Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің мәртебесі мен өкілеттіктері, Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарын күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 маусымдағы № 927 Жарлығы.

Қолданыстағы

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі (бұдан әрі – Мемлекеттік кеңесші) Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасының лауазымды адамы болып табылады.

      2. Мемлекеттік кеңесші өзінің қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп береді және бақылауында болады.

      3. Мемлекеттік кеңесші қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, осы Жарлық және Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де актілері құрайды.

      4. Мемлекеттік кеңесші мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

      1) Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайды;

      2) Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес:

      Қазақстан Республикасының Парламентімен және оның Палаталарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда;

      халықаралық қарым-қатынастарда өкілдік етеді;

      3) мыналарды:

      әлеуметтік-гуманитарлық сала: білім, ғылым, мәдениет және спорт мәселелері бойынша қызметті үйлестіреді;

      Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның; Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның; Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның; Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның; Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның; Ұлттық құрылтайдың және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін үйлестіреді;

      4) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді, қоғамдық даму саласындағы мемлекеттік талдамалық құрылымдардың жұмысын үйлестіреді;

      5) "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындау жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      5.  Осы Жарлықта белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Мемлекеттік кеңесші:

      1) өкімдер шығаруға;

      2) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беруге;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;

      4) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен басқа да материалдарды сұратуға және алуға;

      5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу, сондай-ақ Мемлекет басшысы алға қойған өзге де міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

      6. Мемлекеттік кеңесшінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзгедей қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

      7. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы осы Жарлықтан туындайтын шараларды белгіленген тәртіппен қабылдасын.

      9. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      10. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 14 маусымдағы
№ 927   Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР

      1. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколында:

      98-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "98. Сондай-ақ ұлықтау рәсіміне Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі және Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкімет мүшелері, Қазақстан Республикасының өзге де орталық мемлекеттік органдарының басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері, шет мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері, қазақстандық және халықаралық жұртшылықтың, отандық және шетелдік БАҚ-тың өкілдері қатысуға құқылы.";

      15-тараудың тақырыбындағы "хатшыларының" деген сөз "кеңесшілерінің" деген сөзбен ауыстырылсын;

      15-тараудың 2-параграфының тақырыбындағы "хатшыларының" деген сөз "кеңесшілерінің" деген сөзбен ауыстырылсын;

      156, 157 және 159-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "156. Мемлекеттік кеңесшілердің қатысуымен өтетін хаттамалық іс-шаралар шет мемлекеттің мемлекеттік құрылысындағы мемлекеттік кеңесшінің мәртебесіне байланысты өткізіледі.

      157. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің шақыруы бойынша келетін шет мемлекеттер мемлекеттік кеңесшілерінің сапарлары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің хатшылығында бекітілген бағдарлама негізінде жүзеге асырылады.";

      "159. Сапардың іс-шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының ресми тұлғаларының құрамын Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің хатшылығы айқындайды.";

      16-тараудың тақырыбындағы "хатшысының" деген сөз "кеңесшісінің" деген сөзбен ауыстырылсын;

      178, 204, 207, 208 және 209-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "178. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі шет елге/шет елден шыққан (келген) кезде әуежайда шығарып салуға (қарсы алуға) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының тиісті қызметкері қатысады.

      Сапар бағдарламасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жасалады.

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің ел ішіндегі жұмыс сапарлары кезінде Нұр-Сұлтан қаласында және жергілікті жерлерде шығарып салу (қарсы алу), болу бағдарламасын жасау сияқты бірқатар протоколдық іс-шараларды жүргізу және қамтамасыз ету көзделеді.

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі жұмыс сапарларына (жұмыс сапарларынан) шыққан (келген) кезде әуежайда шығарып салуға (қарсы алуға) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының тиісті қызметкері қатысады. Жергілікті жерлерде облыс әкімі және облыстық маңызы бар қала әкімі қарсы алады (шығарып салады).

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі қатысатын іс-шараларды, оның ішінде шет мемлекеттер өкілдерімен жұмыс бабындағы кездесулер мен әңгімелесулерді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің хатшылығы белгіленген тәртіппен жоспарлайды, келіседі және қамтамасыз етеді.";

      "204. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісіне сенім грамоталарын тапсыру кезінде шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында қоса атқарушы болып аккредиттелген елшілері Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметінің қызметкерлерімен бірге агреман берілген күніне сәйкес кезекпен Президент Сарайының орталық кіреберісіне келеді.";

      "207. Мемлекеттік кеңесші "Өрнекті холға" кіреді және ортаға келіп тоқтайды. Шет мемлекеттің елшісі залдың ортасына бет алады және Мемлекеттік кеңесшінің қарсы алдына келіп тоқтайды, қысқаша сәлемдеседі және сенім грамоталарын тапсырады. Қол алысады және суретке түседі.";

      "208. Сенім грамоталарын тапсырғаннан кейін Мемлекеттік кеңесші мен шет мемлекеттің Елшісі қысқаша әнгімелесу үшін қонақтар бөлмесіне өтеді.

      209. Рәсімге Сыртқы істер министрінің орынбасары және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының тиісті қызметкері қатысады.";

      аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколына 1-қосымшада:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Мемлекеттік кеңесші";

      аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколына 2-қосымшада:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Мемлекеттік кеңесші".

      2. "Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің штат саны мен құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 ақпандағы № 533 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымында:

      "Мемлекеттік хатшының хатшылығы" деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік кеңесшінің хатшылығы".

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережеде:

      9-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің (бұдан әрі – Мемлекеттік кеңесші), Қазақстан халқы Ассамблеясының және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қызметін қамтамасыз ету;";

      22-тармақта:

      8) және 15) тармақшалардағы "хатшының" деген сөз "кеңесшінің" деген сөзбен ауыстырылсын.

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауын дайындау және іске асыру, актілерімен және тапсырмаларымен жұмыс істеу және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру, нормативтік құқықтық жарлықтарға мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауын дайындау және іске асыру, актілерімен және тапсырмаларымен жұмыс істеу және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру, нормативтік құқықтық жарлықтарға мониторинг жүргізу қағидаларында:

      24-тармақтың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қажет болған кезде Президент актісінің жобасына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, Президенттің кеңесшісі электрондық түрде виза қояды.";

      71 және 78-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "71. Осы Қағидалардың 42-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген қызметтік және өзге де құжаттар бойынша Президенттің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісіне жеке берілген және Президентті жеке хабардар етуді талап етпейтін тапсырмаларының орындалу мерзімдерін ұзарту, орта мерзімді және ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыру, жаңа орындау мерзімін белгілеу Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің шешімімен жүзеге асырылуы мүмкін.";

      "78. Осы Қағидалардың 42-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген қызметтік және өзге де құжаттар бойынша Президенттің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісіне жеке берілген және Президентті жеке хабардар етуді талап етпейтін тапсырмаларын бақылаудан алу Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің шешімімен жүзеге асырылуы мүмкін.".

      5. "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде:

      "1-тарау. Мемлекеттік саяси лауазымдар" деген тарауда:

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы" деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі".

      6. "Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізетін уәкілетті адамдардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 4 шілдедегі № 295 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізетін уәкілетті адамдардың тізбесінде:

      мына жол:

      "

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

Қазақстан Республикасының Президенті

      "

      мынадай редакцияда жазылсын:

      "

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі

Қазақстан Республикасының Президенті

      ".

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 14 маусымдағы
№ 927   Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір жарлықтарының ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 тамыздағы № 379 Жарлығы.

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 806 Жарлығының 1-тармағының 2) тармақшасы.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 қарашадағы № 960 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістердің 3-тармағы.

      4. Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 5 мамырдағы № 471 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 1-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 тамыздағы № 379 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 13 сәуірдегі № 23 Жарлығы.

      6. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 12 қазандағы № 187 Жарлығы.

      7. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 тамыздағы № 379 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 25 қаңтардағы № 787 Жарлығы.