Жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 485 Жарлығы.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 13.04.2023 № 195 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      1. Қоса беріліп отырған жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2020 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 485 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын БІЛІКТІЛІК ТАЛАПТАРЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппараты Басшысының бірінші орынбасары, Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты Басшысының орынбасарлары, Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын министрлердің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары, сондай-ақ облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері мемлекеттік саяси лауазымдарына (бұдан әрі – мемлекеттік саяси лауазымдар) орналасу үшін әзірленді және осы мемлекеттік саяси лауазымдарға орналасуға үміткер (бұдан әрі – кандидат) азаматтарға қойылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 13.04.2023 № 195 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      2. Мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын талаптар:

      1) білімі бойынша талаптарды;

      2) құзыреттер бойынша талаптарды;

      3) жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды қамтиды.

2-тарау. Білімі бойынша талаптар

      3. Мемлекеттік саяси лауазымдарға орналасу үшін кандидаттардың жоғары білімінің болуы талап етіледі.

3-тарау. Құзыреттер бойынша талаптар

      4. Мемлекеттік саяси лауазымдарға орналасу үшін ғаламдық пайымдау, тиімді коммуникациялық дағдылар, стратегиялық ойлау және көшбасшы қабілетінің болуы талап етіледі.

4-тарау. Жұмыс тәжірибесі бойынша талаптар

      5. Жұмыс тәжірибесі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек өтілі және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет өтілі және (немесе) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардағы жұмыс өтілін қамтиды.

      6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты Басшысының бірінші орынбасары, Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты Басшысының орынбасарлары, Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын министрлердің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары мемлекеттік саяси лауазымдарына орналасу үшін:

      1) кемінде жеті жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарда не "А" корпусының лауазымдарында, не Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының мәртебесінде кемінде бір жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, тиісті жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде төрт жыл жұмыс өтілі;

      2) не кемінде жеті жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде айқындалған "Б" корпусының А-1, В-2, С-2, D-2, С-О-2, D-О-2 санаттарынан төмен емес басшы лауазымдарда кемінде бір жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, тиісті жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде төрт жыл жұмыс өтілі;

      3) не кемінде алты жыл жұмыс өтілі, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында немесе Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда, басшы лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі болған кезде, тиісті жетекшілік ететін бағыттағы салада кемінде төрт жыл жұмыс өтілі;

      4) не кемінде алты жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының атқарушы органдарының департамент директорларынан төмен емес лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, тиісті жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде төрт жыл жұмыс өтілі;

      5) не кемінде жеті жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орта кәсіпкерлік субъектілері, квазимемлекеттік сектор субъектілері не жылдық орташа штат саны кемінде жүз адам болатын коммерциялық емес ұйымдар басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарда кемінде үш жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, тиісті жетекшілік ететін бағыттағы салада кемінде бес жыл жұмыс өтілі;

      6) не кемінде алты жыл жұмыс өтілі, оның ішінде халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарда кемінде бір жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, тиісті жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде төрт жыл жұмыс өтілі;

      7) не кемінде алты жыл жұмыс өтілі, оның ішінде тиісті жетекшілік ететін бағыттағы салада кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ғылыми дәрежесі бар болған жағдайда, басшы лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі;

      8) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейін бойынша доктор) бойынша оқуын аяқтаған жағдайда, тиісті жетекшілік ететін бағыттағы салада кемінде үш жыл жұмыс өтілі;

      9) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде жетекшілік ететін салада ең жоғары жетістігі болған жағдайда*, тиісті жетекшілік ететін бағыттағы салада кемінде үш жыл жұмыс өтілі;

      10) не Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі;

      11) не кандидатты мемлекеттік саяси лауазымға тағайындауға Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі талап етіледі.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 13.04.2023 № 195 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      7. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары, сондай-ақ облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың әкімдері мемлекеттік саяси лауазымдарына орналасу үшін:

      1) кемінде алты жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарда не "А" корпусының лауазымдарында, не Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының мәртебесінде кемінде бір жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, тиісті жетекшілік ететін бағыттағы салада кемінде үш жыл жұмыс өтілі;

      2) не кемінде алты жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде айқындалған "Б" корпусының А-1, В-2, С-2, D-2, С-О-2, D-О-2 санаттарынан төмен емес басшы лауазымдарда кемінде бір жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, тиісті жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде үш жыл жұмыс өтілі;

      3) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда, басшы лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде үш жыл жұмыс өтілі;

      4) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының атқарушы органдарының департамент директорларынан төмен емес лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде үш жыл жұмыс өтілі;

      5) не кемінде алты жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орта кәсіпкерлік субъектілері, квазимемлекеттік сектор субъектілері не жылдық орташа штат саны кемінде жүз адам болатын коммерциялық емес ұйымдар басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарда кемінде үш жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде төрт жыл жұмыс өтілі;

      6) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарда кемінде бір жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде төрт жыл жұмыс өтілі;

      7) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ғылыми дәрежесі бар болған жағдайда, басшы лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі;

      8) не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейін бойынша доктор) бойынша оқуын аяқтаған жағдайда, жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде екі жыл жұмыс өтілі;

      9) не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде жетекшілік ететін салада ең жоғары жетістігі болған жағдайда*, жетекшілік ететін саладағы бағытта кемінде екі жыл жұмыс өтілі;

      10) не Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі;

      11) не кандидатты мемлекеттік саяси лауазымға тағайындауға Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі талап етіледі.

      8. Облыстық маңызы бар қалалардың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қалаларды қоспағанда), облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері мемлекеттік саяси лауазымдарына орналасу үшін:

      1) кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарда не "А" корпусының лауазымдарында не Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты мәртебесінде, тұрақты негізде жұмыс істейтін облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, облыстың ауданы мәслихатының депутаты мәртебесінде кемінде алты ай болған жағдайда, мемлекеттік қызметте кемінде екі жыл жұмыс өтілі;

      2) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде айқындалған "Б" корпусының А-3, В-4 санаттарынан, сондай-ақ С-3, D-3, С-О-3, С-R-1, D-О-2, E-2, E-R-1 санаттарынан төмен емес басшы лауазымдарда кемінде бір жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, мемлекеттік қызметте екі жыл жұмыс өтілі;

      3) не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау мемлекеттік бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда, басшы лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі;

      4) не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының атқарушы органдарының басшы лауазымдарда кемінде екі жыл қызмет өтілі;

      5) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орта кәсіпкерлік субъектілерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің не жылдық орташа штат саны кемінде елу адам болатын коммерциялық емес ұйымдардың басшы лауазымдарында кемінде екі жыл жұмыс өтілі:

      6) не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдардың, шетелдік мемлекеттік құрылымдардың лауазымдарында кемінде бір жыл жұмыс өтілі;

      7) не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ғылыми дәрежесі болған жағдайда, басшы лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі;

      8) не шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын докторантура бағдарламалары (PhD, бейін бойынша доктор) бойынша оқуын аяқтаған жағдайда, кемінде үш жыл жұмыс өтілі;

      9) не кемінде үш жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ең жоғары жетістігі болған жағдайда*, басшы лауазымдарда кемінде бір жыл жұмыс өтілі;

      10) не Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі;

      11) не кандидатты мемлекеттік саяси лауазымға тағайындауға Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі талап етіледі.

      *білім, ғылым, мәдениет және спорт саласындағы әлемдік деңгейдегі конкурстарда, жарыстарда жүлделі орындарды иеленуі.

      Ескертпе.

      Кандидаттар өзінің білімі, жұмыс тәжірибесі, құзыреті, кәсіби деңгейі және беделіне (сертификаттардың, біліктілігін арттыру туралы, ғылыми дәрежелер мен атақтардың берілгені туралы құжаттардың көшірмелері, мінездемелер, ұсынымдар, ғылыми басылымдар, олардың кәсіби қызметін, біліктілігін сипаттайтын басқа мәліметтер) қатысты қосымша ақпаратты ұсына алады.