Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігін құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 27 наурыздағы N 302 Жарлығы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Президенті

      мен Үкіметі актілерінің жинағында

      жариялануға тиіс

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі аэроғарыш қызметі саласындағы функциялар мен өкілеттіктерді бере отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігін (бұдан әрі - Агенттік) бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитетін таратсын;

      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің таратылатын Аэроғарыш комитетінің штат санын құрылатын Агенттікке беруді қамтамасыз етсін;

      3) осы Жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де қажетті шараларды қабылдасын.

      3. Агенттік таратылатын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Аэроғарыш комитетінің міндеттемелері бойынша құқық мирасқоры болып белгіленсін.

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 6 Жарлығының 1-тармағы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі".

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Президенті