Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 13 қыркүйектегі № 329 Жарлығы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, оған:

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінен – діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылы салаларындағы;

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен – жастар саясаты саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын және құрылған мемлекеттік органдардың штат санын қайта бөлуді;

      2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:

      1-тармақта:

      "Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі;".

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев