Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені бекіту жөнінде

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 маусымдағы № 588 Жарлығы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының   
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс  

      «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңы 4-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ереже бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы орталығы туралы» (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 50, 572-құжат) 2003 жылғы 29 желтоқсандағы № 435 және «Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 29 желтоқсандағы № 435 өкіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2005 жылғы 8 сәуірдегі № 544 (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 18, 207-құжат) өкімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2013 жылғы 24 маусымдағы
№ 588 Жарлығымен  
бекітілген    

Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы тиімді іс-қимыл жасау үшін қажетті және жеткілікті жағдай жасау, қолдау және дамыту мақсатында, соның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының осы саладағы келісілген іс-қимылдарын қамтамасыз ету үшін терроризмге қарсы іс-қимылды үйлестіру саласындағы уәкілетті орган жанынан құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін консультациялық-кеңесші орган болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

2. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының негізгі міндеттері, функциялары мен өкілеттігі

      2. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының негізгі міндеттері:
      1) терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар дайындау;
      2) терроризмге қарсы іс-қимыл саласында тұжырымдамалық көзқарастар әзірлеу, негізгі басымдықтарды айқындау, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін практикалық шаралар тұжырымдау;
      3) терроризм профилактикасы бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін үйлестіру; террористік іс-әрекеттерді анықтау, жолын кесу, террористік қылмыстарды ашу және тергеу; терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен олардың өзара іс-қимылдарын ұйымдастыру;
      4) террористік қатерлер мен көріністердің мониторингі, оларды бағалау және болжау;
      5) терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың іс-қимылын ұйымдастыру;
      6) терроризмге қарсы іс-қимыл саласында халықаралық озық тәжірибені енгізу;
      7) терроризмге қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді шешу болып табылады.
      3. Негізгі міндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығына мынадай функциялар жүктеледі:
      1) терроризмге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік саясатты дайындауға қатысу;
      2) терроризмге қарсы іс-қимыл практикасын зерделеу;
      3) терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпымемлекеттік жүйенің жай-күйіне кері әсер ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою;
      4) Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің шешімдерін талап ететін Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар тұжырымдау және енгізу;
      5) терроризмге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін бағалау және оны жетілдіру жөнінде шаралар тұжырымдау;
      6) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының құрамына кіретін мемлекеттік органдар арасында терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жедел және өзге де ақпаратпен өзара алмасу;
      7) терроризмге қарсы іс-шараларды іске асыру үдерісінде мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметкерлерінің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оларға өзара көмек көрсету;
      8) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтар қызметіне қатысты мәселелерді қарау;
      9) терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметін ұйымдастыруда терроризмге қарсы комиссияларға, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына практикалық көмек көрсету;
      10) терроризм актілерінің жолын кесу, олардың зардаптарын барынша азайту мен жою бойынша бірлескен және халықаралық терроризмге қарсы оқу-жаттығуларды және жаттықтыруларды дайындауды, өткізу мен үйлестіруді қамтамасыз ету;
      11) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және өзге де мемлекеттік органдардың жеке құрамын кәсіби даярлауды үйлестіру мен әдістемелік қамтамасыз етуді қоса алғанда, терроризмге қарсы іс-қимыл саласында кадрларды дайындау мен олардың біліктілігін арттыру шараларын әзірлеуде және келісіп жүзеге асырудағы ынтымақтастық;
      12) терроризмге қарсы іс-қимылға қатысатын мемлекеттік органдардың функционалдық мүмкіндіктерін және материалдық-техникалық базаларын келісім бойынша пайдалану;
      13) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының құрамына кіретін мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен бекітілетін Қағидаларға сәйкес мемлекеттік органдардың терроризм туралы «Антитеррор» біріккен деректер банкін қалыптастыру;
      14) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының құрамына кіретін мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен бекітілетін Дайындау және басып шығару қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының ведомствоаралық Ақпараттық бюллетенін шығару;
      15) терроризмге қарсы іс-қимылдардың нормативтік құқықтық актілерін, бірлескен жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды мемлекеттік органдардың қарауына енгізу;
      16) терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі халықаралық орталықтармен және ұйымдармен терроризмге қарсы іс-қимыл саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      17) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының құрамына кіретін мемлекеттік органдардың қызметкерлерін терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ұйымдарға квоталық лауазымға не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың негізінде өкілетті өкілдердің міндеттерін орындау үшін Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктеріне штаттық лауазымға белгіленген тәртіп бойынша жіберу.
      4. Жүктелген міндеттерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы:
      1) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдарын Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмысына қатысу үшін шақыра отырып, оның отырысын шақыруға және өткізуге;
      2) Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының құрамына кіретін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының, терроризмге қарсы комиссиялар басшыларының есебін Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының отырыстарында тыңдауға, терроризмге қарсы комиссиялардың тиісті жылға арналған жоспарларын келісуге, терроризмге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс қорытындыларын талқылауға;
      3) терроризмге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өзара іс-қимылдарын үйлестіру мен жетілдіру үшін өз құзыреті шегінде қажетті шешімдер қабылдауға;
      4) Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне терроризмге қарсы іс-қимыл саласында жүктелген міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізуге;
      5) мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан, қоғамдық бірлестіктерден, меншік нысанына қарамастан ұйымдардан терроризмге қарсы іс-қимыл саласында қажетті материалдар мен ақпаратты белгіленген тәртіп бойынша сұратуға және алуға;
      6) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға және осы топтардың жұмыс тәртібін айқындауға;
      7) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды тұлғалары мен мамандарын, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдерін (келісім бойынша) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмысына қатыстыру үшін тартуға;
      8) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қызметтік құжаттар мен материалдарды сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға, қажет болған жағдайда және келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың ақпараттық деректер жүйелерін пайдалануға құқылы.

3. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының құрамы

      5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы лауазым бойынша Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басшысы болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басшысы:
      1) оның отырыстарына төрағалық етеді;
      2) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының тиісті жылға арналған келісілген жұмыс жоспарын бекітеді;
      3) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының шешімдерін орындау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы штабының баяндамасын тыңдайды;
      4) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмысы туралы Қазақстан Республикасының Президентін хабардар етіп отырады.
      6. Лауазымдары бойынша Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының мүшелері болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары (Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы басшысының орынбасары);
      3) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;
      4) Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры;
      5) Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы;
      6) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі;
      7) Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі;
      8) Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі;
      9) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі;
      10) Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі;
      11) Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі;
      12) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі;
      13) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі;
      14) Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі;
      15) Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі;
      16) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі;
      17) Қазақстан Республикасының Әділет министрі;
      18) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
      19) Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;
      20) Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі;
      20-1) Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі;
      20-2) Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы;
      21) Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы;
      22) Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) агенттігінің төрағасы;
      23) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 12.02.2014 N 750; 11.04.2014 N 795 Жарлықтарымен.

4. Қазақстан Республикасының
Терроризмге қарсы орталығының жұмысын ұйымдастыру

      7. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының қызметін - ұйымдастырушылық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жұмыс органы - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұрақты жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабы арқылы жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабы республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы операцияларды өткізу жөніндегі жедел штабтарының қызметін, оның ішінде терроризмге қарсы операцияны өткізу жоспары бойынша іс-шараларды қолданысқа енгізу кезінде ұйымдастырушылық және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы штабының бастығы республикалық жедел штаб өткізетін терроризмге қарсы операциялар кезінде жұмыс тобын басқарады.
      8. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы өз қызметін жыл сайынғы бірлесіп қабылданған жұмыс жоспарларының негізінде жүзеге асырады. Жұмыс жоспарларына ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының мүшелері Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы басшысының атына ұсынады.
      9. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы басшысының келісімі бойынша мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабына жұмыс істеу үшін өздерінің уәкілетті өкілдерін жібереді.
      10. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне мемлекеттік органдардың уәкілетті өкілдерін іссапарға жіберу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамаларымен айқындалады.
      11. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабы террористік қатерлер мен көріністерді бағалауды және болжауды жүргізілген мониторингтің, сондай-ақ келіп түскен ұсыныстардың негізінде Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмыс жоспарының жобасын дайындайды және қол қою үшін Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басшысына ұсынады.
      12. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмыс жоспарына Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының мүшелерін хабарландыра отырып, түзетулер енгізіледі.
      13. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басшысы қажеттігіне қарай шақыратын отырыстар тоқсан сайын бір реттен жиі өткізілмейді.
      14. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басшысы мен мүшелерінің бастамасы бойынша жоспардан тыс мәселелерді қарауға шығаратын кезектен тыс отырыстар шақырылуы мүмкін.
      15. Отырыстың күн тәртібін, күнін, отырысты өткізу уақыты мен орнын Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басшысы айқындайды.
      16. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының мүшелері отырыста қаралатын мәселелерді талқылау кезінде тең құқыққа ие болады.
      Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының мүшесі отырысқа қатыса алмайтын жағдайда Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басшысына ол бұл туралы алдын ала жазбаша түрде хабарлауға және өзін алмастыру үшін кандидатура ретінде мемлекеттік органның өкілін жіберуге міндетті. Оның міндеттерін атқаратын адам Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басшысымен келісілген соң, кеңесші дауыс құқығымен оның отырысына қатыса алады.
      Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының отырысына оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан жағдайда ол заңды болып саналады.
      17. Шешімдер қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.
      18. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының қарауына енгізілетін мәселелер бойынша материалдарды дайындауды Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмыс жоспарына енгізілген орындаушылар жүзеге асырады. Бұл ретте бірінші көрсетілген мемлекеттік орган жауапты орындаушы болып табылады. Іс-шараларды бірге орындаушылар жауапты орындаушыға жиынтық анықтама әзірлеу үшін қажетті материалдарды ұсынады.
      Жауапты орындаушылар қаралатын мәселелер бойынша анықтамалық және өзге де материалдарды, шақырылатын тұлғалардың тізімін жасап, Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының отырысына дейін күнтізбелік жиырма күн бұрын Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабына жолдайды.
      19. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының мүшелері Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының материалдарын дайындау және хаттамаларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басқа да мүшелеріне осы органдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат, материалдар мен өзге де талдамалық құжаттар ұсыну туралы сұрау жолдай алады.
      20. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабы басшыға баяндалатын, отырыста қаралуға тиіс материалдардың толықтығы мен сапасын тексереді. Тиісінше дайындалмаған материалдарды басшы қайта пысықтау үшін қайтарады.
      Қайта пысықталған құжаттар үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабына ұсынылады.
      21. Ұсынылған материалдардың негізінде Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабы, басшы бекіткен соң, отырыстың басталуына дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей отырыстың күн тәртібін дайындап, барлық қажетті құжаттарды қоса отырып, Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының мүшелеріне жолдайды.
      22. Отырысқа шақырылған адамдардың келуін қамтамасыз етуді, оларды тиісті құжаттармен таныстыруды Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабы жүзеге асырады.
      23. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының талқылау нәтижелері мен қабылдаған шешімдері, отырыс өткен соң бес жұмыс күні ішінде ресімделетін және қол қою үшін басшыға ұсынылатын отырыстың хаттамасына (бұдан әрі - хаттама) енгізіледі.
      24. Қол қойылған хаттаманы Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабы Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының мүшелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, оған қол қойылған соң екі жұмыс күні ішінде жолдайды.
      Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының хаттамасын орындау туралы Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабы Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының басшысын хабардар етеді.
      25. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының шешімдерін орындау мақсатында мемлекеттік органдарда хаттаманың орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының штабы жүзеге асырады.
      Егер хаттамада баяндалған шешімді орындауға бірнеше мемлекеттік орган қатысса, ұйымдастырушылық қамтамасыз ету бірінші көрсетілген органға жүктеледі. Іс-шараларды бірге орындаушылар жауапты орындаушыға іс-шараны орындаудың белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін кемінде жеті жұмыс күні бұрын қажетті материалдарды ұсынуы тиіс.
      Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы шешімін іске асыру үшін белгіленген тәртіпте қарауға ұсынылатын Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларының жобасы дайындалуы мүмкін.
      26. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының отырыстарына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілдері мен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері қатыса алады.

5. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының қызметін қаржыландыру

      27. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының құрамына кіретін мемлекеттік органдардың тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаты есебінен және осы қаражат шегінде жүргізіледі.