Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін аттестациядан өткізу туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Үлгі ереже) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының басшылары өз актілерін Үлгі ережеге сәйкес келтірсін және осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қолдансын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2005 жылғы 8 шілдедегі
N 1612 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін аттестациядан өткізу туралы
ҮЛГІ ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Үлгі ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі тағайындайтын лауазымды адамдар мен олардың орынбасарларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының, құқық қорғау органдары оқу орындарының және құқық қорғау органдары мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлерін (бұдан әрі - қызметкерлер) аттестациядан өткізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Қызметкерлерді аттестациялау (бұдан әрі - аттестациялау) - олардың кәсіби даярлығы деңгейін, құқықтық мәдениетін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін айқындау жөнінде мезгіл-мезгіл жүзеге асырылатын рәсім.
3. Аттестациялау кезінде негізгі бағалау өлшемі қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті болып табылады.
4. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үзіліссіз қызметте болған әрбір кезекті үш жыл өткен сайын аттестациядан өтеді. Бұл ретте аттестациялау аталған мерзім басталған күнінен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
Егер аттестацияланатын қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалған жағдайда, олар тағайындалғаннан бір жылдан кейін аттестациядан өтеді. Тең дәрежедегі лауазымдарға тағайындалған кезде, егер бұл функционалдық міндеттерін өзгертпейтін болса, аталған мерзім есепке алынбайды.
Қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесінен қызметтен босаған күнінен бастап, құқық қорғау органдары жүйесіне қызметке қабылданған күніне дейін үш айдан аспаса, оның аталған кезеңде өзге заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынастары болмаған жағдайда, құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте болуы үзіліссіз болып саналады.
5. Қызметкерлер қатарындағы әйелдер жүктілігі және баланы күту үшін берілген демалыс мерзімінде аттестацияланбайды. Олар қызметке шыққаннан соң, кемінде алты айдан кейін және бір жылдан кешіктірілмей аттестацияланады.
6. Аттестациялау бірқатар дәйекті кезеңдерді қамтиды:
1) аттестация өткізуге дайындық;
2) дене тәрбиесі даярлығы жөнінде белгіленген нормативтерді тапсыру және медициналық куәландырудан өту (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда);
3) аттестациялануға тиіс қызметкердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуге және логикалық ойлау қабілетіне байланысты компьютерлік тестілеуден өтуі;
4) әңгімелесуге жіберу, аттестация комиссиясының қызметкермен әңгімелесу жүргізуі;
5) аттестация комиссиясының шешім шығаруы.
2. Аттестация өткізуге дайындықты ұйымдастыру
7. Аттестация өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органы, құқық қорғау органы оқу орны немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесі басшысының (бұдан әрі - басшы) тапсырмасы бойынша тиісті кадр қызметтері аттестация өткізуге дайындықты ұйымдастырады.
Дайындық мынадай іс-шараларды қамтиды:
1) аттестация өткізудің кестесін әзірлеу;
2) аттестация өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
3) тестілеу мерзімдері және оны өткізетін орынды белгілеу;
4) аттестацияланушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындау.
Тестілеуден өтудің тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәнін (бұдан әрі - шекті мән) тиісті құқық қорғау органдары белгілейді.
8. Құқық қорғау органының, құқық қорғау органы оқу орнының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің кадр қызметі (бұдан әрі - кадр қызметі) алты ай ішінде бір рет осы Ереженің 4-тармағына сәйкес аттестациялануға тиіс қызметкерлерді айқындайды.
9. Басшы кадр қызметінің ұсынуымен аттестациялануға тиіс қызметкерлердің тізімі, аттестация комиссиясының құрамы, оның жұмыс кестесі бекітілетін, аттестация өткізу мерзімі белгіленетін бұйрық шығарады.
10. Кадр қызметі аттестация өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуына кемінде бір ай қалғанда қызметкерлерге жазбаша хабарлайды.
11. Аттестациялануға тиіс қызметкердің тікелей басшысы оның осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысандағы қызметтік мінездемесін ресімдеп, оны аттестация комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірмей кадр қызметіне жолдайды.
12. Қызметтік мінездеме аттестацияланушы қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте үзіліссіз үш жыл болуы және бұдан кейін осы Ереженің 4-тармағына сәйкес өткізілетін аттестацияға дейін өткен мерзімнен тұратын кезең ішіндегі кәсіби, жеке басының қасиеттері мен қызметтік іс-әрекеті нәтижелерінің әділ және негізделген бағасын қамтуға тиіс.
13. Кадр қызметі қызметкерді өзіне берілген қызметтік мінездемемен аттестация комиссиясының отырысына дейін екі апта мерзімнен кешіктірмей оған қол қойғыза отырып таныстыруға міндетті.
14. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен өзінің келіспейтіні туралы мәлімдеуге және өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты кадр қызметіне беруге хақылы.
15. Кадр қызметі жиналған аттестациялау материалдарын аттестация комиссиясына оның отырысына дейін үш күн мерзімнен кешіктірмей жолдайды.
3. Аттестация комиссиясы
16. Аттестация комиссиясы кадр қызметінің ұсынуы бойынша басшының бұйрығымен құрылады. Аттестация комиссиясы мүшелерінің арасынан басшы төрағаны тағайындайды.
Аттестация комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс.
Аттестация комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға болмайды.
Аттестация комиссиясының хатшысы кадр қызметі басшысы белгілейтін кадр қызметінің өкілі болады.
Аттестация комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етеді және ол дауыс беруге қатысуға құқылы емес.
17. Құқық қорғау органы, құқық қорғау органы оқу орны немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің жұмыс бағыттарына байланысты бірнеше аттестация комиссиялары құрылуы мүмкін.
18. Аттестация комиссиясының төрағасы мен оның мүшелері аттестациялануға тиіс қызметкерлермен бірдей немесе жоғары лауазымда болуға тиіс.
19. Аттестация комиссиясының құрамына құқық қорғау органының, құқық қорғау органы оқу орнының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің түрлі бөлімшелерінің басшылары, кадр және заңгерлік қызметтердің өкілдері (не осы аталған қызметтердің өзіне есепті адамдар), сондай-ақ өзге де қызметкерлері енгізіледі, бұған аттестациядан өтетін қызметкерлер қосылмайды.
20. Аттестация комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңдық күші бар деп есептеледі.
21. Аттестация комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған отырысқа қатысқан аттестация комиссиясының мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда аттестация комиссиясының төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
4. Аттестацияны өткізу
22. Аттестация комиссиясы табыс етілген материалдарды зерделеп, қызметкерлерді әңгімелесуге жіберу туралы шешім қабылдайды.
Дене тәрбиесі даярлығы жөнінде белгіленген нормативтерді тапсырмаған және медициналық куәландырудан өтпеген (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда), не тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестация комиссиясы шешімімен осы Ережеде айқындалған тәртіппен қайта аттестациялануға жіберіледі.
23. Аттестация комиссиясының отырысында аттестацияланушы қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.
Аттестация комиссиясының отырысына дәлелді себептермен қатыспаған қызметкерлер жұмысқа шыққаннан кейін әңгімелесуден өтеді.
Аттестация комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестация комиссиясы осы Ережеде айқындалған тәртіппен қызметкерді қайта аттестациялау туралы шешім қабылдайды.
24. Аттестация комиссиясы әңгімелесудің қорытындысы бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сәйкес және мерзімінен бұрын арнаулы атақ берілуге немесе жоғары лауазымға орналасу үшін кадр резервіне ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сәйкес;
3) қайта аттестациялауға жатады;
4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады.
25. Қайта аттестациялау бастапқы аттестация өткен күнінен бастап, үш ай өткеннен кейін және алты айдан кешіктірілмей осы Ережеде айқындалған тәртіппен өткізіледі.
Бастапқы аттестациялауда немесе қайта аттестациялауда дене тәрбиесі даярлығы жөнінде белгіленген нормативтерді тапсырған және медициналық куәландырудан өткен (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда), тестілеуден өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.
Қайта аттестациялау кезінде дене тәрбиесі даярлығы жөнінде белгіленген нормативтерді тапсырмаған және медициналық куәландырудан өтпеген (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда), не тестілеуден өткен кезде шекті мәннен төмен баға алған, сондай-ақ аттестация комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген қызметкерлер аттестация комиссиясының шешімі бойынша осы Ережеде айқындалған тәртіппен лауазымынан төмендетуге немесе жұмыстан босатылуға ұсынылады.
26. Аттестация комиссиясы қайта аттестациялау өткізіп, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сәйкес;
2) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
3) лауазымына сәйкес емес және жұмыстан босатылуға ұсынылады.
27. Аттестация комиссиясы жұмыстан босату туралы ұсыныммен қызметкердің атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестациялаудың теріс нәтижесі болып табылады.
28. Аттестация комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде оның отырысына қатысқан аттестация комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
29. Кадр қызметі аттестация комиссиясының шешімін қызметкердің аттестациялау парағына енгізеді, ол шешіммен қызметкер қабылданған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып танысады (2-қосымша).
30. Аттестация комиссиясының шешімі қызметкерге мерзімінен бұрын арнаулы атақ беруге, қызметкерді жоғары лауазымға орналасу үшін кадр резервіне тіркеуге, қызметкердің лауазымын төмендетуге немесе оны жұмыстан босатуға негіз болып табылады.
5. Аттестация комиссиясының шешіміне шағымдану
31. Қызметкердің аттестация комиссиясының шешіміне басшыға немесе жоғары тұрған лауазымды тұлғаға шағымдануға не сотқа жүгінуге құқығы бар.
32. Басшы немесе жоғары тұрған лауазымды тұлға қайта аттестациялауды тағайындай алады, оның қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылданады. Ол аттестациялау осы Ережеге сәйкес жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2005 жылғы 8 шілдедегі
N 1612 Жарлығымен
бекітілген,
Қазақстан Республикасы
құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін аттестациядан
өткізу туралы үлгі ережеге
1-ҚОСЫМША
Аттестациялануға тиіс қызметкерге берілетін
қызметтік мінездеменің
ҮЛГІ НЫСАНЫ
(қызметкердің тікелей басшысы толтырады)
Қызметкердің тегі, аты-жөні _______________________________________
Лауазымы __________________________________________________________
Тағайындалған күні ________________________________________________
Атағы (сыныптық шені) _____________________________________________
1. Лауазымдық міндеттерін орындауы (шешіміне қызметкер қатысқан негізгі мәселелердің тізбесі беріледі; қызметтік міндеттерін орындауының тиімділігі мен адалдығы, шығармашылық бастамашылығы, азаматтармен жұмыс істеуі бағаланады және т.б.).
2. Мемлекеттік органның қызметі аясында стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіби білімін, сондай-ақ бұл қызметтік міндеттеріне кіретін болса, коммуникация және ақпараттық технологияларды қолдануы (стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіби білімі, коммуникация және ақпараттық технологияларды білу деңгейі, оларды жұмыста қолдануы сипатталады және т.б.).
3. Заңдылықты, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Қазақтан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексін, сондай-ақ мемлекеттік және еңбек тәртібін сақтауы (тәртіптік жазалары туралы, заңдылықты, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін, сондай-ақ мемлекеттік және еңбек тәртібін, ішкі қызмет тәртібін сақтауы туралы мәліметтері көрсетіледі және т.б.).
4. Жеке басының қасиеттері (қызметкердің жеке басының қасиеттері сипатталады: тіл табысқыштығы, азаматтармен жұмыс істей білуі, өзін-өзі жетілдіру қабілеті, көшбасшылығы және т.б.).
5. Қызметкер жұмысын қорытынды бағалау (қызметтер туралы тікелей басшысының пікірі көрсетіледі: атқарған лауазымына сәйкес немесе сәйкес емес, жоғары немесе төмен лауазымға ұсынылуы мүмкін және т.б.).
6. Өзге мәліметтер. *
Басшының тегі, аты-жөні_______________________________________
Лауазымы______________________________________________________
Атағы (сыныптық шені)_________________________________________
Уақыты 200 ж."__"__________
_______________________________
* Қызметтік мінездемеге құқық қорғау органдарының ерекшелігіне байланысты толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2005 жылғы 8 шілдедегі
N 1612 Жарлығымен
бекітілген,
Қазақстан Республикасы
құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін аттестациядан
өткізу туралы үлгі ережеге
2-ҚОСЫМША
Аттестациялануға тиіс қызметкердің
аттестация парағының
ҮЛГІ НЫСАНЫ
1. Тегі, аты-жөні _______________________________________________
2. Туған уақыты "__"_________________19__ж.
3. Білімі _______________________________________________
4. Мамандығы _______________________________________________
5. Аттестациялау кезінде атқаратын лауазымы
____________________________________________________________________
6. Атағы (сыныптық шені)
____________________________________________________________________
7. Аттестация комиссиясының ұсынымдары
____________________________________________________________________
8. Өзге мәліметтер*
____________________________________________________________________
Аттестация комиссиясының төрағасы _________________________________
(қолы)
Аттестация комиссиясының хатшысы _________________________________
(қолы)
Аттестация өткізілген күні 200 ж."__"_______________________
Аттестация парағымен таныстым _________________________________
(қызметкердің қолы және күні)
МО
* Аттестация парағына құқық қорғау органдарының ерекшелігіне байланысты толықтырулар енгізілуі мүмкін.