2007 жылғы 23 қарашадағы Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 6 мамырдағы № 475 Жарлығы

Қолданыстағы

      2007 жылғы 23 қарашада Гаагада жасалған Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенцияға (бұдан әрі - Конвенция) сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Конвенцияға сәйкес Қазақстан Республикасынан:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі - Орталық орган ретінде;

      мыналар:

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) - алименттерді халықаралық өндіріп алуға бағытталған шараларды орындау үшін Қазақстан Республикасы соттарының, шет мемлекеттер соттарының тапсырмалары, жеке тұлғалардың сот шешімдерін тану, шығару, өзгерту мәселелері жөніндегі өтініштері бойынша;

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі - борышкердің немесе кредитордың кірістері туралы қажетті ақпаратты немесе қажет болған жағдайда, активтерін анықтауды қоса алғанда, қаржылық жағдайы туралы басқа да мәліметтерді алуға жәрдемдесу бойынша Конвенцияның ережелерін орындауға уәкілетті мемлекеттік органдар ретінде белгіленсін.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага Конференциясының Тұрақты Бюросын қабылданған шешім туралы белгіленген тәртіппен хабардар етсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ