"Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес туралы ережені және оның құрамын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 160 Жарлығы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 10-бабының 4-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес туралы ереже және оның құрамы бекітілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының



Президенті


Н.Назарбаев




  Қазақстан Республикасы
  Президентінің
  2015 жылғы 31 желтоқсандағы
  № 160 Жарлығымен
  БЕКІТІЛГЕН

"Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі
кеңес туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

      1. "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Кеңес "Астана" халықаралық қаржы орталығын (бұдан әрі - Орталық) басқарудың жоғары органы болып табылады.

      2. Кеңес өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын және осы Ережені басшылыққа алады.

      3. "Астана" халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі" акционерлік қоғамы Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі - Жұмыс органы) болып табылады.

2. Кеңестің міндеттері

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:

      1) Орталықты дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындау;

      2) қаржылық қызметтердің жетекші халықаралық орталығын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесу болып табылады.

3. Кеңестің функциялары

      5. Кеңес өзінің міндеттерін орындау үшін:

      1) заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды және оларды Орталық қатысушылары ретінде аккредиттеу тәртібін, олардың Орталық аумағында жүзеге асыруға жол берілген қызметінің түрлерін, Орталық қатысушыларын лицензиялау тәртібін және оларға қойылатын талаптарды, сондай-ақ Орталық аумағында заңды тұлғаларды құру және тіркеу тәртібін және олардың ұйымдық-құқықтық нысанын айқындайды;

      2) Орталық актілерін әзірлеу, тіркеу, қолданысқа енгізу, жариялау, өзгерістер, толықтырулар енгізу, сондай-ақ олардың қолданылуын тоқтату тәртібін айқындайды;

      3) Орталық аумағында қаржылық және кәсіптік қызметтерді көрсетумен байланысты валюталық операцияларды жүргізу талаптары мен тәртібін белгілейді;

      4) Орталық органдарының корпоративтік табыс салығын төлеуден 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін босатуды қолдану талаптарын белгілейді;

      5) Орталық қатысушылары қызметтер көрсету кезінде Орталық аумағында алынған кірістер бойынша 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін корпоративтік табыс салығынан босатылатын қосымша қаржылық қызметтер тізбесін айқындайды;

      6) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп корпоративтік табыс салығынан босатуға жататын және салық салынуға жататын кірістерді, сондай-ақ шегерімге жатқызылуға жататын шығыстардың бөлек есебін жүргізу тәртібін айқындайды;

      7) "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 4-бабының 3-тармағында көзделген шекте Орталықтың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша оның қаулылар түріндегі актілерін қабылдайды;

      8) Орталық органдарының құрылымын айқындайды;

      9) Орталықтың Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің басшылығын тағайындайды;

      10) Орталық мақсаттары үшін өзге органдарды құру, олардың нысандарын, құзыреті мен функцияларын айқындау, сондай-ақ оларды тарату немесе қайта ұйымдастыру туралы шешімдер қабылдайды;

      11) Орталық Әкімшілігі акционерлерінің жалпы жиналысының (жалғыз акционерінің), директорлар кеңесі мен басқармасының өкілеттіктерін, директорлар кеңесі мен басқармасының сандық құрамын, оларды сайлау тәртібін және мүшелері өкілеттіктерінің мерзімін, сондай-ақ директорлар кеңесі мен басқармасы мүшелерінің сыйақы мөлшерін айқындау тәртібін айқындайды;

      12) соттың құрамын, соттың судьялары мен басқа лауазымды адамдарын қызметке тағайындау және босату тәртібін, судьялар мен соттың басқа лауазымды адамдарына қойылатын біліктілік талаптарын және Орталық сотының жұмыс істеуіне қатысты басқа да мәселелерді айқындайды;

      13) Халықаралық төрелік орталықты қалыптастырудың және жұмыс істеуінің негіздерін айқындайды;

      14) Орталықтың қызметі туралы жылдық есепті бекітеді;

      15) өз құзыреті шегінде және Орталық қызметін жетілдіру мақсатында басқа да мәселелерді қарайды.

4. Кеңестің құкықтары

      6. Кеңес өзінің міндеттеріне сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде:

      1) ұсынымдар әзірлеуге және ұсыныстар енгізуге;

      2) қаралатын мәселелер бойынша тиісгі шешімдер қабылдауға;

      3) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарымен, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасауға, олардың өкілдерін шақыруға және тыңдауға, қажетті материалдарды сұратуға және алуға, консультациялар жүргізуге;

      4) проблемалық мәселелерді талқылауға қатысу үшін кәсіпкерлерді, мамандарды, ғалымдарды және тәуелсіз сарапшыларды тартуға;

      5) уақытша және тұрақты жұмыс істейтін сараптамалық және жұмыс топтарын ұйымдастыруға құқылы.

5. Кеңес қызметін ұйымдастыру

      7. Қазақстан Республикасының Президенті Кеңес төрағасы болып табылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі төрағаның орынбасары болып табылады.

      Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.

      8. Кеңес хатшысын Кеңес тағайындайды.

      9. Кеңестің отырыстарын Кеңес төрағасы не оның тапсырмасымен Кеңес төрағасының орынбасары жүргізеді.

      10. Кеңестің отырыстарында Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, олар құқықтық күші бар деп саналады.

      11. Кеңестің мүшелері оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.

      12. Кеңес отырыстары жылына екі реттен сиретпей өткізіледі. Кеңес төрағасының шешімімен, қажет болған жағдайда, Кеңестің кезектен тыс отырыстары, оның ішінде сырттай немесе аудио- және бейнеконференциялар арқылы өткізілуі мүмкін.

      13. Кеңес шешімдері отырысқа қатысқан Кеңес мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады. Талқыланатын мәселе бойынша дауыстар саны тең болған жағдайда, төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.

      14. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда Кеңес мүшесі өзінің ерекше пікірін білдіруге құқылы.

      15. Кеңес отырыстарының қорытындысы бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады.

6. Кеңестің жұмыс органы

      16. Кеңестің жұмыс органы:

      1) мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдар енгізетін Кеңесте қарауға арналған ұсыныстарды жинақтауды жүзеге асырады, Кеңестің қарауына ұсыныстар қалыптастырады;

      2) Кеңес отырыстары күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

      3) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдердің жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

      4) Кеңес шешімдерінің орындалуы мониторингін жүргізеді;

      5) Кеңес міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік органдардан және басқа ұйымдардан сұратады;

      6) Кеңес мүшелеріне Кеңес отырыстарының өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді.


  Қазақстан Республикасы
  Президентінің
  2015 жылғы 31 желтоқсандағы
  № 160 Жарлығымен
  БЕКІТІЛГЕН

"Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 10.10.2016 N 357 Жарлығымен.

       Қазақстан Республикасының Президенті, Кеңес төрағасы

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Кеңес төрағасының орынбасары

Кеңес мүшелері:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы

      Аркадий Юрьевич Волож (келісім бойынша),

      Герман Оскарович Греф (келісім бойынша),

      Доктор Джэйкоб Френкель (Dr. Jacob A. Frenkel) (келісім бойынша),

      Сэр Сум Чакрабарти (Sir Suma Chakrabarti) (келісім бойынша)