Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру және олардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 қаңтардағы N 274 Жарлығы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президенті

      мен Үкіметі актілерінің жинағында

      және республикалық баспасөзде

      жариялануға тиіс

      Индустриялық-инновациялық саясат аясында өңірді дамытудың тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) пилоттық жоба ретінде жарғылық капиталына мемлекет жүз процент қатысатын "Сарыарқа" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамын (бұдан әрі - "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ) құрсын және оның орналасу орнын Астана қаласы деп айқындасын;

      2) "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ қызметінің негізгі мәні мемлекеттік және жекеше секторларды шоғырландыру, кластерлік әдіс негізінде біртұтас экономикалық нарықты құру, инвестициялар мен инновациялар тарту үшін қолайлы экономикалық ортаны қалыптастыру, өңірлерді әлеуметтік дамытуға бағытталған бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу, сондай-ақ пайдалы қазбаларды, оның ішінде мынадай пайдалы қазбаларды: газды (көмір қабаттарынан өндірілген метаннан басқа), мұнайды, уранды қоспағанда, кен таралған пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, қайта өңдеу жолымен Ақмола, Қарағанды облыстарының және Астана қаласының экономикалық дамуына жәрдемдесу деп айқындасын;

      3) "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ қызметінің негізгі принциптері туралы меморандумды бекітсін;

      4) "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ қызметі үшін жер учаскелерін және республикалық, коммуналдық меншік объектілерін, оның ішінде жарғылық капиталына ақы төлеуді қоса алғанда, қажетті мемлекеттік активтерді беруді қамтамасыз етсін;

      5) нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізсін;

      6) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.07.20. N 632 Жарлығымен.

      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Президенті