген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi;

      2) өтiнiштiң мәнiне қатысы бар қажеттi құжаттар мен өзге де ақпаратты талап етiп алдырады;

      3) қажет болған жағдайда тиiстi лауазымды адамдарға сұрау салады, ғалымдарды, практикалық қызметкерлердi мамандар, сарапшылар ретiнде тартып, тексерулер, зерттеулер жүргiзудi, сараптама жасауды тапсырады;

      4) отырыстың басталуынан кемiнде екi күн бұрын Конституциялық Кеңестiң мүшелерiне материалдардың көшiрмелерiн берудi қамтамасыз етедi;

      5) Конституциялық кеңес шешiмiнiң жобасын әзiрлейдi;

      6) өтiнiштiң тиiсiнше қаралуын қамтамасыз ету жөнiнде өзге де әрекеттер жасайды.

      4. Әзiрлiк жұмысы аяқталғаннан кейiн Конституциялық Кеңестiң Төрағасы өз өкiмiмен Конституциялық Кеңес отырысының күнiн белгiлейдi, онда өтiнiште қойылған мәселелердiң мән-жайы қаралады.

27-бап. Конституциялық Кеңестiң iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi қарау жөнiндегi отырысын өткiзу тәртiбi

      1. Конституциялық Кеңес өтiнiштердi Конституциялық Кеңес Төрағасының төрағалық етуiмен отырыста қарайды.

      2. Белгiленген уақытта Төраға:

      1) отырысты жүргiзу үшiн Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң санының жеткiлiктiлiгiне және хаттамаға түсiрудiң қамтамасыз етiлгендiгiне көз жеткiзедi;

      2) Конституциялық Кеңестiң отырысын ашық деп жариялайды;

      3) қаралуға тиiс мәселелердi оқып шығады;

      4) отырысқа шақырылған қатысушылардың, мамандардың, сарапшылардың бар екендiгi туралы және қатыспағандардың келмей қалу себептерi туралы хабарлау үшiн Конституциялық Кеңестiң мүшесiне - баяндамашыға сөз бередi;

      5) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

      6) отырысқа қатысушылардан оларда ұсыныстардың бар-жоғы туралы сұрайды, оларды Конституциялық Кеңестiң шешуiне қояды;

      7) қаралуға тиiс мәселелердi қараудың басталуы туралы жариялайды.

      3. Әрбiр мәселенi қарау Конституциялық Кеңес мүшесiнiң - баяндамашының сөзiнен басталады, ол мәселенiң мән-жайын, оның қаралу себебi мен негiзiн, қолда бар материалдардың мазмұнын баяндап бередi. Конституциялық Кеңестiң мүшелерi оған нақтылау үшiн сұрақ қоюға хақылы.

      4. Өтiнiш субъектiлерi, сондай-ақ актiлерi мен әрекеттерiнiң конституциялылығы, сондай-ақ конституциялық рәсiмдердi сақтауы тексерiлетiн мемлекеттiк органдардың өкiлдерi мен лауазымды адамдар (олардың өкiлдерi) қажет болған жағдайда өздерiнiң қалауы бойынша не Конституциялық Кеңестiң талабы бойынша Конституциялық Кеңестiң iс жүргiзуге қабылданған өтiнiш қаралатын отырысына қатыса алады. Қажет болған жағдайда конституциялық iс жүргiзуге қатысушылардың, сарапшылардың, мамандар мен басқа да шақырылған адамдардың түсiнiктемелерi мен сөздерi тыңдалуы мүмкiн.

      5. Егер мәселе жеткiлiктi түрде айқындалған болса, Төраға қорытынды шешiмдi талдап жасау үшiн Конституциялық Кеңес мүшелерi мәжiлiсiнiң ашылуы туралы жариялайды. Мәжiлiс кезiнде бөгде адамдардың қатысуына жол берiлмейдi. Мәжiлiс кезiнде болған пайымдауларды, дауыс беру барысы мен нәтижелерiн жария етуге тыйым салынады. Конституциялық Кеңестiң мүшелерi мәжiлiс барысында қаралып отырған мәселе бойынша жеке көзқарасын еркiн айтып, Конституциялық Кеңестiң басқа мүшелерiнен өздерiнiң көзқарастарын нақтылауды сұрай алады.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

28-бап. Конституциялық Кеңестiң отырысын хаттамаға түсiру

      1. Конституциялық Кеңестiң отырысы хаттамаға түсiрiледi және қажеттiгiне қарай стенограммаға түсiрiледi.

      2. Конституциялық Кеңес отырысының хаттамасы конституциялық iс жүргiзу тiлiнде жүргiзiледi.

      3. Конституциялық Кеңес отырысының хаттамасын жүргiзу тәртiбiн, оның мазмұнына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Конституциялық Кеңес отырыстары хаттамасын жүргiзудiң өзге де мәселелерiн Конституциялық Кеңестiң Төрағасы айқындайды.

29-бап. Конституциялық iс жүргiзу тiлi

      1. Конституциялық iс жүргiзу, Конституциялық Кеңес қабылдайтын шешiмдер қазақ не орыс тiлдерiнде жүзеге асырылып, жазылады.

      2. Конституциялық iс жүргiзу тiлiн меңгермеген конституциялық iс жүргiзуге қатысушы адамдарды Конституциялық Кеңес олардың ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аудармамен қамтамасыз етедi.

30-бап. Конституциялық iс жүргiзудi тоқтату

      1. Конституциялық iс жүргiзу кез келген сатыда, бiрақ қорытынды шешiм шығарылғанға дейiн мынадай реттерде:

      1) субъект өзi мәлiмдеген өтiнiштен бас тартса;

      2) конституциялылығы талас тудыратын актiлер күшiн жойса немесе заңдық күшiн жойса;

      3) мәлiмделген өтiнiш Конституциялық Кеңестiң қарауына жатпаса тоқтатылуға тиiс.

      2. Конституциялық Кеңестiң мәлiмделген өтiнiш бойынша конституциялық iс жүргiзудi тоқтату туралы шешiмi өтiнiш субъектiсiн Конституциялық Кеңеске осы негiздер бойынша қайтадан өтiнiш беру мүмкiндiгiнен айырады.

V ТАРАУ
Республика Конституциялық Кеңесiнiң шешiмдерi

31-бап. Конституциялық Кеңес шешiмдерiнiң түрлерi

      1. Конституциялық Кеңестiң отырысында қабылданатын кез келген акт оның шешiмi болып табылады.

      2. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерi Конституциялық Кеңестiң конституциялық өкiлеттiгiн жүзеге асыратын қорытынды шешiмдер және Конституциялық Кеңестiң өзге де өкiлеттiгiн жүзеге асыратын басқа да шешiмдер болып бөлiнедi.

32-бап. Конституциялық Кеңес шешiмдерiнiң нысаны

      Конституциялық Кеңестiң шешiмдерi мынадай нысанда қабылданады:

      1. 1) Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген құқығының құрамдас бөлiгi болып табылатын қаулылар, соның iшiнде нормативтiк қаулылар;

      2) қорытындылар;

      3) жолдаулар.

33-бап. Конституциялық Кеңестiң шешiмдер қабылдауы

      1. Конституциялық Кеңес шешiмдердi алқалы түрде қабылдайды.

      2. Конституциялық Кеңес шешiмдi өз мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен ашық дауыс беру арқылы, ал Конституциялық Кеңестiң тiптi бiр мүшесi талап етсе де - жасырын дауыс беру арқылы қабылдайды.

      3. Егер шешiм қабылдау кезiнде Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң дауыстары тепе-тең бөлiнген болса, Конституциялық Кеңес Төрағасының даусы шешушi дауыс болып табылады, ол барлық жағдайларда өз даусын ең соңында бередi. Конституциялық Кеңес Төрағасының орнын оның уәкiлдiк беруi бойынша Конституциялық Кеңестiң тиiстi мүшесi ауыстырған жағдайда бұл ереже қолданылмайды. Бұл жағдайда Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе бастапқы дауыс беруге қатыспаған мүшесiнiң қатысуымен қайтадан дауыс беру өткiзiледi.

      4. Конституциялық Кеңестiң мәжiлiсi кезiнде оның отырысқа қатысқан мүшелерiнiң ешқайсысының да қалыс қалуға немесе дауыс беруге қатыспауға хақы жоқ.

      5. Конституциялық Кеңес қабылдаған шешiмдер оларға Төраға қол қойғанға дейiн дауыс беруге қатысқан Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң қолдарымен алдын ала расталады.

34-бап. Конституциялық Кеңес мүшесiнiң ерекше пiкiрi

      Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмiмен келiспеген оның мүшесi өз пiкiрiн жазбаша түрде бiлдiруге хақылы.

35-бап. Конституциялық Кеңестiң қосымша шешiмi

      1. Конституциялық Кеңес мына жағдайларда қосымша шешімдер қабылдайды, егер:

      1) Конституциялық Кеңестің шешіміне түсіндірме беру туралы мәселе қойылса. Мұндай жағдайда қосымша шешім конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың не Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімін орындауға міндетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтініштері бойынша қабылданады;

      2) Конституциялық Кеңестің шешімінде жіберілген редакциялық сипаттағы дәлсіздіктер мен қателерді түзету қажет болса. Мұндай жағдайда Конституциялық Кеңес қосымша шешімді өз бастамасы бойынша қабылдайды.

      2. Қосымша шешiм Конституциялық Кеңес шешiмiнiң шынайы мазмұнына, мағынасы мен мақсатына қайшы келмеуге тиiс.

      3. Қосымша шешiмдi Конституциялық Кеңес отырысында қабылдайды, отырысты өткiзу тәртiбi Конституциялық Кеңестiң регламентiмен белгiленедi.

      Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.06.17 N 41-IV Конституциялық заңымен.

36-бап. Конституциялық Кеңестiң шешiмiн қайта қарау

      1. Конституциялық Кеңестің шешімін ол Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша немесе өз бастамасы бойынша мына жағдайларда, егер:

      1) қабылданған шешімге негіз болған Конституция нормасы өзгерсе;

      2) өтініштің мәні үшін жаңа елеулі мән-жайлар ашылса, қайта қарауы мүмкін.

      2. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде Конституциялық Кеңестің шешімі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының бастамасы бойынша қайта қарауға жатады.

      3. Шешімді қайта қарау туралы Конституциялық Кеңес қаулы шығарып, ол арқылы осы шешімнің күшін жояды.

      4. Қорытынды шешім қайта қаралған жағдайда Конституциялық Кеңестің Төрағасы өз өкімімен осы мәселе бойынша жаңа отырыс өткізудің күні мен тәртібін белгілейді.

      Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.06.17 N 41-IV Конституциялық заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

37-бап. Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмiнiң мазмұны

      Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмiнде:

      1) оның атауы, шығарылған күнi мен орны;

      2) оны шығарған Конституциялық Кеңестiң құрамы;

      3) өтiнiш жасаушы субъектiлер мен олардың өкiлдерi;

      4) өтiнiштiң мәнi;

      5) Конституция мен осы Конституциялық заңның Конституциялық Кеңестiң iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi қарау құқығын белгiлейтiн нормалары;

      6) Конституциялық Кеңес анықтаған мән-жайлар;

      7) жарияланған немесе алынған көздерi көрсетiле отырып, конституциялылығы тексерiлген актiнiң атауы;

      8) лауазымды адамның конституциялылығы тексерiлген шешiмi;

      9) Президент сайлауын, Парламент депутаттары сайлауын немесе республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы тексерiлген учаскелер, округтер, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер;

      10) ресми түсiндiрме беруге ұшыраған Конституция нормасының (нормаларының) мазмұны;

      10-1) Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген тәртіппен өтініш жасалуына байланысты Конституциялық Кеңес қараған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың мазмұны;

      11) Конституцияның 47-бабының 1, 2 тармақтарында белгiленген, сақталуы тексерiлген рәсiмдер;

      12) Конституциялық Кеңес ұйғарған шешiм пайдасына келтiрiлген дәлелдер;

      13) Конституциялық Кеңес басшылыққа алған Конституция нормалары;

      14) шешiмнiң тұжырымы;

      15) шешiмнiң орындалу және жариялану тәртiбi мен мерзiмi;

      16) шешiмнiң түпкiлiктiлiгi көрсетiлуге тиiс.

      Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

38-бап. Конституциялық Кеңес шешiмiнiң заңдық күшi

      1. Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмi ол қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың барлық аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және шағым жасауға жатпайды. Өзге шешiмдердiң күшiне ену тәртiбiн Конституциялық Кеңес белгiлейдi.

      2. Алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. Алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 38-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.06.17 N 41-IV; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

39-бап. Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмдерiн қабылдау салдары

      Ескерту. 39-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Конституцияға сәйкес келмейдi деп танылған Республика заңдары мен халықаралық шарттарына қол қоюға не тиiсiнше бекiтуге және күшiне енгiзуге болмайды. Заңдарды Конституцияға сәйкес деп тану оларға қол қою мерзiмiнiң өтуiн жаңартады. Республиканың халықаралық шарттарын Конституцияға сәйкес деп тану оларды бекiту процесiн жаңартады.

      1-1. Республика Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмейді деп танылған Республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылмайды.

      2. Конституциялық емес, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актiлер заңдық күшiнен айрылады, қолданылуға жатпайды және олардың күші жойылады. Мұндай заңға немесе өзге де құқықтық актiге негiзделген соттардың және өзге құқық қолданушы органдардың шешiмдерi орындалуға жатпайды.

      3. Конституцияға сәйкес келмейдi деп танылған Республика Президентiнiң сайлауы Орталық сайлау комиссиясының шешiмiмен тиiстi сайлау учаскелерiнде (әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде) жарамсыз деп танылады. Президент сайлауын Конституцияға сәйкес деп тану сайланған Республика Президентiн тiркеуге жол бередi.

      4. Конституцияға сәйкес келмейдi деп танылған Парламент Сенаты мен Мәжiлiсi депутаттарының сайлауы Орталық сайлау комиссиясының шешiмiмен тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде және сайлау округтерiнде жарамсыз деп танылады. Парламент Сенаты мен Мәжiлiсi депутаттарының сайлауын Конституцияға сәйкес деп тану сайланған депутаттарды тiркеуге жол бередi.

      5. Конституцияға сәйкес келмейдi деп танылған республикалық референдум нәтижелерi Орталық сайлау комиссиясының шешiмiмен тиiстi дауыс беру учаскелерiнде (әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде) жарамсыз деп танылады. Өткiзiлген референдумды Конституцияға сәйкес деп тану референдум қорытындыларын шығаруды қайта бастауға жол бередi.

      6. Конституцияның 47-бабының 1-, 2-тармақтарына сәйкес Парламенттiң тиiсiнше Республика Президентiн лауазымнан мерзiмнен бұрын босату туралы шешiм, қызметiнен кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдауы алдында белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталмағандығы туралы қорытынды тиiсiнше Президенттi лауазымынан мерзiмiнен бұрын босату туралы, қызметiнен кетiру туралы мәселенiң қаралуын тоқтатылуына әкелiп соғады. Белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғандығы туралы қорытынды тиiсiнше Республика Президентiн лауазымынан мерзiмiнен бұрын босату туралы, Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселенi қарауды жалғастыруға жол бередi.

      Ескерту. 39-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.06.17 N 41-IV; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

40-бап. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерiн орындау

      1. Конституциялық Кеңес өзі қабылдаған шешімдердің орындалу тәртібін және мерзімдерін белгілей алады.

      Егер Конституциялық Кеңестің шешімі мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды немесе мемлекеттік кірістерді қысқартуды талап еткен жағдайда, Конституциялық Кеңес өзі қабылдаған шешімдердің орындалу мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша белгілейді.

      2. Конституциялық Кеңестің шешімін орындау үшін қолданылған шаралар туралы оған тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар Конституциялық Кеңес белгілеген мерзімде хабарлайды.

      3. Уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске міндетті түрде хабарлай отырып, Конституциялық Кеңестің шешімдерінде қамтылған заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды міндетті түрде қарауға тиіс.

      Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.06.17 N 41-IV Конституциялық заңымен.

41-бап. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерiн жолдау мен жариялау

      1. Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмдерi:

      1) шешiм қабылданғаннан кейiн екi күн iшiнде Конституцияда белгiленген өтiнiш жасау субъектiлерiне немесе олардың өкiлдерiне, сондай-ақ барлық реттерде Республика Президентiне, Парламентi Палаталарына, Жоғарғы Сотына, Бас Прокурорына, Әдiлет министрiне жiберiледi;

      2) республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жарияланады.

      2. Өзге шешiмдер, қажет болған жағдайда, Конституциялық Кеңес регламентiмен белгiлеген реттер мен тәртiпте жарияланады және тиiстi мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға жiберiледi.

VI ТАРАУ
Қорытынды және өтпелi ережелер

42-бап. Конституциялық Кеңестiң қызметiн қаржыландыру

      Конституциялық Кеңестiң және оның аппаратының қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 42-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

43-бап. Конституциялық Кеңестiң аппараты

      Конституциялық Кеңестің аппараты ақпараттық-анықтамалық, ғылыми-консультативтік және басқа да көмекшi жұмысты орындайтын мемлекеттік орган болып табылады.

      Конституциялық Кеңестің аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.

      Конституциялық Кеңес аппаратының қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Конституциялық Кеңестің Регламентiмен және Конституциялық Кеңестiң аппараты туралы ережемен реттеледi.

      Конституциялық Кеңес аппаратының жұмыскерлері мемлекеттік қызметшілер болып табылады.

      Ескерту. 43-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

44-бап. Конституциялық Кеңестiң нышандары мен мөрi

      1. Конституциялық Кеңес үйiнiң үстiне Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы iлiнедi.

      2. Конституциялық Кеңестiң мәжiлiс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк елтаңбасының бейнесi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы және Қазақстан Республикасы Конституциясының басылымы болады.

      3. Конституциялық Кеңес Төрағасының кабинетiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы тұрады.

      4. Конституциялық Кеңестiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өз атауы жазылған мөрi болады.

45-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң куәлiктерi

      Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiне Республика Президентiнiң қолы қойылған белгiленген үлгiдегi куәлiктер берiледi.

46-бап. Конституциялық Кеңестiң бiрiншi құрамын жасақтау тәртiбi және оның өкiлеттiк мерзiмi

      Конституциялық Кеңестiң бiрiншi құрамын жасақтау тәртiбi және оның өкiлеттiк мерзiмi Республика Конституциясының 97-бабымен белгiленедi.

47-бап. Осы Конституциялық заңның күшiне ену және қолданылу тәртiбi

      Осы Конституциялық заң:

      1) жарияланған күннен бастап күшiне енедi;

      2) ол күшiне енгеннен кейiн пайда болған даулар мен құқықтық қатынастарға қолданылады.

Қазақстан Республикасының
Президентi