"Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 11 қарашадағы № 3205 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 12 ақпандағы № 501 Жарлығы

Қолданыстағы

Қазақстан Республикасының   
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс  

      «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы № 2733 Конституциялық заңы 14-бабының 2) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 11 қарашадағы № 3205 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 44, 424-құжат; 2005 ж., № 15, 174-құжат; 2006 ж., № 33, 350-құжат; 2007 ж., № 42, 479-құжат; 2010 ж., № 6, 76-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереже осы Жарлыққа қосымшаға сай жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2013 жылғы 12 ақпандағы
№ 501 Жарлығына   
ҚОСЫМША       

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
1996 жылғы 11 қарашадағы
№ 3205 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН     

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік органы болып табылады, Республика сайлау комиссияларының біртұтас жүйесіне басшылық етеді.
      2. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комиссия мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Комиссия азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      5. Комиссия, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      6. Комиссия өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаулылар қабылдайды.
      7. Комиссия аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
      8. Комиссияның заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 4.
      9. Мемлекеттік органның толық атауы - «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы» мемлекеттік мекемесі.
      10. Осы Ереже Комиссияның құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Комиссияның қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      12. Комиссияға кәсіпкерлік субъектілерімен Комиссияның функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Комиссияға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

II. Комиссияның миссиясы, негізгі міндеті, функциялары,
құқықтары мен міндеттері

      13. Комиссияның миссиясы: еркін және әділ сайлау мен республикалық референдумдар өткізу жолымен азаматтардың тікелей немесе өз өкілдері арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету.
      14. Комиссияның негізгі міндеті Қазақстан Республикасында әділ, шынайы және еркін сайлаулар мен республикалық референдумдар өткізу болып табылады.
      15. Комиссия өз құзыретінің шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Республиканың аумағында Қазақстан Республикасының сайлау және республикалық референдум туралы заңнамасының орындалуын бақылайды; оның бірыңғай қолданылуын қамтамасыз етеді; өз құзыреті шегінде бүкіл Республика аумағында міндетті шешімдер қабылдайды;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі депутаттарының сайлауын және республикалық референдумды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастырады; Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге басшылық етеді;
      3) Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті депутаттарын сайлауды және республикалық референдумды өткізу кезінде аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларына басшылықты жүзеге асырады;
      4) сайлау науқанын, республикалық референдумды өткізуге арналған шығыстардың болжалды сметасын жасайды және оны Республика Үкіметіне ұсынады;
      5) Қазақстан Республикасының Президентін сайлауда дауыс беруге арналған бюллетеньнің нысаны мен мәтінін, Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттардың депутаттарын және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, оларды дайындау тәртібін, сондай-ақ қорғалу дәрежесін, сайлаушылар (таңдаушылар) тізімдерінің, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинауға және Сенат депутаттығына кандидаттарды қолдайтын таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтарының, өзге де сайлау құжаттарының нысандарын, мөлдір материалдан жасалған, дауыс беруге арналған жәшіктердің нысанын және сайлау комиссиялары мөрлерінің үлгілерін, сайлау құжаттарын сақтау тәртібін белгілейді; Қазақстан Республикасының Президентін және Қазақстан Республикасының Парламенті мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерін дайындауды қамтамасыз етеді;
      6) партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының бір бөлігін сайлауға қатысу үшін саяси партияларға рұқсат беру туралы мәселені қарайды;
      7) дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін дайындауды ұйымдастырады, оларды беру және есепке алу тәртібін айқындайды;
      8) Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды, саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді және Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркейді, оларға тиісті куәліктер береді, бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарды, партиялық тізімдерді, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеу туралы хабар жариялайды;
      9) референдумның бастамашыл тобын және оның референдумға ұсынып отырған мәселесін (мәселелерін) тіркейді және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ресми хабар орналастырады; референдумның бастамашыл тобын тіркеу туралы куәліктің нысанын бекітеді; референдумның бастамашыл тобын тіркеу туралы куәлік беруді жүзеге асырады, сонымен бір мезгілде қол қою парақтарын береді;
      10) «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда, референдум бастамашыл топ мүшелерінің қызметін; бастамашыл топтың қызметін тоқтату туралы және оны тіркеу жөніндегі куәлікті қайтарып алу туралы шешім қабылдайды;
      11) «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда, жекелеген учаскелерде (әкімшілік-аумақтық бірліктерде) республикалық референдумды өткізуді жарамсыз деп таниды;
      12) Қазақстан Республикасының Президентін және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау алдындағы науқанның барысы, республикалық референдумды әзірлеу барысы туралы сайлаушыларды хабардар етеді, мерзімді түрде ақпараттық бюллетень шығарып отырады;
      13) жалпы Республика бойынша Қазақстан Республикасының Президентін және Парламенті депутаттарын сайлаудың, республикалық референдумның қорытындыларын шығарады; сайланған Президенті және Парламент депутаттарын тіркейді, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды;
      14) бұқаралық ақпарат құралдарында Республика Парламентінің депутаттарын сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін әрбір депутатқа куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырады;
      15) Республика Парламенті, мәслихаттары депутаттарының, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің куәлігі мен омырауға тағатын белгісінің үлгісін белгілейді;
      16) Қазақстан Республикасының Президентін сайлау кезінде қайта дауыс беру мен қайта сайлауды тағайындайды және өткізілуін ұйымдастырады;
      17) Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының қайта сайлауын тағайындайды; Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде қайта дауыс беру мен қайта сайлаудың өткізілуін ұйымдастырады;
      18) Қазақстан Республикасы Парламентінің шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды тағайындайды;
      19) мәслихаттар депутаттарының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындайды;
      20) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын және республикалық референдумды өткізу кезінде аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары шешімдерінің күшін жояды және тоқтата тұрады; олардың арасында сайлау науқаны мен республикалық референдумды өткізу үшін бөлінген республикалық бюджет қаражатын бөледі; сайлау комиссияларының қызметі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлардың жасалуын бақылайды; аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының шешімдері мен іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) және республикалық референдум туралы заңнаманың бұзылғаны туралы арыздар мен шағымдарды қарайды, Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасын түсіндіруді ұйымдастырады; саяси партиялардың өкілдерімен және басқа да сайлау процесіне қатысушылармен сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөнінде семинарлар өткізеді; сайлау жүйелері саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      21) мәслихаттар депутаттары мен өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссияларына әдістемелік басшылықты және олардың қызметінің «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады; «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын бұзушылықтар анықталған кезде тиісті сайлау комиссиясының қызметін тоқтату туралы өтінішпен сайлау комиссиясын құратын органға немесе сотқа жүгінеді;
      22) таңдаушылардың шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату жөніндегі құжаттардың үлгілерін бекітеді; таңдаушылардың шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату жөнінде дауыс беру қорытындыларын белгілейді;
      23) әкімшілік-аумақтық бірліктер халқының санына сәйкес олардан сайланатын мәслихаттар депутаттарының санын айқындайды;
      24) Комиссияның ресми интернет-ресурсында Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді, сайлауды тағайындау мен өткізу туралы, сондай-ақ өткен сайлаудағы дауыстарды санау нәтижелері туралы ақпаратты орналастырады;
      25) Қазақстан Республикасының сайлаушы азаматтарының бірыңғай электрондық Тіркеу тізілімін жүргізеді;
      26) электрондық сайлау жүйесін пайдалана отырып сайлау өткізу кезінде тиісті сайлау комиссияларының мүшелеріне оны қолдануды үйретеді;
      27) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа электрондық сайлау жүйесін сайлауда пайдалануды үйретуді ұйымдастырады;
      28) электрондық сайлау жүйесін іске қосу уақытын белгілейді;
      29) Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында оған қойылған талаптарға сәйкестігін белгілейді;
      30) Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағының ресми түсіндірілуі туралы Республика Конституциялық Кеңесінің актісіне сәйкес кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімін айқындайды;
      31) партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындыларына қарай депутаттық мандаттарды бөлу үшін квота белгілейді;
      32) депутаттық қызметке байланысты шектеулердің, депутаттық әдеп ережелерінің сақталуы туралы мәселелерді қарауға дайындайды, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтату, оларды өкілеттігінен және депутаттық қол сұғылмаушылығынан айыру мәселелерін қарайды.
      Депутаттардың Парламент Палаталары мен олардың органдарының отырыстарына қатысуын, сондай-ақ депутаттың өз даусын беруіне жол бермеуін бақылауды Комиссияның мүшелері жүзеге асырады.
      Жоғарыда аталған мәселелерді қарау және Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізу тәртібі Комиссия бекітетін тиісті ережемен регламенттеледі;
      33) саяси партияларды қаржыландыру тәртібін айқындайды;
      34) сайлау практикасын зерделеу және Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмысты жүргізеді;
      35) Қазақстан Республикасының азаматтарын шет мемлекеттердегі сайлауды байқау үшін жіберу тәртібін айқындайды және ол жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
      36) заң шығару бастамасы құқығының субъектісі заңнамалық актінің жобасын ресми енгізуі үшін Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңнаманы өзгерту бойынша ұсыныстар дайындайды;
      37) сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөнінде шешімдер, нұсқаулықтар және өзге де актілер шығарады;
      38) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      16. Комиссия өз құзыреті шегінде мынадай құқықтар мен міндеттерге ие:
      1) сайлау мен республикалық референдумдарды әзірлеу мен өткізуге байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың есептерін, сондай-ақ сайлау және республикалық референдум туралы заңдардың сақталуы мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктер органдарының ақпаратын тыңдау;
      2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;
      3) азаматтардың және ұйымдардың сайлау мен республикалық референдум туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы өтініштері мен шағымдарын қарау;
      4) Қазақстан Республикасы заңдарында, Президенттің және Үкіметтің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

III. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      17. Комиссия Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген тәртіппен Төраға және алты мүшеден тұратын құрамда құрылады.
      18. Комиссияның Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      19. Комиссияның мүшелерін екі-екіден тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті және Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары тағайындайды.
      20. Комиссия Төрағасының орынбасары мен хатшысы комиссияның бірінші отырысында сайланады.
      21. Комиссияға басшылықты Төраға жүзеге асырады.
      22. Комиссияның Төрағасы:
      1) Комиссия сайланғаннан кейін он төрт күн ішінде Комиссияның бірінші отырысын шақырады;
      2) Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен кезде Президентке Комиссия белгілеген үлгідегі тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгіні, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің байрағын және ерекше үлгідегі «Алтын Қыран» («Золотой Орел») орденін тапсырады;
      3) Комиссия аппаратының құрылымы мен штат кестесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде және еңбекақы төлеу қоры шегінде бекітеді.
      Комиссияның Төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
      23. Комиссияның отырыстары сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу кезеңінде кемінде екі аптада бір рет өткізіледі. Өзге уақытта Комиссияның отырыстары қажеттігіне қарай Комиссия Төрағасының немесе мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша өткізіледі.
      Комиссияның отырыстары, егер оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында белгіленген өзге жағдайларды қоспағанда, Комиссияның шешімдері оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      Оның шешімімен келіспеген Комиссияның мүшелері айрықша пікір білдіруге құқылы, ол жазбаша түрде Комиссия отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.
      24. Комиссия қызметінің ұйымдастырушылық және ақпараттық-құқықтық қамтамасыз етілуін оның аппараты жүзеге асырады.
      25. Комиссияның аппаратын Комиссияның Төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Комиссия аппаратының басшысы басқарады.

IV. Комиссияның мүлкі

      26. Комиссия Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Комиссияның мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      27. Комиссияға бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      28. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Комиссия өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

V. Комиссияны қайта ұйымдастыру және тарату

      29. Комиссияны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.