Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 13 қарашадағы № 691 Жарлығы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігін (бұдан әрі – Агенттік) бөлу жолымен оған:

      1) Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінен (Монополияға қарсы агенттік) – тұтынушылардың құқықтарын қорғау;

      2) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінен – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы;

      3) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен – тұтынушыларға өткізілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтер бойынша техникалық регламенттермен және нормативтік құжаттармен белгіленген талаптардың сақталуын, сондай-ақ тағам өнімдерін өткізу сатысында оның қауіпсіздігі саласын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру саласындағы функциялар мен өкілеттіктер беріле отырып, қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнің Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетiн (бұдан әрі – Комитет) таратсын;

      2) таратылатын Комитеттің және жоғарыда көрсетілген мемлекеттік органдардың тиісті штат санын жаңадан құрылған Агенттікке беруді қамтамасыз етсін;

      3) таратылатын Комитеттің құқықтары мен міндеттері бойынша Агенттікті құқықтық мирасқоры деп белгілесін;

      4) Агенттікті тұтынушылардың құқықтарын қорғау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган деп белгілесін, сондай-ақ оған тұтынушылардың құқықтарын қорғау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асыру жөніндегі функциялар берілсін;

      5) 2013 жылдың соңына дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жетілдіру бойынша ұсыныстар тұжырымдасын;

      6) осы Жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де қажетті шараларды қабылдасын.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі".

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев