Концессияға беруге жатпайтын объектiлердiң тiзбесi туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 наурыздағы N 294 Жарлығы

Қолданыстағы

      "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңының  4-бабына  сәйкес  ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берілiп отырған, концессияға беруге жатпайтын объектiлердiң тiзбесi бекiтiлсiн.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң     
2007 жылғы 5 наурыздағы 
N 294 Жарлығымен    
БЕКIТIЛГЕН      

  Концессияға беруге жатпайтын объектiлердiң
тiзбесi

      1. Жер, су (концессия шартын iске асыру мақсатында жер пайдалану құқығын берудi қоспағанда), өсiмдiк әлемi және жануарлар дүниесi.

      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар.

      3. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгін қамтамасыз ету үшiн қажеттi штаттық мүлiк, әскери-техникалық мақсаттағы ұйымдар мен объектiлер.

      4. Магистральды темiр жол желiсі, кеме қатынасы су жолдары, шамшырақтар, кеме қатынасы қауiпсiздiгiн реттейтiн және оған кепiлдiк беретiн құрылғылар мен навигациялық белгiлер.

      5. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (бөгеттер, су тораптары, басқа да гидротехникалық құрылыстар).

      6. Ауылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек, мамандандырылған көмек көрсететiн (қан құю, ана мен баланы қорғау жөнiндегi, радиациялық медицина орталықтары, онкологиялық, туберкулез, жұқпалы, терi-венерологиялық, психикалық, АҚТҚ жұқтырған ауруларды және ЖҚТБ-мен ауыратын ауруларды емдеу жөнiндегi объектiлер), сондай-ақ облыстың, қаланың, ауданның қызмет көрсетiлетiн аумағындағы бiрден-бiр мемлекеттiк медициналық ұйымдар болып табылатын медициналық ұйымдар.

      7. Халықты әлеуметтiк қорғау объектiлерi, балалар үйлерi, бөбектер үйлерi, қарттар үйлерi, Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне, қатысушыларына және оларға теңестiрiлген адамдарға арналған, балалар мен қарттарға арналған интернаттар, госпитальдар мен санаторийлер.

      8. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтардың бiлiм алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететiн жалпы орта бiлiм беретiн мемлекеттiк ұйымдар.

      9. Мемлекеттiң қорғауындағы тарихи және мәдени мұра объектiлерi.