Қазақ ССР Космостық зерттеулер агенттiгiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық аэроғарыш агенттiгi етiп қайта құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1993 жылғы 25 ақпандағы N 1118

Қолданыстағы
      "Байқоңыр" ғарыш айлағын республика мүддесi үшiн пайдалану, аэроғарыш қызметi саласындағы ынтымақтастық мәселелерi бойынша Қазақстан мен басқа мемлекеттер ұйымдарының өзара iс-қимылы, сондай-ақ ғарыш кеңiстiгiн пайдалану мен зерттеу жөнiндегi Мемлекетаралық бағдарламаларға Қазақстан Республикасының қатысуы мәселелерiн жедел шешу мақсатында қаулы етемiн:
      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақ ССР Космостық зерттеулер агенттiгiн құру туралы" 1991 жылғы 11 қыркүйектегi N 441 Жарлығымен құрылған Қазақ ССР-нiң Космостық зерттеулер агенттiгi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Ұлттық аэроғарыш агенттiгi болып қайта құрылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық аэроғарыш агенттiгiне:
      аэроғарыш қызметi және "Байқоңыр" ғарыш айлағы мен ғарыш инфрақұрылымының басқа да объектiлерiнiң ғылыми-техникалық және өндiрiстiк әлеуетiн халық шаруашылығының, хауiпсiздiк пен халықаралық ынтымақтастық мүддесiне тиiмдi пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру;
      ғарыш кеңiстiгiн зерттеу мен пайдалану саласында басқа мемлекеттердiң мемлекеттiк басқару органдарымен, бiрлестiктерiмен, кәсiпорындарымен және ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасау жүктелсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi:

     бiр ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Министрлер
Кабинетi жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық аэроғарыш
агенттiгi туралы ереженi бекiтсiн;
     осы Жарлықты орындау жөнiндегi қажеттi ұйымдастыру шараларын
жүзеге асырсын;
     бұрын қабылданған актiлердi осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.

    Қазақстан Республикасының
          Президентi