Қазақ ССР Космостық зерттеулер агенттiгiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық аэроғарыш агенттiгi етiп қайта құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1993 жылғы 25 ақпандағы N 1118. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

Күшін жойған

      "Байқоңыр" ғарыш айлағын республика мүддесi үшiн пайдалану, аэроғарыш қызметi саласындағы ынтымақтастық мәселелерi бойынша Қазақстан мен басқа мемлекеттер ұйымдарының өзара iс-қимылы, сондай-ақ ғарыш кеңiстiгiн пайдалану мен зерттеу жөнiндегi Мемлекетаралық бағдарламаларға Қазақстан Республикасының қатысуы мәселелерiн жедел шешу мақсатында қаулы етемiн: 
      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақ ССР Космостық зерттеулер агенттiгiн құру туралы" 1991 жылғы 11 қыркүйектегi N 441 Жарлығымен құрылған Қазақ ССР-нiң Космостық зерттеулер агенттiгi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Ұлттық аэроғарыш агенттiгi болып қайта құрылсын. 
      2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық аэроғарыш агенттiгiне: 
      аэроғарыш қызметi және "Байқоңыр" ғарыш айлағы мен ғарыш инфрақұрылымының басқа да объектiлерiнiң ғылыми-техникалық және өндiрiстiк әлеуетiн халық шаруашылығының, хауiпсiздiк пен халықаралық ынтымақтастық мүддесiне тиiмдi пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру; 
      ғарыш кеңiстiгiн зерттеу мен пайдалану саласында басқа мемлекеттердiң мемлекеттiк басқару органдарымен, бiрлестiктерiмен, кәсiпорындарымен және ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасау жүктелсiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi: 
      бiр ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық аэроғарыш агенттiгi туралы ереженi бекiтсiн; 
      осы Жарлықты орындау жөнiндегi қажеттi ұйымдастыру шараларын жүзеге асырсын;
      бұрын қабылданған актiлердi осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн. 

     Қазақстан Республикасының
     Президентi