Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қаңтардағы № 81 Жарлығы.

Жаңартылған

      "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексі бекітілсін.

      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 2 қаңтардағы
№ 81 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексі (бұдан әрі – Кодекс) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің (бұдан әрі – қызметкерлер) бірыңғай әдеп қағидаттары мен мінез-құлқына қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы, азаматтық қорғау органдарындағы және мемлекеттік фельдъегерлік қызметіндегі қызмет қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және қызметкерлердің адамгершілігі мен моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.

      Осы Кодекстің мақсаты құқық қорғау қызметінің ерекшеліктерін және оны өткеруге байланысты шектеулерді ескере отырып, қызметкерлердің мінез-құлқына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу болып табылады.

      Кодекс құқық қорғау қызметінің беделін, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға, құқық қорғау қызметінде өзара қарым-қатынастардың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, қызметкерлердің мінез-құлқының бірыңғай адамгершілік-моральдық негізін қамтамасыз етуге, қызметкерлердің өз лауазымдық міндеттерін орындауының тиімділігін арттыруға ықпал етуге арналған, сондай-ақ қызметкерлердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.

      Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің алдында тұрған адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерін сақтау және қорғау жөніндегі міндеттерді табысты іске асыру қызметкерлердің жоғары кәсібилігінің, адалдығы мен риясыздығының, олардың тәуелсіздігі мен бейтараптылығының, қызметтік жұмыстағы нәтижелеріне кез келген заңсыз ықпал ету әрекеттеріне қарсы тұру қабілетінің негізінде ғана жүзеге асырылуға тиіс.

      Қызметкерлер билік өкілдері ретінде антқа адал болуға, қоғам мен мемлекет алдындағы жеке жауапкершілігін терең ұғынуға және жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатты жақтауға тиіс.

      3. Кодекстің мәтіні Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің ғимараттарында көпшіліктің қарауына қолжетімді жерлерде орналастырылады.

      4. Осы Кодексте белгіленген қызметтік әдеп талаптары барлық қызметкерлер үшін міндетті.

      Адам Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметіне қызметке тұрғаннан кейін үш күн мерзімде жазбаша нысанда осы Кодекстің мәтінімен таныстырылуға тиіс.

2-тарау. Құқық қорғау қызметінің әдеп қағидаттары

      5. Қызметкерлердің қызметтік әдебі Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгіленген мемлекеттік қызметтің әдеп қағидаттарына және құқық қорғау қызметінің арнайы әдеп қағидаттарына негізделеді.

      6. Құқық қорғау қызметінің арнайы әдеп қағидаттарына:

      1) офицерлік ар-намыс – азаматтық және қызметтік борышқа, қабылданған адамгершілік міндеттемелеріне адалдығынан көрініс табатын қызметкердің басты ішкі қадір-қасиеті, оның айбындылығы, парасаттылығы мен ар-ожданының тазалығы, адал абыройы, игі атағы, жеке басының беделі;

      2) жоғары адамгершілік – өзінің және бағынысты адамдардың ар-намыс ұғымының мәнін түсінуі, әділдікті барынша сезіну, моральдық тазалық пен руханилық, кәсіби міндеттерге жоғары дәрежеде қоғамға пайдалы және қажетті міндеттер ретінде саналы түрде қарау;

      3) жанашырлық – адаммен және азаматпен мейірімді қарым-қатынас жасау, олардың игілігі үшін жәрдемдесуге дайын болу, адамдармен қарым-қатынас кезінде біркелкі тұлғалық ұстанымды негізге алу;

      4) өзіндік тәртіп – эмоциялық жай-күйіне қарамастан, шешім қабылдау және әрекет ету қабілеттілігі;

      5) ізгілік – адамгершілік, көмекке келуге дайын болу, туындаған жағдайды және зардап шеккен адамдардың дәрменсіздігін ешқашан пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбау, әрбір адамның жалпы адамзаттық құқықтарын алаламай тану жатады.

3-тарау. Қызметкерлерге қойылатын жалпы талаптар

      7. Қызметкерлер азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін мүлтіксіз сақтауға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге және құрметтеуге;

      2) заңның кез келген бұзушылықтарымен, оларды кімнің жасағанына қарамастан қарсы күресуге, адам мен азаматтың заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау үшін уақтылы тиімді шаралар қабылдауға, заңды бұзушылықтарды жоюға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге қол жеткізуге;

      3) өз іс-әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін, азаматтар мен қоғамның мемлекет институттарына сенімін нығайтуға ықпал етуге;

      4) адамның және азаматтың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, оларды бұзумен ұштасатын іс-әрекеттерге жол бермеуге, шағымдарға сергек ден қоюға;

      5) шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне және өзге де мән-жайларға қарамастан, адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;

      6) Қазақстан Республикасының, мемлекеттік биліктің, құқық қорғау органының беделін түсіретін, қоғамдық теріс резонанс тудыратын әрекеттердің жасалуына жол бермеуге, олардың абыройына нұқсан келтіруі мүмкін мінез-құлық көрсетпеуге;

      7) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге;

      8) мемлекеттік тілге және басқа да тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға;

      9) кәсіби біліктілігін, жалпы білімін және мәдени деңгейін үнемі жоғарылатуға, жалпы қабылданған адамгершілік қағидаттары мен нормаларын сақтауға, қоғамның қажеттілігін қанағаттандыруға ұмтылуға, қызметте және тұрмыста жоғары интеллект пен мәдениеттің үлгісі болуға;

      10) қоғамға дайындығы бар және білікті қызметкер ғана пайда әкелуі мүмкін екенін әрдайым есте ұстауға, өзінің біліктілігін арттыруға, кәсіби даярлық жолымен жетілуге, жан-жақты дамыған, жоғары білімді болуға ұмтылуға, қызметте озық тәжірибені сауатты пайдалануға;

      11) қарапайым болуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуге, өзінің қызметтік жағдайын асыра көрсетпеуге және пайдаланбауға;

      12) қызметкердің жоғары атағына нұқсан келтіруі мүмкін қатынастардан аулақ болуға;

      13) өзіне талапшыл болуға, табанды, шыншыл болуға, кәсіби міндеттерін бейтарап және объективті атқаруына әсер етуі мүмкін қаржылық және іскери өзара қарым-қатынастардан тартынуға;

      14) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік мүлікті лауазымдық міндеттерін орындау үшін нысаналы мақсатта ғана пайдалануға;

      15) қызметтік жағдайын мемлекеттік мүддеге қол жеткізу үшін ғана пайдалануға;

      16) қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартынуға тиіс.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс еншізілді – ҚР Президентінің 02.11.2023 № 396 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

4-тарау. Қызметкерлердің қызметтік міндеттерін жүзеге асыруына байланысты оларға қойылатын талаптар

      8. Қызметкерлер өздерінің қызметтік іс-әрекеттерінде:

      1) өз функцияларын адал, әділ және бейтарап жүзеге асыруға, мемлекет берген өкілеттіктерді қисынды, қатаң түрде заң шеңберінде пайдалануға, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға қол жеткізуге;

      2) заңдылықтың бұзушылықтарын, оларға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мен жою және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша заңда көзделген барлық шараларды қабылдауға;

      3) өзінің кәсіби қызметінде жеке басының мүддесінен мемлекеттік және қызметтік мүдденің басым екенін тануға;

      4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша шаралар қабылдауға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасау фактілеріне жол бермеуге, кімнің жасағанына қарамастан, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне қарсы тұруға және төзбеуге;

      5) өздеріне белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары, сондай-ақ өздеріне қандай да бір адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру мақсатында жүгіну фактілері туралы басшылықтың назарына дереу жеткізуге;

      6) шешімдерде бейтараптық танытуға, өздеріне қандай да бір теріс пікірлердің, дұшпандық немесе достық өзара қарым-қатынастардың, ұлт пен діни сенімнің әсер етуіне жол бермеуге;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды, сондай-ақ қызмет өткеруге байланысты талаптарды мүлтіксіз сақтауға;

      8) мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қабылдауға;

      9) қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де ақпараттың жария етілуіне жол бермеуге, сондай-ақ басқа адамдар тарапынан осындай фактілердің жолын кесуге;

      10) ізгілік танытуға, қайсар және батыл болуға, адамдардың өмірін құтқаруды талап ететін жағдайда қауіп алдында тоқтамауға;

      11) әріптестері мен өзге де мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілерінің жолын кесуге;

      12) жұртшылық тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, ол үшін қудалауға жол бермеуге және сын негізді болған жағдайда оны кемшіліктерді жою үшін пайдалануға;

      13) моральдық-психологиялық төзімді, ұстамды болуға, субординацияны сақтауға, әріптестерімен ізеттілік қарым-қатынаста болуға, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен зейінділік танытуға;

      14) мемлекеттік билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен өзара қарым-қатынастарда тәуелсіздікті сақтауға, әдептілік пен құрмет, талапшылдық пен табандылық танытуға;

      15) нысанды киім-кешекті құрметпен және абыроймен киіп жүруге, оны киіп жүру қағидаларын сақтауға тиіс.

5-тарау. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы, азаматтық қорғау органдарындағы және мемлекеттік фельдъегерлік қызметіндегі басшылық лауазымдағы қызметкерлерге қойылатын талаптар

      9. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы, азаматтық қорғау органдарындағы және мемлекеттік фельдъегерлік қызметіндегі басшылық лауазымдағы қызметкерлерге мынадай:

      1) басқарудың тиімділігін үйлестіре білу, ұжымда салауатты моральдық-психологиялық ахуалды орнатуға және қолдауға жәрдемдесу, қызметкерлердің адамгершілік мәдениетін қалыптастыру, бағынысты адамдарға қамқорлық жасау, олардың әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету;

      2) жұмыстың көлемі мен сипатын айқындау кезінде әділдік, бағынысты жұмыскерлердің жеке және іскерлік қасиеттерін, біліктілігі мен жұмыс тәжірибесін ескеру қағидаттарын басшылыққа алу;

      3) бағыныстыларға қатысты қызметте өсіру кезінде құқыққа сыйымсыз кедергілер жасауға, көтермелеу, аттестаттаудан өту кезінде кәсіби, іскерлік және жеке қасиеттерін бағалауда әділетсіз көзқарас фактілеріне жол бермеу, дөрекілік, әдепсіздік танытпау және адамгершілік қадір-қасиетін қорламау;

      4) бағынысты адамдарды жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларынан тыс құқыққа қарсы теріс қылықтарды жасауға мәжбүрлемеу;

      5) қызметкерлердің ең үздік қызметтік дәстүрлерін: патриоттықты, ерлік пен адал ниеттілікті, парасаттылықты және өзін-өзі құрбан етуді, адамның мұқтаждығы мен қайғысына көңіл бөлуді, борышқа адалдықты, шеберлік пен кәсібилікті сақтау және құрметтеу;

      6) бағынысты адамдардың бойында жоғары жалпы және кәсіби мәдениеттілікті тәрбиелеу, осы Кодекстің талаптарын мүлтіксіз сақтаудың үлгісі болу;

      7) кадрларды туысқандық, жерлестік және жеке өзіне берілгендік белгілері бойынша іріктеу және орналастыру жағдайларын болдырмау, меритократия қағидатын басшылыққа алу;

      8) жас мамандардың кәсіби дағдыларды меңгеруіне қолдау және көмек көрсету талаптары қойылады.

6-тарау. Көпшілік алдында сөз сөйлеуді жүзеге асыру кезінде қызметкерлерге қойылатын талаптар

      10. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөз сөйлеуді олардың басшылары немесе осыған олар уәкілеттік берген лауазымды адамдар жүзеге асырады.

      Қызметкерлер пікірталасты Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметі мен мемлекеттік биліктің беделіне нұқсан келтірмей сыпайы түрде жүргізуге тиіс.

      11. Қызметкерлер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері бойынша өз пікірін, егер ол:

      1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмесе;

      2) жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;

      3) мемлекеттің, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды адамдарының, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің, жеке және заңды тұлғалардың атына әдепсіз сөздерді қамтыса, көпшілік алдында айтпауға тиіс.

7-тарау. Қызметкерлердің осы Кодекстің талаптарын бұзғаны үшін жауаптылығы

      12. Қызметкерлер осы Кодексте көзделген талаптарды орындамағаны немесе бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.