Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 11 қаңтардағы № 168 Жарлығы.

Жаңартылған

      Республиканың дене шынықтыру және спорт саласын дамыту, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімді моделін қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - Жоспар) әзірлесін және бекітсін.

      3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар Жоспарды іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 11 қаңтардағы
№ 168 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты
дамытудың 2025 жылға дейінгі
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

      Астана, 2016 жыл

Мазмұны

      1. Кіріспе

      2. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың жалпы пайымы

      3. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары

      4. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары

      5. Іске асыру кезеңі және күтілетін нәтижелер, нысаналы индикаторлар

      6. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

Кіріспе

      Ескерту. Кіріспенің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 10.09.2019 № 151 Жарлығымен.

      Мемлекет басшысының 2017 жылғы 12 сәуірдегі "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласына сәйкес рухани жаңғыру бағыттарының бірі ұлттық бірегейлікті сақтау болып танылған.

      Дене шынықтыру және спорт саласы жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қоғамның берік әлеуметтік бірігуіне, болашағы бір ұлтты қалыптастыруға, патриотизмді жүйелі тәрбиелеуге ықпал ететін перспективалы алаңдардың бірі ретінде қызмет атқарады.

      Қазіргі заманғы әлемде спорт пен саламатты өмір салты экономикалық дамумен бірге, азаматтардың өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіштері қатарынан орын алады және халықтың әлеуметтік жұмыспен қамтылуының маңызды аспектісі ретінде қарастырылады әрі солай болып табылады.

      Қазақстан Республикасы - жүзден астам этнос тұратын әлемдегі ірі көпұлтты мемлекеттердің бірі, олардың әрқайсысының бірегей айрықша материалдық және рухани мәдениеті бар, оның ажырамас құрамдасы тамыры тереңде жатқан дәстүрлері бар бұқаралық халықтық спорт түрлері болып табылады. Осылайша мемлекеттік ұлттық саясатқа көпұлтты қоғамның заманауи қажеттіліктері мен мүдделеріне сай келетін жаңа тұжырымдамалық тәсілдер қажет болып отырған, өріс алған жаһандану жағдайында спортты ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтатын ерекше мәні бар маңызды факторлардың бірі ретінде қарауға болады.

      Түптеп келгенде, спорт жалпыұлттық бірліктің, ынтымақтың нышанына айналып, жаңа қазақстандық патриотизмнің, мақтаныш сезімнің және өз елімен ынтымақтастықтың негіздерін қалыптастырудың маңызды аспектілерінің бірі болып отыр.

      Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану халықты сауықтыру, олардың өзін-өзі танытуы мен дамуының неғұрлым қолжетімді және тиімді тетігі, бейәлеуметтік құбылыстарға қарсы күрес құралы болып табылады.

      Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында (бұдан әрі - Тұжырымдама) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) елдерінің экономикалық өсім мен ел азаматтарының әлеуметтік әл-ауқатына, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағдарланған саясатты ілгерілетуге бағытталған тәжірибесі пайдаланылды.

      Қоғамдық дамудың жаңа міндеттерінің пайда болуы спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін басым бағыттар спектрін айқындайды, мұндай бағыттардың ең маңыздылары - жетекші әлемдік тәжірибеге сүйену, саланы басқару мен дамытуға ғылыми тәсілдер мен қағидаттарды, инновацияларды кеңінен енгізу және т.б. болып табылады.

      Тұжырымдама мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ саланы дамытудың өзекті міндеттерін ескере отырып, оларды іске асыру тетіктерін айқындауға бағытталған.

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 23.11.2017 № 585 Жарлығымен.

2. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасының дене шынықтыру
мен спортты дамытудың жалпы пайымы
1. Ағымдағы ахуалды талдау

      Ескерту. 1-кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 23.11.2017 № 585; 10.09.2019 № 151; 15.09.2022 № 1013 Жарлықтарымен.

      Спорт пен дене шынықтыру саласындағы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзіне тән ерекшелігі дәстүрлі түрде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамытудың теңгерімді тәсілдерін іске асыру болып табылады.

      Бұқаралық спорт саласында ел халқының дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтуды ұлғайту басым бағыт болып отыр.

      Республика халқының жалпы санынан дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсуі (2012 жылы - 21,6%, 2013 жылы - 23,2%, 2014 жылы - 25,1%) байқалады.

      Спорт секцияларына баратын студенттерді қамту - 55,8 % немесе 278,6 мың адам, еңбек ұжымдарында дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар саны - экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 15 %-ын немесе 1,6 млн адамды; дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын мүгедектігі бар адамдардың саны - 9,2 %-ды немесе 22,6 мың адамды құрады.

      2014 жылы дене шынықтыру ұжымдарының саны 19,3 мың болды.

      Дене шынықтыру және спорт ұжымдарында барлығы 92,5 мың спорт секциясы құрылды, оларда 3,3 млн. адам, оның ішінде ауылдық жерде 1,6 млн. адам спортпен шұғылданады.

      Халықты дене шынықтырумен қамтуды көп жағдайда саланың қолданыстағы инфрақұрылымы айқындайды.

      Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес 2014 жылы елде 34,9 мың спорт құрылысы жұмыс істеді және 2013 жылмен салыстырғанда олардың саны 2%-ға өскен (34,2 мың спорт құрылысы).

      Соның ішінде: 25,7 мыңы - спорт мектептерін қоса алғанда, білім беру мекемесі объектілеріне, 9,3 мыңы - дене шынықтыру-спорт мақсатындағы объектілерге жатады.

      Балалар мен жасөспірімдер спорты инфрақұрылымын 435 бірлік балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептері, спортта дарынды балаларға арналған 16 мектеп-интернат құрайды.

      2014 жылы қосымша білім беру мекемелері қатарына 569 балалар мен жасөспірімдер клубы, 120 мыңнан астам балалар мен жасөспірімді қамти отырып, дене даярлығының 105 балалар мен жасөспірімдер клубы кірді.

      Студенттік спорт саласы белсенді дамып келеді. Жүз жиырма алты ЖОО-ның жетпісінде спорт клубтары жұмыс істейді.

      Республикада денсаулық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 10 спорт клубы жұмыс істейді. "Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт орталығы" РМҚК құрылды.

      Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тартылған мүмкіндігі шектеулі адамдар санының өсу серпіні сақталып отырғанын атап өткен жөн. Еліміздегі жалпы халықтың 3,6 %-ын құрайтын 626 700 мүгедектігі бар адамның 440 мыңы еңбекке жарамды, оның ішінде 245 мың адамға спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілім жоқ. 2012 жылғы қорытынды бойынша адамдардың осы санаты қатарында спортпен шұғылданатын адамдар саны - 8,3 %-ды, 2013 жылы - 8,7 %-ды, ал 2014 жылғы қорытынды бойынша 9,2 %-ды құрады.

      Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу жүйелі негізде ұйымдастырылған.

      Тек 2014 жылдың өзінде Саламатты өмір салты орталығымен бірлесіп, 34 мыңға жуық спорттық-бұқаралық іс-шаралар мен акциялар өткізілді, оған 4,1 млн. астам адам қатысты.

      Жыл сайын 5 мыңнан астам мүгедектігі бар спортшылардың қатысуымен түрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдарға арналған 40-тан астам халықаралық және республикалық чемпионат пен турнирлер өткізіледі.

      Спорт түрлерінен спартакиадаларды, түрлі турнирлерді, "Тұңғыш Президент - Елбасының тестілерін" тапсыру айлықтарын, "Анам, әкем, мен - спортшы отбасы!" атты отбасылар арасындағы спорттық жарыстарды, жаппай жүгіру мен өзге де іс-шараларды өткізу дәстүрге айналды, оған жыл сайын 2 млн.-нан астам адам қатысады.

      Қазақстанда ұлттық спорт түрлері спорттың және дене тәрбиесінің ажырамайтын бөлігі, ұлттық патриотизмге және ұлттық тарих пен дәстүрлерге құрмет көрсетуге тәрбиелеу арқылы жастарды спортқа тартатын және халықтың денсаулығын нығайтатын фактор болып табылады.

      Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде 20-дан астам ұлттық спорт түрі жанданып дамыды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша қарқынды түрде дамыған ұлттық спорт түрлерімен 265,7 мыңнан астам адам шұғылданады (2012 жылы - 229,9 адам, 2013 жылы - 250,9 адам).

      Ұлттық ат спорты жарыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізуге жағдай жасалуда.

      Барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында стандартты ипподромдар салынды.

      Қазақстанда ұлттық спорт түрлері бойынша 7 мамандандырылған клуб және 9 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді.

      2016 жылы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі комитеттің шешіміне сәйкес "Қазақ күресі" және "Саятшылық" ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген.

      Спорт пен дене шынықтыру саласын дамытудың әлемдік тәжірибесі бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысын тиімді дамытудың нәтижесінде спортшылар Олимпиада ойындары мен халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізетінін көрсетеді.

      Отандық жоғары жетістіктер спорты да нақты міндеттер мен даму бағыттарын іске асыруға бағдарланған.

      Тәуелсіздік кезеңінде республикада кәсіби спортшыларды дайындаудың бастапқы кезеңінен жоғары спорттық шеберлікке дейінгі жүйесі қалыптасты.

      Қазақстанда спорт түрлерінен 109 республикалық федерация, оның ішінде олимпиадалық спорт түрлерінен - 40, ұлттық спорт түрінен - 7 федерация, мүгедектер спорты түрлерінен - 3 федерация және олимпиадалық емес спорт түрлерінен 59 федерация жұмыс істейді.

      Біліктілікті арттыру мақсатында 2013 жылдан бері жетекші спортшылар мен жаттықтырушылар Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде жақын және алыс шет елдерде оқуға мүмкіндік алды.

      Отандық спортшылар жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалуы ең маңызды нәтиже болып табылады.

      Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының өткізілуі жалпыұлттық спортты зор салтанатқа бөледі, онда ел құрамасы бұдан бұрынғы Азия ойындарының бәріне қарағанда, жеңіп алған медальдар бойынша рекорд орнатып, бірінші орынға ие болды.

      2012 жылы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан спортындағы елеулі оқиға болды, мұнда Қазақстан командасы өз тарихында тұңғыш рет әлемнің 205 елі ішінде бейресми командалық есепте 12-орынға табан тіреді.

      2014 жылы Инчхон қаласында (Корея Республикасы) өткен жазғы Азия ойындарында ұлттық құрама команда 84 медаль (28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль) жеңіп алып, 4-орынды иеленді.

      2014 жылы Сочи қаласындағы қысқы Олимпиадада қазақстандық 15 спортшы 6 спорт түрінен ғаламның 10 үздік спортшысы қатарынан орын алды.

      Қазақстанның маңызды халықаралық имидждік жобалары 2017 жылғы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтетін ХХVІІІ-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиаданы дайындау және өткізу болып табылады.

      Сала заңнамасын жетілдіру шеңберінде 2014 жылы саланы дамытудағы заманауи талаптарға сәйкес келетін "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

      Ұсынылып отырған Қазақстан спортының дамуына шолу саланың орнықты даму жолына шыққанын сипаттайтын оң үрдістердің бар екенін айғақтайды.

Саланың басты проблемалары

      Ағымдағы ахуалды талдау негізінде саланың мынадай проблемаларын бөліп көрсетуге болады:

      1) жетекші шет елдермен салыстырғанда халықтың спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданумен қамтылуының төмендігі;

      2) спорт саласы патриоттық пен бірлік идеологиясы арқылы ұлтты біріктіретін әлеуетті толық ашпайды;

      3) бұқаралық спорт пен дене шынықтыруға халықтың әлеуметтік осал топтарының жеткіліксіз ықпалдасуы;

      4) халық арасында әлеуметтік сауалнама жүргізуді қоса алғанда, спорт және дене шынықтыру саласында ғылыми зерттеулерді жүргізудің үйлесімді стратегиясының болмауы;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуеті нашар пайдаланылады;

      6) интернет-ресурстар арқылы саламатты өмір салтын насихаттауды қоса алғанда, жеткіліксіз ақпараттық сүйемелдеу;

      7) ауылдық жерлердегі нашар дамыған спорт инфрақұрылымы;

      8) балалар-жасөспірімдер спортымен жүйелі айналысатын балалардың төмен қамтылуы;

      9) білікті кадрлардың, оның ішінде спорт менеджменті және бизнес саласындағы, сондай-ақ бейімделген дене шынықтыру жөніндегі кадрлардың тапшылығы;

      10) спорттық мүкәммалмен, әсіресе ауылдық жерлерде төмен жарақталу.

Шетелдік оң тәжірибеге шолу

      Қомақты қаржы шығындарын қажет ететін инфрақұрылым мен кадр әлеуетіне инвестиция салу сала дамуының аса маңызды базалық факторы болып табылады.

      ЭЫДҰ-ға мүше елдерде саланы мемлекет тарапынан, әсіресе, инфрақұрылымды дамыту мәселесінде, оның ішінде лотерея өткізуден ел бюджетіне түсетін қаражат есебінен жеңілдікті кредит беру практикасы кеңінен қолданылады.

      Бұқара халықтың спорт саласындағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған спорт құрылыстарын салу және сатып алу шығыстарын жабуға жеңілдікті кредиттер муниципалитеттерге де, сондай-ақ спорт ұйымдарына да беріледі.

      Мемлекеттік дотациялар, ғылым мен спортқа ғылыми қызмет көрсетуді қоса алғанда, еңбек ресурстарын қалыптастыруға да бөлінеді.

      Мысалы, Финляндияда кемінде 10 мың халқы бар муниципалдық округтің халықтың арнайы топтарына арналған бір спорт нұсқаушысының жалақысын мемлекеттік қаржыландыруға құқығы бар.

      Германия мен Францияда клубтардың иелігіне муниципалдық спорт құрылыстарын тегін беру тәжірибесі қолданылады.

      Жетекші шет елдердің мемлекеттік саясатының жеке бағыты ғылыми-ақпараттық ресурстарды дамыту болып табылады.

      АҚШ-та спортты дамыту мәселелері бойынша 23 институт жұмыс істейді, Қытайда спорт бейініндегі 37 зерттеу құрылымы бар.

      Ұлыбританияда, клубтарға мүшелікті, спорттық жарыстарға қатысуды, спорт саласында көрсетілетін қызметтер сапасына қанағаттанушылықты және оның қолжетімділігін қоса алғанда, халықтың түрлі топтарының спорттағы белсенділігін зерделеу мен бағалауға бағытталған арнайы зерттеулер тұрақты жүргізіледі.

      Зерттеулер мемлекеттік саясат басымдықтарын айқындауда түйінді рөл атқарады, ел өңірлеріндегі сала дамуының жай-күйін бағалайды, спортқа қатысуға ықпал ететін жағдайларды талдайды, кедергілерді анықтайды және т.б.

      Тұтастай алғанда, дамыған шет елдерде спорт және дене шынықтыру саласы, денсаулық сақтауды, білім беруді, көлік инфрақұрылымын, қалалық жоспарлауды, еңбекті қорғауды, дұрыс тамақтану мен өзгелерді қоса алғанда, саламатты ұлтты дамыту тұрғысынан қаралады.

      Айталық, Еуропалық Одақ елдерінде саланы дамытудың мақсаттары мен міндеттерін межелеудің аса маңызды шарты ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін пысықтау, сондай-ақ мүдделі тараптардың - орталық мемлекеттік органдардың, өңірлік биліктердің, үкіметтік емес сектор мен жекеше құрылымдардың өзара ынтымақтастығының барлық нысандарын көтермелеу болып табылады.

      Әдетте, барлық бағдарламалар ведомствоаралық сипатта болады және ортақ мақсатқа негізделеді, мысалы, "Тамақтануды жақсарту, қимыл-қозғалысты жандандыру" сияқты екі ортақ мақсатты айқындайтын мультиспектрлі іс-қимыл жоспары.

      Жетекші шет елдердің спорт саласын дамытудағы дербес бағыт - спорт индустриясын дамыту болып табылады, мұнда мәдениет және спорт саласы коммерциялық қызметтер көрсету мен халықтың әлеуметтік жұмыспен қамтылуының маңызды секторы ретінде қарастырылады.

      Жоғарыда көрсетілген шетелдік тәжірибені зерделеу негізінде Тұжырымдамада саламатты ұлтты дамытудың негізі ретінде спорт пен дене шынықтыру саласын дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау көзделеді. Бұл ретте Тұжырымдама шеңберінде аурулар мен теріс әлеуметтік құбылыстар профилактикасының құралы ретінде бұқаралық спортты дамытуға; спортты жастарды адамгершілік, эстетикалық және зияткерлік тұрғыдан дамытуда пайдалануға баса назар аударылады.

      ЭЫДҰ тәжірибесін есепке ала отырып, Қазақстанда бұқаралық спортты қолдауда мемлекеттің рөлін арттыру жөніндегі шаралар кешенін қабылдау керек.

      Сонымен қатар, спорттық-бұқаралық іс-шаралардың жанкүйерлері мен көрермендерінің мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жанкүйерлер клубтарының (фан-клубтар) қызметін реттеу қажет.

2. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру
мен спортты дамытудың ұзақ мерзімді тұжырымдамасының
қажеттілігін негіздеу

      Ескерту. 2-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 23.11.2017 № 585 Жарлығымен.

      Қазіргі уақытта дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудағы басымдықтарды айқындайтын стратегиялық құжат жоқ.

      Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған салалық бағдарламасын іске асыру тәжірибесі саланы дамытудың ұзақ мерзімді пайымы мен мемлекеттік саясаттың сабақтастығын айқындайтын жүйелі құжат талап етілетінін көрсетті.

      "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" атты Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы қойған Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетті ескере отырып, спорт пен саламатты өмір салтын таңдайтын саламатты ұлтты қалыптастыру жөніндегі ортақ мақсатқа және ведомствоаралық өзара іс-қимылға негізделген спорт саласын дамытудың жаңа моделін жасау қажет.

      Тұжырымдаманы қабылдау ұлттың спорттық әлеуетін жұмылдыруға, бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спорты саласында біртұтас және жүйелі жұмысты жолға қоюға мүмкіндік береді.

3. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру
мен спортты дамытудың жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары
1. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      Ескерту. 1-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 23.11.2017 № 585 Жарлығымен.

      Тұжырымдаманың негізгі мақсаты бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын қарқынды дамытудың біріктіруші көзі және басты қозғаушы күші ретінде ұлттың спорттағы әлеуетін жұмылдыруға бағытталған дене шынықтыру мен спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімді моделін қалыптастыру болып табылады.

      Алға қойылған мақсаттың ауқымы мынадай негізгі міндеттерді шешуді болжайды:

      1) ведомствоаралық тәсіл негізінде халықты дене шынықтыру-спорттық тәрбиелеудің жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру;

      2) жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, азаматтарды елдің спорттық өміріне белсенді тарту;

      3) отандық спорттың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өңірлік спорт қоғамдастықтарын қолдау, жалпыұлттық спорт брендтерін қалыптастыру;

      4) бұқара халық арасында спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ақпараттық жұмыс ауқымын кеңейту;

      5) спорт инфрақұрылымы мен спорт түрлері бойынша клубтар желісін дамыту арқылы қолжетімді спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру көрсетілетін қызметтер нарығын кеңейту;

      6) Мемлекет басшысының 2017 жылғы 12 сәуірдегі "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласына қайта бағдарлану мақсатында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту және дамыту арқылы жалпыұлттық патриотизм идеясын іске асыру.

2. Тұжырымдаманы іске асырудың жалпы тәсілдері мен қағидаттары

      Спорт пен дене шынықтыруды дамытудың басым мақсаттарын, міндеттері мен бағыттарын іске асыру мынадай тәсілдер негізінде жүзеге асырылатын болады:

      1) саланы дамытудың жүйелілігі мен кешенділігі;

      2) қабылданатын шешімдердің негізділігі мен басымдығы.

      Негізгі қағидаттар:

      1) мемлекеттік саясаттың инклюзивтілігі мен әлеуметтік бағытталуы;

      2) халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін спорт саласын аса маңызды ресурс ретінде тану;

      3) спорттық белсенділіктің алуан түрлілігін көтермелеу, бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамытуға тең қолдау көрсету;

      4) спорттық бағытты таңдау еркіндігіне құрметпен қарау және елдің спорттық өміріне өз еркімен қатысу;

      5) халықтың қажеттіліктерін есепке алу;

      6) саланы дамытудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері жетілдіру мақсатында отандық және әлемдік үздік практикаға сүйену;

      7) нәтижелер өлшемділігі.

      Нормативтік құқықтық базаны, саланы дамыту бағдарламаларын жетілдіруді, іс-қимыл жоспарларын әзірлеуді және т.б. қоса алғанда, белгіленген қағидаттар жүргізіліп отырған барлық саясаттың негізін құрайтын болады.

      Мұндай тәсілді тиімді іске асырудың бірден-бір шарты ел азаматтарының саламатты өмір салтын жүргізу, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдану, дамыған спорт инфрақұрылымына қол жеткізу мүмкіндігін, сондай-ақ қазақстандық спорттың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін қолайлы орта құру болып табылады.

4. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы мемлекеттік
саясаттың басым бағыттары
1. Халықты дене шынықтыру-спорттық тәрбиелеудің жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 23.11.2017 № 585 Жарлығымен.

      Халықты дене шынықтыру-спорттық тәрбиелеудің жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру үшін тұрғылықты жері бойынша спорт клубтарының, оның ішінде дене шынықтырумен және спортпен өз бетінше айналысатын адамдар үшін демалыс күнгі спорт клубтары желісін құру мәселесін пысықтау қажет.

      Өңіраралық, қазақстандық және халықаралық дене шынықтыру іс-шаралары мен спорттық іс-шаралардың жыл сайынғы бірыңғай күнтізбелік жоспарын жетілдіру ерекше назар аударуды қажет етеді, онда еліміздегі кешенді көп кезеңді спорттық және дене шынықтыру іс-шараларының негізі ретінде халықтың түрлі топтары арасындағы қазақстандық спартакиада жүйесі спорттық-күнтізбелік жоспардың құрамдас бөлігіне айналуға тиіс.

      Спорт түрлері бойынша жарыстардың халықаралық жүйесіндегі өзгерістерді ескере отырып, Бірыңғай спорттық сыныптаманы жетілдіру қажет.

      Халықты дене шынықтыру-спорттық тәрбиелеудің жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру шеңберінде азаматтардың жеке ерекшеліктеріне қарай, таңғы және өндірістік гимнастиканы қоса алғанда, қимыл-қозғалыс белсенділігінің көлемі бойынша ұсынымдар әзірлеу мен енгізу, білім беру мекемелерінде дене тәрбиелеу бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету қажет.

      Халық тығыздығын, көлікке қолжетімділікті және дамып келе жатқан спорт түрлерін есепке ала отырып, спорт объектілерін орналастырудың сараланған тәсілін іске асыруды жалғастыру, спорт түрлерінен спорт федерацияларының мәртебесін жоғарылату көзделеді.

      Нормативтік құқықтық реттеуді жетілдіру жөніндегі, оның ішінде Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спорт субъектілерінің функциялары мен өкілеттіктерін нақтылау, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі айналысатындардың мониторингін жүргізу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

2. Халықтық бос уақытына бағдарланған спорттық өмірді
жандандыру, балалармен және жастармен жұмыс
істеу әдістерін жетілдіру

      Ескерту. 2-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 23.11.2017 № 585 Жарлығымен.

      Елдің спорттық өмірі ұлтты жұмылдырудың маңызды факторына айналуға тиіс.

      Спорт пен дене шынықтыру саласындағы бастамаларды іске асыру кезінде еліміздің әр өңірі халықтың әлеуметтік өмірінің алуан түрлілігіне ықпал ететін ақпараттық және оқиғаларға толы ортаны қалыптастыра отырып, жергілікті спорт қоғамдастықтарына сүйенуге тиіс.

      Іс-шараларға қатысуға партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өзге де мүдделі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, спорттық оқиғаларды ақпараттық сүйемелдеу бойынша өзара іс-қимылды күшейту қажет.

      Ел азаматтарының спортпен шұғылдануын ұйымдастыруды көздейтін халықты әлеуметтік жұмыспен қамтуға бағдарланған дене шынықтыру-спорт бірлестіктері мен спорт клубтарының жұмысын жандандыру ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.

      Дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары мен спорт клубтарындағы ашық есік күндері акциялары дәстүрге айналуға тиіс.

      Сонымен қатар, тұрғылықты жері бойынша спорт клубтарының, оның ішінде дене шынықтырумен және спортпен өз бетінше шұғылданушыларға арналған демалыс күнгі спорт клубтарының желісін құрудың тиімді және қарапайым алгоритмін пысықтаған жөн.

      Ауылда қоғамдық бастамаларда спорт акцияларын, әуесқойлар чемпионатын, конкурстар мен т.б. өткізу арқылы оқиғаларға толы спорттық өмірді қалыптастыру маңызды.

      Осыған байланысты, танымал әрі қолжетімді спорт түрі ретінде футболды жаппай дамыту перспективалық бағыт болуы мүмкін. Футболдан әуесқойлар командаларын мектептер, жекелеген елді мекендер, облыстар және т.б. деңгейде қалыптастыруға болады. Әуесқойлар арасындағы футбол жарыстардың жалпыұлттық кестесіне енгізілуге тиіс, оның шарықтау шегін Қазақстан Футбол федерациясы кубогына әуесқойлар мен кәсіпқойлардың ақтық сайысымен аяқталатын "әуесқойлар футбол лигасы" матчтары түйіндейтін болады.

      Барлық деңгейдегі әкімдерге жергілікті ерекшеліктерді есепке ала отырып, тиісті аумақтарда спорттық-бұқаралық іс-шараларды тұрақты негізде өткізуге жеке жауапкершілік жүктеу қажет.

      Өңірлердің спорттық имиджін қалыптастыру мақсатында "Елдің спорттық өмірінің орталығы" өңірлік эстафетасы қағидаты бойынша спорттық іс-шаралар желісін жоспарлаған жөн.

      Спорттық әлеуметтің оң бейнесін қалыптастыру және фанаттар қозғалысының радикалдануын болдырмау мақсатында спорт федерацияларының жанкүйерлер қоғамдастықтарымен жұмысын күшейтудің маңызы зор.

      Басты қағидаттар - спортпен және дене шынықтырумен шұғылдануға тең мүмкіндік жасау, талантты адамдардың дамуына жәрдемдесу.

      Саламатты ұрпақ қалыптастыру мақсатында спорттық іс-шараларға тең мүмкіндіктер мен тең қолжетімділік арқылы бала жасында бастапқы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қажет.

      Стратегиялық маңызды міндеттер - елдің барлық өңірінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін жоспарлы дамыту, спорт түрлерінен спорт федерацияларымен ынтымақтас спорт секциялары мен клубтары қызметін жандандыру арқылы дене шынықтыру мен спорт саласында қосымша білім беру жүйесінің дамуын ынталандыру.

      Бірінші кезектегі ұйымдастыру шарасы ретінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептерінің жұмысына қойылатын талаптардың айқын жүйесін қалыптастыру да қажет, мұның негізіне, дене күшінің және техникалық даярлықтың, дене дамуы мен денсаулық жағдайын бағалаудың үлгілік сипаттамаларын есепке ала отырып, дарынды жас спортшыларды ұзақ жылғы спорттық іріктеу қағидаттары қалыптасатын болады.

      Практикалық тұрғыда облыстарда орта мектептерді кешенді спорт алаңдарымен қамтамасыз ету, сабақтан тыс уақытта жұмыс істейтін спорт түрлерінен спорт секциялары мен клубтарын дамыту арқылы дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға балалар мен жасөспірімдерді көбірек тарту, республикалық деңгейде жастарға арналған әскери-спорттық чемпионаттарды тұрақты негізде өткізу мәселесін пысықтаған жөн.

      Балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен және спортпен барынша қамтуды қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасауды жандандыру қажет.

      Мемлекет те дене шынықтыру мен спорт саласындағы қоғамдық жастар ұйымдарының дамуына жүйелі қолдау көрсететін болады.

      Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, денсаулықты нығайтуға және жан-жақты тәни дамуға бағытталған жастар арасындағы Дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбие жұмысының кешенді іс-қимыл жоспарын жасау мәселесін пысықтау қажет.

      Жастарды неғұрлым көбірек қамту үшін баскетболдан, волейболдан, футболдан, бокстан және басқа да бұқаралық спорт түрлерінен студенттік және мектеп лигаларын дамыту мәселесін пысықтау қажет.

      Елімізде бейімделген дене шынықтыруды дамыту шеңберінде денсаулығының мүмкіндігі шектеулі балаларды дені сау құрдастарының ортасына тарту мақсатында олардың қатысуымен спорт жарыстары мен турнирлерін жүйелі түрде өткізу қажет.

3. Жоғары жетістіктер спортын, спорт резервін даярлау жүйесін,
саланы кадрлық қамтамасыз етуді одан әрі дамыту және саланың
заманауи ғылыми әлеуетін қалыптастыру

      Ескерту. 3-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 10.09.2019 № 151 Жарлығымен.

      Жаһандану кезеңінде әлемдік спорт аренасында Қазақстанның спорттық имиджін одан әрі нығайту мен ілгерілеудің, сондай-ақ халықаралық спорт қоғамдастығымен ықпалдастырудың маңызы зор.

      Спорт еліміздің жалпыұлттық брендінің маңызды құрауышы болып табылатындықтан, бұл Қазақстан үшін де маңызды.

      Осы мақсатта Қазақстанның Халықаралық Олимпиада комитетінің, Спорт жөніндегі Еуропа кеңесінің және Азия олимпиадалық кеңесінің атқарушы органдарына және т.б. енуі арқылы дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі бағыттары бойынша халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыру көзделуде.

      Халықаралық имидждік жобаларды іске асыру шеңберінде Батыс Еуропа - Батыс Қытай көлік дәлізінің ашылуына орайластырылған Халықаралық велотур ұйымдастыру мәселесін пысықтау жоспарлануда.

      Аңызға айналған тарихи маршруттармен өтетін "Ұлы Жібек жолы" халықаралық ралли гран-приін өткізу саламатты өмір салтын насихаттауды жандандыруға, спорт қызметі мен іс-шараларға туристерді тартуға мүмкіндік береді.

      Спорт туризмін (әсіресе, ішкі) дамытуға жаңа серпін беру мақсатында елдің танымал туристік маршруттар картасына неғұрлым тартымды спорт объектілерін кіріктіру, аумақтардың спорттық брендтерін қалыптастыру қажет.

      Жоғары жетістіктер спорты - келешекте елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы факторларының біріне айналатын спорт индустриясының дамуын пәрменді ынталандырушы күш.

      Жоғары жетістіктер спорты Қазақстанның әлемдік аренада ілгерілеуіне, отансүйгіштіктің, елі үшін мақтаныш сезімінің қалыптасуына, азаматтардың ұйысуына да ықпал етеді.

      Жоғары сыныпты спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуға қабілеті бар перспективалы спортшылар санын ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

      Спорт резервін даярлауға, ел өңірлерінде балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің желісін одан әрі дамытудың жол картасын қалыптастыруға ерекше назар аудару керек.

      Жұмыстың перспективалы бағыттары - дене шынықтыру мен спорт саласының жоғары оқу орындары базасында олимпиадалық спорт түрлерінен құрама командаларды спорттық даярлау орталықтарын құру жөніндегі мәселені пысықтау болып отыр.

      Спортшыларды ғылыми-әдістемелік және медициналық сүйемелдеудің сапасын жақсарту, сондай-ақ спорттық мүкәммал мен арнайы киім-кешекке қажеттіліктерін сапалы қанағаттандыру талап етіледі.

      Сонымен қатар елдің спорт резервін даярлау шеңберінде спорт түрлерін дамыту жөніндегі федерациялар жұмысының тиімділігін арттыру қажет.

      Жаттықтырушылар құрамының, спорттық медицина мамандары мен спорт төрешілерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқытудың дуальді қағидаттары негізінде үздіксіз кәсіптік білім берудің тиімді жүйесін қалыптастыру туралы мәселені пысықтау қажет.

      Спорт саласындағы ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру және кәсіби стандарттарды әзірлеу шеңберінде спорт саласының заманауи менеджерлер мен мамандарды даярлау, сондай-ақ спортпен дене шынықтыру саласындағы жоғары білім беру стандарттарына "Спорт менеджменті", "Спорт экономикасы", "Спорттық дәрігер" және "Спорттық психолог" мамандықтарын енгізу мәселесін пысықтау қажет.

      2025 жылға қарай Нұр-Сұлтан қаласында Спорт академиясын құру мәселесін пысықтау да перспективалы жоба болып табылады, ол спорт саласы үшін кадрлар даярлаудың жетекші жалпыұлттық орталығы болады.

      Соңғы жылдары халықаралық спорт аренасында бәсекелестік айтарлықтай өсті, осыған байланысты жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спорттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін жеке ғылыми базаны құру және дамыту қажет.

      Осы мақсатта спорт саласын дамыту мәселелерінде ғылыми тәсілді дамыту және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстары тақырыбы қажет.

      Бұл жағдай жаттығу мен жарыс процестері уақытында медициналық қамтамасыз етуге де толығымен қатысты. Қазіргі таңда спорттың дамуы мәселелерінде осы саладағы ең жаңа жетістіктер негізінде спорт қызметін медициналық-биологиялық реттеу деңгейіне баса назар аударылуда.

      Спорт резервін даярлау жүйесінің теориялық-әдістемелік және медициналық-биологиялық негіздері саласында ауқымды ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жүргізу мәселесі де пысықтауды қажет етеді.

4. Бұқара халық арасында спорт пен спорттық өмір салтын
белсенді таныту бойынша кешенді тәсілді іске асыру

      Дене белсенділігі ұлт саламаттылығының бастау көзі ретінде қаралады.

      Саламатты ұлт түсінігіне қимыл-қозғалыс белсенділігі мен спортпен жүйелі шұғылдануды ынталандыру, сондай-ақ ең маңыздысы қимыл-қозғалыс белсенділігі болып табылатын шаралар мен шарттардың ауқымды кешені кіреді. Саламатты ұлтты қалыптастырудың кешенді тәсілін іске асырудың басты құралы - жас, кәсіптік, әлеуметтік және т.б. ерекшеліктері бойынша халықтың негізгі нысаналы топтарына бейімделген ақпараттық жұмыс болмақ.

      Осы мақсатта, қазақстандық "KAZsport" телеарнасын қоса алғанда, жетекші телевизиялық арналар аудиториясын кеңейтуге және ақпараттық жұмыс сапасын арттыруға, сондай-ақ танымал интернет-ресурстарды дамытуға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау қажет.

      Қазіргі заманғы мектепте балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған шараларды ұйымдастырудың басқа да оң тұстары ретінде спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын балалар мен жасөспірімдердің негізгі нысаналы топтарына сапалы мониторинг жүргізуді, сондай-ақ көрсетілетін спорттық-сауықтыру қызметтеріне сұраныстар мен ұсыныстардың арақатынасын қамтамасыз ету қажет.

      Телеарналарда бұқаралық спортты, олардың ішінде спартакиадаларды, республикалық, халықтық, жалпыұлттық және зияткерлік ойындарды дамытуға арналған жобаларды іске асыруды жалғастыру керек.

      Өңірлерде бұқара халық арасында спорт пен спорттық өмір салтын белсенді таныту үшін әр өңірде спорт объектілерінің және оларда жұмыс істейтін спорт секциялары мен клубтарының қызметі бойынша насихаттау жұмысын жалғастыру қажет.

      Халықпен ақпараттық жұмыстың тиімділігін мониторингтеу жөніндегі жұмысты жолға қою маңызды. Негізгі әдіс - әлеуметтік және сараптамалық зерттеулер.

      Түпкі нәтиже - өңірлердің спорттық тартымдылық рейтингін жасау.

5. Дене шынықтыру мен спорт инфрақұрылымын дамыту және
көрсетілетін қызметтер нарығын кеңейту

      Қолжетімді әрі сапалы инфрақұрылымның болуы спорттық көрсетілетін қызметтер нарығының толыққанды жұмысының ең маңызды шарты, дене шынықтыру мен спорттық көрсетілетін қызметтер нарығы ретінде спорт индустриясын ілгерілетудің аса маңызды факторы болып табылады.

      Табыс негізі - сала өнімдері мен көрсетілетін қызметтеріне жаппай сұраныстың қалыптасуы.

      Әр адамға өз қажеттіліктеріне сәйкес дене шынықтыру мен спорт инфрақұрылымының артықшылығын пайдалануға мүмкіндік жасау.

      Саланың экономикалық әлеуетін дамытудың жаңа деңгейі маркетинг саясатын қалыптастырудың жүйелі тәсілін, спорттық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың сұранысы мен ынтасын зерделеуді талап етеді.

      Спорт ұйымдары, федерациялары, клубтары демеушілерді, жарнама берушілерді табу, сақтандыру және т.б. мәселелерді қоса алғанда, кәсіби консалтингтік қолдауға мұқтаж.

      Осыған байланысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бизнес-белсенділікті ынталандыруға, ықтимал демеушілер мен инвесторлар тартуға бағытталған тығыз ынтымақтастықты жолға қойған жөн.

      Спорт мүкәммалының отандық өндірісін іске қосуды, спорт киімін тігуді, брендтік және имидждік және басқа да өнім шығаруды қоса алғанда, спорт объектілерін салу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуетін неғұрлым кеңінен пайдалану қажет.

      Өңірлермен бұқаралық спорт объектілерінің қолжетімділігін кеңейту, секциялар мен клубтар желісін дамыту бойынша өзара іс-қимылды күшейтудің маңызы зор.

6. Мемлекет басшысының 2017 жылғы 12 сәуірдегі "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласына қайта бағдарлану мақсатында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту және дамыту арқылы жалпыұлттық патриотизм идеясын іске асыру

      Ескерту. 4-бөлім 6-кіші бөліммен толықтырылды - ҚР Президентінің 23.11.2017 № 585 Жарлығымен.

      Патриоттық тәрбие, ең алдымен, Қазақстанның бұдан әрі ұлттық тұрғыда өркендеуі үшін жағдайлар жасауға бағытталуы қажет, оның мақсаты жоғары әлеуметтік белсенділікті, азаматтық жауапкершілікті, жоғары руханилықты, жасампаз дүниетанымға ие азаматтардың қалыптасуын дамыту болып табылады.

      Ұлттық спорт түрлерін насихаттау азаматтық-патриоттық тәрбиенің ажырамас бөлігі болып табылады. Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптың сақталуы - халықтың ғасырлар бойы жалғасқан тәрбиесінің нәтижесі. Ұлттық дәстүрлер жүйесі арқылы әр халық өзін, өзінің рухани мәдениетін, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық психология ерекшеліктерін жаңғыртады.

      Қазақстанның ұлттық спорт түрлерін демеушілік қаражат есебінен халықаралық деңгейге жылжыту, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық іс-шараларды заңнамада көзделген қаражат шегінде ұйымдастыру және өткізу қажет.

5. Іске асыру кезеңі және күтілетін нәтижелер,
нысаналы индикаторлар

      Тұжырымдаманы іске асыру кезеңі екі сатыдан тұрады:

      1) бірінші кезең - 2016-2020 жылдар;

      2) екінші кезең - 2021-2025 жылдар.

      Бірінші кезеңде, тиісті нормативтік құқықтық база қабылдауды, спорт саласындағы стратегиялық бағдарламалық құжаттарға түзетулер енгізуді қоса алғанда, қойылған міндеттерді іске асырудың институттық және экономикалық-құқықтық негіздерін қалау және 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған іс-шаралар жоспарында көзделетін дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту жөніндегі бірінші кезектегі шараларды іске асыруды қамтамасыз ету көзделеді.

      Екінші кезеңде қойылған мақсаттарға қол жеткізудің қағидатты мүмкіндігіне және бүкіл жүйенің орнықты жұмыс істеу шарттарына әсер ететін неғұрлым басым іс-шараларды іске асыру көзделеді, бұл қойылған міндеттер мен жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді.

      Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай саланы дамытуда мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі:

      1) халықты дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылдануға тартудың орташа көрсеткіші 35 %-ға дейін ұлғаяды;

      2) дене шынықтыру жаттығуларымен, спорттың белсенді түрлерімен айналысу - саламатты өмір салтын жүргізу қағидаты - мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтың әріптестік ынтымақтастығы негізінде дамитын болады;

      3) 2017 жылға қарай балаларға, жасөспірімдер мен жастарға арналған спорттың әр түрінен спорт секциялары мен клубтарының желісі, оның ішінде ауылдық жерде 20%-ға кеңейеді;

      4) еліміздің спорттық әлеміне халықтың қатысуын бағалауды, өңірлердің спорттық тартымдылық рейтингін жасау мақсатында спорттық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттанушылықты қоса алғанда, сала дамуының жүйелі мониторингі қамтамасыз етіледі;

      5) халықтың негізгі нысаналы топтарына бағдарланған және саламатты өмір салтының құрауышы ретінде дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануды белсенді насихаттауды қамтамасыз ететін дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануды танымал етудің тиімді моделі іске асырылады;

      6) жұмыс берушілер қызметкерлер денсаулығын қолдауды қамтамасыз ету процесіне белсенді араласатын болады;

      7) дене белсенділігінің пайдасын танымал ету тұрақты бұқаралық жарыстар өткізуге ықпал ететін болады, оған қатысу қазақстандықтардың белсенді демалыс нысаны болады (жыл сайын кемінде үш мың дене шынықтыру-бұқаралық және сауықтыру іс-шарасын өткізу қамтамасыз етіледі);

      8) 30 қуатты мемлекет қатарында қазақстандық жоғары жетістіктер спортының бәсекеге қабілеттілігінің жаңа деңгейіне қол жеткізіледі;

      9) кәсіби жаттықтырушы кадрлар даярлау жүйесі нығайтылады, мамандарды отандық оқу орындарында даярлау есебінен кадр тапшылығы жойылады;

      10) халықтың негізгі нысаналы топтарының қажеттіліктеріне сай келетін спорттық көрсетілетін қызметтер нарығын табысты дамытудың негізі қаланады;

      11) отандық спорттың танымал брендтері қалыптастырылады;

      12) спорт инфрақұрылымын, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдана отырып, серпінді кеңейту жүзеге асырылады және спорт инфрақұрылымымен халықтың қамтылуы нақты 45,3%-дан 50%-ға дейін артады.

      Алға қойылған нәтижелерге қол жеткізу мемлекеттік әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде дене шынықтыру мен спорттың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға әкеледі.

6. Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік
құқықтық актілердің тізбесі

      Алға қойылған міндеттерге мына нормативтік құқықтық актілер арқылы қол жеткізу болжанады:

      1) "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;

      2) "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" 2015 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары;

      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 сәуірдегі № 396 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасы;

      5) Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы № 732 Жарлығымен бекітілген Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған "Саламатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы;

      7) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 163 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары.