ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) «Мемлекеттік қызметтің кадр резерві туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы № 1243 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 47, 524-құжат; 2004 ж., № 21, 265-құжат; 2006 ж., № 1, 1-құжат; 2007 ж., № 43, 499-құжат; 2008 ж., № 20, 182-құжат; № 42, 465-құжат; 2013 ж., № 19, 322-құжат; № 68, 905-құжат):
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік қызметтің кадр резерві туралы ережеде:
7-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
«Осы Ереженің 8-1-тармағында аталған азаматтар «Б» корпусының кадр резервіне «А» корпусының кадр резервінде болу мерзіміне алынады.»;
8-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) конкурстық іріктеуге қатысқан және конкурстық комиссия кадр резервіне алу үшін ұсыным берген;»;
8-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8-1. «А» корпусының кадр резервіне алынған азаматтар «Б» корпусының кадр резервіне «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымының тиісті санатына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарына сай болған жағдайда тестілеуден өтпей алынады.»;
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«12. Мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының ұсынымы бойынша «Б» корпусының кадр резервіне алынған резервші конкурстық комиссиясы оны алуға ұсынған мемлекеттік органға ғана «Б» корпусының кадр резервінен конкурстан тыс тәртіпте тағайындалады.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) немесе бірыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда бірыңғай конкурстық комиссияның ұсынымы бойынша «Б» корпусының кадр резервіне алынған резервші «Б» корпусының кадр резервінен конкурстан тыс тәртіпте олар үшін осы қызмет немесе комиссия құрылған мемлекеттік органдарға тағайындалады.
Резервшінің заңнамада белгіленген тәртіппен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің бос лауазымына орналасуға конкурсқа қатысу құқығы сақталады.»;
16, 17, 18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«16. «Б» корпусының кадр резервіне алу үшін конкурстық комиссия ұсынған азаматтар «Б» корпусының кадр резервіне конкурс жарияланған лауазым санаты бойынша алынады.
«Б» корпусының кадр резервіне алу туралы конкурстық комиссия ұсынымдары әрбір бос лауазым үшін бір кандидаттан артық болмайтындай етіп шығарылады.
Егер конкурстың нәтижесінде бос лауазымға орналасуға кандидат анықталмаса, конкурсқа қатысушылардың ешқайсысына «Б» корпусының кадр резервіне алу үшін ұсыным берілмейді.
17. «Б» корпусының кадр резервіне алу туралы ұсыным үшін негіздер конкурсқа қатысушының бос лауазым үшін қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі, шекті мәнді қанағаттандыратын тестілеу көрсеткіштері мен конкурстық комиссия жүргізген әңгімелесудің нәтижелері болып табылады.
18. «Б» корпусының кадр резервіне алу үшін ұсыным жасау туралы шешімді конкурстық комиссия дауыс беру арқылы қабылдайды.
19. Конкурстық комиссияның шешімі, егер отырысқа оның кұрамының кемінде үштен екісі қатысқан және конкурстық комиссияның қатысып отырған мүшелерінің көпшілігі оны қолдап дауыс берген болса, заңды деп есептеледі. Конкурстық комиссия мүшелерінің қатысуы ауысу құқығынсыз жүзеге асады.
Конкурстық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беруіне рұқсат етілмейді.
Бірыңғай конкурстық комиссияның құрамына конкурс өтетін мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.»;
37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«37. Мемлекеттік орган бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға резервшіні орналастыру туралы шешім кабылдау кезінде осы мемлекеттік органға конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша «Б» корпусының кадр резервіне бұрын алынған адамдардың кандидатураларын бірінші кезекте қарайды.
Конкурстық комиссияның ұсынымы бойынша кадр резервіне алынған резервші бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға мемлекеттік орган белгілеген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, мемлекеттік орган осы резервшіні лауазымға қабылдауға міндетті.
Егер «Б» корпусының кадр резервінде белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін бір резервшіден көбірек адам тұрған жағдайда, әңгімелесу кезінде неғұрлым көп сұраққа жауап берген резервші лауазымға тағайындалады.»;
2) «Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 523 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 19, 320-құжат):
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде:
D санаттарының тобында:
атауы мынадай редакцияда жазылсын:
«Облыстар, Астана, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің аппараттары
Облыстар Астана, республикалық маңызы бар қала мәслихаттарының аппараттары
Облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қала тексеру комиссияларының аппараттары
Облыстар, астана, республикалық маңызы бар қаланың Қазақстан
халқы Ассамблеясының аппараттары (хатшылықтары)»;
D-2 санаты мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
«Қазақстан халқы Ассамблеясы аппаратының (хатшылығының) меңгерушісі».
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев